ӨНЕГЕЛІ ҰРПАҚ БЕРЕКЕЛІ ОТБАСЫНАН ШЫҒАДЫ Избранное

Пятница, 20 Май 2022 03:54 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 2607 раз

Өнегелі ұрпақ берекелі отбасынан шығады. Отбасы болған соң, әрине, ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Десек те, мамандар жыл өткен сайын елімізде шырқы бұзылған отбасы саны артып бара жатқанын айтып, дабыл қағуда. Мәселен, 2020 жылы тұрмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін 19 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. Ал, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің басқарма басшысы Әсет Оспановтың айтуынша, елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарының 54 пайызын әйелдер құрайды. Тіптен, жыл басынан бері 2700 әйел дағдарыс орталығына жіберілген. Бұл — отбасылық зорлық-зомбылықтың республикадағы көрінісі. Ал, Шымкенттегі ахуал қалай? Тағдыры тәлкекке түскендерге қандай көмек көрсетіліп жатыр? Тақырыпты тарқатар болсақ.

453

 

Бір жылда – 520 адам

Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы АХАТ бөлімінің мәліметіне сүйенсек, 2020 жылы 6776 жұп некесін қиса, 894 жұп айырылысып кеткен. 2021 жылы 7880 жұптың некесі қиылып, 745 отбасының шаңырағы шайқалған. Ал, тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен отбасы мүшелеріне аталмыш басқармаға қарасты «№3 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» КММ көмек көрсетіп келеді.
№3 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы директорының орынбасары Бағдагүл Байтешованың айтуынша, 2021 жылы мекеме қызметіне 520 адам жүгінген.
— Орталық небәрі 3-4 жыл бұрын құрылса да, мамандардың қызметіне жүгініп, көмек сұрап келетін жандардың қарасы көбейген. Мәселен, 2021 жылы 520 адам орталық қызметіне жүгінген. Оның ішінде 77 адам орталыққа келіп, ал 110 кісі онлайн байланысып, мамандардан кеңес алды. Сенім телефоны арқылы 99 азаматқа көмек көрсетілді. Сондай-ақ, ұзақ мерзімді оңалту қызметіне мұқтаж жандарға да көмек көрсетіліп келеді. Мәселен, 2021 жылы 232 адам жатын орынмен қамтылған. Оның 66-сы қорғансыз аналар болса, 166-сы кәмелетке толмаған бала еді. Қоғам болған соң түрлі тағдыр, түрлі жағдай бар. Біздің мамандар отбасылық зорлық-зомбылық құрбанының келгендегі жағдайын толық зерделеп, әрқайсысына жеке қадам жасайды, - дейді Бағдагүл Көбегенқызы.

543


Мамандардың айтуынша, №3 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына жүгінген аналарға әлеуметтік-психологиялық көмектен өзге, құқықтық кеңес беріп, тіптен олардың мүмкіндігінше қоғаммен араласып, жұмысқа орналасуына да көмектесіп отырады. Ал, балалар жас ерекшеліктеріне сәйкес, мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарына орналастырылып отырған.
— 2022 жылдың 4 айындағы есепке сәйкес, орталық қызметіне жүгінген 224 тұлғаға көмек көрсетілді. Аталған мерзімде 117 адам жатын орынмен қамтылған еді. Оның 31-і ана, 86-сы бала. Бүгінде оның ішіндегі 16 әйел орталықтың арнайы әлеуметтік көмектерін толық алып, өз өтініштері негізінде орталықтан шығарылды. Қуантарлығы сол, орталық мамандарының көмегімен 16 әйелдің 14-і өз отбасына оралып, күйеуімен қайта қосылды. Ал, екі әйел ары қарай да бөлек тұруға ниет білдірді. Мамандардың сүйемелдеуімен 6 әйелге атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) тағайындалса,
6 әйел жұмысқа орналастырылды. Сондай-ақ, қаладағы төрт аудандық әкімдіктің түрлі саладағы мамандарымен, полиция басқармасының учаскелік полиция инспекторларымен кездесіп, орталықта көрсетілетін әлеуметтік көмектердің түрлері жайында, орталыққа сенім телефоны, шұғыл желі арқылы хабарласуға болатыны туралы ақпараттық парақшалар таратылды. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында ынтымақтастық және бірлесе жұмыс жүргізу туралы 2 үкіметтік емес ұйыммен меморандум түзілді. Білім беру ұйымдарында да жасөспірімдермен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, мерзімді басылымдарда мақалалар жарияланып жүр, - дейді Б.Байтешова.

Бес баласымен үйінен кетуге мәжбүр болған

2021 жылдың қара күзінде отбасында жылдар бойы жалғасып келген беймаза тіршіліктен, ерінің езгісінен шаршаған Айман (кейіпкердің аты-жөні өзгертілді-ред.) бес баласымен үйінен кетіп қалады. Сұрастырып жүріп Шымкенттегі №3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығынан пана тапқан.
Кейіпкердің жағдайын білмекке №3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының психологы Эльмира Момбекованың көмегіне жүгіндік.
— Айман жолдасы, ата-енесі мен қайын әпкелерінен көрген зорлық-зомбылық салдарынан орталық қызметіне жүгінуге мәжбүр болған. Сүйіп қосылған жарынан көрген жәбірі күйзеліске түсірген. Келген кездегі психологиялық ахуалы тұрақсыз еді. Біз мәселенің мән-жайын анықтап, дұрыс көмек көрсету үшін әуелі дайындық кезеңінен өткіздік. Алғашқы сұхбатта белсенді тыңдау техникасы қолданылды. Әрі қарай «Қалыптастыру кезеңі», «Кепілдемелік кезеңі», «Бақылау» әдістемелері жүргізілді. Сондай-ақ, балаларының алды 13 жаста болса, кішкентайы 5 жаста. Отбасындағы ұрыс-керістің салдарынан балалардың да психологиялық ахуалы өзгерген. 13 жастағы бала алғаш келгенде орталық мамандарының сауалдарына дұрыс жауап бермей, агрессия танытты, - дейді Эльмира Майлыбайқызы.
Мамандардың айтуынша, Айман отбасындағы келеңсіздікке жолдасына сүйіп қосылғандықтан да ұзақ жылдар төзіп келген. Екеуі шаңырақ көтеріп, үй болған соң, қалаға келіп қайын әпкесімен бірге тұрады. Жолдасы қанша тырысып бақса да, айлығы шайлығынан артылмай, жан тыныштығын алкогольдік ішімдіктерден іздейтін болыпты. Салдарынан басында баспанасы, қолында табысы, соңынан ерген бес бала-шағасының күйі болмай, қинала бастайды. Ерлі-зайыптылар арасындағы отбасылық кикілжің мен түсініспеушілік шиеленісіп, бұл тақырыпқа қайын әпкесі, енесі араласқан. «Тамшы тас тесер» демекші, әлеуметтік жетіспеушіліктен бастау алған жылдар бойғы ұрыс-керіс соңы Айманның психологиялық тұрғыда күйзеліске түсуіне әкелген. Жолдасы Айманға күш қолданғанымен қоймай, жеткіншек қыздарына да қол көтеруді әдетке айналдырыпты. Балаларының араша түсеміз деп, соққыға жығылғанын қөрген ана жүрегі қарс айырылып, ары қарай төзе берудің мәнісі жоқ екенін ұғынған.
— Біздің орталықтың негізгі мақсаты отбасын түбегейлі ажырату емес. Керісінше, мәселенің шешімін тауып, екі тараптың түсінісіп кеткенін қалаймыз. Сол мақсатта агрессия көрсеткен тараппен де жұмыс істейміз. Ұзақ мерзімді қабылдаудан кейін, қос тараптың да психологиялық жағдайы тұрақталған соң, шешім қабылдауын күтеміз. Мәселен, Айман бізге сенім артып, өзінің жан дүниесіндегі жағдайды ашып айту үшін біраз жұмыс істеуге тура келді. Алғашқы психодиагностикалық кезеңде ішкі ойын, сезімін жеткізе алмай, жәбірленуші көз жасына ерік беретін. Реніш, мазасыздық, эмоционалды сарқылу, өзіне деген сенімсіздіктің жоғалғаны байқалды.Кейде өз ойымен өзі арпалысып, үнсіз қалатын. Бірнеше кезеңнен кейін психологиялық ахуал тұрақтана бастаған соң, өзінің қауіпсіз ортада екенін түсініп, түйткілдің салдарымен емес, себебімен күрес жүргізілді. Еңбек терапиясы кезеңінде Айман тігін машинасымен жұмыс істеуді үйреніп, өзін жаңа қырынан таныды. Агрессия көрсетуші тарап өкілдері — Айманның жолдасы, енесі, қайын әпкесімен кездесіп, олармен де психологиялық жұмыс жүргізілді. Өтпелі кезеңдегі жеткіншектердің де психологиялық жағдайы мүшкіл болатын. Олар ата-ана арасындағы ұрыс, қайын әпке мен ененің анасына өктемдігін көріп, отбасындағы жағдайларға өздерін кінәлі сезінген. Салдарынан балалардың өзі қатарлы достарымен арасы ажырап, шеттеп қалған. Балалардың жағдайын қалыпқа келтіріп, орта қалыптастырып кетуі үшін біраз еңбектенуге тура келді, - дейді Э.Момбекова.

«Бүгінгі жастарда эгоизм басым»

Эльмира Майлыбайқызы отбасылық кикілжіңнің бірден-бір себебі әлеуметтік жетіспеушілік деген тұжырыммен келіспейді.

544


— Аз ғана табысы болса да, қанағат тұтып, одан әрі ері мен әйелі бір-біріне демеу болып жүрген отбасылар бар. Сондықтан тұрмыстық зорлық-зомбылықтың тек материалдық жетіспеушіліктен туындайды деп есептеу қате. Бүгінгі қоғамда отбасы мүшелері өзінің функционалды қызметтерін дұрыс пайдаланбайды. Ене өзінің үлкендігін көрсетіп, жол сілтеп, отағасы отбасының қорғаны екенін, асыраушысы екенін сезініп, анасы отбасылық құндылықтарды дәріптеп, бала тәрбиесін жолға қойса, кез келген жағдайды еңсеруге болады. Алайда, біздің қоғамда туған-туыстардың екі жастың арасына түсуі әлі де азаяр емес. Сонымен қатар, бүгінгі қоғамның ең үлкен проблемасы — отбасы институтының әлсіреп, жастардың эгоизмінің өршіп кетуі дер едім. Эгоизмнің шарықтау шегіне жеткені соншалық, жастар енені құрметтеу, ерін сыйлауды шетке ысырып, өзін жоғары қояды. Тіптен, ерлі-зайыптылар ұрысқанда, ажырасу туралы шешім қабылдағанда, балалардың болашағына да алаңдамастан шешім қабылдауы — эгоизмнің көрінісі. Себебі, баланың балалық шақтағы көргені, психологиялық күйі — оның тұлға болып қалыптасуына әсер етіп, тағдырын мүлде басқа бағытқа әкетуі мүмкін, - дейді маман.
Ал, кейіпкеріміздің жағдайына келсек, орталықта өткен 6 ай ішінде орталық мамандарының көмегімен мемлекет тарапынан көрсетілетін жеңілдіктер, жәрдемақылар туралы ақпараттар беріліп, атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. Ал, орталық заңгері Айманның өз өтініші негізінде балаларына алимент өндіру бойынша талап-арызын жергілікті сот орнына жолдап, мәселе оң шешімін тапқан.
— Айман орталықтың көмегімен тұрақты жұмыспен қамтылды. Аптасына 5 күн жұмыс істеп, 2 күн демалады. Ол жолдасымен ұрыс-талассыз ортақ шешімге келіп, ары қарай балаларымен жеке өмір сүру туралы шешім қабылдады. Балаларының да психологиялық күй қалыпқа келіп, мектептерін тұрғылықты мекенжайы бойынша ауыстырды. Көңілге демеу болған бір жәйт, Айман орталықтан өз өтінішімен шыққан күні жолдасы балаларының алдындағы жауапкершілікті сезініп, мекемеден өзі алып кетті, - дейді
Эльмира Майлыбайқызы.

P.S.Психологияда «Балаң тәрбиелі болсын десең, өзіңді тәрбиеле» деген тәмсіл бар. Ал, М.Әуезов «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деп бір ауыз сөзбен жеткізген. Зорлық-зомбылықтан бойы таза, саналы ұрпақ өскенін қаласақ, қазақтың «үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» көрсетуді насихаттайтын ата дәстүрін жаңғыртып, отбасы институтын нығайту қажет-ақ.