Жігіттің жампозы еді...

Пятница, 15 Июль 2022 09:16 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 2060 раз

muxtarМұхтар Атабек –жұрт жазбасынан жазбай танитын журналист болатын. Ананың ақ сүтімен бойына сіңген қасиеті болса керек, сүрінгенге сүйеу, жығылғанға жәрдемші бола білді. Мұхаң қай жерде жүрсе де ортасына сыйлы, өзінің орнын білетін. Өзгеге қолдан келген көмегін аямайтын. Әсіресе, жастарды қолынан жетелеп жүріп, жол көрсететін. Білмегенін үйретіп, қателігін түзететін.

Ол – Орынтай ақсақал мен Салтанат әжейдің шаңырағындағы 10 перзенттің ортаншысы. Көп балалы шаңырақтағы салиқалы тәрбиенің негізі болса керек, ол бала күннен бауырмашыл болып өсті.

Мұхтар Орынтайұлы 1967 жылы 23 ақпанда Түркістан облысы Бәйдібек ауданының Ақтас ауылында туған. Журналистік қызметін республикалық «Жас Алаш» газетінен бастап, 1996-1998 жылдары мемлекеттік тергеу комитетінің «Қылмыс пен жаза» – «Преступление и наказание» газетінде жауапты хатшы қызметін атқарды. 1997-2001 жылдары Қазақ радиосының Астана студиясында редактор болды. 2001-2005 жылдары тәуелсіз «Замана» газетінде редактор және облыстық «Оңтүстік Қазақстан» басылымында жауапты хатшының орынбасары болған. 2005 жылдан өмірінің соңына дейін «Қазақстан» ұлттық телеарнасы «Оңтүстік» аймақтық филиалында редактор, бас редактор қызметін атқарды.

Мұхаң біздің ортаға екі мыңыншы жылдары келді. Ол кезде қазіргі «Оңтүстік» телеарнасы «ШТВ» деп аталатын.
Байдулла Қонысбек ағамыз негізін қалаған арна тізгінін Қалыбек Атжан алған кез болатын. Мұхтар – қазақ журналистикасының қара нары Қалекеңнің қанатының астында өскен журналистердің бірі. Редакциямызға бастықтың орынбасары Базарбек Түкібай келіп: «Ал жігіттер, орта толсын! Арамызға қаламды сүйкеудің шебері, сөздің қадірін білетін Мұхтар Атабек бауырымыз қосылды, қадамы құтты болсын! Келін жүкті болсын! Іс оң, ағың көп, райондарға сапарың мол, қалтаң толы, арқалағаның халықтың жүгі ауыр болса да, бойың тік болсын!» деп батасын беріп, таныстырып шығып кетті. Сол күннен бастап, Мұхаңмен жақсы араласып кеттік.

Мұқаң қанша қиналып жүрсе де, сырт көзге ештеме байқатпай, салиқалы, байсалды, бір сыдырғы жүретін. Жұмысқа ешқашан сылбыр қараған емес. Бірінші кезекте редакциялық тапсырманы тап-тұйнақтай қылып орындайтын. Қамшының сабындай қысқа өмірінде әдемі, өрімдей өрілген із қалдырды.

Қарбалас заман: аудандарға шапқылау, сыни, мақтау материалдар жазу. Мұхаң аудан-ауданды аралап, халықтың мұңын жоғары жаққа жеткізуден шаршамайтын. Телеоператор Талғат Елеубековті «Менің опорам» деп атайтын. Күн-түн, қыс-жаз деп қарамайтын. Барған жерден буда-буда материал алып келетін. Бірінен-бірін құрастырып, ел көретін материал дайындайтын. Әсіресе, Ұлттық арнаның «Елден хабар» бағдарламасына көп материалдар жасады. Редакциялық тапсырма болса да, аудандарға өзінің жеке көлігімен шығатын. Бүгіндері немістің зауыттан шығармай қойған ескі «Ауди-100» көлігі бүкіл оңтүстік даласын аралап шығуына сеп болды. Есігін ашсаң, машинасының ішінде шөп өсіп тұратын. «Бұл да бір Алланың берген несібесі шығар» деп күліп қоятын. Созақтағы Одаман асуында жұрт боранда жол талғамайтын көлігімен тұрып қалып жатқанда, Мұхаң жарықтық өтіп келетін. Ол да Алланың пендесін қолдағаны шығар.

Бетпақ даласы бар Созақ, туған өлкесі – Бәйдібекке барса, екі-үш күндік сапары айлап азық болатын. Студиядағы «Бүгінгі әңгіме», «Ел мен жер» хабары әлі жұрттың есінде. Жолда көліктің ішінде кетіп бара жатып телефонмен елден хабар беріп отыратын. Мұхаңның әрбір материалында бүкіл болмысы жатыр. «Өз дүниеңе жеке туындым, менің бар шығармашылығым осында жатыр деп қарамайынша, құнды дүние шықпайды» деп отыратын.

Екі мыңыншы жылдардан бергі аралықта телеарнада талай басшы ауысты. Бірақ Мұқаң сол баяғы еркін елдің оғланы, тілші болып қалды. Арманы билік емес, еркіндік еді. Бір жылдары координатор, бас редактор болып та еңбек етті. Бірақ кабинетке байланып, төрт дуалға қарап отыра алмай, қайта жолға шықты. «Мен елмен жүргенді жақсы көремін» деп жасына қарамай, жастармен бірге талай баспасөз турларында аудан аралап, елден хабар жеткізді. «Тәрбие – тал бесіктен» демекші, өскен ортасы мен жас кезде алған тәрбиесінің ерекшелігі болса керек, Мұхаң өзіне жүктелген шаруаны жоғары деңгейде орындайтын. Әрбір іске жауапкершілікпен қарайтын. Бастысы, журналистік ұстанымы жоғары болатын. «Оңтүстік» телеарнасына Уәли Қыдыр басшы болып келген күннен бастап, Мұхтар Атабекке үлкен жауапкершілік жүктелді. Ол өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқара білді. Студиядағы хабарлардың басым көпшілігін жүргізді. Аудандарға да барып, материалдар беріп үлгеретін. Мұхаңның күнтізбесінде сенбі, жексенбі деген жоқ болатын. Аудандардан қайтқанда үйлестірушіге хабарласып: «Менің жексенбі күні материалым бар еді, бір монтажер шақырып берсеңіз, монтаждап тастасам» деп күнмен санаспай жұмыс істейтін. Телеарнада тапсырыс бойынша да аудандардан материалдар қамтылатын. Жыл соңында үлгере алмай жатқанда Мұхтар Атабек бір сапарында-ақ мыңдаған минуттық материалдарды арқалап келуші еді. Жаңалыққа да, хабарға да, орталық сұратқан «Елден хабарды» да жол-жөнекей тап-тұйнақтай орындап келетін. Кейде телеарнада камера операторы жетіспей жатады. Сонда жарықтық өзінің камерасымен өзі оператор, өзі журналист болып талай тындырымды тірлік атқарды. Мұқаң: «Мен үшін сапарға шығып, халық үшін жұмыс істеу – демалыстың ең үлкені. Жұртқа ұқсап санаторий іздеп, шетел аспаймын, осының өзі маған турпоход» деп жүруші еді.

Мұхтар Атабектің Түркістан үшін сіңірген еңбегі орасан. Көне қала дербестігін алып, облыс орталығы атанған тұстан бастап, қайнаған жұмыстың ортасында жүрді. Түркістанның қайта түлеуіне өзіндік үлес қосты. Рухани астанадан біздің арнаның тілшілер қосыны ашылып, соған басшылық жасады. Күнде тікелей эфирде материалдар берді. Студияда тұшымды хабарлар ұйымдастырып, жаңадан салынып жатқан әрбір ғимараттың кірпішін қалауға қатысты десек те болады. Тіпті өмірінің соңғы күндерін де сол рухани астанада өткізді. Өзі сұранып Түркістанға іссапармен барып, жұмыс істеді. Бұл шешімін «өмірінің соңғы күндерін сезіп, бабалар рухына барып тағзым жасағаны шығар» деп бағамдадық.

Мұхтар Атабектің тұлғасын достары мен әріптестері, оқырманы жақсы біледі. «Жас Алашта» қабырғасы қатайып, туған өлкесінде тұғыры биіктеген тұлғаның есімі жұрт жадында тек жақсы қасиеттерімен сақталып қалды. Мұқаң – БАҚ-тың бағына біткен әмбебап журналист еді. Ол 16 жыл ғұмырын «Оңтүстік» арнасына арнады. Көгілдір экран арқылы халқына тек жағымды жаңалық таратуға асығатын дара тұлға болатын.

Мұхтар Атабек көзі тірісінде атақ, даңқ қуған жоқ. Бірақ талантты тұлғаны мадақ пен атақ өзі іздеп тауып тұрды. Мұхаңды «мамандыққа адалдық танытқан азамат» деп қаймықпай айтуға болады. Ал өмірдегі ұстанымы өзгеге ұқсамайтын, журналистің біз бен сіз білмейтін қырлары да көп болатын.

Кірпіш «НОКИА»

Естеліктерді сөйлетсек. Телеарнада қашанда жұмыс қауырт. Бір минут кешіксең, эфир шықпай қалуы да ғажап емес. «Қазақстан – Шымкент» телеарнасының тілшілерін сол жылдары «Қалыбек Атжанның атжалмандары» дейтін. Бір күні бөлмеде Қожекең екеуміз отырғанбыз. Ол кісінің мінезі шарт та пұрт, тез ашуланатын. Қанша ашуланса да зілі жоқ. Әп-сәтте бәрін ұмытып кетеді. Таңертең бастықтан тапсырма алып шықты ма, жоқ ұрыс естіп келді ме, әйтеуір ашуланып кірді. Келе сала, алдындағы қара телефонға шұқшиып қайта-қайта тергенімен, ар жақ жауап бере қоймады. Ашуға булығып, телефон трубкасын сабалаумен болды. Сол сәтте сырттан Мұхтар Атабек кіріп келді. Бір қолында – шайы, екінші қолында – су жаңа «Нокиа» ұялы байланыс телефоны. Сол кездерде кірпіш телефон енді келіп, мода болып жатқан. Мұхаң жаңа дүниесін мақтанайын деді ме, жоқ көрсеткісі келді ме, әйтеуір ішке телефонмен сөйлесіп кірді. Табалдырық аттағаны сол еді Қожекең: «Ей, Мұхтар, телефоныңды берші, біреуге хабарласып алайын» деп зірк ете қалды. Мұхаң жалпылдап: «Болды, Қожеке, алыңыз, сөйлесіңіз, ішінде ақшасы бар, жаңа салдым» деп жалпылдап жатыр. Тіпті «нөмірін айтыңыз» деп, теріп те берді. Су жаңа телефонды Қожекең ала сала, ар жақтағы біреуге дүрсе қоя берді. Айқайдың астына алды. Бір кезде: «Адам да осындай жауапсыз болады екен-ау» деп, сыбап алды да, телефонды дуалға қарай бірақ атты. Су жаңа телефон дуалға тиіп, быт-шыт болып шашылды да қалды. Қолында шәйі, Мұхаң түкке түсінбей қалшиып тұр. Бар сөзі: «Ой, Қожеке, ой, Қожеке» дей берді. Ашуға булыққан бас редактор кабинеттен шығып кетті. Мұхаң «Ой, бұл қызық болды-ау» деп шашылған телефонның бөлшектерін жинап алып, шығып кетті. Сабаз бір қабақ шытқан жоқ. «Қожекеңнің ашуы басылсын» деді ме, әлде телефонын жөндетіп келді ме, әйтеуір сол шыққаннан Мұхаң кабинетке түстен кейін бір-ақ кірді. Қолында сол баяғы Нокиасы, бірақ сап-сары скотшпен әбден матап тастапты. «Кірпіш десе, кірпіш қой, шіркін! Қожекеңнің соққысына шыдаған телефон мықты болады. Істеп тұр жарықтық» деп күліп тұр.

 

«Акулматор»

Мұхтар әрдайым өзінің емес, өзгенің қамын ойлап жүретін. Бір күні үйдегі көлігінің аккумуляторын сұрап келген көршісіне беріп жібереді. Ол есінен шығып кеткен бе, әйтеуір ертеңіне таңертең асығыс жұмысқа бару керек болып көлігіне отырса оталмайды. Машинасын оталдырам деп жүріп жұмыстан кешігеді. Өзі әбден әлекке түсіп, машинасын оталдыра алмаған соң, жұмысқа, үйлестіруші Айжігіт ағаға звондап, бір көлік жіберуін өтініп, көмек сұрайды. Тіпті тәжірибелі жүргізушінің атын атап Алтыбай Барпиевті жіберуін өтінеді. Үйлестіруші Алтекеңе түсірілім арасында уақыт тауып, Мұхтарға кіріп шығуды тапсырады. Сонымен не керек, Алтекең келе сала, Мұхтардың машинасын ары сүйрейді, бері сүйреп оталдыра алмайды. Тіпті, көліктің оталатын нышаны да байқалмайды. Бір кезде шаршаған Мұқаң үйдің қасына келіп, есігін тарс еткізіп жауып, «Алтеке, түс аттан, болары болды. Түстеніп алайық» деп үйге кіріп кетеді. «Бұлай болуы мүмкін емес» деп күйгелектенген Алтекең Мұхтардың көлігін ашып, кілтін бұрап көреді. Көліктің ішіндегі приборда бірде-бір жарық жанбайды. Кілт ашылмайды. Жалма-жан капотын ашып қараса, аккумуляторы орнында жоқ. Содан не күлерін, не жыларын білмей, ішке кіріп, онсыз да тұтығып сөйлейтін Алтекең: «Мұқа, акулматор қайда?» деп сұрайды. Сонда барып Мұқаң жарықтықтың аккумуляторды біреуге беріп жібергені есіне түсіп: «А, оған аккумулятор салу керек пе, машина сүйреген соң оталмай ма? Мен аккумуляторды көршіме беріп жібергем» деп күліпті. Сөйтсе, аккумуляторы жоқ көлікті екі сағаттай әуре болып сүйреп жүр екен.

Кейде түскі үзілісте марқұм ның «Иттерді босат та, есікті жап, аздап мызғып алайық» деп әзілдейтіні де бар еді.

Мықты журналист ешқашан «болдым, толдым» деп менменсінбейді. Телеарнаның айтулы маманы болса да Мұхаңда кеудесоғу жоқ еді. Жастарға білгенін үйретуден жалықпайтын. Ол өмірден өткенде сол жас журналистер елден ерек егілді.

Қазақта «орнында бар оңалар» деген айтулы сөз бар. Сүйсінерлігі Мұхаңның тірегі Аян баламыз әке жолын қуып, журналистиканың жалына қол артты. Мұхтардай ардакүреңнің ұрпағы осал болмаса керек. Әкесіндей мықты болсын деп тіледік. Бар қазақ жүрегіне сыйып кететін Мұхтар бауырымыздың екінші өмірі Аянмен өрілгені бәріміз үшін үлкен мерей.

Қанат ЖҮНІСБЕК,
«Оңтүстік» телеарнасы
жаңалықтар бөлімінің редакторы

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.