БОЛАШАҚҚА НАҚТЫ ҚАДАМ Избранное

Среда, 20 Июль 2022 04:12 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 2104 раз

Елімізде жастардың кәсіптік білімді игеруіне, болашақта білікті маман болып қалыптасуы үшін үлкен мүмкіндіктерге жол ашылды. Колледждерге берілген оқу гранттарының саны жыл сайын көбеюде. Биыл Шымкент қаласы бойынша мемлекеттік тапсырыс орналастыратын тізімге енген 23 колледжге жалпы 12 мың 137 орын беріліп отыр. Оның 1052 орны педагогикалық бағытта, 717 орны өнер және мәдениет бағытында, 1143 орны медициналық бағытта болса, 9252 орны, яғни оның 70 %-ы техникалық мамандықтарға берілген.

166

 

Қазіргі кезде мемлекеттік тапсырыс негізінде Шымкент қаласы бойынша 71 мамандық, 192 біліктілік бойынша құжаттар қабылдануда. «Техникалық және кәсіптік орта білімнен кейінгі және жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға түсу кезінде қабылдау квотасының мөлшерін бекіту туралы» ҚР Үкіметінің 2012 жылғы 28 ақпандағы №264 қаулысымен бекітілген квота санаттарының 9 түрі қарастырылған. Бұл да жастарға жасалған үлкен қамқорлық деп санаймын. Сонымен қатар, биылдан бастап жұмысқа орналастыру міндеттемесімен кәсіпорындардың өтінімдері бойынша кадрларды нысаналы даярлау енгізілуде. Яғни кәсіпорын мен колледж арасында шарт жасалып, өз базасында студенттердің практикасын ұйымдастыру және түлектерді одан әрі жұмысқа орналастыру бойынша міндеттемелерді алады. Бұл ретте жұмыс берушілер заманауи мамандар нені біліп, нені істей алуы қажет, қандай дағдылар керектігін анықтайтын болады. Бұл туралы ҚР оқу-ағарту министрі А.Аймағамбетов: «Қазіргі таңда колледждерге де академиялық дербестік берілуде. Бұған дейін жұмыс берушілердің талаптары толығымен ескерілмеді, мектепте оқыған пәндер қайталанып, жас маман тек бір ғана біліктілік алды. Енді колледждерге кәсіптік стандарттар негізінде білім беру бағдарламаларын дербес өздері әзірлеу, сондай-ақ оқу мерзімдерін өздері айқындау мүмкіндігі берілді. Маман бір ғана емес үш біліктілікке дейін алып шығатын болды»,- деген болатын.
Енді колледждер жұмыс берушілермен бірлесіп, білім беру бағдарламаларының мазмұнын, оқу мерзімдерін дербес анықтап, оларды білім беру бағдарламаларының тізіліміне қоса алады. Аталған шара білім беру бағдарламаларының мазмұнын өзгертуге мүмкіндік беріп, білім сапасын арттырады, мамандарды еңбек нарығына жылдам шығаруын қамтамасыз етеді.
М.Өтебаев атындағы жоғары жаңа технологиялар колледжінде де ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі күнге дейін колледжде дайындалатын 13 мамандықтың барлығына қазақша-орысша нұсқада білім беру бағдарламалары жасалып тізілімге енді. Қазіргі кезде еңбек нарығындағы маманның жұмыс берушінің талабына сай білім алуы, білікті болуы, технологиялық үдерістерді дереу меңгеруі, кәсіби машығы өте өзекті болып тұр. Сондықтан педагогтардың функционалдық сауаттылықтарын кәсіби шеберлікпен ұштастыра отырып, нәтижеге бағытталған білім беруде біліктілікті арттырудың орны ерекше. Шымкент қаласында «Жас маман» жобасы бойынша біздің колледж ұлттық және халықаралық деңгейде сұранысқа ие мамандарды даярлауға қажетті заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталып, «Ғимараттар мен құрылымдарды салу және пайдалану» және «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандықтары бойынша құзіреттілік орталықтары қүрылған. Педагогтеріміз кәсіби құзіреттілігін шыңдай отырып, WorldSkills стандарттары негізінде білім беруде. Арнайы пән оқытушылары кәсіптік тәжірибелерін WorldSkills стандарттары талаптарына сай «Жас маман» жобасымен алынған жаңа құрал жабдықтарды пайдалана отырып өткізеді. Жақсы нәтиже көрсеткен студенттерді іріктеп, оларды ары қарай студенттердің кәсіби шеберліктерін айқындайтын WorldSkills чемпионаттарына дайындайды.Нәтижесі қуантарлық, студенттеріміз жыл сайын жүлделі орындар иеленіп келеді. Жақында ғана өткен «Worldskills Shymkent-2022» қалалық чемпионатында «Құрылыс» кафедрасы оқытушылары дайындаған 10 студент жүлделі орындарды иеленді. «Бағдарламалау және ЕТ» кафедрасы дайындаған 10 студент әр түрлі құзіреттіліктер бойынша жүлделі орындар иеленіп, Ұлттық чемпионатқа жолдама алды.
Ауқымды халықаралық конкурстарға қатысу студенттердің дайындық деңгейлерінің тәуелсіз объективті бағасын алуға ғана мүмкіндік беріп қоймайды. Бұл кәсіби оқуға және беделді жұмыс орындарын тануға ынталандыратын компонент. Студенттердің құзыреттіліктерін тануы және бәсекеге қабілеттіліктерінің артуы колледжді одан әрі жедел жаңғыртуы кезінде мүмкін болады. Жаңалыққа толы колледж тек білікті мамандарды ғана емес, Елбасы айтқандай, ұлттық код, ұлттық мәдениетті сақтау ең басты міндет екенін ескере отырып, жан-жақты тәрбиелі, Отанына адал қызмет ететін жастарды дайындауды мақсат етіп отыр.


М.Утегенов,
М.Өтебаев атындағы жоғары жаңа технологиялар
колледжінің директоры

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.