Әрекет түбі – БЕРЕКЕТ Избранное

Среда, 03 Август 2022 05:00 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 553 раз

Елімізде кәсіпкерлікпен айналысуға мемлекеттік бағдарламалар арқылы қолайлы жағдай жасалған. Осы ретте талай жанның арманын ақиқатқа айналдырған «Бастау Бизнес» жобасының орны ерекше. Аталған жоба соңғы жылдары халықтың бизнеске деген қызығушылығын оятып, талай жанның кәсібін өрге өрлетті. Бүгінгі кейіпкерлеріміз сөзіміздің айғағы.

108

 

Шымкенттік Сәуле Құдайбергенова мемлекеттік гранттың арқасында өзінің шағын кәсібін бастаған. Қазіргі таңда кәсіпкер аяғы ауыр аналарға арналған жастық шығарып жатыр. Бұл – сұраныстағы зат. Тігіннен хабары бар кейіпкеріміз жүкті аналардың денсаулығына аса қажетті жастықты аз уақыттың ішінде-ақ кәсібіне айналдыра білді. Бір айта кетерлігі, Сәуле Құдайбергенова өзінің мүмкіндігінің шектеулі болғанына қарамастан еңбектің көзін тапқан жан.
– «Рахат» кондитерлік фабрикасында еңбек еттім. Соңғы алты жылдан бері денсаулығыма байланысты жұмыссыз болдым. Қарап отыруға болмайды. «Әлің барда еңбек ет, еңкейгенде емерсің» деген аталы сөзіміз бар. Осы істі тәуекелмен бастап, уақыт өте келе жемісін көре бастадым. Мемлекеттің көмегін алдым. Енді ары қарай кәсібімді дамытып, қажетті құрал-жабдықтар алсам деймін. Пайдасы жақсы болып жатса, қосымша жұмысқа адамдар қабылдау да жоспарымда бар, - дейді С.Құдайбергенова.

95


Тігіншіліктің бұл түріне ептілік, икемділік, ыждаһаттылық пен сабырлылық керек-ақ. «Қолы білген құм үстінен кеме жүргізер» демекші мүмкіншілігі шектеулі болғанына қарамастан, жантақтан ине, жаңқадан түйме жасай білген шебер Сәуленің еңбекқорлығы талайға үлгі болары сөзсіз.
Мемлекеттік бағдарламаның шарапатын көрген еңбекқор жанның бірі Шымкент қаласының тұрғыны Лаура Шонықбай. Лаураның жасы 27-де. Ол жыл басында қалалық жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде тіркеліп, сәуір айында мемлекеттік грантқа үміткер ретінде жастар санатымен (29 жасқа дейін) құжат өткізген. Оның кондитерлік өнімдер бойынша дайындаған бизнес жоспарын комиссия мақұлдап оң қорытындысын берген. Көп ұзамай тиісті грант қаражаты тағайындалып, оған кәсібін бастауға арналған бірнеше құрал-жабдық сатып алған.
— Мемлекеттің осынау қолдауы – кәсіп бастаймын деген жастарға үлкен мотивация. Қармақ берді, ары қарай алып кету әркімнің өз қолында. Шын ниеті бар адам кез келген істі алып кетеді. Оған сенімдімін. Қиындықтар болмайды емес, болады. Оны жеңетін бір-ақ нәрсе бар. Ол – еңбек, - дейді Лаура Шонықбай.

93


Қазір Лаураның қолынан шыққан тәттілерге деген сұраныс артып келеді. Жас кәсіпкер алдағы уақытта кәсібінің көкжиегін кеңейтуде жоспарлап отыр.
«Қимылдаған қыр асар». Осы қағиданы ұстанатын қала тұрғыны Азиз Бакибаевтың өз шеберханасы бар. ІІ топтағы мүгедектігі бар азамат денсаулығын алға тартатын жан емес. Азиздің қолынан келетін ісі – көлік жөндеу, ұрылған көліктерді түзеу, сырлаумен айналысу. Бастапқыда цех ашу үшін құрал-жабдықтардың керегі айтпаса да белгілі.
– «Атамекен» палатасында кәсіпкерліктің негіздерін оқып, серификатқа ие болдым. Бизнес-жоспарымды қорғау қиын болған жоқ. Өйткені, бұл менің өзімнің сүйікті кәсібім болатын. Грант алып, көлікті жөндеуге қажетті құрал-жабдық сатып алдым. Қазір 3-4 адамды жұмыспен қамтып отырмын. Енді, екінші шеберханамды ашу жоспарымда бар. Бұл ісім нәтижесін берсе, онда 3-4 азаматқа жаңа жұмыс орны ашылады, - дейді шебер Азиз.

94


«Бизнес бастау» кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жобасының мақсаты – өзін-өзі жұмыспен қамтыған және жұмыссыз халықты кәсіпкерлікпен айналысуға тарту арқылы экономикалық белсенділігін арттыру. Олай болса, аталған жоба үшінші мегаполисте өз тиімділігін көрсетіп, кәсібін дөңгелеткендер қатары артып келеді. 8 тамыздан бастап қайтарымсыз гранттар алуға өтінімдер қабылданады. Ендеше, кәсіп ашуға ниетті жандарға бизнес-жоспарыңды жүзеге асыруға асық дегіміз келеді.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Нұрбол ОРЫМБАЕВ. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.