Среда, 14 Февраль 2018 04:25

Әр ұлттың бренді

Оңтүстік Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен «Әр ұлттың бренді» тақырыбында тауар өндірушілердің көрмесі ұйымдастырылды.

Көрмеде облыстық 12 этномәдени бірлестіктерінің кәсіпкерлікпен айналысып жүрген өкілдері өздері өндіріп жатқан тауарларды жұртшылық назарына ұсынып, бизнестегі тәжірибелерімен бөлісті. Кәсіп ашу негіздеріне жұмыссыз азаматтар мен студенттер қауымының қызығушылығы жоғары болды. 

Іс-шараның ашылуында сөз алған ОҚО Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары М. Қалмұратов өңірдегі этномәдени бірлестіктердің мәдени шаралар өткізумен шектеліп қалмай, аймақтың экономикалық әлеуетін арттыруға да зор үлес қосып келе жатқанын айтты. 

– Өңіріміздің экономикасының өрлеуі мен әлеуметтік салалардың дамуына түрлі этнос өкілдері де өз үлестерін қосып отыр. Олардың қолынан шыққан дүниелерді көріп, үйренуде шеберлік-кластарын өткізу үшін осындай көрмелер ұйымдастырудың тиімділігі зор. Көрме барысында азаматтар өз кәсіптерін неден және қалай бастағаны жайында өзгелермен тәжірибе алмаса алады – деп түсіндірді М. Қалмұратов.

Бұған дейін осындай шара Сайрам ауданы, Қарабұлақ ауылындағы мал бордақылау алаңы базасында және облыстық тәжік этномәдени бірлестігінің ұйымдастыруымен Сарыағаш ауданындағы жылыжай кешендерінде өткен болатын. Сондай-ақ, облыстық Ассамблея диалог алаңын ашып, өңірдегі қаржы институттары мен кәсіпкерлікті қолдау ұйымдары өкілдерінің көпшілікпен кездесулерін ұйымдастырған еді.

Опубликовано в Қоғам

Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы еліміздің әрбір азаматына шабыт беріп, қанаттандырды. Жолдау жауапкершілік жүктейді. Біздерді – ғалымдарды жыл аяғында қандай жетістікке жеттік, болашақта не істейміз деген сұрақтар мазалайды. Саяси маңызы зор құжатпен таныса отырып, өзімнің ойларымды ортаға салсам деймін.

Елбасының биылғы Жолдауында да агроөнеркәсіп саласына айрықша назар аударылды. Қазір «Ақылды технологиялар – агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту мүмкіндігі» атты үшінші міндетін бірлесе атқарар сәт туды. 

Рас, «көл-көсір мұнайдың» дәуірі аяқталып келеді. Сол себептен Қазақстанның экономикасын көтеретін бірден-бір сала – түйе сүтінің кластерлік технологиясын дамыту. Түйе сүтінен жасалған шұбаттың құрғақ ұнтағы мен таблеткасы дүние жүзінде үлкен сұранысқа ие. Оның дәлелі, Біріккен Ұлттар Ұйымының 2006 жылы шыққан шешімі. Мәселен, түйе өсіретін Мавританиядан бастап, Қазақстанға дейінгі елдер, өз елдерінің экономикасын көтеру үшін, түйе сүтінен жасақталған қышқыл сүт өнімдерін Еуроодақ пен Америка, Азия елдерін қамтамасыз етуге назар аударып отыр. 

Дүние жүзінде бір тонна түйе шұбатының құрғақ ұнтағының құны кем дегенде 200000-500000 еуроға тең. Ол деген мұнай өнімінен мың есе қымбат деген сөз. Өкініштісі, жылда ғылыми гранттық жоба ретінде берілгенімен әртүрлі себептермен жобалар өндіріске енбей қалып жатыр. 

Бір айта кетерлігі, отандық өнімдеріміз – түйе сүтінен жасалған биойогурт және өрік қағын, жүзім мейізін дүние жүзіне емдік қасиеті ерекше бренд өнімдер ретінде танытуға әбден болады. 

Елбасы «Мемлекет бизнеспен бірлесіп, отандық өнімді халықаралық нарыққа шығарудың стратегиялық жолын тауып, ілгерілетуге тиіс. Ауыл шаруашылығын қарқынды дамыту өнімнің сапасы мен экологиялық тазалығын сақтай отырып жүргізілуі қажет. Бұл бүкіл әлемге танылатын «Қазақстанда жасалған» табиғи азық-түлік брендін қалыптастырып, ілгерілетуге мүмкіндік береді» деп басты бағытты атап өтті. 

Міне, Жолдау аясында өзіміздің отандық өнімді қолдап, әрі нақты іске асыратын уақыт жетті деп ойлаймын. Сондай-ақ, Бәйдібек ауданындағы Ақмешіт үңгірі дүниежүзілік экотуризм және емдік касиетті шипажай болуға сұранып тұрған орын екенін ғылыми еңбектерімді атап көрсеткенмін. Бұл да маңызы зор іс. 

Елбасы Жолдауы ғалымдарға жігер беріп, нақты мақсаттарды жүзеге асыруға зор мүмкіндік туғызады. Мен де қолға алған ғылыми зерттеу жұмыстарымды одан әрі жалғастыра беремін.

 

Мұсатіллә ТОҚАНОВ,
М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың «Ауыл шаруашылығы және су қоры мәселелері» институтының директоры, а.ш.ғ.к., «Ерен
еңбегі үшін», «Ауыл шаруашылығы үздігі» медальдарының иегері

Опубликовано в Қоғам
Пятница, 24 Ноябрь 2017 05:51

471,5 млрд теңгенің өнімі өндірілді

Жыл басынан бері облыста жалпы көлемі 471 млрд теңгеден астам қаржыға ауыл шаруашылық өнімі өндірілген. Бұл туралы Шымкентте «2021 жылға дейін агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағдарламасын іске асыру» тақырыбында өткен партиялық тыңдауда айтылды.

nur otan-23

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының ұйымдастыруымен өткізілген іс-шарада облыстық ауыл шаруашылық басқармасының басшысы Серік Тұрбеков ағымдағы жылы атқарылған жұмыстары және бұл саладағы негізгі жетістіктері туралы баяндама жасады. 

– Ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы жалпы өнім көлемі 10 айда 471,5 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 88 млрд теңгеге артты. Негізінен өңірден экспортқа өсімдік майы, бидай, көкөніс, бақша, жеміс-жидек және балық өнімдері жөнелтілуде, – деді ол. 

Сондай-ақ, ОҚО-да 27 сүт қабылдау және 11 ет бордақылау пунктерін дамытуға 2 миллиард теңге мемлекеттік қолдау бөлінген. Партиялық тыңдау барысында қатысушылар бағдарламаның атқарылу барысын қосалқы шаруашылық пен шағын шаруа, фермерлік қожалықтарды өндірістің өсу факторына тоқталып өтті. Сонымен қатар, партиялықтар жанар-жағармай тапшылығы, жылыжайларға көмір жетпейтіні, мал ұрлығының толастамай тұрғандығы сынды проблемаларды да ортаға салды. 

– Бұндай келеңсіздіктер агроөнеркәсіп саласын дамытуға, сонымен қатар облыстың әлеуметтік-экономикалық өсуіне кедергі келтіруде, – дейді депутаттар. Сонымен қатар, халық қалаулылары ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейін арттыру, кооперацияларды дамыту және ауылда кәсіпкерлікті дамытуға ықпал ету қажеттігін алға тарты. 

– Бүгінгі партиялық тыңдауда қаралған тақырыптың негізгі бағыты мемлекеттік бағдарламалардың өңірде сапалы іске асырылуын қадағалауды қамтамасыз ету болатын. Ұсыныстар беріліп, алдағы уақытта жұмыстарды жүзеге асыру бойынша нақты тапсырмалар берілетін болады. Олардың орындалуын біз қатаң бақылауға аламыз, – деп облыстық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрмахан Жолдасов жиынға қорытынды жасады.

Опубликовано в Экономика
Среда, 11 Октябрь 2017 05:27

Шымкент өнімі Еуропада

2017-Hot-Sale-Prp-Medical-Vacutainer-TubeЖыл басынан бері облыс кәсіпорындарының экспортқа шығарған өнімдерінің құны 700 млн АҚШ долларына жеткен. Бұл туралы өңірдің кәсіпкерлік басқармасының басшылығы мәлімдеді.

Осыған дейін оңтүстік өңірінен экспортқа шығатын тауарлар тек азық-түлік, мақта-мата және ауылшаруашылық өнімдері ғана болса, бұл тізімді енді ортопедиялық құрал-жабдықтар, кілемдер мен жаңаша жасалған плиталар толықтыруда. 

Шымкентте шығарылатын бір ғана вакуумдық түтікшелер Еуропа елдерінде саудалануда. Сала мамандарының айтуынша, экспортқа өнім шығаруда мемлекеттік қолдау зор. Экспорттық өнімді арттыру мақсатындағы жұмыстар жыл сайын жандана бермек.

Опубликовано в Экономика

DSC 5951

Шымкенттегі «Оңтүстік» АЭА орналасқан кілем өнімдерін шығаратын «Бал Текстиль» ЖШС-гі бүгінде кілем өнімдерін сату үшін алыс және жақын шетел өкілдерімен байланыс орнатқан.

 

Енді фабрика басшылары таяуда Еуропадағы әріптестік байланысты нығайтып, текстиль өнімдерін Қытай нарығына шығаруды жоспарлап отыр. Бүгінгі таңда фабрика өнімдері Қырғызстан, Тәжікстан, Әзірбайжан, Ресей, Ұлыбритания, Германия және Францияға экспортталады. Ірі шетелдік тапсырыс берушілер саны 20-дан астам.

Кәсіпорында кілем, кілем өнімдері тоқылады, полипропилен жіптері шығарылады. Кілем өндірісіне қажет шикізат Ресей, Түркия, Бангладеш, Үндістан және тағы басқа алыс шетелдерден тікелей жеткізіледі. Ал кілемнің өзі мұнда Бельгияның жоғарғы технологиялы Michel Van De Wiele жабдығында тоқылады.

Бүгінгі таңда кілем және кілем өнімдерін шығару өндірісінің қуаттылығы жылына 5 млн шаршы метр өнімді құрайды. Кәсіпорында кілемнің екі мыңға жуық бірегей түрі шығарылады. Олардың арасында классикалық сурет, дәстүрлі өрнекпен тоқылғандары да, дизайнында модерн элементтері бар, сондай-ақ, заманауи хай-тек және авангард стильде тоқылатын кілемдер де бар. Ал полипропилен жібін иірудің қуаттылығы – жылына 4 000 тонна. Қазір кәсіпорында 236 адам жұмыс істейді.

Опубликовано в Экономика

ayaqkiim

Шымкентте шығарылған аяқ киімдерге бүгінде сұраныс артып, импортты алмастырып келеді.

«Қазақстанда жасалған» деген таңбамен ел нарығында сатылып жатқан аяқ киімдер былғары және қолтырауын терілерінен жасалады. «Заря» сауда белгісімен өнім шығаратын цех ерлер, әйелдер және балаларға арналған қыстық, жаздық және спорттық үлгідегі 27 түрлі аяқ киім шығарады. Қазіргі заманға лайықты 180 модель тігіледі. Өнімдер шетелдікінен еш кем емес екенін айтқан кәсіпкер аяқ киімді бір рет сатып алған адам тұрақты клиентке айналатынын айтуда. Себебі сапасы жоғары, жағымсыз иіс шығармайды. Отандық өнім шығарып отырған кәсіпкер шикізаттың басым көпшілігін Шымкенттегі қаракөл зауытынан және Алматы мен Семей қалаларынан алып отыр.

Өнімін экспортқа шығаруды көздеп отырған цех басшысы бүгінде Ресей кәсіпкерлерімен келіссөздер жүргізген. Келісім оң нәтижесін берсе, оларға айына 1000 жұптан астам өнім жөнелтілетін болады. Сондай-ақ, цех өніміне Астана мен Ақтөбе қалаларының кәсіпкерлері де қызығушылық танытуда. Олар өз қалаларында «Заря» аяқ киім дүкенін ашуды көздеп отыр. Күніне 30-40 жұп аяқ киім шығарып отырған цех өз өнімдерін ОҚО мен Жамбыл, Қызылорда облыстары мен Алматы қаласының нарығына шығарып келеді. Айта кетейік, өнімнің бағасы да қалтаға қонымды. Мәселен, ерлерге арналған аяқ киім 5-10 мың теңге аралығында болса, әйелдер аяқ киімі 5-15 мың теңге төңірегінде. Ал, балалар аяқ киімін 4000-8000 теңгеге сатып алуыңызға болады.

Опубликовано в Қоғам

Шымкент қаласы Тәуке хан көшесіндегі №233 мекенжайда орналасқан «Барно» квасын білмейтіндер кемде-кем шығар, сірә. Онда қашан барсаңыз да адам қарасы үзілмейді. Ал кешкісін ұзын сонар кезек көше бойына шығып жатады. Тіпті, кейбіреулер осынау сусынды ішу үшін өзге өңірлерден арнайы келеді екен. Тіл үйірер квасты өз көзімізбен көріп, дәмін татып қайттық.

DSC 0494

Біз келгенде күн тас төбеден ауып, екінтіге таяп қалған еді. «Барноның» дәмін тату үшін біршама уақыт кезек күттік. Қарапайым ғана бастырмада орналасса да қызметшілерге де, келушілерге де ыңғайсыздық тудырмайды. Сатушылар шөлдеп, қаталаған адамдарға 3-4 жерден тәтті сусынды ерекше әдіспен құйып беріп жатыр. Біздің алдымызда тұрған жас жігіт бір бокалын ішіп жатып, өзімен бірге алып кетуге 10 литрге тапсырыс берді. Бізге өзін Сұлтан Махамбетов деп таныстырған азаматтың бұл сусынға деген әуестігіне таң қалып, квасты мұнша көп мөлшерде алуының мәнісін сұрадық.

– Квас пепси-кола емес. Шөліңді тез қандырады. Таза табиғи өнім. Пайдасы да бар. Жаз мезгілінде отбасыма жиі алып барамын. Жұмыстағы әріптестерім де осы жаққа келеді. Қалада басқа жерде бар ма, жоқ па білмедім. Дәл мұндай жоқ шығар. Өзім осы жерге келіп жүргеніме 3 жылдан асты. «Барно» өз дәмін жоғалтқан емес, – дейді қала тұрғыны Сұлтан Махамбетов. 

Біздің де кезегіміз келді. Тапсырысымыз дайын болғанша, сатушы қызбен сұхбаттасып үлгердік. Айтуынша, «Барно» квасының үш түрі бар. Тәтті, орташа, қышқыл. Бағалары да қолжетімді. Кіші ыдысы (0,3) 70, орташасы (0,5) 100, үлкені (1,5) 250 теңге. Басқа квастардан айырмашылығы консервантсыз екен. Құрамында қатқан нан (сухарики), ашытқы, қайнаған су, қант және табиғи газдалуы үшін аздаған жүзім бар. 

DSC 0512

– Бұл квастың дайындалу технологиясын әпкем Барно 1998 жылы ойлап тапқан. Алғашында тек өздері үшін қолданып жүрді. Кейіннен басқаларға да ұнай бастаған соң, көп мөлшерде шығарды. 2002 жылдан бастап тап осы жерден өз атымен сатыла бастады. Табиғи және денсаулыққа да пайдасы болғандықтан қазірге дейін келушілері кеміген емес. Әсіресе, жаз мезгілінде сұраныс көп, – дейді Барноның сіңлісі Юлдуз Ахмедова. 

Сусынымызды асықпай ішіп, шөлімізді басып алдық. Самсасы да келген бойда сатылып жатыр. Бағасы 150 теңге. Ғимараттың жоғары жағына Шымкент қаласы әкімдігінен көшпелі саудамен айналысуға алған рұқсат қағазы, санитарлық-эпидемиологиялық қорытындысы және тағы басқа құжаттар ілініп тұр. Суды бұлақ басынан ішкен секілді, «Барно» квасын да бастапқы сатылатын жеріне келіп, дәмін таттық. Айта кетейік, квас орталығы апта бойы таңғы 9:00-ден, түнгі 00:00-ге дейін үзіліссіз істейді.

 

Біле жүріңіз!

Мыңдаған жылдар бұрын ойлап шығарылған бұл сусын ас қорыту жүйесін реттеп, зиян және ауру туғызатын микробтардың пайда болмауын қадағалайды, зат алмасуды, жүрек-қантамырлары жүйесінің жұмысын жақсартады, тәбетті ашады. Құрамындағы пайдалы микроағзалардың мөлшері жағынан квас айраннан қалыспайды. Ол да ас қорытуды, зат алмасуды жақсартады және иммунитетті күшейтетін қасиетке ие.

Опубликовано в Әлеумет

Оңтүстікте шыны ыдыстарын шығаратын «Еврокристалл» зауыты жұмыс істеу аясын кеңейтуді қолға алып, көмірқышқыл газын өндіруді бастамақ. Ол үшін кәсіпкерлер арнайы итальяндық құрылғыларды сатып алуды жоспарлап отыр.

Зауыт қожайынының мәліметінше, көмірқышқыл газын сусындарды газдау үшін пайдалану көзделіп отыр. Бұл туралы ОҚО әкімінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Баршаға белгілі, бүгінде «Еврокристалл» серіктестігі шыны ыдыстар шығару ісімен танымал. Ондағы өндірілетін өнімдерді алкогольдік және газдалған сусындар мен шырындар, сүт пен дәрі-дәрмектер шығаратын зауыттар қолдануға мүдделі. Мұнда түрлі қалыпта – 200 мл-ден 3 литрге дейінгі түссіз және жасыл түсті бөтелкелер мен құтылар әзірленеді. Осынау өнімдерге Қазақстанның барлық аймағы мен Қырғызстаннан тапсырыстар келіп түсуде.

Еске сала кетсек, «Оңтүстік» индустриалды аймағынан ашылған шыны ыдыстар шығарушы зауыт тарихы 2014 жылдан бастау алады. Сол кезде жылына 70 млн бөтелке шыны ыдыстарын өндіруге қауқарлы зауыттың І кезеңі жұмысын бастаған болатын. 2016 жылы өндірістің ІІ кезеңі іске қосылып, бір жылдағы жалпы қуаттылық 200 млн бөтелкеге шықты.

Шыны ыдыстар өндіретін зауытта әлемнің жетекші өндірушілерінің (Хайе, Германия; Санжин-Эмхарт, Қытай-Швейцария) заманауи құрылғылары орнатылған. Олардың ерекшелігі сол, бақылаушы мәшинелер өндірілген өнімдерді мұқият тексеріп, қираған әйнектер мен ақауы бар ыдыстарды анықтап, өндіріске кері қайтарады. Сонымен бірге, онда шыны өнімдерді қабылдау мен жою процестері автоматтандырылған. 

Әйнектерді өндіру жұмысында еліміздің жер қойнауынан алынатын кварц құмдары мен дала шпаты, доломит, әктас, бор, микрокальцит сынды шикізаттар қолданылады. Қалған шикізаттарды зауыт басшылығы шетелден алдырады.

Опубликовано в Экономика

Таяуда Шымкентмұнай өңдеу зауытындағы жаңғырту жұмыстарының бірінші кезеңі аяқталады деп күтілуде. Еліміздегі мұнай өңдейтін ең ірі үш зауыттың бірі саналатын өндірісте бүгінде құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі. Кәсіпорын мұндай мүмкіндікке еліміздегі Үдемелі индустриалды инновациялық даму бағдарламасының аясында қол жеткізіп отыр.

Жаңғырту жұмыстарының негізінде зауыт жылына 4 мың тонна күкірт шығаруға қауқарлы болады. Мұнай өнімдерін саңлаусыз құю кешенінің де құрылысы аяқталған. Нәтижесінде зауыттағы жанармай мен дизель отынының сапасы Еуро-4 және Еуро-5 стандартына сәйкестендірілмек. Ал, жаңғырту жұмыстарының екінші кезеңінде зауыттың өнім шығару көлемін жылына 6 млн тоннаға дейін жеткізу және мұнай өңдеу тереңдігін 80 пайызға дейін көбейту көзделіп отыр. 

Жоба толық жүзеге асқан кезде еліміздегі мұнай өңдеу зауыты әлемдік талаптарға толық жауап беретін жоғары технологиялы ірі өндіріс орнына айналатын болады. Стратегиялық маңызы бар жобаны «Қазақстанның Даму Банкі» қаржыландырып отыр. Яғни банк пен зауыт арасындағы келісімге сай қайта жөндеу жобасын қаржыландыру үшін несие желісі ашылған болатын. 13 жылға дейінгі мерзімге берілген несиенің жалпы сомасы 932 млн АҚШ долларын құрайды. Жалпы құны 1,9 млрд АҚШ доллары болатын жоба индустриялық-инновациялық дамудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында қаржыландырылуда.

Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғырту және қайта жөндеу екі кезеңмен жүзеге асырылуда. Бірінші кезеңде Кеден одағы елдерінде қабылданған К4 және К5 (Еуро-4 және Еуро-5 баламасы) экологиялық класты бензин мен дизель отынын шығаруды реттеу жоспарланған, екінші кезеңде мұнай өңдеу тереңдігін, сондай-ақ қуатын жылына 5,250 млн тоннадан 6 млн тоннаға дейін ұлғайту жоспарланған.

Опубликовано в Қала

Естеріңізде болса, Елбасы биылғы Жолдауында Үкімет пен әкімдерге биылғы 1 шілдеге дейін бизнесті қайта реттеу жөніндегі жүйелі шаралар әзірлеу міндетін жүктеген еді. «Дамыған елдердің озық стандарттары мен тәжірибесін енгізу керек. Бұл жұмысты, әсіресе, өңірлік деңгейде атқару маңызды», – деген болатын Президент. Осыған орай біздің өңірімізде де шағын және орта бизнестің үлесі артып келеді. Шымкентте аяқ киім шығаратын екі бірдей фабрика бар. «Заря» және «Софи» деген отандық өндірушілердің өнімі бүгінде дүкен сөрелеріне жетпей-ақ таусылып қалады. Себебі, қарапайым халық Қытайдан келетін арзан аяқ киімнен гөрі сол бағадағы өзіміздің өнімдер әлдеқайда сапалы әрі тиімді екенін ұғынды.

 

20170329 100118 Burst01«Софи»-дің тауары – табиғи таза былғарыдан

Қытайдың жасанды дермантинінен жасалған аяқ киімінің бір маусымды аяқтар-аяқтамас «шаруасы бітсе», «Софи»-дің аяқ киімдерін бірнеше маусым алаңсыз киесіз. 

– Біздің аяқ киімдер табиғи таза былғарыдан, тері, күдері былғары (замшевая кожа) мен лакталған былғарыдан, шүберектен де жасалады. Ерлер мен әйелдер, жасөспірімдерге арналған аяқ киімдердің бағасы да қолжетімді, жаздық аяқ киімдер – 7-8 мың теңгеден, ал қыстық аяқ киімдер – 10-15 мың теңгеден сатылуда, – дейді «Софи» аяқ киім фабрикасының басшысы Артық Марайымов. 

Кейіпкеріміз аяқ киім шығару өнерін әкесі Сәйдікәрімнен үйреніпті. 1950-60 жылдары Сейдікәрім қария Шымкенттегі танымал етікшінің бірі болған деседі. Әкенің қанымен берілген қолөнерлік қасиет Артықты да осы салаға жетелеген. 1976 жылы қалалық оқу-өндірістік комбинатты оқып тәмамдаған соң, кәсіби маман атанады. Шебер өзінің «Тассай» атты жеке кооперативін ашып, шаруасын 90-жылдардың орта тұсына дейін дөңгелетеді. 1994 жылы нарықтың аумалы-төкпелі кезеңінде бұл кооператив жабылғаннан кейін Марайымовтар отбасы басын шалмаған кәсіп қалмаған шығар. Азық-түлік дүкені, асхана, қала берді көлік жөндеу орталығын да ашып, бизнестің әрқилы түрлерінде бағын сынап көрген. Алайда, әу бастағы қанмен берілген қолөнершілік – ата кәсіптен артығы жоқ екенін түсінген Артық Сәйдікәрімұлы қайтадан аяқ киім шығару саласына бет бұрады. Осыдан екі жыл бұрын, яғни, 2015 жылы немере қызының есімін еншілеген «Софи» деген атпен кәсібін қайта бастайды. Етікші өзінің Момышұлы, 23 мекенжайында жеке учаскесінен шағын дүкен мен цех ашқан. Бұл фабриканың Шымкент қаласындағы «Спорт» шағынауданында тағы бір дүкен-бөлімшесі бар. 

20170329 095216

Атадан балаға мұра болып келе жатқан кәсіпті әулет болып жалғастырып келеді. Артықтың бауырлары мен балалары да осы шаруаға ден қойған. Ал жары Сахабат Марайымова – фабриканың тігіншісі. Отбасы мүшелерінен өзге кәсіпорын 10 шақты адамды жұмыспен қамтып отыр. Олардың орташа айлық жалақысы – 50-60 мың теңге көлемінде. 

Шебер былғары мен теріні, тігуге қажетті жіп іспетті шикізаттың барлығын негізінен көрші Өзбекстаннан және Жамбыл облысынан, сондай-ақ Шымкенттің өзінен алынатынын айтады. Ал аяқ киім табанының дайын үлгісі Қытайдың фабрикалары мен Өзбекстан, Түркиядан әкелінеді.

 

Өнімдерін ЭКСПО көрмесіне апарады

Артық Марайымовтың айтуынша, күніне 10-15 аяқ киім саудаланады. Фабриканың айлық тауар айналымы шамамен 1 400 000 мың теңгені құрайды. Әзірге Қазақстанның Астана, Алматы, Түркістан, Жетісай секілді қалаларына жөнелтілуде. Кәсіпорын алдағы жазда ЭКСПО көрмесіне қатысуға дайындық үстінде. Ал жергілікті базарларда «Софидің» аяқ киімдері сатылмайды. Неге десеңіз, базар сатушылары Қытайдың жасанды дермантинінен жасалған аяқ киімдерді арзан бағада сатып алып, үстеме ақысын көп қойғанды жөн санайды. Бірақ, бағасы қолжетімді әрі сапалы аяқ киім іздегендер Момышұлы көшесіндегі «Софи» дүкенін адаспай-ақ тауып алады. 

20170329 100545

«Софи»-дің аяқ киімдері қалай тігіледі?» деген оймен біз де кәсіпорын цехындағы жұмыс үдерісін бақылап көрдік. Алдымен аяқ киімнің үлгісі пішіледі. Одан кейін қолмен былғары мен астары біріктіріліп, мәшіңкеде, қалған кейбір жерлері қолмен тігіледі. Мысалы, бір аяқ киім түске дейін пішіліп, тігілсе, түстен кейін жапсырылып, қыздырылып, кептірілуге жіберіледі. Сонда бір жұп аяқ киім бір күнде дайын болады. Шеберханада 10 шақты шебердің барын ескерсек, күніне 10 аяқ киім сатуға шығарылады. 

Фабрика тігіншісі Сахабат Суярқызы сәуір айында әйелдер аяқ киімінің түрі көбейетінін жеткізді. Егер «Даму» қорынан қолдау алса, кәсіпорынды кеңейтпек ниетте. Ол үшін әйелдер аяқ киімінің сан түрлі үлгісі мен былғары, терілері дайын тұр. Бұған дейін негізінен ерлер аяқ киімін шығарып келдік. Ал сәуірден бастап әйелдердікін де саудаламақпыз.

 

Кәсіпке адалдық керек!

Ешкімнің қолдауынсыз, таза өз еңбегімен қазіргі нарықтық жағдайда бүтін бір фабриканы ұстап тұрған кәсіпкердің жанкештілігін айтпай кетуге болмас. Кәсібіне деген, еңбекке деген сүйіспеншілік оны бүгінгі дәрежесіне жеткізді. Осындай отандық өндірушінің қолынан шыққан табиғи таза былғарыдан жасалған туфли мен сандалдар, етік түрлері және спорттық аяқ киімдерін іздесеңіз, «Софиден» табасыз. Елбасы Н.Назарбаев айтқандай, еліңе пайдаң тисін десең, қазақстандық өнімді сатып ал! Өйткені, отандық өндірушілер мемлекет қазынасына салық төлеп қана қоймай, азаматтарға жұмыс орнын ашып береді.

 

«Заряға» бас сұғатындар көп

20170329 162833

20170329 164337Шымкенттегі аяқ киім шығаратын атақты «Заряны» білмейтіндер некен-саяқ. Кеңес кезінде дәурені дүркіреген фабрикадан бүгінде Қырғы базардың маңайындағы ұядай үш бөлмеде шығарылатын аяқ киімдер қалған. Бір бөлмесі – цех, екінші бөлмесі – дүкен, үшіншісі – қойма. Осында «Заря» сауда белгісімен, арнайы фирмалық қораптағы аяқ киімдер өңіріміз бен көрші облыс тұрғындарын сапалы әрі қолжетімді бағада қамтамасыз етіп отыр. Бұдан бөлек, тағы бір бөлімшесі жұмыс істеуде. 

Бұрынғы «Заря» 1992 жылы заманның қиын-қыстау кезеңінде қаржылық дағдарыстан жабылып еді. 2011 жылы кәсіпорын жетекшісі Әлімжан Ибрайымовтың көзсіз тәуекел етуімен «Заря» нарыққа қайта келді. 

«Заря» кәсіпорны жалпы саны 30 адамды жұмыспен қамтып отыр. Олардың орташа айлық жалақысы 70-80 мың теңге.

«Барлық істе дерлік ең қиыны – басталуы» деген екен бір ғұлама. Әлімжанға да бір кезде құрдымға кеткен кәсіпорынды қайта ашып, маркетингін жолға қойып, еңсесін тіктеу оңайға түскен жоқ. Осыған дейін тек өзінің қаржысымен әупірімдеп келген кәсіпкер жуырда Кәсіпкерлер палатасымен келіссөздер жүргізіпті. «Даму» қоры «Заря»-ның өнімдерін көрмелерге тұрақты түрде қатыстырып, клиент санының күрт артуына септігін тигізген. Ал қуантарлығы, палата таяу уақытта шеберханаға алып ғимарат бермек. 

Біз барғанда «Заряның» аяқ киім дүкеніне кіріп-шығушылар көп екен. Олар құр қол емес, бір-бір қорапты қолтығына қысып шығуда. Тіпті, клиенттердің көптігінен кәсіпорын жетекшісі Әлімжан Ахметжанұлы бізбен сұхбаттасудың сәтін әрең тапты. 

– Біз сұранысқа сәйкес аяқ-киімдердің түрі мен үлгісін өзгертудеміз. Енді Үкіметтен қаржылай қолдау болса, брендке айналатын күн алыс емес. Өйткені, біздің аяқ киімді алған адам міндетті түрде қайта келеді, – дейді Әлімжан Ибрайымов.

 

Денсаулыққа пайдалы

Мұндағы аяқ киімдердің бағасына келсек, қымбат деуге де, арзан деуге де келмейді. Қолжетімді бағадағы балалар аяқ киімін – 5-7 мың, әйелдердікін – 4-9 мың, ерлердікін – 5-12 мың теңге аралығында алуға болады. 

20170329 161514

«Заряның» аяқ киімдері Алматы, Тараз қалалары мен Оңтүстіктің барлық аудандарына шығарылады. Дәл қазіргі уақытта Петропавл және Семей облыстарынан аталған фабриканың өнімдеріне сұраныс түсіп жатқанға ұқсайды. 

Цех бригадирі Шуһрат Асанов шеберханада бір күнде 70-80 жұп аяқ киім дайындалса, оның 40-50-і сатылып кететінін айтады. 

– Біздің аяқ киімдер таза былғарыдан жасалады. Үсті – қара малдың, астары – қойдың терісінен істелінеді. Резіңкелі, арзан, жасанды теріден жасалған аяқ киімдерге қарағанда денсаулыққа да пайдалы. Аяқты терлетпейді, – дейді Шуһрат. 

Мұнда ерлер аяқ киімінің 100, әйелдер аяқ киімінің 40 түрі бар. Шикізаттың барлығы шетелдерден және көрші облыстардан алынады. Мәселен табаны мен бауы, былғарысы – Ресей, Түркия, Семей, Тараздан, аяқ киімдерге арналған крем – Қытайдан әкелінеді. 

«Заря» аяқ киім шеберханасы да – отбасылық кәсіп. Жетекшісі Әлімжанның өз ұлы мен інілері, туыстары және цех бригадирі Шуһраттың баласы да осы жерде еңбегімен несібесін тереді. Кәсіпорын жалпы саны 30 адамды жұмыспен қамтып отыр. Олардың орташа айлық жалақысы 70-80 мың теңге.

 

Тобықтай түйін.

Екі фабрикада болып, басшыларымен сұхбаттасып, жұмыс барысынан байқағанымыз қазір кәсіби аяқ киім шеберлері жоқтың қасы. Кеңес кезінде қаламызда аяқ киім тігушілерді дайындайтын оқу-өндірістік комбинат болған. Бірақ ол кейіннен жабылып қалған. Сол оқу ошағының соңғы түлектері бүгінде өңір тұрғындарын аяқ киіммен қамтамасыз етіп отыр. «Заряның» да, «Софидің» де басшылары – сол қалалық оқу-өндірістік комбинаттың түлектері. Шымкенттің аяқ киімі брендке айналуы үшін алдымен кәсіби маман даярлайтын оқу ордасын, тым болмағанда, факультет ашылуы керек.

Опубликовано в Қоғам
Страница 1 из 3