Пятница, 16 Февраль 2018 08:38

Ақшаны қалай сақтаған тиімді?!

Елбасы Н. Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты маңызды құжатта Қаржы секторын «қайта жаңғырту» бойынша бірнеше міндеттер қойды. Яғни, Ұлттық Банк тарапынан қаржы институттарының қызметін қадағалау қатаң, уақтылы әрі нәтижелі болуға тиіс. Мемлекет қарапайым азаматтардың мүдделерін қорғауға одан әрі кепілдік береді. Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң қабылдауды тездету қажет екенін атап өтті. Ал ақшаны дұрыс сақтай білген азаматтар қаржылық сауаттылықтарын арттыра отырып, банкрот болмаудың жолын өздері-ақ табады. Осы салаға қатысы бар мамандардың қаржыны тиімді сақтауы туралы пікірін білген едік.

Гүлжан ИСАТАЕВА,
ОҚМПУ-нің экономика ғылымдарының кандидаты:

«Ақшаңыз бағалы қағаз күйінде сізге қызмет етуі тиіс»

- Ақша деген ол керек десеңіз тәулік бойы активтер арқылы қызмет ететін құрал. Тұрғын үй, автокөлік, міне, осындай активтер бар. Бірақ бұл активтерге қосымша салым керек. Яғни, үйге жөндеу жұмыстары, көлікке жанар-жағармай сынды. Қаржы сақтаған адам мынаны жадында ұстауы тиіс – оның тірнектеп жинаған байлығы сақталмауы керек. Яғни, өзіне жұмыс істеп, пайда әкелгені абзал. Пайда табудан шығады. Біз қаржылық сауаттылықты дамытумыз қажет. Көп ізденуіміз керек. Осы салада қаншама жыл еңбек етіп, шәкірт тәрбиелеп жүрсем де, ізденуден қашқан емеспін. Біраз адам сауатсыздығының салдарынан қолындағы барынан, жылдар бойы жинаған қорынан айырылып жатқанын естимін. Тіпті олардың ішінде пайызға ақша алып, біреудің қолына уыстап ұстатып жібергендері де бар. Ондай ұйымдардың заңды түрде Ұлттық банктен рұқсаты, құжаты болуы керек. Оған қарапайым халық мән бере бермейді. Міне, қаржылық сауаттылықтың біздегі көрінісі. Мен ешкімді кінәлай алмаймын. Оған еш негіз жоқ. Қазір ақша табуға да, оның сақталуына да барлық мүмкіндік бар. Ұлттық банк рұқсатын берген ірі холдингтердің белгілі мөлшердегі акциясын иемдену арқылы үлескері болуға болады. Тоқталып өтсем, «Kazakhmys», «Қазақтелеком»,«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы», "Kegoc",«Қазақстан темір жолы» ҰК», «Кселл»,«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» акционерлік қоғамдарының бағалы құжаттрын алуға болады деп айта аламын.

 

Салима ХОЖАЕВА,
Шымкент қаласының тұрғыны:

«Қаржыны дұрыс жолға салмасаңыз, ұтылдым дей беріңіз»

- Ақша бүгінгі тұрмыста басты қажеттілігіміз. Кім болмасын табысының көп болғанын қалайды. Кейде артық қыламын деп опық жейтін кездер болады. Маған бұл әттеген-ай деген жәйт таныс. Одан өмірлік сабақ та алдым. Өткен жылдары шетелдік Atlantic Global қаржы ұйымы жайлы таныстарымнан естіп, оның серіктесі Questra-ға компаниясының ережесіне сәйкес 270 еуро көлемінде қаражат аудардым. Ол қаражатты бір танысымнан үстеме пайызбен қарызға алған болатынмын. Нәтижесінде жер сипап қалдым. Алғашында маған 90 еуромды қайтарып ала алатынымды айтты. Бірақ оны қалдырсаң, қарық боласың деді. Сол сандыраққа сеніп, одан кейінгі 90 еуро пакетімді де қайта салдым. Себебі ақшам көбейе берсін деп ойлағанмын. Нәтижесінде не болды? «Қарық» болдым (күрсініп). 7 айдан кейін компания жабылды. Ақша сақтауда біреудің айтқанымен жүрмеуге кеңес берер едім. Мейлі, банктен депозит ашып, аударып отырыңыз, үйіңіздегі сейфке сақтаңыз. Бастысы – біреудің сандырағына еріп, сан соғып қалмаңыз.

 

 

Берік МЫРЗАБЕКОВ,
қаржы ұйымының мүшесі:

«Ақша сақтауда криптовалютаны таңдадым»

- Мен криптовалютамен өткен жылдың шілде айынан бастап таныспын. «Onecoin» деп аталатын қаржы ұйымына сол кезде келдім. Келудегі мақсатым – қолымдағы бар қаражатты сақтай отырып, көбейту еді. Менің таңдауыма 6 пакет ұсынылды. 690-дық пакетті дұрыс деп тауып, сол бойынша қаржылық сауатымды жетілдірдім. Қазір екінші сплитке өтудің алдында тұр. Сплит – токендердің екі есеге ұлғаюы. Ол блокчейн технологиясы арқылы автоматты түрде жұмыс істейді. Басқа криптовалюталарға қарағанда «Оnecoin» құбылмалы емес. Сондықтан ақшамды криптовалютаның осы түрімен сақтағанды жөн деп шештім. Нарықтағы бағаға оралсақ, теңге долларға девальвация болып жатыр. «Coinmarketcap» деп аталатын платформада бұған көз жеткіздім. Өзге криптовалютада баға тұрақты емес. Мысалы, өткен жылдың соңғы айларында биткойнның сатылымдағы бағамы 22 мың АҚШ долларына дейін көтерілген еді. Қазір 1 биткойн құны 9 мың доллар шамасында. Көрдіңіз бе қандай айырмашылық бар. (күліп) Ал ванкойнға оралсақ, мен осы қаржы компаниясына келгенде 12,45 еуро центке бір койн алдым. 3 ай сплинт өткен соң ол 15,95-ке көтерілді, ал қазір 20,75 еуро цент. Біздің болжамымыз бойынша ағымдағы жылдың соңына қарай бүкіл әлемдік биржаға кірсек, ванкойнның құны 25 пайызға өсуі мүмкін. Ванкойнның монетасы 120 миллиардқа дейін жалғасады. Сондықтан ол бізге жетеді.

Ал Ұлттық банк берген мәліметтерге тоқталатын болсақ, өңіріміздегі тұрғындардың депозиті 300 млрд. теңгеге жеткен деген дерек бар. Салымшылардың басым көпшілігі, қаражатын ұлттық валютада сақтағанды жөн көрген. Нәтижесінде шетел валютасындағы депозиттер 22 пайызға төмендеп, 95 млрд теңгені құраған. Мамандар 2017 жылы теңге 7,7 пайызға құнсызданады деген еді. Бірақ ол болжам дәл келмей, инфляция 7,1 пайызға төмендеген. Ал нәтиже нарықтағы бағаның тұрақтануымен тікелей байланысты болды. Сонымен қатар, өткен жылы оңтүстік халқы қаражатын банкте ұлттық валютада сақтап, салымды 23,9 пайызға арттырған екен.

Сондай-ақ, былтыр елде АҚШ долларын сатып алу 4,22, еуро 13,9 пайызға өскен. Ал Ресей рублі, тиісінше 4,24 пайызға төмендеген.

Ұлттық банк мамандарының айтуынша, ақшаны қолда ұстап сақтағаннан депозитке салым ретінде салып отырған тиімді. Ол ақша айналымға еніп, еліміздің әлеуетін арттыруға септігін тигізеді.

Опубликовано в Экономика

Елбасы биылғы Жолдауында банк секторын «қайта жаңғыртуға» назар аударды. Төртінші өнеркәсіптік революция дәуірінде өмірімізге түрлі технологиялар еніп жатыр. Алда банк секторында да өзгерістер болмақ: шамамен 5-10 жылда барлық төлемдер онлайн жүйеге көшеді. Телефон арқылы несиеңізді төлеп, басқа да есеп-айырысулар оңайламақ. Түптеп келгенде келешекте банктерге филиалдың қажеті болмайды. Өйткені, барлық ақпарат бір алаңға шоғырланады. Рас, қоғамның барлық саласын цифрландыру – уақыт талабы. Осы орайда «Zoloto» микро-қаржы ұйымының директоры, қалалық мәслихат депутаты Шыңғыс Қозбахов елдегі бүгінгі қаржы секторындағы ахуал төңірегінде бізге біраз жайтты әңгімелеп берді.

shyngys

«Барлық төлемдер  онлайн жүйеге көшеді»

– Шыңғыс Лесбайұлы, Елбасы биылғы Жолдауда «Ұлттық банк тарапынан қаржы институттарының қызметін қадағалау қатаң, уақтылы әрі нәтижелі болуға тиіс», «Мемлекет қарапайым азаматтардың мүдделерін қорғауға одан әрі кепілдік береді» деп, нақты тапсырмаларды атап өтті. Әңгімемізді Жолдаудағы негізгі басымдықтардан бастасақ. Банк секторын «қайта жаңғырту» деп атаудың мәні неде? 

– Жалпы, бұл салада да қордаланған мәселе көп. Мысалы, осыдан 10-12 жыл бұрын халықтың қаржылық сауаты аздау болды. Қазір жағдай басқаша. Жылдан жылға өздерінің білімін арттырып келеді. Әр азамат өзінің несие "тарихын" дұрыстауға көңіл бөле бастады. Банктен қарыз алып, оны төлемей созып жүрген азаматтарға қазір талап күшеюде. 

Одан кейін екінші деңгейдегі барлық банктердегі несиемізді толығымен талдау қажет. 2009 жылғы дағдарыста бірқатар банктер қиындыққа кезіккенін білесіздер. Қарыз жинақталып қалған кезде мәселе шығады. Міне, соның бәріне ревизия жасап, банктер өздерін де, жеке тұлғаларды да қарыздан тазартып, жұмысты қайта бастауы керек. Проблемалық несиелерден арылу қажет. Қайта «жаңғыртудың» негізгі себептерінің бірі осы. 

Елімізде отыздан аса банк бар. Менің ойымша, Ұлттық банк дәл уақытында және қатаң әрекет етсе, қаржы институттарын толық бақылауға ала алады. Оның нәтижесі де айтарлықтай болмақ.

 

– Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заңды жеделдетіп қабылдау керегі де айтылды...

– Иә, бұл – дұрыс айтылған мәселе. Адам өмір бойы қарыз болып өтпейді ғой. Қателеспейтін адам жоқ. Несие алғаннан кейін әр түрлі жағдай болуы мүмкін. Қазіргі заң бойынша қарызы барларға шетелге шығуға тыйым салады. Айлығыңның 50 пайызын ұстап отырады. Елде несие алғандар аз емес. Ендігі кезекте «өтей алғанымша өтедім, қалғанын өтей алмадым» деп, өзін банкрот етіп жарияласа, ол өзіне жақсы. Тазаланып алғаны дұрыс шешім. Бұны заң жүзінде істеу керек. Он жылдан астам уақыттан бері келе жатқан несиелер бар. Осының бәрін банк мұқият қарап, өтеуге шамасы келмейтін азаматтарды банкрот деп танысын. Екі жақ та қаржыны жою керек. Оны жинай бергеннен не пайда? Екінші деңгейлі банктер мұны Ұлттық банкпен бірлесе атқарғаны жөн.

Бұл – әлемде бар тәжірибе. Өркениет елдерінде бұрыннан қолданылып жүр. Дегенмен, оның процедурасын дұрыс істеу керек. Негізінен, заң қабылдануы керек. Оны Ұлттық банк, әлде ұлттық экономика министрлігі әзірлейді. 

 

– Бұл саланы цифрландыру жөнінде не айтасыз?

– Жолдауда айтылғандай, ақпараттандыру, индустриаландыру, барлық секторды қамтып отыр. Осыны түсінуіміз керек. Қаржы секторы да ақпараттандыруға бет бұрды. Қазірдің өзінде электронды әмияндармен төлем жасап жүрміз. Меніңше, 5-10 жылда барлық төлемдер онлайн жүйеге көшеді: телефон арқылы несиесін өтеп, коммуналдық төлемдерді де осы жүйемен есептеседі. Оқуын да солай. Яғни, барлық ақпарат бір алаңға шоғырланады. Сол кезде филиалдың қажеті болмайтын секілді. Уақыт үнемделеді.
Жуырда бір БАҚ-тан көрдім, қазірдің өзінде АҚШ-тың Сиэтль қаласында кассирсіз, сатушысыз дүкендер ашылыпты. "Амазон" компаниясы лазерь арқылы есептеу жүйесін енгізген. Біз осындай жағдайға жетеміз.

 

«Ноу-хау жобаларға басымдық берілсе...»

– Инвестициялық ахуалдың жақсаруы – басым бағыттардың бірі. Инвесторлар тартуда не нәрсеге көңіл бөлген жөн? 

 

– Бізде әлеует бар. Бизнеске жағдай жасау жөнінен Қазақстан ТМД елдерінде алдыңғы орында. ТМД бойынша ең төменгі салық бізде. Инвестициялық климатты одан ары қарай жақсартуға мүмкіндік бар. «ЭКСПО» көрмесі абыроймен өтті. Көрменің ғимараты "Астана" қаржы орталығына айналады. Жалпы, инвестициялық климат тек Астана ғана емес, әр облыста, әр қалада дамуы тиіс. Облыстық басқармалар мен қалалық кәсіпкерлік бөлімдер инвесторлар тартуда белсенді жұмыс жүргізетін сәт қазір. Неғұрлым көп инвестор тартқан сайын жұмыс орындары да көптеп ашылады. Корея, Жапония, т.б., елдердің ұсынар ноу-хау жобалары жоқ емес.
Таяуда «Нұр Отан» партиясы ОҚО филиалының кезектен тыс XXXIII конференциясында облыс әкімі де мұны баса айтып өтті. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары –Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеевпен бірге сүт фермасын аралағанын білесіздер. Сол жерде екі жүз сиырға екі адам ғана жұмыс істейді екен. Ол оңайлықпен іске асқан жоқ. Міне, осындай кәсіпорындарды қолға алу үшін де климат дұрыс болуы керек. Қызықтылығымен ерекшеленсе деймін.

– Рас, қазір кәсіпкерлердің талпынысы жақсы. Дегенмен, халықтың қаржылық сауаттылығы қай деңгейде? Өз құқықтарын біле ме? Мәселен, азаматтардың банк карточкаларынан ақшалары жоғалған жағдайлар да баспасөзде айтылды... 

– Жалпы, жастарымыз сауатты. Интернетте барлық мәліметтер бар. Менің жасым – 33-те. Бәрін білеміз ғой (күліп). Жастар несие алуды, оны төлемесе не болатынына дейін біледі. Болашақ солардың қолында. Олардың білгені өте жақсы. Ауылдық жердегі зейнетке шықпаған егде кісілер бар. Бар гәп осында. Қазір Үкімет порталынан барлық құжаттарды алуға мүмкіндік бар. Ал ауылдық жердегі кісілер оның бәрін білмейді. Тек ХҚКО-ға барып, кезекте тұрады көбісі. Меніңше, ол кісілерге аудандардағы банктің менеджерлері ақпараттандырып, түсіндіргені дұрыс. 

Бүгінде ЖОО-ның барлық факультеттерінің студенттеріне қаржыны үнемдеу, депозит, акция, облигациялар жөнінде семинар-тренингтер жиі өткізілсе құба-құп. Талдауды үйрену керек. Қазір латын әліпбиіне өтіп жатырмыз. Келешекте оның қажеттілігі арта түспек. Кез келген қазақ азаматы «Фейсбук», «Гугл», «Алибаба» секілді әлемдік алпауыт компаниялардың акционері бола алады ғой. Кішкентай үлескер болса да. Биржаға қатысуды үйренсін. Сонда ғана банк секторына деген қызығушылық артар еді.

Ал банк карточкаларынан ақшалардың жоғалуына бірнеше жағдай себеп болуы мүмкін. Бәрімізде карточка бар. Бірінші айтарым - әр адамға өзіне ықтият бол дегім келеді. Интернет – дамыған заман. "Уатсап", "Инстаграм" желілерінен түрлі хабарламалар келуі мүмкін. Біреуін алсаң, екіншісі тегін деген сияқты. Білместікпен сол жаққа ақша аударым жасаған шығар. Міне, алаяқтар осындай жағдайда өз әрекеттерін іске асыруға тырысады. Карточкалардың қауіпсіз сақталуына мән берген жөн. Өз-өзіңе ықтият болсаң, алаяққа алданбайсың.

Тағы бір мәселе – алаяқтар банктің операциялық жүйелеріне кіріп, қаражатты жымқырса, оған банк жауапты. Қауіпсіздігін сақтауы тиіс қой?!

 

«Басты мақсатымыз – цифрландыруға өту»

– Қазір «криптовалюта» деген термин шықты. Бұл халықаралық төлем түрінің болашағы қалай болмақ? 

– Негізінен, ақша аударымдары, төлем жүйесі ретінде оның болашағы бар екенін айтайын. Оны келешектегі төлем жүйесі ретінде қарастыруға болар. Беларуссия оған рұқсат берді. Ал Қытай тыйым салды.

Рас, көлігін, үйін криптовалютаға сатамын дейтіндер шығуда. Қалай сатады? Заң бойынша бағасы жазылуы керек емес пе?! Миллион теңгеге алды делік. Оның мүлік салығын төлеу керек. Криптовалюта осы жағынан заңсыз. Бұл мәселе бойынша заң қабылданып, бір ортақ шешімге келу керек сияқты. Қаржы пирамидалары сияқты алаяқтыққа апармауы тиіс. 

Қазірдің өзінде АҚШ-та осындай валютамен қонақүй, ұшақтарға төлем жасалып жатыр. Мен сол елге барған сапарымда өзім куә болдым. 

Кез келген жаңа нәрсенің жанында алаяқтар пайда болатынын да ұмытпауымыз керек. Осындай жаңа нәрсенің арқасында біреу пайда тапқысы келеді. Криптовалютаның түрлері де көп. Төрт бағдарламашы отырып, бір ақшаны шығара салады. Ол қалай жасалды? Төлем ретінде қалай жүріп жатыр? Жалпы, интернетпен, ақпараттандырумен байланысы бар дүниенің келешегі бар.

 

– Өзіңіз басқаратын микро-қаржылық ұйымның қазіргі даму барысы қалай? 

– Бәрін қорытындылай келе маркетингтік сатуда екі позиция бар: офлайн немесе онлайн. Біз офлайн түрінде тек қана Шымкентте жұмыс істейміз. Кеңсеміз осында. Қаржы беріп жатырмыз. Күнделікті адамға қажетті мәселелер бойынша. Біздің де басты мақсатымыз – цифрландыруға өту. Қазір онлайн-банкинг жүйесінің жобасын қарастырып жатырмыз. Шымкентте отырып, бүкіл елдегі халыққа несие беретін жағдайға жетуіміз керек. Бұл жобамызды шілде айында бітіріп қалармыз.

Мекеменің ашылғанына 2,5 жыл болды. Жоспарлар бар. Бір орнында отырған жоқпыз. Микроқаржы ұйымдарға арналған түрлі бағдарламалар да жетерлік. Көштен қалмай, алға қадам баса беру – мақсатымыз.

 

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Тағабай ҚАСЫМ

Опубликовано в Сұхбат

«...Біз цифрлық технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуге тиіспіз. Бұл – маңызды кешенді міндет. Елде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлық қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа да перспективалы салаларды дамыту керек. Бұл индустриялар қазірдің өзінде дамыған елдердің экономикаларының құрылымын өзгертіп, дәстүрлі салаларға жаңа сапа дарытты».

(Елбасы Н. Назарбаевтың биылғы
Қазақстан халқына арнаған Жолдауынан)

kapital-72-2

Табысыңызды қалай басқарасыз?

Қызық... Ай сайынғы табысыңызды қалай жұмсап жүрсіз? Есебін білесіз бе? Қаражатты қалай басқаруға, тиімді пайдалануға болады?

Бізді қызықтырған сұрақтар бойынша түрлі әлеуметтік топ өкілдерінен жауап алып көрдік. Зейнеткерлердің көбі банк картасын банкоматтан ақша алу үшін ғана пайдаланатынын айтты. Мұның бір игілігі – зейнеткерлер бұрынғыдай таң атпай үйден шығып, күн ұзақ кезекте тұрмайды. Ал біразы «төлем картасының тілін түсінбесе», кейбірі оған «сенбейтінін» алға тартты. Әрине, егде жастағылар жанына жайлысын жасайды. Жаңа заманның мобильді жүйесін игере алған зейнеткерлер де жоқ емес. Ал бір мезетте ағайынға қызмет етіп, бала тәрбиелеп, отбасылық өмір мен баспананың да қамын жасап және жұмысқа барып үлгеруі тиіс орта буын өкілдері қайтеді?

 

21754267 1290184167771463 1871473081 nГүлбақыт ТАЙЖАНҚЫЗЫ,
№72 жалпы орта мектеп директорының орынбасары:

– Айлық бойынша Сбербанк қызметін пайдаланамын. Жеке есепшотыма қаражат аударылған соң бәрін бірден аламын. Содан келесі айға дейін банк қызметі мен картаны пайдаланбаймын. Несиені, басқа да төлемдерді қолма-қол төлеп үйренгенмін. Қаражатты сол бұрынғы үйренген жоспарлы әдісіммен басқарғанды құп көремін. Маған жұмсаған табысымның есебін біліп отыру үшін сол тиімді.

 

shymkala 72-9Ұлжан НАЙЗАБЕКОВА,
«ОтауСтрой» компаниясының жобалаушы-конструкторы:

– Жас отбасы болғандықтан шаруа шаш етектен. Сондықтан уақытты үнемдеу маңызды. Мұндайда интернет-банкинг, онлайн-төлем қызметі өте тиімді. Айлығым түскеннен қаражатты қажетіне қарай бір бөлігін несиеге құйып, екіншісін депозитке аударамын. Ал үшінші бөлігі есепшотымда тұрады. Әрі дүкендерде картамен, ал сайттарға онлайн-төлем жасағаным үшін банк тарапынан бонус қосылады. Соңғы үш жылдан бері қаражатымды қай кезде қанша жұмсадым деп қойын дәптерге түртіп отыруды қойдым. Бәрі хабарламамен телефон нөміріме түседі. Әмияныма қолма-қол ақша төлейтін жағдайлар үшін ғана 3-5 мың теңге көлемінде ақша салып жүремін.

 

Онлайн қызметтің берері көп

Бүгінде банк төлем картасының мүмкіндіктері өте көп. Ол тұтынушының есепшотына түскен жалақыны қолма-қол ақша ретінде ғана алуға қызмет етпейді. Сонымен қатар, «әмиян» қызметін де атқарады. Қалай дейсіз ғой?

Қолыңызда банк картасы болса, сіз төлемнің кез келген түрін әп сәтте орындай аласыз. Ол үшін қолданыстағы төлем картаңызды өзіңіз айлық немесе зейнетақы алатын банктің порталына тіркеп қойсаңыз болғаны. «Жеке кабинет» ашылған соң логин мен құпиясөзді қойын дәптеріңізге міндетті түрде түртіп алыңыз. Жаттап алғаныңыз одан да жақсы. Міне, осыдан кейін порталдағы «жеке кабинетіңіз» арқылы кез келген банктік операцияны орындай бересіз. «КазКом» банктің Шымкент қаласындағы өкілі Н. Нұсқабековтың айтуынша, «жеке кабинетпен» тіркелгеннен соң банктің ұялы телефонға арналған бағдарламасын жүктеп алған дұрыс.

– Ұялы телефондағы қосымшаның көмегімен тұтынушы онлайн интернет-төлемдер жасай алады. Бір шоттан кез келген банктегі екінші шотқа немесе бір қызметтен екінші қызметке (несие, депозит) ақша аударуына болады. Карта шетелде де жарамды әрі валютаны конвертациялауға (таңдауға) мүмкіндігі бар. Әуебилеттеріне онлайн түрінде төлем жасап, тапсырыс бере алады. «КазКом» тұтынушыларына карта қызметін пайдаланғаны үшін бонус қарастырылған. 

1 бонус 1 теңгеге тең. Сондай-ақ, тұтынушы несие картасын рәсімдеп алса, оны да жеке кабинеті арқылы басқарып, қажет кезінде кәдесіне жаратып, қажет емес уақытта қайта жаба алады, – дейді Нұрбол Айдарханұлы.

Н. Нұсқабеков мәлімдегеніндей, жеке кабинетте коммуналдық төлемдер жасап, ұялы байланыс қызметіне баланс толтыруға, депозитті ашуға, электронды есеп шотты жүргізуге, тіпті интернеттен қауіпсіз сауда жасау үшін виртуалды карта рәсімдеуге болады. Виртуалды карта – негізгі есеп шоттағы қаражатты хаккерлерден қорғау үшін қажет. Яғни, интернет-дүкендерге ақы төлеу осы виртуалды карта қызметімен жүзеге асырылады.

 

Несие картасын ала жүріңіз

«Шіркін, жаңа дүкеннен керемет көйлек көрдім» немесе «әттең-ай, мына затты көптен іздеп жүрген едім, айлықтың болмай қалғанын қарашы» дейтін жағдайлар да жиі кездеседі. Бүгінде оның да шешімі бар. Несие картасын рәсімдетіп алыңыз. 

Сізге қызмет көрсететін банк немесе несие беру ісінде көпшілікке танымал банктер жылдық табысыңызға орай алуға болатын несие көлемін анықтап, жаратуға болатын сомамен несие картасын рәсімдеп береді. Бұл, әсіресе, іссапар кезінде таптырмайтын көмек. Ол үшін сіз ешқандай төлем жасамайсыз. Карта үш немесе алты айға дейін жарамды. Осы уақыт аралығында «айлық түсетін күнді» күтпей-ақ өзіңізге қажетті дүниелерді дәл уақытында сатып ала аласыз. Ал несиені жаратпасаңыз, белгіленген уақытта картаны тапсыруды, оның жарамдылығын тоқтатуды ұмытпағайсыз. Ұмытып кеткен жағдайда, несие төлеуіңіз әбден мүмкін. Дегенмен, интернет-банкинг арқылы бұл мәселені де шешуге болады. 

Бастысы – жеке кабинетпен тіркелу және банк бағдарламасының онлайн қызметін телефоныңызға орнатып алу қажет.

Опубликовано в Әлеумет

serikbaevКәсіптен несібе терген азаматтарға ендігі жерде «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңберінде зор қолдау көрсетілгелі отыр. Яғни, агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағытында ауыл кәсіпкерлеріне 16 миллион теңгеге дейін жеңілдетілген несие беру қарастырылған. Сондай-ақ, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» деп аталатын жаңа бағдарлама екі қолға бір күрек таба алмай жүрген жастарды арнайы оқытып, жұмысқа орналастыруға мүмкіндік бермек. Бизнестің әлеуетін көтеру және жұмыспен қамтудың жоспарлы қызметі Шымкент қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Ержан Серікбаевпен сұхбатымыз осы мәселе төңірегінде өрбіді.

– Ержан Жомартұлы, мемлекеттік бағдарлама азаматтарды жұмыспен қамтуда және жұмыссыздық деңгейін төмендетуге қаншалықты мүмкіндік береді?

– Бағдарламаның негізгі мақсаты – халықты нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және азаматтарды кәсіпкерлікке тарту.
Бағдарламаның нысаналы индикаторларына қол жеткізу үшін жұмыс үш бағыт бойынша яғни, бағдарламаға қатысушыларды техникалық және кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету, жаппай кәсіпкерлікті дамыту, халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту аясында жүргізіледі.
Жекелей тоқтала кетсек, бағдарламаға қатысушыларды техникалық және кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету бағыты шеңберінде мынадай міндеттер шешілетін болады: еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып, техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлау, жұмысшы кадрларды еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптер және дағдылар бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқыту. Бұл тұрғыда, өмірлік қиын жағдайға тап болған және тұрмысы төмен отбасылардың мүшелері қатарындағы орта мектеп түлектері, жоғары білімі жоқ, жұмыс іздеп жүрген адамдар, сондай-ақ азаматтардың өзге санаттары аталмыш бағдарламаға қатыса алады.
Олардың оқу төлемақысы, бір реттік ыстық тамағы, стипендиясы мен жол жүру жеңілдігі мемлекет тарапынан қамтамасыз етіледі. Осы орайда, бағдарлама шеңберінде биыл техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлауға Шымкент қаласы бойынша 1267 азаматты оқыту жоспарлануда.
Кадрларды даярлау білім беру ұйымдарында, оның ішінде, мобильді оқу орталықтары арқылы жүргізіледі. Қысқа мерзімді кәсіптік оқу цифрлық сауаттылық дағдыларына, ағылшын тіліне және кәсіпкерлік негіздеріне оқыту бойынша да өткізіледі. Оқу мерзімі кәсіптің ерекшелігіне қарай бір айдан алты айға дейінгі мерзімді құрайды.
Екінші, жаппай кәсіпкерлікті дамыту шеңберінде бағдарламаға қатысушыларды «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту, ауылдағы және қалалардағы кәсіпкерлік бастамаларды қолдау қарастырылған. Оның негізгі мәні, кәсіпкерлік дағдыларына оқытуға, оның ішінде ауыл шаруашылығы кооперативтерін қалыптастыру қағидаттарына, сондай-ақ олардың бизнес жобаларын сүйемелдеуге бағытталған.
Үшінші, халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу арқылы еңбек нарығын дамыту және еңбек ресурстарының ұтқырлығы бағыты аясында жұмыссыздарды және өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдарды жұмыспен қамтамасыз етуге жәрдемдесу, еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру, жұмысқа орналастыру бойынша бірыңғай цифрлық алаң құру міндеттері шешімін табуы тиіс.

– Кәсібін ашуды ойға алған азаматтар үшін ұсынылатын микрокредиттеу шартының тиімділігі қандай?

– Микрокредиттер микробизнесті ашу, жұмыс істеп тұрған бизнесті кеңейту, ауыл шаруашылығы кооперативтерін ашу үшін ұсынылады. Микрокредиттер азаматтарға кәсіпкерлік негіздеріне оқыту курстарынан өткеннен кейін не соңғы екі жыл ішінде басқа бағдарламалар шеңберінде кәсіпкерлік негіздеріне оқыту курстарынан өткендігі туралы сертификаты бар болса беріледі.
Микрокредит жұмыс істеп тұрған бизнесті кеңейту және ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру үшін жаңа тұрақты жұмыс орындарын құру шартымен ұсынылады. Осы шартқа сәйкес, азаматтардың микрокредитті 16 миллион теңгеге дейін алу мүмкіндігі бар. Айта кетейік, бағдарлама шеңберінде шағын несиелеуге Шымкент қаласы бойынша 296 адамды тарту жоспарланып отыр.
Сондай-ақ, 29 жасқа толмаған азаматтар үшін «Жастар практикасы» бағдарламасы биыл да жалғасын табады. Ондағы ұсынылған жұмыс орындарының саны шектелмейді. Бұл жұмыс уақытша сипатқа ие, яғни, 6 ай уақыт мерзімінен аспайды. Айлық жалақысы бұған дейін 38 мың теңге болса, бүгінгі таңға оның көлемі 56 мың теңгеге дейін көтерілді. Бұл да жұмыс іздеген жастар үшін зор мүмкіндік.

– Жаңа тұрғылықты жерге ерікті түрде қоныс аудару үшін қандай жеңілдіктер қарастырылған?

– Еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру бағыты бойынша жұмыс күші тапшы өңірлерді жұмыс күшімен қамтамасыз ету, өңірлердегі диспропорция мен демографиялық теңгерімсіздікті жоюға бағдарламада басты басымдық берілген. Қазақстан Республикасының азаматтары, оралмандар және олардың отбасы мүшелері жаңа тұрғылықты жерге ерікті түрде қоныс аудару бойынша Бағдарламаға қатысушылар болып табылады.
Жаңа тұрғылықты жерге ерікті түрде қоныс аудару үшін жиырма тоғыз жасқа дейінгі жастар, оның ішінде балалар ауылдарының тәрбиеленушілері мен балалар үйлерінің, он алтыдан жиырма үш жасқа дейінгі жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мектеп интернаттардың түлектері, орта, техникалық және кәсіптік, орта және жоғары білім беру ұйымдарының түлектері, жұмыс берушінің экономикалық жағдайының нашарлауына әкеп соққан өндірістердің және орындалатын жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер көлемінің төмендеуіне байланысты жұмыстан босатылған адамдар осы аталған бағдарламаға қатыса алады.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Жеңісбек СЕРІКҰЛЫ

Опубликовано в Сұхбат

Қарапайым заңдылықа салсақ, әр қазақ өз елінде бай болуы тиіс. Бірақ бәрі солай ма? Қаржылық сауат, жеке капитал туралы сөз қозғалғанда осы сөзді ауық-ауық айтамыз. Расында да, бүгінгідей Тәуелсіздікке қол жетіп, алға қарай дамыған елімізде халықтың әл-ауқаты артып, өз құқықтарын толық білуі керектігі заңдылықтай көрінеді.
Соңғы деректерге сүйенсек, ел тұрғындарының тұтынушылық несие бойынша қаржы мекемелерінің алдындағы қарызы 2,3 трлн теңгеге жетіпті. Елде несие алғандар саны 5 миллионнан асады. 1 млн-ға жуығы қарызды уақытылы төлеуге қауқарсыз болып отыр.

kredit

ӘЛЕУМЕТТІК ТОПТАҒЫЛАРҒА КЕШІРІМ БАР

Бүкіл дүние жүзі елдері қазір несиемен өмір сүруге көшті. Біз де одан түбегейлі бас тарта алмаймыз. Өйткені, әлемдік тәжірибе солай.

Несие алып, қарыздың қамытын кигендер көбеймесе, азаяр емес. Нарық заңдылығы бойынша өркениет алға қарай дамыса, сен де жетіліп отыруың керек. Газетімізде бұған дейін де «Несие несібені еселей ме?», «Үнемшілдікті үйрене білсек» деп біраз жағдайларды сөз еткен едік. 

Банкке қарызы барлардың бәрі өз құқын біледі деп айту да қисынға келмейді. Ондай азаматтармен жиі-жиі жолығып та жүрміз. Мәселелерінен де хабардармыз. Кейбірі өз қалаларында банктің бөлімшелері, тіпті банкомат жоқтығын айтып, мұңын шағады. Тіпті, кейбірі екінші рет қарыз алмауға бекінген сыңай танытады.
Әзірге, әлеуметтік топтағыларға несие өтеуге кешірім берілуі несие алушылар үшін қуанышты жаңалықтың бірі. Өткен жылдың желтоқсан айында ҚР Парламенті Мәжілісі «Коллекторлық қызмет туралы» заң жобасын мақұлдады. Құжатқа сәйкес, мүгедектер, соғыс ардагерлері, зейнеткерлер мен жұмысқа жарамсыз жандарға банк кешірім беруді қарастырып отыр.

2017 ЖЫЛ ҚАНДАЙ БОЛМАҚ?

Жыл басында «Егемен Қазақстан» газетінде қаржы сарапшысы Ербол Азанбектың «Несие нарығының бір жылы» деген мақаласы жарық көрді. 2016 жылы елдегі несие нарығының жағдайы сараланыпты. Онда мынадай деректер келтірілген: «Бірінші кредит бюросы сарапшыларының айтуынша, 2016 жылы несие тарихының базасына 500 мың келісімшарт қосылған. Бұлардың 315 мыңы – жаңа борышкерлер. Яғни, бірінші рет несие алғандар».
Бұдан бөлек, қаржы сарапшыларының пікірінше, 2017 жылы несие нарығында әртүрлі кепілсіз тұтынушылық несие мен тауарлық несиеге, сонымен қатар, халықтың несиені онлайн ресімдеуге ынтасы артуы мүмкін екені жазылыпты.

АЙЛЫҚ ЖАЛАҚЫНЫҢ 20 ПАЙЫЗЫ ҒАНА – НЕСИЕЛІК ТӨЛЕМ ҮШІН

Жалпы, несие алуға шешім қабылдаған азаматтардың сол сәттегі жағдайы әрқилы. Кейбірін расында қаржы тапшылығы қинаса, енді бірі оңай жолмен ақшаға кенелуді ойлап, бірақ оның салдары қандай екеніне басын ауыртпайтындар. 

Банк табалдырығын аттамас бұрын өз қаржылық мүмкіндіктеріңізді есептеп алуыңыз қажет. Өкінішке орай, бізде бәрі олай емес. Қаржы сарапшылары бұл ретте бірқатар жағдайларды қарастыруды ұсынады. Енді осыған келейік. 

Жеке есеп жүргізудің ең тиімді тәсілі – әр тиынды есептеп отыру. Яғни, ыңғайлы болу үшін үш негізгі баған сызып, оған кіріс, шығын, жинақтауларды жазып отыру. Ай сайынғы кіріс пен шығындардың айырмашылығы автоматты түрде үшінші бағанға түседі. 10 пайыз жиналған ақша мөлшері сарапшылардың көзқарасының тұрғысынан тиімді болып есептеледі. Бірақ, жиналған статистикаға сәйкес, шығындарының үлесі 50 пайыздан асатын адамдардың қаржылық жағдайы ауытқуларға бейім болады. 

Егер сіздің отбасыңызда тұрақты есептер бойынша тапқаныңыздан жұмсағаныңыз көп болса, онда апта сайынғы есептеу шараларын жасап отыру қажет. 

Мұнда ескерер тағы бір жағдай: кестеде «кіріс» пен «шығын» бағандары тағы бірнеше бағанға бөлінеді. Мәселен, белгілі бір жалақыны белгілей отырып, түрлі көзден алынған кірісті ескеріп отыруға болады. Ал шығындарды азық-түлік сатып алу, коммуналды қызметтер, ұялы байланыс және интернет төлемдерін төлеу, жаңа киім-кешек алу, сауық-сайран және т.б., деп бөлу керек. Бар болса, жеке тармақпен «қарыздарды» белгілеп отырыңыз. Оларды жақын арада өтелуі қажет – қысқа мерзімділерге және ұзақ мерзімділерге бөлген дұрыс. 

Сонымен қатар, «болжанбаған шығын» бағанын қосыңыз: оған отбасылық бюджеттен алынатын ірі жоспарланбаған қаржылар жатады. Алғашқы кезде есептерді әр аптаның аяғында жасап отыру қажет, ал жиынтық көрсеткіштерді айдың қорытындысы бойынша немесе айлық кезеңі біткеннен кейін бағалаған жөн. 

Шығындардың барлық баптарын тұрақты түрде зерттеп отыру қандай шығындардың азайғанын анықтауға мүмкіндік береді. Мысалы, ай сайын дүкеннен азық-түлік алған жағдайда және аптаның ортасында супермаркетке баруды шектесеңіз шамамен 30 пайыз қаржыны үнемдейді екенсіз. 

Егер «сауық-сайран» бабына көп ақша кететін болса, бос уақытты ұйымдастырудың балама, тегін тәсілдерін ойлап тапқан жөн. Сонымен қоса, киімді жеңілдікпен сатып алу да көп үнемдеуге мүмкіндік.
Жалпы айтқанда, тұтынушылық несие үшін ай сайынғы төлемнің көлемі отбасылық бюджеттегі максималды рұқсат етілетін үлесі 20 пайыздан аспауы тиіс.

ИДЕНТИФИКАЦИЯЛЫҚ ҰРЫДАН САҚ БОЛЫҢЫЗ!

Тағы бір есте ұстар мәселені сөз етейік. Әр адамның жеке құжаттары (СТН, жеке куәлік, жүргізуші куәлігі) ешуақытта қол жететін жерде тұрмауы тиіс. Өйткені, бүгінде азаматтардың жеке куәлігінің нөмірлерін біліп алып, қолдан құжат жасап алатындар бар. Мұндай жағдайда несие сіздің мойныңызға жазылып, еш түсіңізге кірмеген банкке қарыз болып шыға келуіміз мүмкін. 

Әзірге, жеке куәлікте де, ЖСН-де де ешқандай қорғаныс деңгейлері болмағаны алаяқтар үшін қол болып тұр. Мұндай алаяқтық әрекеттер тек
Қазақстанда ғана емес, бүкіл дүниежүзінде болып жатқан жағдайлар. Алаяқтықтың мұндай түрімен айналысушыларды «идентификациялық ұры» деп атайды.

ЕҢ ДҰРЫС НЕСИЕ – БІЛІМГЕ САЛЫНҒАН НЕСИЕ

Қорыта айтқанда, несие алуда шарттың барлық тармақтарымен келісімді жүргізетін тұтынушының өзі. Сол себептен, келісімшарт қаншалықты күрделі және ұзақ болып жатса да, әрбір жекелеген тармақты оқып, түсінбегенше ештеңеге қол қоймаған жөн. Шарт – сіздің құқықтарыңызға кепілдік беретін жалғыз құжат емес. Бірақ, көпшілік жағдайда ол кез келген түрдегі дауларды шешуде анықтаушы бола алады. 

Соңғы кездері БАҚ беттерінде қарыз алушылардың түрлі қиындықтарға ұшырағаны жөнінде мәселелер ара-тұра жазылып жүр. Кім де болса қарыз алу бар да, оны қайтару да бар екенін ұмытпауы тиіс. 

Біздің ата-әжелеріміз мүмкіндігінше біреуге қарыз болмай, барға қанағат, жоққа сабыр деп күн кешуді үйрететін. Қазір олай айтатын кісілер де азайды. Қоғам өзгерген сайын, адам да өзгеріп жатыр. 

Қарыз алып, ешкім де шалқып жүрген жоқтығы тағы ақиқат. Оның үстіне, қарыз беру – туған-туыстар, достар арасындағы қарым-қатынастың бұзылуына да әкеп соқтырары да белгілі. 

Жалпы, ең дұрыс инвестиция – адам капиталына салынған инвестициялар. Бүгінгі нарықтық қоғамда мүмкіндігінше, білім алуға, бір мамандықты игеруге ұмтылса, ең жақсы игілік осы болса керек. Білім мен біліктілігі бар адам еңбек нарығына тез бейімделіп, жұмысқа тез орналасады, сондай-ақ, білікті маманның еңбекақысы тәжірибесі аз әріптесіне қарағанда жоғары болатыны белгілі. Сол себептен, көп жағдайда кәсіби мамандығы бар, өз-өзін жетілдіріп отыратын азаматтар ғана несиемен өмір сүруге бейімдірек келерін статистика мәліметтері де растайды. 

Яғни, қаржыдан қатты қысылып, несиеге мұқтаж болған жағдайда, ең алдымен тек құлқынды ғана ойламай, қаржыны өз-өзіңізді жетілдіруге жұмсаңыз.


222

ЕСТЕ САҚТАҢЫЗ!

– Несие отбасылық бюджетке ауыртпалық түсірмеуі тиіс. Сондықтан, шарт соңында өз қолыңызды қояр алдында барлық ай сайынғы шығындарды есептеп алыңыз. Ай сайын жалақыңыздың 20-30 пайызынан аспайтын сома бергеніңіз тиімді екенін есте ұстаңыз.

111– Несие менеджерінің сізге барлық қосымша комиссиялар туралы, сонымен қатар, борышкерлікті өтеу шарттары туралы айтып беруі қажет екенін есте сақтаңыз.

333– Несие алғыңыз келсе, өзіңіздің құқықтарыңыз бен міндеттемелеріңізді білген өте маңызды. Яғни, қаржылық сауаттылық көптеген қателіктердің алдын алуға бірден-бір сеп. Тіпті, заңды білген адам несиелеудің кейбір түрлері бойынша төлем мөлшерін кеміте алады.

444– Несиелік шартты жасасу барысында делдалдың қызметін пайдаланушы болмаңыз. Бұл ретте, алаяқтардың құрбаны болып кетуіңіз әбден мүмкін.

Опубликовано в Әлеумет

Еуропа елдерінде ата-аналар балаларын 8 жасынан бастап жеке табыс табуға үйрететінін өткен нөмірлеріміздің бірінде жазған едік. Яғни, олар жас кезінен бастап жеке капиталын құруға әрекет етеді. Өмірде әр адамның табиғаты, қарым-қабілеті әр түрлі. Дегенмен, біздің олардан үйренер тұсымыз көп-ақ. Айдарымыздың бүгінгі санында «жеке капитал» жөнінде сөз қозғауды жөн көрдік.

mota ru 1121912-1280x1024

Мақсатыңыз нақты әрі дұрыс болсын!

Бүгінгі нарық заманында кімнің де болса өз жағдайын жақсартуға мүмкіндігі бар. Бұрынғыдай емес, қазір халықтың әл-ауқаты өсті. Яғни, көптеген адамдарда басқарылуы қажет активтер (меншіктегі мүлік), пассивтер (міндеттіліктер, қарыздар), табыстар мен шығындар пайда болды. Сол себепті, әрбір адамда мынадай мәселе бар: «Ақша қайда кетіп жатыр?», «Жеке капиталды қалай құруға болады?», т.т.
Әрине, кедергілерден өтпей мақсатқа қол жеткізу мүмкін емес. Сонда бізді осы қиындықтардан өтуге қандай күш мәжбүрлейді? Ол – табандылық пен сенім.
Алғашқы капиталды қалай құруға болады? Бұл орайда ескеретін біршама жәйттер бар. Ең алдымен мақсат қоя білу керек. Егер сіз қаржылық жоспарыңызды дұрыс құра алсаңыз, ұзақ жылдарға қаржылық табысқа жетесіз. Қаржылық мақсаттарыңыз нақты, өлшемді, қолжетерлік, мәнді, уақыт бойынша анықталған болуы қажет. Енді бұлардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталайық.
Нақтылық. Дұрыс қойылған мақсаттар әрқашан нақты және келесі іс әрекеттерді айқындайды. Мысалы, өзіңіздің қолыңыз жететіндей мүлікті сатып алуға ақша жинау.
Өлшемділік. Алдыңызға қойған мақсатқа жету үшін нақты не істеу қажет екенін, сондай-ақ жоспарыңызға жетуге қаншалықты жақындағаныңызды түсіну қажет. Мысалы: бағасы 72 000 теңге тұратын мүлікке қызықтыңыз, ал сізде 36 000 теңге бар. Демек, тағы да сонша теңге жинауыңыз қажет.
Қолжетімділік. Сіздің келесі әрекеттеріңіз нақты мүмкін болуы қажет.
Мәнділік. Алға қойылған мақсаттар дұрыс мағынаға сай боулы қажет.
Уақыт бойынша айқындылық. Белгілі бір күні көздеген мақсатқа жетуге тырысыңыз.

400 мың отандасымыз баспана кезегінде тұр

Жалпы, адамға ең қажетті капитал бұл баспана болса керек. Интернет бетінде «Үй алу үшін қаражатты қалай жинаған дұрыс?» деген мәселеде мынадай дерек келтіріліпті. Сайттың жазуынша, елімізде баспанаға мұқтаж болып, жергілікті әкімшіліктерде пәтер кезегінде тұрған 400 мыңдай қазақстандық тұр. Бұдан екі есе көп адам "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде" депозит ашып, мемлекеттік бағдарламалар мен несиелендіру жобаларына үміт артумен келеді. Десе де санаулылар ғана мақсатына жетуде.
Ендігі бір дереккөзге сенсек, ел тұрғындары табысының тең жартысын міндетті шығындарға жұмсайды екен. Оған азық-түлік, балабақша мен оқу ақысы, коммуналдық төлемдер жатады. Қаражаттың 10 пайызы жолақы, ұялы байланыс пен дәрі-дәрмекке ұсталады. Ал жалақының қалған 40 пайызын әркім өз қалауынша жұмсауға құқылы. Әдетте бұл ақша демалысқа, киім-кешек сатып алуға жаратылады. Қаржыгерлер артылған осы қаражатты текке ысырап етпей, аздап болса да жинаған жөн деседі.

914806774bb9d04676a1b2a912f45f94Аслан ЕСЖАНҰЛЫ, жас кәсіпкер:

– Мемлекет әрбір азаматтың өз мақсатына жетуіне бар жағдайды жасап қойған. Әсіресе, бұл орайда кәсіпкерлікті айтып өтсем. Рас, қазір мемлекетке кәсіпорындар, инвесторлар керек. Енді, кәсіпкерлік саласында алғашқы капиталды қалай құруға болатынын сөз етсек. Оның үш жолы бар. Біріншісі – егер сіздің кәсіпке қатысты жақсы идеяңыз бар делік. Сол идеяңызды достарыңызбен, жақындарыңызбен, ағайындарыңызбен бөлісіп, солардың арасынан қолынан келеді-ау деген кісілерден қаражат жинап, жұмысты бастауға болады. Екінші жол – әрине, егер сіздің бизнес жобаңыз дұрыс құрылған болса, банктен несие алуға болады. Үшіншісі – гранттар. Мысалы, қазіргі таңда мемлекет тарапынан және басқа да мекемелердің, үлкен компаниялардың белгілі бір гранттары бар. Сол гранттарды жеңіп алуға тырысыңыз.

Өз қабілеттеріңізді дамытыңыз

Қаржы мамандары жеке капиталды құрып, қаржылық әлеуетті жақсарту үшін мынадай мағлұматтарды біліп жүруге үндейді. Әрбір адам ең әуелі сарапшы болуға ұмтылу керек. Қай мамандықтың иесі болса да. Яғни, таңдап алған салада барынша көп ақпарат алу қажет. Осы тақырып бойынша барлық кітаптарды оқып шығыңыз, семинарларға қатысыңыз, аудиобағдарламаларды тыңдаңыз. Екіншіден, жеке сіз үшін ең құнды және мәнді тақырыптарға баса назар аударыңыз.
Өз қабілеттеріңізді дамытыңыз. Сіз өз жұмысыңызды жақсы атқарған сайын, көбірек табыс табасыз. Барлық қасиеттерді дамытуда екі негізгі жайт бар. Біріншіден, ең үздік болу туралы шешім қабылдаңыз. Екіншіден, үнемі дамып отырыңыз және бұл жолда тоқтамаңыз. Өз біліміңіздің деңгейін арттыра беруге әрекет ете бергеніңіз жөн...
Сөзіміздің соңында әйгілі қаржыгер Билл Гейтстің өмірінен қысқаша үзінді келтірсек. Оның әкесінің айтуынша, сәби болған кезінде-ақ, Билл өз бесігін өзі тербететін. Өмір бойы ол өзінің жолын табу мен тәуелсіздігі үшін күресті. Мектептің өзінде-ақ, он үш жасар Билл Гейтс және оның айырылмас досы Пол Аллен алғаш рет компьютерлік терминалды жасады. Содан соң, олар ол үшін екі бағдарлама жасап шығарды. Және қабілеттілікке тес тапсыру кезінде АҚШ-тағы үздік оқушылардың ондығына кірді. Міне, осындай алғырлықтың арқасында «Майкрософт» компаниясы дүниеге келген еді.

Кеңес:

  • Қағаз бетіне сіз немен айналысуға шамаңыз жететінін және нені шабытпен жасайтыныңызды жазыңыз. Жұмыс міндетті түрде өз көңіліңізден шығып, рухани шабыт әкеліп, ұнауы қажет екенін есте ұстаңыз.
  • Белгілі бір қызмет саласымен өз қабілетіңізді, біліміңіз бен машығыңызды салыстырыңыз. Әрі қарай, сіздің біліміңіз, машығыңыз, тәжірибеңіз қай салада қолданылып, қай сала сіз үшін қызықты болатынын анықтауға тырысыңыз.
  • Сіз өзіңізге қызықты қызмет саласын анықтаған соң, бұл салада қандай бос орындар бар екенін анықтауға тырысыңыз. Әрі қарай интернеттің, таныстардың көмегімен қандай да бір қызметке байланысты міндеттердің болжамды аясын айқындауға болады.
  • Ұзақ жылдарға жұмыс іздеудің қажеті жоқ. Біріншіден, оқу мен жұмысты үйлестіре отырып, сізге ұтқырлық қажет. Екіншіден, сіздің білім алу өсіміңіз мансап бойынша өсуді де білдіреді (қалай болғанда да осыған құлшыну қажет). Егер сіз айналысқыңыз келген жұмысты дәл анықтамаған болсаңыз, ұзақ жылдарға бір қызмет түрін іздеуге асықпаңыз.
Опубликовано в Қоғам

Қазіргі нарықтық кезеңде адами капиталдың дамуы үшін отбасы бюджетін дұрыс жоспарлаудың да жауапкершілігі зор. Қандай да бір ұйым алға қарай ілгерілеуі үшін әр түрлі шешімдер қабылдап отырады. Үй шаруашылығын басқару да сол секілді. Дегенмен, оның өз ерекшеліктері бар. Газетіміздің «Капитал» айдарында біз отбасылық бюджет жайында сөз қозғауды жөн көрдік. Бүгінде ел азаматтары отбасылық бюджетке қаншалықты мән береді?

Banner-Category-Family

ШЫҒЫНДАРДЫҢ 20 ПАЙЫЗЫН ҮНЕМДЕУГЕ МҮМКІНДІК БЕРЕДІ

Отбасылық бюджет – бұл әдетте бір ай мерзіміне жасалатын, отбасының ақшалай табыстары мен шығындарын реттеу жоспары. Бюджетті жүргізудің басты мақсаты – бұл шығындарды бақылау.
Кейбір ерлі-зайыптылар бюджетті жүргізуді қызықсыз және езбе шаруа деп санайды. Одан бөлек, қанша ақша жұмсалып жатқаны шамамен онсыз да белгілі деп ойлайды. Демек, мәселенің мәнісі осында – біз шығындарды нақты емес, шамалап білеміз! Табыс пен шығындардың бір қарапайым есебінің өзі шығындардың 20 пайызын үнемдеуге мүмкіндік береді. Бұл ай сайынғы шығындар жылына қаншалықты соманы құрайтынын елестете беріңіз.
Бюджетті құру кезінде басшылыққа алудың ең басты қағидасы – бұл есеп және бақылау. Бұл жағдайдың өзгеруін дер кезінде аңдап, қосымша шығынсыз ету үшін қажет. Бір жағынан бұл қажетті қаражаттар мөлшерін көруге, енді бір жағынан ақшалай қаражаттар қашан шығындалғанын жоспарлау үшін керек.
Әдетте жанұялық бюджеттің ең кең таралғаны – бірлескен әдісі. Мұнда әкесі мен анасы (атасы, әжесі сонымен қоса ересек балалары) тапқанын ортаға салып, белгілі уақыт аралығында (әдетте бір айға) алынған соманы қалай бөлу қажет екенін шешеді. Мұндай әдістің ең басты артықшылығы – бірлікті сезінуде. Бюджеттің мұндай әдісінде балалар отбасы ісіне қатысуда жауапкершілікті ерте сезіне бастайды.
Forbes.kz сайтында жарияланған мынадай деректерді келтірейік. «Экономикалық сауаттылықтың халықаралық орталығы» мекемесінің зерттеуі бойынша ел тұрғындарының 63 пайызының жалақы алуға бірнеше күн қалғанға дейін қаржысы таусыла бастайды. Олардың 60 пайызы бұл жағдайда үнемдеуге көшеді. 48 пайызы туыстарынан жәрдем сұрайды. Мұндай жағдайда 38 пайызы кіріс және шығыс есептерін жүргізбейді екен.

КҮТПЕГЕН ЖАҒДАЙЛАРДА ҚҰТҚАРУШЫ...

Өмірде әр түрлі жағдайлармен бетпе-бет келесіз. Жиналған ақша осындай күтпеген жағдайлардан сізді құтқарушы міндетін атқарады. Сондықтан, көптеген отбасыларда ақша жинау дәстүрге айналған. Әрбір отбасыда мұның жүзеге асуы отбасы мүшелерінің сауаттылығына байланысты. Бірі сенімді мемлекеттік банктен депозит салымын ашады, енді бірі ақшасын сандығында сақтайды, т.т. дегендей. Яғни, ерлі-зайыптылар салым салуды бюджеттің таңдалған нұсқасына және бір-бірімен қатынасына байланысты өздері шешеді.
«Group-global.org» сайтындағы «Отбасы бюджетін сақтау және нығайту» атта мақалада ел азаматтарының өз шығындарын бақылауға ниет қылмауының бірнеше себептерін атап өтіпті. Яғни, біздің көпшілігімізде мынадай стереотип қалыптасқан: Біріншіден, кеңестік кезеңнен қалыптасқан идеология, яғни бізді ешкім аш-жалаңаш қалдырмайды, біреуден кейін, біреуден ілгері өмір сүрсек болды; Екіншіден, тұтыну мәдениеті психологиясының төмендігі; Үшіншіден, қаржы ғылымының бір қарағанда қиын болып көрінуі.
Отбасылық өмірде кірісті дұрыс бөлу маңызды болып саналады. Сол себепті жалақы немесе еңбекақы алған күні оны бөліп қою қажеттігі туындайды. Мысалы тамаққа, киімге, жолға, т.б. Азық түлікті аптаға бірден алған тиімді. Осы мәселені зерттеушілер, сауалнама қорытындыларына негіздеп, мынадай формула ұстанған ұтымды дейді: жинақтау есебі – 20%, өмірлік қажеттіліктерге – киім, тамақ, тұрғын үй – 50%, білім – 10%, демалу – 10%, шұғыл жағдайларға – 10%.

ОТБАСЫЛЫҚ БЮДЖЕТКЕ БАЛА ДА ҮЛЕС ҚОСА АЛАДЫ

Егер отбасы шығындарын қадағалауға тырыссаңыз, бірқатар күтпеген деректерге қанығасыз. Бюджетті жоспарлау кезеңі көптеген отбасыларда өмірдің ең басты міндеттері мен мәні екендігін ұғындырады.
Әр отбасының қаржылық мүмкіндігі әртүрлі. Егер жасөспірім өз бетімен табыс таппаса, тек ата-анасының берген ақшасын пайдаланса, оның отбасы бюджетіндегі жағдайын пассивті деп айтуға болады. Енді баланың отбасы бюджетін жоспарлауға қалай қатысатынын айтайық. Балаға қалта шығынына ақшаны қай жастан беру керек деген мәселе ерте ме кеш пе, ата-аналарды мазалайды. Ата-аналар жағдайға байланысты баланы өз бетімен ақша табуға тәрбиелеуі тиіс. Мұны өткен нөмірімізде кеңірек айтып өткенбіз. Жасөспірім өз табысының бір бөлігін ата-анасына беріп те отбасының экономикалық өміріне үлес қоса алады. Яғни, бала есейген сайын оны отбасының экономикалық өміріне араластыра бастау қажет.
5-8 жастан бастап, балаларда қаржылық машықты дамыту қажет. Осы кезеңде ақша есебін қалай жүргізу қажет екенін, ақша құндылығы жайында үгіт-насихат жүргізе бастау – маңызды.

Қаржылық машықтарды дамытудың бірнеше жаттығуларын ұсынамыз:

  • Үнемдей білу. Қалта ақшаңызды үш қорапқа бөліңіз: «жұмсау», «үнемдеу» және «беру». Нені үнемдеп, нені жинайтыныңызға мән беріңіз. Ата-анаңыздан банктің көмегімен ақша жинауды бастауын өтініңіз.
  • Ақша есебін жүргізе білу. Өзіңіз жинаған, тапқан және апта ішінде жұмсаған ақшаны есепке алуды үйреніңіз. Содан соң алынған сомаларды кестеге жазыңыз. Бұл міндет басқа өздігінен орындалатын машықтарыңызға айналып кетуі қажет және қолайсыз жағдайлар тудырмауы қажет. Өз өміріңіздегі басымдықтарды анықтаңыз және ақшаның қайда кеткенін тұрақты түрде жазып отырыңыз. Бұл жаттығуларды бір-екі жыл аралығында орындаңыз. Үйде жиналған ұсақ тиындарды жинаңыз, оларды санап, белгілі жерге жинаңыз. Өзіңізге алғашқы әмияныңызды сатып алыңыз.
  • Ақша туралы әңгіме айта білу. Ата-анаңызға ақшаның не үшін қажет екені жөнінде айтуын өтініңіз. «Біз мұны алуға мүмкіндігіміз жоқ, бірақ мен ақшамызды басқаша жұмсағым келеді» – деп айтуға ешқашан қорықпаңыз, содан соң оның себептерін түсіндіріңіз.
  • Өз қаражатыңмен өмір сүре білу. Өзіңізге ақшаның бөліну жағдайын ойластырыңыз. Егер сіз қалта шығынына берілген ақшаны мерзімінен бұрын жұмсап қойсаңыз, мәселені өз бетіңізбен шешу әдісін табыңыз.
  • Ақшаның көмегімен әлемді өзгерте білу. Бүкіл отбасыңызбен атап өтетін мейрамда тамақты өз ақшаңыздан төлеп көріңіз. Жаңа жылға өз бетіңізбен жақындарыңызға және құрбы-құрдастарыңызға сыйлықтар дайындаңыз.

pikir-1


Ермек ДӘРМЕНОВ,
Шымкент қалалық мәслихатының депутаты:

«Қаржылық сауаттылығы жеткілікті»

– Бүгінде қала тұрғындарының 90 пайызға жуығының қаржылық сауаттылығы жеткілікті деңгейде деп ойлаймын. Өйткені, интернет арқылы, БАҚ арқылы бәрінен хабардар болып отыр. Несиені жоспарлы ала алмасаңыз, шығынға ұшырауыңыз мүмкін. Сондықтан, мұндайда сауатты болу керек. Өзім мұғалімдер отбасынан шыққанмын. Бала кезден мал шаруашылығымен айналысып, отбасылық бюджеттің қалай қалыптасатынын көріп өскенмін. Қазір үйде өзіммен бірге, жолдасым да жұмыс істейді. Бүгінгідей нарық заманында үнемшіл болып, қаржыны мақсатты жұмсауға тырысамыз.

pikir-2Зәуре ОРАЛБАЕВА,
«Отырар» телеарнасының бас редакторы:

«Қаржыгер немесе заңгермен кеңесіп тұру керек»

– Менің қаржылық сауаттылығым орташа деп бағалауға болар. Мысалы, банкке бара қалсаңыз немесе зейнетақыңызды, жәрдемақыны тағайындау мәселесінде түрлі құжаттарды қарастырып, оқымай-ақ қол қоюдың нәтижесінде кейде қанша адам зардап шегіп, сан соғып жатады. Міне, осы жағдай анық қаржылық сауаттылықтың жоқтығынан. Ерінбей, алдағы уақытта қиналмай шешім қабылдау үшін, қаржыгер немесе заңгермен кеңесу артық емес. Өзім солай жасауға тырысамын және балаларымызға жолдасым екеуміз орайы келгенде бұл бағытта көмектесеміз. Жоспарлап жасаған іс ешқашан ұтымсыз болмайды. Сондықтан, бір жолы үнемдеп, келесі жолы толықтырып отырып, осылайша бюджетті дұрыс жоспарлауға болады.

Опубликовано в Әлеумет

Бұл өмірде дәулетті болғысы келмейтін адам жоқ. Экономиканың дамуымен қатар түрлі нарық қатынастары өмірімізге дендеп енді. «Теңге тиыннан құралады» деген сөз бар. Қаржы саласы мамандарының да айтары осы. Яғни, естер ұстар қағида – дәулетті болу әр адамның өз қолында. Табысқа қалай жетуге болады? Өз қаржыңызды басқаруды білесіз бе? Газетімізде қаржылық сауаттылықты арттыру мақсатында «Капитал» айдарын ашып отырмыз. Ой қосыңыз, пікір білдіріңіз, қадірлі оқырман!

«ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТТЫЛЫҚ ӘЛІ ТӨМЕН»

«Көп ақша табу – батырлық, оны сақтау – данышпандық, ал жөнімен жұмсау – өнер» деген екен Б. Авербах. Сол айтқандай, көпшілігіміз қаржыны басқарудың қарапайым ережелерін біле бермейміз.
Қаржы сөзі латынның financia – қолда бар ақша, кіріс деген мағына береді. Таяуда Brif Research Group агенттігінің қолдауымен жүргізілген зерттеуде мынадай дерекке көзіміз түсті. Бұл мекеме ел аумағында 20-60 жас аралығындағы тұрғындардың қаржылық сауаттылық деңгейін анықтаған. Қаржылық сауаттылық, қарапайым тілмен айтқанда орташадан төмен болып шығыпты. Мәселен, сауалнамаға қатысқандардың 36%-ы «қаржы өнімдерін мүлдем түсінбейміз, қолданбаймыз» дейді. Жалақысынан ақша артылған тұрғындардың 29%-ы бірден жұмсап бітіруге тырысады, тек 10%-ы ғана артық ақшасын жинайды. 38%-ы отбасылық бюджеттің кіріс-шығысын жүргізбейді. Нәтижесінде, жалақы алатындардың 63%-ы жалақысы келесі айлыққа дейін жетпейді. Ақшасы келесі айлыққа жетпейтіндердің 60%-ы қатаң үнемге көшеміз дейді.

aigulАйгүл ТӨЛЕМЕТОВА,
М. Әуезов атындағы ОҚМУ-дың «Экономика»
кафедрасының меңгерушісі:

– Бүгінде ел тұрғындарының қаржылық сауаттылығын көтеру – өзекті мәселенің бірі. Мемлекеттің ұсынып отырған қаржылық мүмкіндіктерін – субсидиялау, жеңілдетілген несие, шағын және орта бизнесті дамыту, т.б игіліктерді пайдалана білу үшін жүйелі қаржылық сауат керек. Қазір ақпараттық білім беру орталықтары ашылып, тұрғындарға тегін кеңес беріп жатыр. Бұл орайда «Даму» қорының, Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы мамандарының ауыл-аудандарды аралап, тұрғындарымен кездесулерін айта кеткен жөн. Елде 2011 жылдан бастап халықтық IPO бағдарламасы жұмысын бастады. Бұл бағдарлама да қарапайым тұрғындардың өз капиталын молайтуға бағытталған. Сондай-ақ, Жапония, АҚШ сынды мемлекеттердің тәжірибелерін пайдалануға болады. Ең болмағанда әрбір адам қаржылық білімін жүйелеп, қарапайым ережелерді білуі тиіс. Қысқа уақытта өздерінің отбасылық бюджетін жоспарлап, оны бақылауды үйрене білсе, табысы еселене түсер еді.

Жуырда ғана газетімізде 30 жасында табысты кәсіпкер атанған Аслан Есжанұлының сұхбаты жарияланды. Онда жас кәсіпкер «Бұл мақсатқа жетер жолда көп еңбектендік. Қаржы саласында білім алып, бизнес мектептеріне барып оқыдық. Басты есте ұстар қағида – қаржы басқарып үйренсеңіз қаржы өзі-ақ келеді. Кәсіпте қаржыны дұрыс бағытта жұмсап, дұрыс жоспарлай алған адам ғана жетістікке жетеді» деген-ді.
Қаржылық сауаттылық, нарық заңдарын білу – болашақта ақша табудың мықты базасы, болашақтағы қаржылық тұрақтылықтың кепілі.
Кез келген адам жеке қаражат және қаражат нарығының күрделі механизмдері туралы ойлану әлі ерте деп ойлайды. Керісінше, ақшаға байыпты көзбен қарасаңыз, сіз өз бетінше шешім қабылдай алатын, жауапкершілігі мол адамға айналасыз.
«Мен өскенде қандай қаражатқа өмір сүремін?», Кім маған лайықты өмір сүріп, Тәуелсіз болуға көмектеседі? Мемлекет пе? Ата-анам ба? Болашақ бизнесім бе?» Жастардың бұл сұрағына көбінде нақты жауап жоқ. Шешімі жоқ болып көрінген мәселелерді шешудің де жолы бар. Ол – қажетті қаржылық білімдерді алу. Өмірде жаңа салалармен, ғылыммен танысуды неден бастаймыз? Әрине, терминологиядан, тіл үйренуден. Қаржымен танысу да солай. Қаржы әлемінің тілін үйрене отырып, ешқандай қаржылық салым жасамастан табысқа жетуге болады.
Бұл орайда әйгілі қаржыгер Уоррен Баффетті мысалға келтірейік. Ол мектепте оқып жүргенде-ақ бизнесмен болуды мақсат етіпті. 11 жас шамасында оны өмірдің іскерлік қыры көбірек қызықтыратын. Он екі жасында Баффет миллионер болуды негізгі мақсаты етіп қойды. Ол біресе акцияларды саудалайды. Біресе өтпей қалған тауарды сатады. Енді бірде газет сатылымын ұйымдастырады. 14 жасында ол Небраскада 40 акр жерді 1200 долларға сатып алады да, сол сәттен бастап фермерге жалға береді. Сынған ойын автоматтарын сатып алып, оларды жөндеп, іске қосады. Көп ұзамай оның табысы аптасына 150 долларға жетеді. 20 жасында ол бағалы қағаздар нарығына шындап кіріседі. Отыз жас шағында ол бес миллиондық қаражат иесі болды.

ҮНЕМДЕУ – БАЛА
КЕЗДЕН БАСТАЛАДЫ

Жастарды қаржылық сауаттылыққа тәрбиелеуде ерте бастан көңіл бөлу маңызды. Әрі оларды жасөспірім шағынан жұмыс істетуге ынталандыру керек. Мәселен, Ұлыбританияда балалар 8 жастан жұмыс істейді. Швецияда еңбек коммуналары деп аталған мекеме 16 жастағы балаларды жұмысқа қабылдайды. Олар газондарды қырқады, қартаң адамдарға көмек көрсетеді, гүл отырғызады және қоқыс жинайды.
Балаларды өз бетінше қаражат табуға, қаржыны үнемдеуге қалай үйретеміз? Енді осыған келейік. Егер, ата-ана балаларын артық қаражат беруден тыйса, «ата-анам менен ақшасын аяйды. Олар мені жақсы көрмейді» деп ойлауы мүмкін. Бұл әрбір баланың басына келер алғашқы ой. Алайда бұл жағдай – жасөспірімдерді кенеттен ересек болуға үйретудің алғашқы баспалдағы. Ата-ана баланы ерте бастан осылайша ақша қатынастарымен біртіндеп таныстыра бастаған жөн. Балғын мектеп оқушысы үшін алғашқы мүмкіндіктер – бұл ақша шығынына берілген ақша және балаға өз бетімен шешім қабылдау мүмкіндігі. Алдымен бұл балмұздақ пен тәтті ірімшік арасында жасалатын таңдау болуы мүмкін. Содан соң ақшаны тәттіге жұмсамай, жинап қызықты кітап алуға тырысады. Ақша қатынастары тәрбиелеудің тамаша құралы болуы мүмкін. Мысалы, балаға ақшаны бір күнге емес, бір аптаға тіпті, одан ұзақ мерзімге де беруге болады. Осылайша, балада өз қаражатын болашаққа жоспарлаудың алғашқы тәжірибесі пайда болады.
«Қоғамдық пікір» қоғамы жүргізген зерттеулер анықтағандай, сауалнама жүргізілгендер арасында олардың 28 пайызы негізінде жасөспірімдерде бос ақша болмауы қажет деп санайды (олардың пікірінше жасөспірімдер ақша ұстай алмайды; ақша олардың тәрбиесіне кері әсер етеді, темекі, ішімдік және есірткілер қолдануға итермелейді). Бұл пікірмен респонденттердің 66 пайызы келіспейді – олардың көзқарасы бойынша жасөспірімдерде ол өзі жұмсай алатын ақша міндетті түрде болуы қажет (олар көбінесе өз ұстанымын жасөспірім қажеттігі мен қызығушылығын қанағаттандыру үшін ақша қажет деп түсіндіреді және ақшаны ұстау тәжірибесі есеюге, тәрбиеге оң әсерін тигізеді деген пікірде).
Ақшаны дәл қазірден бастап басқаруға болады! Бұл ретте сіздің қолыңызда қанша қаражат бар екені мүлдем маңызды емес. Қалтаңызда 50 немесе 500 АҚШ доллары болуы мүмкін. Осы қарапайым ережелерді орындай отырып, сіз ақшаның нағыз құндылығын түсініп қана қоймай, оларды басқаруды үйренесіз.

ЕСТЕ САҚТАҢЫЗ!

  • Алдымен сізде қанша ақша бар екенін санаңыз. Бірақ сіз келуін күтетін ақшаны есепке алмау керек. Қолға әлі түспеген ақша, бұл әлі сіздің ақшаңыз емес. 
  • Ақшаны бір күн ішінде шығындамауға тырысыңыз. Бір күнді таңдап, сол күні бір тиын да жұмсамауға тырысыңыз. Өз тілектеріңізді басқарып, осымен ақша үнемдеу қаншалықты жағымды екенін сезініп көріңіз. Өз өміріңізге мұндай қуанышты күндерді көбірек енгізуге тырысыңыз. 
  • Сатып алынған заттардың чектерін сақтаңыз. Көптеген адамдар чектерді қоқыс сияқты, қалайша қажет болатынын аңғармай тастай салады. Біріншіден, бұл шығындарды жүйелеуге мүмкіндік береді. Сіздің барлық жұмсаған ақшаңыз көз алдыңызда болады. Екіншіден, чек сақталса тауарды айырбастауға немесе оны мүлдем қайтаруға болады. 
  • Өз шығындарыңызды есептеңіз. Бір күн ішінде жұмсалған әрбір тиынды жазып отырыңыз. Бұл сіздің ақшаңыздың қайда кететінін көрсетеді. Күнделікті жазуды жалғастырыңыз. Көп ұзамай, сіз қандай шығындараға назар аударуыңыз қажет екенін түсінесіз. 
  • Бюджет құрыңыз. Сіз ай сайын келіп кететін ақшаны анықтаған соң, бұл ағындарды оңтайлы басқару үшін бюджет құрыңыз. Бұл бюджет әр түрлі қаржылық қиындықтар мен проблемалар жолында сізге басшылық қызметін атқаруы үшін жеткілікті түрде шынайы болуы қажет. 
  • Қаражат туралы оқыңыз. Білім – бұл қаржы төңірегінде әңгіме қозғалғанда өте қуатты қару. Бүгін сізді қызықтырған тақырыпқа жеке қаражат туралы мақаланы немесе кітаптың бір бөлігін оқып шығыңыз. Келесі күні мұны қайталап, өзіңізді өзіңіз жетілдіруді жалғастырыңыз. 
  • Сатып алынатын ірі заттар үшін ақша жинай бастаңыз. Тіпті өз жалақыңыз болмаса да, мотороллер немесе жаңа сноубордқа ақша жинауыңыз әбден мүмкін. Жинақтау шотын ашып, әр ай сайын немесе ақша алған әрбір кезде оған қандай да бір соманы бөліп отырыңыз. Тіпті кішігірім соманың өзі жоқтан жақсы. Мүмкіндігінше осы шотқа бөлінетін ақша сомасын ұлғайтыңыз.
Опубликовано в Әлеумет