«ТАЗА СӨЙЛЕУ ДЕ ТАЗАЛЫҚҚА ЖАТАДЫ»

Четверг, 03 Ноябрь 2022 04:23

taza soileu

«Таза сөйлеу де тазалыққа жатады. Бүгінде өзге сала мамандарын есепке алмағанда, БАҚ өкілдері, тіл мамандарының арасында әңгімесін «Мен ойлаймын...» деп бастайтындар көбейіп барады. Тіл тазалығы сақталмайды. Дүниежүзінде ана тілінен айырылған ұлттар мен ұлыстар көп. Мәселен, Аргентина мен Мексика испан тілінде сөйлейді. Аргентиналықтарға зерттеу жүргізгенде олардың байырғы тілін тұрғылықты халықтың 1,6 пайызы ғана білетін болып шыққан». Бұл туралы Шымкент қалалық тілдерді оқыту әдістемелік орталығының 25 жылдық мерейтойына арналған   «Тіл тағдыры — ел тағдыры» конференциясында А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының жетекші ғылыми қызметкері Нұрсәуле Мақсұтқызы мәлімдеді.

Ширек ғасырда Шымкент қалалық тілдерді оқыту әдістемелік орталығы отыз мыңға жуық азаматқа тіл үйретіп, біліктілігін шыңдаған.

— Орталық 1997 жылы қаңтар айында Шымкент қаласы әкімінің шешімімен мемлекеттік тілді міндетті және ақысыз оқыту орталығы ретінде жұмысын бастаған. Бұл сол жылдары елімізде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, қолданыс аясын кеңейту мақсатында құрылған тұңғыш орталық болатын. Осы жылдар ішінде Шымкентте 27 339 тіл үйренуші арнайы курстан өтті. Олардың қатарында білім, денсаулық, әділет және құқық қорғау, ауыл шаруашылығы, қаржы, энергетика салаларының мамандары бар. Бүгінде орталық мемлекеттік мекеме қызметкерлеріне, тұрғындарға қазақ, орыс, ағылшын тілдерін оқытып, үйретумен айналысады. Үш тілді жетік меңгерген мамандарды ынталандыру мақсатында түрлі байқаулар мен сайыстар, басқосулар, шеберлік сағаттарын ұйымдастырып тұрамыз, - дейді Шымкент қалалық тілдерді оқыту әдістемелік орталығының директоры Гүлмира Жанысбекова.

Салтанатты жиында орталықтың іргетасын қалаған тіл мамандары мен зиялы қауым өкілдері құттықтау лебіздерін білдірді. Ал, конференция қонақтары — Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл – қазына» Ұлттық ғылыми-практикалық орталығының басқарма басшысы Ж.Искакова, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының жетекші ғылыми қызметкері Н.Рсалиева мен Қызылорда облысының тілдерді дамыту орталығының директоры
М.Дәулетбаева тіл үйретудің әдістемесі, тілдегі өзгерістер мен мемлекеттік тіл тақырыптарында кеңінен баяндама жасап, сала мамандарымен пікір алмасты.

— Жойылып, жұтылып кететін тілдердің алғашқы белгілерінің бірі — үстем тілдердің сөз тіркесін ауызекі сөйлегенде жиі қолдану. Ал, ең соңғы белгісі — өзінің ана тілінде сөйлеуге арланатын, намыстанатын азаматтар пайда болады. Біз қазақ тілі жұтылып кетпеуі үшін тіл тазалығын сақтауымыз керек. Таза сөйлеу де тазалыққа жатады. Мәселен, Ресейде тереңдетілген түсіндірме сөздігі жинақталып, сонда «ё» әрпін «е» әрпімен бірге таңбалап жіберіпті. Сол кезде тілімізге зияны тиді деп, Ресейдің Ульяновск қаласында «Ё» әрпіне құлпытас қойып, жоқтау салған. Біз ана тілімізді сақтау үшін бір әріп түгілі таңбамызды жоғалтпауымыз қажет, - деді Нұрсәуле Мақсұтқызы.

Тіл мамандары бүгінде қате қолданылып жүрген сөз тіркестері мен сөздердің калька аудармаларынан мысал келтіре отырып, тіл тазалығын сақтауға үндеді. Сонымен қатар, өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін, ал қазақ азаматтарына орыс, ағылшын тілдерін оқытудың тиімді әдісімен бөлісті.

teatr 1

Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры — Шымкенттегі өнер ордаларының қарашаңырағы. Сексен тоғызыншы маусымға қадам басқан театр ұжымы биыл қазақ театр өнерінің тұңғыш кәсіби режиссері Жұмат Шаниннің 130 жылдығын атап өтпек. Айтулы күн қарсаңында Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының директоры Қайрат ҚАРҒАБАЕВПЕН сұхбаттасып, өнер ордасының тыныс-тіршілігімен танысудың сәті түсті.

 

Ұлы тұлғаның ұрпақтары келеді

kairat-k— Қайрат Жайлауұлы, театр тарихына көз жүгіртсек, қазақ театр өнерінің көшбасшысы болған Жұмат Шаниннің қаламынан туған «Арқалық батыр», «Шахта» пьесалары

ХХ ғасырдың отызыншы жылдары Шымкент облыстық драма театрында сахналанған. Биыл Жұмат Шаниннің туғанына – 130 жыл. Театр ұжымы қандай жоспар құрып отыр?

—Қазақтың біртуар азаматы Жұмат Шаниннің 130 жылдығына келер болсақ, Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес, тұлғалардың мерейтойларын 100 жылдықтан кейін әр 25 жыл сайын атап өту белгіленген. Бес жыл бұрын Жұмат Шаниннің 125 жылдығы республика көлемінде аталып, Шымкентте арнайы фестиваль ұйымдастырылған болатын. Ал, биыл 130 жылдық мерейтойды театр ұжымы өз күшімізбен, Шымкент қаласының әкімдігі, Мәдениет басқармасының қолдауымен атап өтпекпіз. Қарашаның 3-4 күндері драматург Сая Қасымбектің Жұмат Шанинге арналған «Атжалман ғасыр» тарихи трагедиясының премьерасы жоспарланып отыр. Осы премьера күніне арнайы бағдарлама түзіп, ұлы тұлғаның ұрпақтары — белгілі режиссер Болат Шанин ағамызды, Райхан Шанина мен Жанат Шанина апаларымызды қонақ ретінде қаламызға шақырдық. Сонымен қатар, Қазақстан театр қайраткерлері одағы, Театр сыншылары одағы және Қазақстан театрлары ассоциациясымен байланысып, келіссөздер жүргіздік. Қарашаның 3-і күні Әл-Фараби атындағы ғылыми-әмбебап кітапханада «Театр тарланы — Жұмат Шанин» атты арнайы басқосу ұйымдастырылмақ. Шақырылған қонақтар мен шымкенттік зиялы қауым өкілдері «дөңгелек үстел» басында бас қосады. Сондай-ақ, былтыр ғана орнатылған Жұмат Шаниннің ескерткішінің алдында еске алу жиыны өткізіліп, қонақтарымыз қаланың көрікті жерлерін аралайды, театр фойесіндегі көрмені де тамашалай алады.

— Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевтың Шымкентке сапары барысында сала мамандары мәдениет ұйымдарының, оның ішінде театр ұжымдарының айлығы мардымсыз екенін алға тартты. Сондай-ақ, жасы зейнетке жақындаса да жас мамандармен бірдей жалақы алатын, ешбір мемлекеттік сыйлықты алмаған өнер майталмандары да бар көрінеді. Ол жайында ойыңыз қандай?

— Қуанышты жаңалықпен бөлісе отырайын. Күні кеше, Республика күні мерекесі қарсаңында театр абызы, ҚР Еңбек сіңірген әртісі Сапар Өтемісұлы ағамыз ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды. Ал, ҚР Мәдениет қайраткері Мұқан Шәкіров ағамыз өткен жылы «Шымкент қаласының құрметті азаматы» атанды. Мәдениет майталмандары марапаттан құр алақан емес. Бірқатар мамандарымыз салалық, яғни, Мәдениет министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісін иеленді. Бұл әңгіме жалпылама айтылған болар. Себебі, мемлекеттік сыйлықтар 2-3 жыл бұрын тек Тәуелсіздік күні қарсаңында ғана берілсе, қазір әр тоқсан сайын үздіктеріміз марапатталып жүр. Кешегі ұлттық мерекеде республика көлемінде, яғни, өзге облыстардағы әріптестеріміз де мемлекеттік сыйлық алды. Бұл мәдениет саласына ерекше көңіл бөлініп отырғанына дәлел. Жалақы мәселесі де 20 пайыздан қосылып, кезең-кезеңімен шешіліп келеді. Алдағы уақытта өнер қайраткерлерінің еңбегі жанып, игі іс жалғасын табады деген сенім мол.

 

«Жас көрермендердің көптігі қуантты»

teatr 2

— Репертуар таңдағанда көрермен сұранысын қамтуға тырысасыздар ма? Театрға көрермен тарту мәселесі қалай?

— Өзіңізге белгілі, барлық театрларда Көркемдік кеңес жұмыс істейді. Яғни, драматург, режиссер және әдебиетке, өнерге жақын зиялы қауым өкілдерімен кеңесе отырып, бүгінгі таңда өзекті, ой салар, айтары бар шығармаларды таңдауға тырысамыз. Кеңеске өзіміздің театрдың әдебиет бөлімі бірқатар шығармаларды ұсынады. Ал, қойылымның жанрына келетін болсақ, кәсіби драма театр болғандықтан трагедия, драма, комедия, трагикомедия сынды барлық жанрларды қамтып отырамыз. Әр жыл сайын кішкентай көрермендерімізге де бір қойылым сыйлап, ертегілерді сахналаймыз. Бұйыртса, жыл соңында келесі 2023 жылдың репертуарын талқылайтын боламыз. Иә, арагідік думанды-сазды қойылымдар, мюзиклдер сахналанып жатады. Түрлі жанрларды, түрлі тақырыптарды қамтудың тағы бір пайдасы халықаралық, республикалық театр фестивальдерінде байқалады. Түрлі жанрды қамту театр әртістерінің шеберлігін шыңдап, тәжірибе жинауға мүмкіндік береді. Сыншылардың, театр майталмандарының пікірін тыңдап, бағытымыздың дұрыс-бұрыстығын саралаймыз. Сонымен қатар, театрдың әлеуметтік желілерде ресми парақшалары жұмыс істейді. Театрсүйер қауымның әлеуметтік желіде жазған пікір, ұсыныстары да назарға алынады. Өткен жылы театр репертуарына 6 қойылым қостық. Алайда, биылдан бастап әр тоқсанда бір жаңа қойылым сахналауды қолға алдық.

Көрермен тарту мәселесіне келсек, бір кезеңдерде театрға шақырып, афиша іліп жүріп, көрермендерді келтіре алмайтынбыз. Иә, бұл халықтың сол кезеңдердегі әлеуметтік тұрмысына да қатысты болар. Қазір уақыт та, талғам да өзгерді. Жастардың да көзі — ашық, көкірегі — ояу. Театр кассасына келуге уақыты болмаса, электронды билет алып жатады. Тұрақты, іздеп келетін, түрлі әлеуметтік желідегі хабарландыруларды оқып, танысатын көрермендер де бар. Кейде дәл сол парақшаға «алдағы уақытта мына қойылымды қойсаңыздар» деп ұсыныстарын да жазып жатады. Бірақ, театр көрермендері тек жастар емес. Аға буын, орта буын өкілдері де көп. Оларды хабардар ету үшін әкімшілеріміз жұмыс істейді. Көрермендермен кері байланыс орнатып, пікір алмасу мүмкіндігі туғаны бізді қуантады.

— Өнер саласының ішінде театрдың орны бір төбе. Ал, сіз мәдениет, өнер саласында маманнан бастап, мәдениет басқармасы басшысының орынбасары, театр директоры қызметіне дейін сатылап өскен мамансыз. Бүгінгі қазақ театрларының басты проблемасы қандай?

— Біздің өңірде ғана емес, барлық театрларда шешімін күткен мәселелер бар. Өзімізге келсек, ең әуелі, кадр мәселесін айтар едім. Биыл бізге Астана қаласындағы «Шабыт» ұлттық өнер академиясы мен Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының түлектері келді. Алайда, штаттық мүмкіндікке байланысты қоғамдық негізде, мемлекеттік бағдарламамен ғана жұмысқа алып отырмыз. Екінші, театрлардың материалдық-техникалық базасын жаңарту мәселесі. Иә, қазіргі таңда құрылтайшымыз – қала әкімдігі, басқарма тарапынан қолдаулар бар. Кезең-кезеңімен бұл мәселе де шешімін табар деген сенімдеміз. Үшінші, театрлардағы басты проблеманың бірі — жас режиссерлер мәселесі. Өнерге жаңа леп, жаңашылдық әкелетін осы жас режиссерлер. Себебі, әлемдік өнер сахналарын көріп келген азаматтардың өз үні, өз айтары болары анық. Жаңалыққа жаны құмар жастардың рухани ізденісіне құрметпен қараймын. Олардың алдыңғы буынды қайталауы шарт емес. Бірақ, кешегі алыптар салған сара жолды бұра тартпай, көнеден қалғанды кеңейтіп, одан әрі дамытып отырса дейміз. Мәселен, өткен жылы Мәскеуде білім алып келген жас режиссер Әлібек Өмірбекұлы біздің театрда «Qora Z» қойылымын сахналады. Көрермендер арасында резонанс тудырғаны белгілі. Күні кеше дәл осы азамат Түркістан театрында триптих — «Қарагөз», «Гамлет» пен «Фаусты» сахналады. Осындай ел көрген, жер көрген жас мамандардың жұмыс істеуіне де мүмкіндік берген дұрыс деп есептеймін. Триптихта әр қойылым кемі 1 сағат 10 минуттай уақыт қойылады. Мені қойылымға келген жас көрермендердің көптігі қуантты. Олар театр мәдениетін сақтап, соңына дейін тапжылмай көріп шықты.  

 

«Техникалық мамандарды даярлайтын білім ордалары жоқтың қасы»

— Театрдың көркемдік жетекшісі Бекболат аға Құрманғожаев сұқбатында академиялық театрда кемі 65 әртіс болуы керек екенін айтқан еді. Білуімізше, театрдың бүгінгі актерлік құрамы — 45 адам. Бұл кадр тапшылығының салдары ма, әлде бекітілген штаттың аздығынан ба? Актерлік құрамды көбейту жоспарда бар ма?

— Кадр тапшылығын тек шығармашылық ұжыммен байланыстырған дұрыс емес. Себебі, сахна сыртында бір спектакль үшін қызмет ететін қанша маман бар. Дәл қазіргі уақытта бізде суретші, реквизитор, сахна қызметкері, дыбыс режиссері, жарық беруші, жарық операторы сынды мамандар тапшы. Аталған қызметті атқарып жүрген азаматтардың басым бөлігі сол саланың кәсіби маманы емес. Оған қосымша еңбекақының аздығы да әсер етіп, кейбірі жұмыстан шығып жатыр. Елімізде осындай техникалық мамандарды даярлайтын жоғары оқу орындар жоқтың қасы. Бұл да мәселені қиындатып отыр. Іс-тәжірибе алмасып, қайта даярлайтын орта болмаған соң, бұл шығармашылық ұжымның жұмысына да кері әсерін тигізіп келеді. Мүмкін, уақыт өте келе шығармашылық ұжым кеңейіп те қалар. Оған қоса, қазіргі уақытта зейнет жасына келген аға-әпкелеріміз де қызмет етіп жүр. Келешекте осы аға буынның орнын басатын жас мамандар қажет болатыны анық. Ал, жастардың көпшілігі айлық, баспана мәселесіне байланысты келе бермейді. Бірақ, мүлдем ештеңе жоқ деп, «ауызды қу шөппен сүртуге» де болмайды. Себебі, мүмкіндігінше кадр мәселесін басқармаға айтып, көтеріп келеміз. Ал, жатын орын мәселесіне келсек, театр облыс қарамағында кезде қаладағы мәдениет ұйымдарының мамандары облыстық филармонияның жатақханасына орналасатын. Қазір де екіжақты келісім негізінде біздің 5 әртісіміз отбасымен сол жатақханада тұрады.

— Мамандар кез келген кино актер театрға бейімделе алмауы мүмкін екенін, алайда, күнделікті театр сахнасында піскен маманның әмбебап болатынын айтады. Театр актерлерінің арасынан киноиндустрияға ауысып жатқандар бар ма?

— Театрдан үзілді-кесілді қол үзіп кеткен әртіс жоқ. Олай болуы да мүмкін емес. Бірінші себеп, театр — жан-тәніңмен еңбектенуді талап ететін тірі организм. Еңбекпен жеткен биігін бір күнде тастап кететіндер сирек болар. Оның үстіне кино тұрақты табыс көзі бола алмайды. Кастингтен өтсе немесе шақырту алса, өз әртістерімізді арнайы келісім негізінде жұмыстан уаұытша босатып, түсірілім алаңына жіберіп отырамыз. Алайда, театрдан түбегейлі киноға ауыссам дегендер жоқ. Ал, ертеректе мәдениет ұйымдарының еңбекақысы өте төмен, айлығы шайлығынан артылмаған кезеңде тұрмысты күйттеп, өзге салаға ауысқандар болды. Бірақ, араға жылдар салып, театрға қайта оралып жатты. Әртістеріміздің киноға, телесериалдарға түсуі бізге пайдасын тигізбесе, зияны жоқ. Бірі болмаса, бірінің жұлдызы жанып, елге танылса, ол театрға үлкен жарнама. Көрерменіміз де көбейеді.

 

«Ұсынысымыз елеусіз қалмаса...»

teatr 3

— «Театр репертуарын өткен жылы 6 қойылым қосылды, енді әр тоқсанда бір премьера, жылына 4 спектакль сахналайтын боламыз» деп қалдыңыз. Жыл соңына дейін театрсүйер қауымды қандай қойылыммен қуантасыздар? Жалпы, қойылымдарды қаржыландыру мәселесі қалай шешіліп жатыр?

— Жыл басында Көркемдік кеңеспен ақылдаса отырып, жылына 4 қойылым сахналауға келістік. Қазіргі уақытта мемлекет қаржыландыратын қойылымдардың портал арқылы құжаттарын туралап, оның қажетті заттарын мердігер жеткізіп немесе әзірлеп бергенге дейін уақыт тығыз болып, ол жұмыс сапасына да кері әсерін тигізетін тұстары бар. Сондықтан санға емес, сапаға жұмыс істеу мақсатында осы шешімге келдік. Жыл басынан бері «Медея/Филоктет» трагедиясы, «Өлдік те құрметті болдық» трагикомедиясы мен «Құрық» әлеуметтік драмасын сахналасақ, 3-4 қараша күндері «Атжалман ғасыр» тарихи трагедиясының пре-мьерасы өтпек. Ал, қазір белгілі жас режиссер, актер азаматпен келіссөздер жүргізілуде. Бұйыртса, ол кісі қараша айында келсе, желтоқсанда жоспардағы бір қойылымды ұсынсақ деп отырмыз. Сонымен қатар, жоспардан тыс театрымыздың труппа жетекшісі, режиссер Алмас Шымалиев те әлеуметтік мәселені қаузайтын бір қойылымды дайындап жатыр.

— Яғни, режиссерді өзге өңірден шақырып отырсыздар....

— Иә, бірақ бұл бізде режиссер жоқ деген сөз емес. Театрдың көркемдік жетекшісі, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Бекболат Құрманғожаев, халықаралық Шыңғыс Айтматов атындағы сыйлықтың лауреаты Қуандық Қасым, Мәдениет саласының үздігі Жұмабек Есімов пен Алмас Шымалиев, сондай-ақ, қаладағы өзге театрлардың режиссерлерімен де қоян-қолтық жұмыс істеп келеміз. Алайда, қаржылық мәселелерге қарамастан жаңа леп әкеліп, әрі тәжірибе алмасуда сырттан режиссер шақырудың пайдасы зор. Мәселен, Әлібек Өмірбекұлы «Qora Z» қойылымын сахналаған кезде екі айдай Шымкентте болып, ұжыммен етене жақын жұмыс істеді. Сол кезде репетицияларға қатысып, жұмыс істеу әдісін қарап жүрдім. Көптеген туындылары әлемде сахналанып жүрген атақты Мәскеуде ілім алған ол өзінің көргенімен, білгенімен бөлісіп, әртістердің шыңдалуына сеп болды. Сондай-ақ, әртістер гастрольдік сапарларда, фестивальдерде де тәжірибе алмасады. Жуырда Хадиша Бөкееваның 105 жылдығына орай Батыс Қазақстан облыстық драма театрында елімізде тұңғыш рет республикалық моноспектакльдер фестивалі өтті. Байқауға 10 өнер ұжымы қатысты. Алғаш рет ұйымдастырылып отырғандықтан жүлделі орындар белгіленбей, 5 номинация бойынша марапатталды. Театр актрисасы Бақытгүл Қожамұратова «Медея» трагедиясындағы рөлі үшін «Ең үздік әйел бейнесі» номинациясын иеленді. Фестивальдің ең тиімді тұсы, күніне 3 қойылым сахналанса, әр спектакльден соң мамандар ашық талқылау өткізеді. Театр сыншылары, драматургтердің пікірі, ұсынысын тыңдай отырып, шыңдаламыз, тәжірибе алмасамыз, қорытынды шығарамыз. Шымкентке Мұхтар Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театры келген кезде де шеберлік сағаттары өтіп, шығармашылық топ тәжірибе алмасты. Ал, қазіргі уақытта бізге дыбыс режиссері, жарық операторы мен гримдеушінің жұмысын ширату қажет.

— Бұл мәселені қалай шешуге болады?

— Арнайы біліктілік арттыру курстарына жіберіп алсақ та болар еді. Алайда, барлық мәселе қаржыға, маман тапшылығына келіп тіреледі. Бұл мәселеге қатысты қала басшылығына Шымкент қаласы мегаполис атанғалы республикалық деңгейде алғаш рет театр фестивалін ұйымдастыруды ұсынып отырмыз. Келер жылы Жұмат Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры 90-маусымын қарсы алмақ. Қаламыздағы 6 театрдың үшеуінің материалдық-техникалық базасы фестиваль өткізуге қолайлы. Осы мүмкіндіктерді пайдалана отырып, республикалық театр фестивалін ұйымдастырсақ деген ұсынысымызды жеткіздік. Сондай-ақ, фестиваль аясында режиссер, әртістермен қатар, дыбыс режиссері, жарық операторы, гримдеушілерге арналған шеберлік сағаттарын ұйымдастырып, сала-сала бойынша қамтысақ деген ойымыз бар. Ұсынысымыз елеусіз қалмаса дейміз.

— Әңгімеңізге рақмет.

 

Сұхбаттасқан
Замира АЛДАБЕРГЕНОВА

Балғындардың ғұмырын нұрландырған

Пятница, 28 Октябрь 2022 05:45

baldyrgandardyn 1

Ширек ғасырға жуық бір білім ордасында ұстаздық етіп, ұлт үшін ұтымды іспен шұғылданып жүрген ерекше маманмен танысудың сәті түсті. Ол — Шымкенттегі Көру қабілеті бұзылған балаларға арналған «Үміт» мектеп-интернатының мұғалімі Анаргүл Назарова. Ерекше балаларды еңбекке баулып, кеңістікті бағдарлап, әлеуметтік тұрмысқа бейімдеудегі оның еңбегі орасан.

Анаргүл Көмекқызы 1990-1995 жылдар аралығында Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде «жалпы техникалық пәндер мұғалімі» мамандығы бойынша оқып, диплом алған. Сөйтіп, 1996-1998 жылдар арлығында «Үміт» мектеп-интернатында тәрбиеші қызметін атқарыпты. Ал, 1998 жылдан бері бала тәрбиесіне барын салып жүрген ұлағатты ұстаз.

— Ұстаздық жолын таңдауда Қазақстанға еңбегі сіңген ұстаз, әкем Көмек Назарұлының ықпалы зор. «Қызым, өзіңе де, қоғамға да пайдалы, құрметті мамандық. Қолыңнан келгенді қыздарға үйретесің» деп отыратын. Әкемнің ұстаздық жолын таңдауыма себепкер болғанына ризамын. «Үміт» мектеп-интернатында сыныптарды балалардың қабілет-мүмкіндігіне қарай екіге бөліп оқытамыз. Олардың бірі — нашар көретін, екіншісі зағип жандарға арналған Брайль сыныбы. Әр сыныптағы балаларды оқытудың өз әдісі бар. Мәселен, әлсіз көретін оқушыларғы орта мектеп бағдарламасын жеңілдетіп, бірнеше дәріске кеңейтіп оқытамыз. Ал, Брайль сыныбындағы оқушыларымызға сурет салуды үйрету үшін, ең әуелі, бейнелейтін заттың пішінін қатты картоннан кесіп дайындаймыз. Олар қолымен ұстап сезіну арқылы қағазға арнайы пластмасса тоқыма инесімен нүктелеп, бедерлейді. Балаларға бастауыш сыныптарда әріптерді қалай үйретсек, айналадағы заттар мен құбылыстарды да солай танытып, үйретеміз. Мұнда тактильді кітаптардың маңызы зор, - дейді А.Назарова.

baldyrgandardyn 3Балаларға пішіндерді жұмсақ, қатты заттардан дайындап, сипаттап келген Анаргүл Көмекқызы осыдан 2 жыл бұрын алғаш рет тактильді кітап тігіпті.

— Әріптесім, бастауыш сынып мұғалімі Гүлнар Рахымжанова 2 жыл бұрын Қарағанды қаласында ұйымдастырылып жатқан республикалық онлайн байқауға қатысатынын айтты. «Көркем еңбек» пәнінің мұғалімі болған соң, тактильді кітапты бірлесіп жасауға ұсыныс білдірді. Берілген тақырып бойынша барымызды салып, дер кезінде жұмысты байқауға беріп жібердік. Сөйтіп, жұмысымыз республикада 3-орын иеленді. Осыдан соң мамандармен келісе отырып, тактильді кітап тігуді қолға алдым, - дейді ол.

Мамандардың айтуынша, тактильді кітап арқылы бала айналадағы заттарды танып-білуі керек. Яғни, кітапқа тігілетін әрбір зат шынайы өмірдегі сипатына сай, тек көлемі ғана бірнеше есе кішірейтіліп беріледі екен. Сондай-ақ, арнайы кітапшадағы бұйымдар қолға ұстап, сезіне алатындай бедерлі болады. Бірақ, үшкір және өткір заттарды қолдануға тыйым салынған.

— Тактильді кітап тіккенде белгілі ережелерді сай етіп дайындаймыз. Мәселен, жан-жануарлар әлеміне саяхат топтамасы делік. Кітаптың басында жылқы қалай бейнеленсе, соңына дейін сол пішінін жоғалтпауы керек. Сонымен қатар, әр заттың шынайы өмірдегі бұйымның нақты, кішірейтілген көшірмесі болуы шарт. Себебі, туабітті көз жанарынан айырылған балалар үшін бұл өте маңызды. Өткір, үшкір заттарды қолдануға тыйым салынған. Яғни, олар сипап, заттың пішінін сезінген кезде қолын жарақаттап алмауы керек. Әрбір оқушының қолы көздің қызметін қоса атқарады. Қарапайым адамдарға қарағанда олардың саусақтарының сезімталдығы ерекше дамыған. Тактильді кітаптың ерекшелігі де сол, бала кеңістікті танып қана қоймайды. Оның әр түймешені шешіп, қайта қадағанда дәлдік түйсігі, қолының моторикасы дамиды. Тіптен, осы әдіспен дәстүрлі қаріптерді де таниды, - дейді кейіпкеріміз.

baldyrgandardyn 2Анаргүл Назарова 2 жыл ішінде 30-ға жуық тактильді кітап тігіпті. Оның бірқатарын әріптестері дәріс барысында қолданып жүр екен. Сондай-ақ, қаладағы көзі әлсіз көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханаға да тапсырыспен 4 кітап дайындапты. Мектепішілік тифлосеминарда дәстүрлі емес заттардан тактильді бұйымдар көрмесін ұйымдастырса, 13 қазанда Ақтөбе қаласында өткен республикалық «Ерекше кітаптар» байқауында 2-орын иеленіп, жүлдеге тігін машинасын алыпты. Еңбегі еленіп, республика мамандарының арасында жетістікке жетіп жүрген ұстаз әлі де ізденіп, балаларға пайдалы дүние үйретсем деген ниетінен айныған емес.

— Мектебімізде «Әлеуметтік тұрмысқа бейімдеу», «Кеңістікті бағдарлау» сынды дәрістер де бар. Мен жұмысқа орналасқан жылдары балаларды ертіп, жетектеп жүруге тырысатынмын. Сонда «Үміт» мектебінің сол жылдардағы директоры Биғайша Нұғазинова апайымыз «балаларды жетектегеннен гөрі, бағдар беріп, кеңістікті сезінуді үйретіңдер. Өмір бойы қасында жүре алмайсыңдар. Өздері бейімделсін» деп үйрететін. Ұзақ жылдар оқу ісі жөніндегі директор орынбасары қызметін атқарған марқұм Рахима Досалықызы түрлі методикаларды енгізіп, бейімдеудің жолдарын меңгертті. Қазіргі мектеп директоры Зүлфия Сәлім қалаға қосылған шалғай ауылдардағы зағип жандардың да сауат ашып, қоғамға бейімделуіне атсалысып жүр. Мәселен, оқушыларды сыныпқа әкелген соң, орнына жайғастыру үшін алға екі қадам, оңға 3 қадам деген сияқты сипаттап, кеңістікті бағдарлауына мүмкіндік жасаймыз. Ал, тұрмысқа бейімдеп, ас-су дайындау кезінде тағамдарды иіспен ажыратып, дәмдеуіштерді қалай қосуға дейін айтамыз, - дейді Анаргүл Көмекқызы.

baldyrgandardyn 5Сізге өтірік, бізге шын. Анаргүл Көмекқызының Брайль сыныбында оқыған (зағип) түлектерінің бірі моншақтан түрлі бұйымдар жасап, енді бірі ЖОО-да білім алып жүр.

— Алғашқыда туабітті көз жанарынан айырылған балалармен жұмыс қиындық туғызатын. Әсіресе, тоқыма жұмыстары кезінде қиналатын. Саусақтарының ептілігін дамыту үшін алғашқыда қағаздан таяқшалар жасап, себет, гүл дестелерін салатын велосипед тоқыдық. Кейіннен балалардың қызығушылығын байқаған соң, моншақ бұйымдармен жұмыс істеуді қолға алдық. Оқушының оң жағына бір түсті, сол жағына екінші түсті моншақ тастарын қойып, өзім арқа тұсынан келіп, оның екі қолымен жұмыс істеу арқылы жіпті ұстауды, оған моншақты өткізу әдістерін үйреттім. Ішіндегі қағылез, қабілетті 2-3 оқушы үйренген соң, олар өзге балаларға түсіндіруге көмектесіп жүрді. Айшабибі Жұмабай, Аружан Серікбай есімді түлектеріміз әлі күнге өзімізбен байланысып, моншақтан түрлі бұйымдар тоқиды. Қолөнер бұйымдарын жәрмеңкеге де шығарып береміз. Ал, Диана Құралова, Дана Мырзабек есімді түлектеріміз ОҚМПУ-де логопед мамандығында оқып жүр. Біз әрбір оқушымыздың жетістігін мақтан тұтамыз, - дейді А.Назарова.

Иә, ұлағатты ұстаз деген қасиетті ұғым — өзі білгенін өзгеге үйретуден жалықпайтын ізденімпаз педагогқа лайық есім. Өзіне берілген міндетті өмірлік миссиясына айналдырып, үндемей жүріп ұлт үшін пайдасы зор іс тындырып, әр шәкірті үшін сапалы білім беруді мақсат ететін әрбір ұйымының өз Анаргүлі қашанда ерекше құрметке лайық.

ӨНЕГЕМЕН ӨРІЛГЕН ҒҰМЫР

Пятница, 21 Октябрь 2022 05:00

Шымкентте мемлекет және қоғам қайраткері, халқымыздың біртуар ұлдарының бірі Асанбай Асқаровтың 100 жылдығы аталып өтті. Айтулы жиын оның ескерткішіне гүл қою рәсімінен басталды. Асанбай Асқаровтың көзін көрген ел азаматтары мен ізбасарлары, зиялы қауым өкілдері жиналған кездесуді Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан ашты.

608

Көрме орталығында ерекше қажеттілігі бар балалар мен жасөспірімдерді қолдау мақсатында «Кездесуге қадам» күзгі шығармашылық фестивалі өтті. Дарынды жандардың ерекше өнерін паш еткен фестивальге Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан қатысып, ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

600

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Шымкент қаласына келіп, «Тең қоғам» әлеуметтік қорғау орталығында мүмкіндігі шектеулі азаматтармен және ҮЕҰ жетекшілерімен кездесті. Министр халықтың алдында бір жарым сағатқа жуық уақыт тік тұрып, азаматтардың сауалдарына жауап берді. Жиын барысында әлеуметтік саладағы қордаланған проблемалар қозғалып, оның шешілу жолдары баяндалды.

503

Енді тәрбиешілердің жалақысы көбейіп, жүктемесі азаяды. Ал, мектеп директорлары әр 7 жыл сайын ротация негізінде ауыспақ. Білім берудегі тың жаңалықтың бірі — кәсіптік және техникалық білім беру ұйымдарына академиялық дербестік беріліп отыр. Бұл жөнінде ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов Шымкент қаласында білім беру саласының өкілдерімен өткен кездесу барысында мәлімдеді.

362

ҮЗДІКТЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Среда, 12 Октябрь 2022 05:44

Жуырда жедел медициналық жәрдем қызметі бригадаларының республикалық спартакиадасы өтіп, Шымкент қаласының командасы жеңімпаз атанған болатын. Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Н.Асылбеков үздіктерге құрмет көрсетті.

417

Страница 7 из 21