Хантәңірінің мұзбалағы

Среда, 10 Февраль 2021 03:56

Кеше, 9 ақпанда қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, «күпі киген қазақтың қара өлеңін шекпен жауып өзіне қайтарған» қара өлеңнің хас шебері, теңіздің асау толқынындай екпінді, адуын ағысты ақын Мұқағали Мақатаевтың туғанына 90 жыл толды.

74

Саяның сырлы һәм нұрлы әлемі

Среда, 20 Январь 2021 03:16

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы осымен 15 жыл қатарынан ұйымдастырып келе жатқан «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы биыл Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығымен орайлас түсіп отыр. Сондықтан әдебиеттің поэзия, проза, драматургия, балалар әдебиеті және аударма жанрлары бойынша «Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына – 30 кітап» акциясында таңдалған кітаптар республиканың түкпір-түкпіріндегі кітапханаларда кеңінен насихатталады. Сол таңдаулы 30 кітаптың авторлары қатарында жерлесіміз, Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры әдебиет бөлімінің меңгерушісі, белгілі драматург Сая Қасымбектің «Жанталас» пьесалар жинағы да бар.

550

0f4df3a93d5988cf99e47196a261be8e original.44869

Еліміздегі аса маңызды саяси науқан, 2021 жылдың 10 қаңтарында өтетін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарының сайлауына дайындық қызу жүріп жатыр. Бұл сайлаудың бұрынғы сайлаулардан ерекшеліктері мен айырмашылығы, сайлаушылардың сайлауға қатысу тәртібі және басқа мәселелер жөнінде Шымкент қаласы, Әл-Фараби аумақтық аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Мелдебек ӘДІЛБАЕВПЕН сұхбаттасқан едік.

– Алдағы сайлаудың бұрынғы өтіп жүрген сайлаулармен салыстырғанда айтарлықтай ерекшеліктері бар. Олардың біріншісі – саяси тұрғыда болса, екіншісі – бүгінгі күнге әлемді жайлап тұрған пандемияға байланысты, ал үшіншісі – сайлауды дайындауға, ұйымдастыруға және сайлауға қатысушыларға тікелей байланысты. Енді осы ерекшеліктердің әрқайсысына жеке тоқталар болсақ, бұрынғы сайлауларда Қазақстан Республикасы Президенттігіне, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттығына үміткерлердің тізімдері алдын ала жарияланып, сайлаушылар соның ішінен өз қалаулыларына дауыс беретін. Ол сайлау өткізудің мажоритарлық жүйесі. Ал, енді Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарының сайлауын партиялық тізіммен өткізу туралы талаптарының 2019 жылдың 1 қаңтарынан заң күшіне енуіне байланысты, бұдан былай Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттарынан басқа депуттаттыққа үміткерлерлерді тек саяси партиялар іріктеп, өз кандидаттарының тізімін ұсынатын болады және олардың атынан сайлауға саяси партиялар түседі. Сайлаушылар өз дауыстарын жеке кандидаттарға емес, саяси партияларға береді. Әр саяси партия өздерінің сайлауда жинаған дауыстарына сәйкес депутаттық мандатқа ие болады. Бұл сайлау өткізудің пропорционалдық жүйесі деп аталады. 2021 жылдың 10 қаңтарында өтетін сайлау осы пропорционалдық тәсілмен өтеді. Бұл алдағы сайлаудың бірінші негізгі ерекшелігі.
Екінші мәселеге байланысты – сайлау барысында, әсіресе дауыс беру үй – жайында эпидемияға қарсы қатаң санитарлық шаралар көру қарастырылатын болады. Оның ішінде, сайлаушылардың сайлау учаскесіне медициналық маскамен келулері, дауыс беру бюллетенін аларда жеке куәліктерін комиссия мүшелерінің қолдарына бермей, құжаттағы деректерді оқу мүмкіндігі бар қашықтықтан көрсету және маскасын бір сәтке иегінен төмен түсіріп, өзін құжаттағы суретпен салыстыруға мүмкіндік беру талап етіледі.
Сайлау процесінің қатысушыларын – сенім білдірілген өкілдерді, байқаушыларды, отандық және шет елдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін дауыс беру үй-жайында араларын мүмкіндігінше 1, 5 - 2 метр қашықтықта орналастыру қарастырылған.
Сайлаушылардың кедергісіз дер кезінде дауыс беруін қамтамасыз ету үшін ескеретін бір жәйт, ол - азаматтардың өздерінің сайлаушылар тізімінде бар-жоғын алдын ала тексеріп алғандары дұрыс болар еді. Өйткені, Шымкент қаласы бойынша 617 мыңнан астам дауыс беру қабілеті бар азаматтар тіркеліп, орташа есеппен әр ауданға -154 мың сайлаушыдан келіп отыр. Қала халқының өздерін сайлаушылар тізімінен тексеруін жеңілдету мақсатында әр ауданда Call-орталықтар іске қосылған. Олардың сымтетіктері мыналар: Абай – 39-02-00, Әл-Фараби - 39 - 02 – 01, Еңбекші - 39-01-96, Қаратау – 77-46-06, 77-56-27. Осы орталықтарға телефон арқылы хабарласып, өздерінің сайлаушылар тізімінде бар-жоғын, қай сайлау учаскесінде дауыс беруін анықтау үшін жеке сәйкестендіру номерлерін (ЖСН) операторларға хабарласа жеткілікті.
Ал, сайлаушыларымыздың алдын ала сайлау учаскесіне бару немесе телефон арқылы хабарласу сәті түспей, сайлау күні сайлаушылар тізімінен өзі туралы мәліметті таппаған жағдайда, учаскелік сайлау комиссиясының төрағасына (төрайымына) жүгінуі тиіс. Сайлаушы Шымкент қаласынан тысқары жерде тіркеуде болған жағдайда, ол дауыс беруге жіберілмейді. Өйткені, сайлаушылар тізімі тек тіркеу негізінде жасақталады. Әркім өзі тіркелген тұрақты мекен-жайында дауыс беруі тиіс.
Осы сайлаушылар тізіміне тікелей қатысты тағы бір ерекшелік – жоғарыда аталған Конституциялық заң талаптарына сай, бұдан бұрынғы сайлауларда сайлаушылар тізімі көпшілік қауымның кедергісіз танысуы үшін қол жетімді жерге іліп қойылуы қажет еді. Алайда, онда тізімдегі азаматтардың барлығының жеке сәйкестендіру номерлері көрсетілген. Көп адамның ЖСН-не қолжетімділік теріс пиғылдылардың осы деректерді пайдаланып, алаяқтық немесе басқа да қылмыстар жасауына мүмкіндік береді. Сол себепті, қазіргі талап – адамдардың жеке құпиясы болып табылатын мәліметтерді - сайлаушылар тізімін әлдекімдердің заңсыз әрекеттерге пайдалануына жол бермеу. Сайлаушылар тізімі сайлау учаскесінде дестеленген күйінде болады. Келгендерге өзі туралы дерек осы қолдағы тізімнен немесе компьютерден көрсетілетін болады.

– Мелдебек Мырзаұлы, жанұяның бір мүшесі үйдегі басқа туыстары үшін дауыс беру мүмкін бе, сайлаушы өзінің тұрғылықты жерінде дауыс беру мүмкіндігі болмаған жағдайда не істеуге болады?

– Бір жанұяда қанша сайлаушы болуына қарамай, әр сайлаушы өзі дауыс беруі тиіс. Сайлауда дауыс құқығын басқа біреуге беруге немесе басқа адам үшін дауыс беруге жол берілмейді. Бюллетеньдер сайлаушыларға сайлаушылар тізіміне сай сайлаушының жеке басын куәландыратын құжаты негізінде беріледі. Сайлаушы тізімге бюллетеньді алғаны туралы қол қояды. Комиссияның бюллетеньді берген мүшесі оған өзінің қолын қояды және бюллетеньді алған сайлаушының тізімдегі тегінің тұсына қол қояды. Бюллетеньдер жасырын дауыс беру кабиналарында толтырылады. Оларды толтыру кезінде дауыс берушіден басқа кімнің де болмасын кабинаға кіріп тұруына тыйым салынады. Бұл әңгіменің қысқаша тұжырымы: – бір адам – бір куәлік – бір бюллетень – бір дауыс.
Бюллетеньді өзі толтыру мүмкіндігі жоқ сайлаушы өзі сенетін адамның көмегін пайдалануға хақылы, көмек көрсеткен азаматтың аты-жөні дауыс бергеннен кейін сайлаушылардың тізіміне тіркеліп, тұсына қол қояды. Осыған байланысты оқырманның ерекше назарын аударар жағдай – ол сайлау комиссиясы мүшелерінің, жергілікті өкілді немесе атқарушы, органның лауазымды адамдарының, кандидиттардың сенім білдірген адамдарының, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілі – журналистердің, байқаушылардың сайлаушыға көмектесу құқығы жоқ. Сайлаушы өзі дауыс беретін кандидат тегінің оң жағындағы бос шаршының ішіне кез келген белгі соғады. Бюллетеньге қарындашпен белгі қоюға, қандай да болмасын түзету енгізуге жол берілмейді. Белгіленбеген үлгідегі, тиісті сайлау комиссиясы мүшесінің қолы қойылмаған, бір кандидаттан артық белгіленген, белгі қарындашпен қойылған, түзету немесе өзгеде бұрмалау іздері бар, сайлаушылардың ерік білдіруін анықтау мүмкін емес бюллетеньдер жарамсыз деп танылады. Жарамсыз бюллетеньдер дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың бюллетеньдері қатарынан алып тасталады.
Жекелеген сайлаушылар денсаулық жағдайына, отбасының сырқат мүшесіне күтім жасауына байланысты дауыс беруге келе алмауы мүмкін. Бұл жағдайда жергілікті уақыт бойынша сағат он екіден кешіктірілмей берілетін жазбаша өтінішіне сай осы сайлаушылардың тұрған жерінде дауыс беру ұйымдастырылады. Ал сайлаушыға өзінің тіркелген орны бойынша дауыс беру мүмкіндігі болмаған жағдайда оған есептен шығару куәлігі беріледі. Осы жерде сайлаушыларға қатаң ескерте кетер жағдайлардың бірі –есептен шығару куәлігі бір елді мекеннің шегіндегі басқа сайлау учаскесінде дауыс беруге қатысу үшін берілмейді. Шымкент қаласы негізінде мысал келтірер болсақ, қалада пәтер жалдап тұрушылар көп. Бірақ, олар өздерінің қала шеңберіндегі тұрғылықты жерінде тіркеуде. Ол азаматтар тек тұрғылықты жері бойынша сайлаушылар тізіміне енгізілуге жатады және пәтерде тұрған мекенжайы бойынша дауыс беруіне жол берілмейді.
Жатақханаларда тұратын орта арнаулы және жоғары оқу орындарында, жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің кәсіптік оқу бағдарламалары бойынша күндіз оқитындар сайлаушылардың тізіміне жатақхананың орналасқан жері бойынша енгізіледі. Сайлау студенттердің жазғы немесе қысқы демалыс кезеңіне сай келген және өздерінің тұрақты мекенжайында тіркеуде болған жағдайда олар өздерінің тұрғылықты мекенжайларында дауыс берулері тиіс. Ал өздерінің тұрақты мекенжайында тіркеуде болмаған немесе демалысты басқа жерде өткізген жағдайда олар есептен шығару куәлігін алып, өздері болған жерде сайлаушылар тізіміне енгізілулері керек. Демалыс үйлерінде, санаторийлерде, тұрақты емдеу-профилактикалық мекемелерінде жабық сайлау учаскелері құрылуы мүмкін. Ол сайлау учаскелерінде тек сол жерде демалушылар мен емделушілер ғана дауыс береді. Олар тұрғылықты жеріндегі сайлаушылар тізімінен шығарылуға жатады.

– Сайлаушыларға сайлауға шақыру хаттары беріле ме?

– Конституциялық заңның 18 бабына сай сайлау комиссияларының, соның ішінде, қалың бұқарамен тікелей байланыстағы учаскелік сайлау комиссияларының міндеттеріне учаскелік комиссияның орналасқан жері, дауыс беру күні, уақыты туралы сайлаушыларды хабардар ету кіреді. Алайда, бұл шақыру хатын тарату деген сөз емес. Сайлау заңнамасындағы соңғы өзгерістерге сай, үйді - үй шақыру қағазын беру жөнінде айтылмаған. Ол түсінікті мәселе. Ондағы негізгі пікір, сайлау комиссиясы мүшелерін үй аралаудан босату, байланыс технологиясының соңғы мүмкіндіктерін пайдаланып, сайлаушыларды техникалық жолдармен хабарландыру ойластырылған болатын. Алайда, Шымкент қалалық аумақтық сайлау комиссиясы бұдан бұрынғы өткен сайлаулардағы арыз-шағымдар мен наразылықтарды саралай келе, сайлауға шақыру хаттарын тарату орынды деген қорытындыға келіп, қаладағы сайлаушылар санына сәйкес екі түрлі шақыру хаттарына тапсырыс берілген. Олардың бірінің көлемі үлкен болып, ол үлкен сауда орындарына, қоғамдық көлік ішіне, басқа да халықтың көп шоғырланған жерлеріне ілінетін болады. Ал, екіншісінің көлемі шағын болып, ол тұрғындардың мекен- жайына жеткізілетін болады. Учаскелік сайлау комиссиялары мүшелерінің санының аздығына байланысты, ол шақыру хаттарын сайлаушыларға қолма-қол жеткізу мүмкіндігі бола бермейді. Сондықтан, қала тұрғындарынан өтінеріміз сайлауға қатысуда әркім өзінің азаматтық позициясын көрсетуін сұраймыз.

– Қазіргі кезде сайлауға байланысты халықаралық деңгейде ерекше көңіл бөлініп жатқан мәселе - ол мүмкіндігі шектеулі жандардың дауыс беруі. Осы тұрғыдан қандай қадамдар жасалуда?

– Дұрыс айтасыз. Қазақстан Республикасының мүмкіндігі шектеулі жандардың сайлау құқығын қамтамасыз ету туралы бірнеше халықаралық Конвенцияларға мүше болып, бірқатар келісім-шарттарға қол қоюына, осы тұрғыдан өзіне әлем жұртшылығы алдында міндеттемелер алуына байланысты олардың сайлау құқығын қамтамасыз ету мәселесіне қатаң назар аударылуда. Барлық сайлау учаскелерінде олардың дауыс беру мүмкіндігін жеңілдететін арнайы бұрыштар ұйымдастырылуда. Тек Әл-Фараби ауданында ғана емес, бүкіл қала бойынша барлық сайлау учаскелерінде тактилді жолдар мен пандустар толық орнатылған. Ол жерде көру қабілеті төмен жандарға арналып мониторының диагоналдық өлшемі 54 сантиметрден кем болмайтын компьютер, ұлғайтқыш шыны (лупа), брайль қарпімен оқу құрылғысы, үстел шамы, есіту мүмкіндігі төмендерге құлаққап, арбамен кіруге арналған, өзгелерімен салыстырғанда ені 40 сантиметрге артық арнайы кабина қойылған. Қорыта айтқанда осы топтағы азаматтардың өздерінің сайлау құқықтарын пайдалануына толық жағдай жасалады.

– Тағы бір сұрақ. Сайлаушы жеке куәлігін жоғалтқан жағдайда сайлауда дауыс беруге жіберіле ме? Қазір жаңағы өзіңіз айтқан технология заманы, егер жоғалтқан жеке куәлігінің ұялы телефондағы суретімен келгендерге сайлауда дауыс беруге рұқсат етіле ме?

– Жоғарыда аталған Конституциялық заңда сайлауда дауыс беруге тек жеке басын куәландыратын құжат негізінде рұқсат етілетіні туралы тікелей көрсетілген.
Қазақстан Республикасының 2013 жылғы 29 қаңтардағы «Жеке басты куәландыратын құжаттар туралы» Заңының 6 бабында жеке басты куәландыратын құжаттар тізімі берілген. Сол тізімге сай, Қазақстан Республикасы азаматының жеке басын куәландыратын құжаттарға Қазақстан Республикасы азаматының паспорты, Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі, Қазақстан Республикасының дипломатиялық паспорты, Қазақстан Республикасының қызметтік паспорты, Қазақстан Республикасы теңізшісінің жеке куәлігі, туу туралы куәлік жатады.
Алайда, осы заңның 18 бабына сәйкес, туу туралы куәлік жоғарыда аталған құжаттардың бірін алғанға дейін жеке тұлғаның жеке басын куәландыратын құжат болып табылады. Заңның осы қағидасының мағынасына сай, туу туралы куәлік сайлауда дауыс беру үшін жеке басты куәландыратын құжат болып табылмайды.

– Сұхбатыңызға рақмет!

5

Шымкентте коронавирус жайлы мәліметтерді жинақтайтын www.covid19shymkent.kz, ақпараттық порталы жұмысын бастады. Бұл бағдарлама мемлекеттік органдарға туындаған проблемаларға жедел назар аударуға, ал тұрғындарға COVID-19 туралы ақпарат алып отыруға мүмкіндік береді.

Қазақстанда баламасы жоқ бұл сайтты U:projects қоғамдық бірлестігінің жас бағдарламашылары жасап шығарды. Олар ұсынған жобаны Шымкент қаласының әкімі бірден қолдады.
– Біз сайтты тестілеуді табысты аяқтап, оны іске қосудамыз. Орталықтандырылған ақпараттық портал Шымкенттегі эпидемиологиялық ахуалдың барлық индикаторлары мен детальдарын көрсетіп отыратын негізгі платформа болады. Жоба үш кезеңнен тұрады. Оның екеуінен өттік. Бірінші кезеңінде жас IT мамандары - Ержан Сонар, Дінмухаммет Жолдыбай, Артем Федоскин и Ильяс Бектас қаламыздағы КВИ туралы талдау мәліметтерін жинақтап, өңдеуді автоматтандыру үшін бағдарлама құрды. Бұған дейін жергілікті денсаулық сақтау және цифрландыру басқармаларының мамандары барлық аурухана, емханалардан, поризорлық орталықтардан қанша бос төсек орын бары, емдеу мекемелеріне қанша науқас коронавируспен, пневмониямен, ОРВИмен түскені, ИВЛ аппаратының, кислород баллондарының, т.б қайсы мекемеде жетіспейтіні туралы ақпараттарды жинады. Әкімге бұл туралы барлық есеп Exсel форматында ұсынылады.
Біз пандемиямен күреске өз үлесімізді қосуды ұйғарып, арнайы сайтты тегін жасадық. Бұл биліктің жұмысын жеңілдетеді, ал тұрғындардың ауқымды ақпараттар алып отыруына көмектеседі.
Біз КВИ туралы мәліметтерді жинақтау процесін мейлінше жеңілдетуді әрі автоматтандыруды ұйғардық. Бұл адами факторды болдырмайды. Мұнда проблемаға назар аударуда әрбір цифр мен істің нақтылығы маңызды.
Бұл қалай жұмыс істейді? Бұл — екінші кезеңнің мәселесі. Ауруханалардағы барлық кезекші дәрігерлер мамандардың қатысуынсыз-ақ сайт арқылы ыңғайлы формада есептерін бере береді. Олар бар болғаны он көрсеткіш бойынша цифрларды ұсынады. Бағдарлама қала басшысына жылдық есепті өзі-ақ беріп тұрады.
Бұл туралы U:projects жобасының негізін салған Тохтар
ӘЛІМБЕКОВ былай дейді:
– Сайтта тұрғындар мен қала басшысына статистикалық мәлімет бөлек жарияланады. Тұрғындар ауруханалар мен провизорлық орталықтардың қайсысында бос орын бар екендігін біліп отырады және бұл цифрлар автоматты түрде жаңарып тұрады. Мәселен, 6-шы емхананың кезекші дәрігері бүгін сегіз төсек орынның босағанын көрсетеді, осылайша адамдар қай ауруханаға барып жатуға болатынын біліп отырады. Сайттан түрлі нұсқаулықтар мен пандемия кезінде ұстанатын ережелерді, мамандардың кеңесін таба алады.
Пандемия кезінде дүрбелең мен түрлі фейк туындамас үшін мәліметтерді бір орталықтан беру өте маңызды. Тұрғындардың жағдайды біліп, түсініп отырғаны, олардың нақты деректерді көріп, сабырлылық сақтағаны маңызды. Себебі соңғы күндері қалада түрлі дүрбелең жағдайлар туындағаны жасырын емес.
U:projects билікке осындай проблемаларды жедел шешуге көмектеседі. Дегенмен біздің әрекетіміз кейбіреулерге басқаша әсер еткенін де мойындаймыз. Мұндай сенімсіздік біздің серіктестеріміз--жас IT мамандарының бізге қосылуына кедергі келтіреді. Ал біз шығындарымызға ешқандай қаржы талап етпей-ақ көмектескіміз келеді. Шымкенттің әкімі бізге сенім артып, қалаға көмектесуге мүмкіндік берді. Егер жаңа ақпараттық жүйе сәттілігін танытса, біз оны басқа қалалармен бөлісуге дайынбыз.
Жаңа порталдың артықшылығы сонда, ол big data жүйесімен жұмыс істейді. Бұл нақты міндеттер мен тапсырмалар үшін пайдалануға қажетті инструменттер, мәліметтерді талдау әдістері және оны пайдалану мүмкіндігі. Дәл осы big data пандемиямен күреске пайдалануға қажет және COVID-19 жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.

 

Шымкент десе...

Пятница, 19 Июнь 2020 04:18

BCK 8354

Еліміздің қай жері де қастерлі, қайсы аймағы да елімен, жұртымен, ұлттық ұстанымдарға беріктігімен, салт-дәстүр ерекшелігімен ардақты. Солай десек те Шымкенттің жөні бөлек, Шымкенттің айдары, айбары ерек.

Шымкент десе, қаймағы бұзылмаған қазақы қалың елдің еңселі жұрты мәртебеңді биіктетеді.
Шымкент десе, қазақтың дәріпті салт-дәстүрлерін ұрпаққа өнеге етіп келе жатқан дәстүрлі жолы бар бекзат мекен алдыңнан шығады.
Шымкент десе, ұлттың уығын бекітетін ұрпақты көбейтіп жатқан алтын құрсақты асыл аналарымен ардақты елді мақтан тұтқың келеді.
Шымкент десе, қара жерді гүл еткен, берекелі даласын маңдай терімен түлеткен, егісіне алуан өнімін жайқалтып еккен еңбекқор да бейнетқор адамдар көз
алдыңа келеді.
Шымкент десе, тарих пен шежіре тұнған, мәдениеті мен рухани тіршілігі тұтас бір энциклопедиялық құндылықты құрған, Ескі қаланың орнына жаңа, көркейген, көрікті шаһар тұрған мерейлі мегаполиспен қауышатыныңыз анық.
Шымкент десе, қонақжай, жаны жомарт, мейманға мәрт, көкірегінен Күн күлген, мейірімді де қайырымды тұрғындар өмір сүретін көңілі салқар, жері шалқар шаһар қарсы алады.
Шымкент десе, жақсыны жатсынбайтын, келгендерді көпсінбейтін, іргесіне көрші қонса, ығысып орын беретін, алысты жақындататын, барша жұртты бауырына басатын, 100-ден астам ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астына топтастырған, әлеуетті де салтанатты қоныс құрған өрісті өлкені көресіз.
Шымкент десе, Ұлы Жібек жолымен қиылысқан, ертедегі орта ғасырлық – Отырар, Исфиджаб (Сайрам), Яссы (Түркістан), Сүткент, Сығанақ, Сауран және тағы басқа аңызға айналған қалалар қоршаған, ежелгі өркениеттен тамыр тартқан, тағлымы мен тағдыры терең, таңғажайып кент ғасырлар қойнауынан қол бұлғайды.
Шымкент десе, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бұл өмір бір-ақ рет беріледі, оны Шымкентте сүру керек» деген астарлы, әдемі сөзі, қазақтың абызы Әбіш Кекілбаев ағамның «Шалқайсам, арқамды Шымкентке сүйеймін» деген тәмсілі, жампоз жазушы
Мұхтар Мағауиннің «Шымкент Қазақстансыз өмір сүре алады, Қазақстан Шымкентсіз өмір сүре алмайды» деп әзілге жыға айтқан жылы пікірі, қоғам қайраткері Бекболат Тілеуханның «Кім Шымкентті жамандаса – сол бүкіл қазақтың жауы» деп елдікке шақырған үні, халық ақыны Әселхан Қалыбекованың:
«Қазақтың Шымкентте бестен бірі,
Ешқашан шығармаңдар естен мұны.
Әрқашан бізге қарап өлшенеді,
Қазақтың қаншалықты өскендігі»,-деп ұлысына ұйытқы болған аймақтың рухының биіктігін танытқан өлең жолдары еске түседі.
Шымкент десе, Алланың өзі мейірін иіп берген, өмір сүруге қолайлы, Күні де ыстық, көңілі де ыстық, аспаны шуақты, халқы қуатты, бірлігі тұрақты шат-шадыман шаһарда шалқып өмір сүретін тұрғындармен табысатындайсың.
Ұлы ойшыл, философ Әл-Фараби бабамыздың «Қайырымды қаланың тұрғындары» трактатындағы ізгілікті қоғам болмысының негізгі тетіктері мен қажетті шарттары Шымқаланың шырайы мен райына әбден келеді деп ойлаймын. Сондықтан Шымкентті қайырымды қала деген дұрыс. Себебі, әрбір адамның тіршілік етуі мен кемелділікке жетуі үшін қандай да болмасын қауым керек. Әл-Фарабидің пікірінше, соған «қайырымды қала» идеал болып табылады.
Ал, менің идеалым – Шымкент!

 

Өзіңде өмір сүру – бір бақыт!

Пятница, 19 Июнь 2020 04:15

 DSC1925

Ұлы Жібек жолының бойына қоныс тепкен, ежелден Қазақстанның экономикалық, сауда, және мәдени-тарихи орталығына айналған Шымкент шаһары еліміздің  еңсесі биік, етегі кең, күні шуақты, тұрғындарының тұрмысы қуатты қала.

Халқының саны жағынан республикада үшінші орында тұрған Шымшаһарда 100 -ден аса ұлт пен ұлыстың өкілдері тату-тәтті тірлікпен ортақ
шаңырақты гүлдентуге жұмыла үлес қосып келе жатқаны бұл қаланың бірлік пен ынтымақтың мекеніне айналғанын айғақтайды.
Осы уақытқа дейін ғалымдардың зерделеуі бойынша Шымкент қаласының аумағындағы қоныс мекендер XI−XII ғасырларда орын тепкен деген гипотеза болатын. Сонымен қатар Шымкенттің бұдан да ертеректе пайда болғаны жөнінде болжам бар. Бұған мамандар археологиялық қазбалар мен құрылыс барысында табылған көптеген жәдігерлерді дәлел етуде. Қалай болғанда да тарихы сонау көне ғасырлардан тамыр тартатын ескі шаһардың шежіресі бүгін 2200 жылдық өлшеммен таразыланып отыр. Сол ықылым заманның өмір тынысын танытатын тарихи орынның бірі ретінде Ескі қалашық бүгінде Шымкентті ежелгі манифактуралық, мәдени мекенмен табыстырады. Бұл қалашық Шымшаһарды туризмнің тамаша орталығына айналдырудың ғаламат жолы әрі жобасы болып отыр.
Шымкент биыл ТМД елдерінің мәдени астанасына айналды. Қазақстандағы үшінші мегаполис мәртебесін алған қаланың бұрынғыдан да көркейіп, ажарлана түсуіне оның мәдени астана атануы да зор серпін берді. Қаламыз сәулетті құрылыстарымен, абаттанған көркімен, жап-жасыл келбетімен, қызылды-жасылды түнгі жарқыраған шамдарымен көрген жанның көңілін көркейтетін кейіпке ене түсуде.
Шымкент Еуропалық
Ресей мен Батыс Сібірді Орта Азиямен жалғайтын, маңызды транзиттік мекен саналады. Бұл орайда халықаралық жол құрылысы жоғары қарқынмен өріс алған. Республикалық маңызы бар жолдармен қатар қала аумағындағы жолдардың сапасын жақсарту бағытында да өнімді жұмыстар жүріп жатыр.
Қала экономикалық қуаты жағынан республикадағы алдыңғы шептегі орындардың біріне ие. Өнеркәсіп өндірісі, кәсіпкерлік сала, агрошаруашылық жан-жақты дамыған шаһарда өндірістік өмір тарихы ғасырлармен шектесетін шежірелі кәсіпорындар да жұмыс істейді. Солардың бірі ретінде 1883 жылы ашылған дәрі-дәрмек өндіретін сантонин зауыты қазір «Химфарм» АҚ-на айналып, SANTO маркасымен дәрілік өнімдерін экспортқа шығарып келеді. Оңтүстік Қазақстанның табиғи-климаты дермененің өсуіне қолайлы, ал дермене - сантонино өндірісі жер шарында өте сирек кездеседі. Шымкенттің алғашқы және қазіргі таңбасында дермене бұтақшасының бейнелену себебі де содан.
Дәулетіне сәулеті сай мегаполис шаһарда тұрғын үй салу қарқындап жүріп жатыр. Жаңа шағынаудандар, көшелер, даңғылдар, саябақтар, скверлер пайда болды. Білім беру, медицина және мәдениет мекемелерінің саны өсіп, жаңа спорттық-сауықтыру кешендері бой көтерді. Қайта жаңарып, жасанған демалыс кешені құрамында дендробақ, зообақ, жасанды көл және ипподром тұрғындардың бой сергітетін арайлы аймағына айналды
Бір сөзбен айтқанда ескі заманнан-ақ Шымқала адамдардың өмір сүруіне қолайлы мекен саналады. Осынау шырайлы да шұғылалы шаһарда өмір сүрудің өзі бір бақыт!

Арыстандарды арбаған ару

Пятница, 05 Июнь 2020 04:01

Тарихы да, дәстүрі де терең Ресей кәсіптік циркінде Дуровтар, Филатовтар, Бугримовалардың өнері дрессураның, жануарлармен жұмыс істеудің классикасы болып қалыптасқан. Олар жыртқыш аңдардың небір айбарлы, қауіпті дегендерімен ыждаһатты «ынтымақтаса» біліп, адамзаттың санасы мен ақыл-ойы, талғамы артық екенін дәлелдеп, оларды өз ықтиярына көндіре отырып, табиғатпен үндестіктің бір сарасы ретінде цирк манежінде тәуекелге толы керемет бағдарламалар көрсетуде.

60

789

Қадыр Мырза Әлі...Қазақ поэзиясының пайғамбарының бірі атанған айтулы ақын. Қазақстанның халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының, «Тарлан» сыйлығының иегері Қадыр ағамыз көзі тірісінде Оңтүстікке, соның ішінде Шымкент шаһарына жиі ат ізін салатын. Түрлі кездесулерге келетін, айтысқа келетін, тойға келетін, құдаларына келетін... Жұртшылық ол кісімен әр жүздескенінде бірінші рет көріп тұрғандай ынтызар көңілмен қарсы алып, ыстық ықыласпен шығарып салатын. Сол арда ақын көзі тірі болғанда бұл жаққа талай-талай сапарлайтыны кәдік еді... Әттең, қалың қазақ қадір тұтқан Қадыр ақынмен мәңгіге қоштасқанымызға алдағы аз айда 10 жыл болады екен. Ал жауһар жырларымен халқы үшін поэзия күмбезін тұрғызып кеткен Қадыр Мырза Әлінің туғанына биыл 85 жыл толып отыр. «Шымкент екінші Оралым секілді» деп өткен ақынның тойы бұл өлкеде де өз өрнегін табар ма еді мынадай төтенше жағдай болмағанда...
Әйтсе де арғымақ ақынды еске алып, ол кісімен өмірінің соңғы жылдарында сұхбат құрған бір әңгімемізді оқырманға ұсынсақ дедік.

– Қадыр аға, күллі қазақтың, соның ішінде Оңтүстік жұртының Сізге деген пейіл-ізеті ерекше екенін түсінеміз. Сіздің өзіңіз де Шымкент жақты туған жеріңіздей көретін секілдісіз, мен егер қателеспесем?..

– Қателескен жоқсың, қарағым. Оңтүстік – бар қазақтың қарашаңырағы. Ал Шымкент соның шырайы. Оған келгің келіп тұратыны да содан болар. Күннің нұры көбірек түсетіндіктен бе, бұл жақтың адамдарының да жаны жайдары, шуақты ғой, шіркін. Мына сенің өзіңнен де соны көріп тұрмын.

– Мені артық мақтап тұрсыз –ау, мен негізі Жамбыл облысының қызымын.

–Түһ, сен де айтасың!? Жамбылыңның жамбасы тиіп тұр емес пе осы жерге. Қазақылықтың қаны сіңген өлке ғой бұл жерлер. Жәннатқа кіргендей күй кешесің! Жас кезімнің өзінде-ақ солай сезінетінмін. Мынаны айтайын... Мен 58-ші жылы «Балдырған» журналына жұмысқа орналастым. Жаспын ғой онда. Облыстарға командировкаға жібереді. Сонда өңшең Шымкент, Қызылорда, Атырау облыстарына барғым келіп тұрады. Басқа аймақтарға көңілім көп шаппайды. Өйткені қазақ облыстарына барғанда адам өзін еркін сезінеді.

Бір жолы Қызылордаға бардым. Түскі кез. Қарным аш. Өтіп бара жатып «Ресторан» деген жазуы бар еңселі үйдің тұсына тоқтадым. Үзіліс кезі болғандықтан есігі жабық екен. Терезесін қағып ем, ар жақтан егделеу бір әйел көрініп, есікті ашты.
– Жеңеше, менің қарным аш...—дедім.
– Ой, айналайын-ай, кіре ғой,–деді. Тамақ әкеліп берді.
Егер басқа орыстанған облыс болса, «айналайын» демек түгілі, «у нас перерыв» деп есігінен де қаратпас еді.
Дәл осындай кеңқолтық пейіл Оңтүстікке де тән. 1956 жылы Мақтааралға мақта теруге келдік. Қарнымыз ашса, кез-келген қазақтың үйіне «Апа, айран бар ма?» немесе «үйдің тамағын сағынып кеттік» деп емін-еркін кіріп кетуші ек. Мен өзім ауылда туған, қазақ мектебін бітірген адаммын. Орысшаны сүрініп-қабынып зорға сөйлейтін едім. Әрине, кейін үйрендік қой. Бірақ өзімнің ана тіліме деген құмарым өмір бойы қанбайтын секілді. Алматыда өз үйімде жүріп қазақ тілін сағынам. Сондайда Ғабит Мүсіреповтің «Оянған өлкесін» дауыстап оқимын. Елге деген сағынышты, тілге деген іңкәрлігімді сонымен басқым келеді кейде. Адам бір құмар асын сағынғанда бар тәбетімен ішеді ғой, сондай ықылас болады.
Қайбір жылы Алматыда республикалық ақындар айтысы өтті. Соған мен төраға болдым. Әселхан Бекарысты алып келді. Сол жолы қаршадай осы балаға ерекше ықыласым түсті. Тілінен өрнек төгілген ақынға көңілің қалай құламайды! Сол айтыста оған машина алып бердім. Бірінші машинасы еді ол.
1999 жылы болса керек, бір күні Әселхан телефон соғады. «Шымкентте «Наурыз» айтыс өткізетін едік, соған қазылар алқасының төрағасы болыңызшы» дейді. «Жарайды» дедім. Келдім. Облысқа жаңадан әкім болып Бердібек Сапарбаев келіп жатыр екен. Өзінің қолы тимей, орынбасар қызын жіберіпті. «Жаңадан келіп жатырмын, бара алмағаныма кешірім өтінем. Қандай өтініш-бұйымтайыңыз бар?» деп жатыр» деді келген қыз. «Рахмет, ешқандай өтінішім жоқ. Жұмысына табыс тілеймін» дедім. Міне, содан бері осы облыста жыл сайын өтетін айтыстың қазылар алқасы құрамынан мені өзгерткен жоқ. Содан да болар Оңтүстік өз облысым секілді болып кетті. Әрине, айтыста жұртшылықтың бәрінің көңілінен шығу оңай емес. Қазылардың төрелегінде кейде бір жағына бұрып кететіндігі де болады.Ал мен араағайын секілдімін. Бір рет те обал жасадыңдар деген әңгіме болған жоқ. 2006 жылы болса керек, Бекарыс пен Серік Құсанбаевтың айтысында мен Серікке бір балды кем бердім. Сонда жұрт сонау Арқаның – Павлодардың жігітіне бола шулап кетті. Демек, тыңдаушы – әділетті.
Кейінгі бір айтыста да бір-екі кейуана келіп «Өте әділ шешім жасадыңдар» деп қолымнан сүйіп жатыр. Халықтың осындай пейіл-ықыласынан артық қандай сый керек?

– Аға туған еліңіз Оралға жиі барып тұрасыз ба?

– Әрине, туған жердің жөні бөлек қой. Көбіне жаз шыққаннан кейін барамын. Оралда үйім бар. Үлкен ұлым тұрады. Ол жақ та қазір қазақшаланды. Қазақ мектептері көбейді. Үйге барғанда демаламын. Оралдың екі әйдік өзені – Жайығы мен Шағаны бар. Ол өлке тұнып тұрған орман ғой. Жайыққа үлкен көпір салды. Облыстың әкімі Қырымбек Көшербаев әкімдік жанынан театр ашты. Республикалық театр фестивалін өткізді.
Оралдың ауасы таза, көшелері тақтайдай тегіс. Көңілдеріңізге келмесін, Шымкенттің жолдары нашар. Бұл сынымды басшыларыңа да айттым.
Елге барғанда бас алмай жұмыс істеймін. Мен негізі жұмыс істемесем, отыра алмайтын адаммын. Телефон көтермеймін. Бала-шағама айтам: «Оралға звондаса, Алматыға кетті, Алматыда Оралға кетті деңдер» деймін.

–Өтірікті көп айтасыз ба?

–Амал жоқ, кейде айтуға тура келеді. Өйтпесең жұмыс істеуге мүмкіндік бермейді. Сөйтіп қашып жүріп жазу жазамын.
– Өткенде кездесуде «уақытым жоқ» дедіңіз...
–Ия, менде бәрі бар. Тек уақытым жоқ. Биыл (2007 жылы) қалың афоризмдерім шықты. Осындай 2 том жаздым. Қазір белім ауырады, жазу столында көп отыра алмаймын. Сондықтан үлкен, ұзақ мақалалар жазуға жоқпын. Шағын өлеңдер, әлгіндей қанатты сөздер, сол сияқты қысқа дүниелер жазам. Соның бәрін төсекке шалқалап жатып жасаймын. Қаламмен жазылмайды. Сондықтан қарындашпен жазам.
Орыстарда осы заманға тән «убить время» деген тіркес бар. Сол «уақытты өлтіру» деген ұғым кісі өлтіруден да жаман сөз. Менің бір өлеңімде:
«Уақыт өтіп барады, оны қойшы,
Сәттер өтіп барады—осы жаман»,– деген жолдар бар. Тегінде бәрін сәттер шешеді. Уақыт деген үлкен ұғым ғой. Ол қоғамды да, адамды да, тарихты да өзгертеді. Ал сәттердің өзі адамға, адамның тағдырына қатты әсер етеді. Сосын кез-келген шаруаны шешетін уақыт, кім уақытты үнемдей біледі, қадірлей біледі, сол табысқа жетеді.
Қазір таңдамалы шығармаларымның 16 томы шықты. 2001 жылы 12 томым, 2006 жылы 4 томым жарық көрді. Тағы 4 томым дайын тұр. Бүгінде кітабыңды өзің ақша тауып бастыратын заман болды ғой. 12 томды Орал шығарып берді.
– Кітапты шығарудан гөрі тарату қиын-ау сірә? Бірақ Сіз беделіңіз бар адамсыз. Әкімдер арқылы өткізіп жіберетін шығарсыз?
– Таратудың қиын екені рас. Кітаптарын екі-үшеуден сатып жүрген ақын-жазушылар да аз емес. Менің осы таңдамалыларымды бастырып, таратуымның өзі қызық болды. Бірде «Қазығұрт» баспасының директоры Темірғали келді.
– Аға, мен баспа аштым. Кітап шығарғым келеді. Қандай кітаптарыңыз бар?—деді.
– Менде кітап көп. Етек-жеңімді жинап, соларды қаттап жатырмын. 10 томын құрап қойдым. 2 томын тағы дайындап жатырмын,– дедім.
–Соны маған берсеңізші,–деді.
–Әй, айналайын, кітапты бере салу қиын емес. Оны шығаратын ақшаң бар ма?
–Жоқ.
–Онда қалай шығармақсың?
–Бір мәнісін табармын. Осы іске бел шешіп кіріспекпін,–деді.
Сосын ойланып отырдым да Оралға телефон соқтым. Облыстың әкімі бұдан бұрын да жиі хабарласып, «үй береміз, көшіп келіңіз» деп жүр еді. Беретін үйін көрсетіп те қойған. Еңселі коттедж, үлкен жері, кең ауласы бар. Екі қақпасы екі көшеге қараған, төрт қорасы, ас үйі бөлек үлкен шаңырақ. Әкімге «10 томдай кітабым шығып жатыр. Соны аласыңдар ма?» деп айта салдым. Тиражын сұрады.
– Үш мыңын да аламын,– деді.
– Ойбай-ау, айналайын, сенен басқа облыстарда оқырманым жоқ па? Оларға не қалды? – деймін. Мың данасын беретін болып келістім. Сосын Темірғалиға кететін шығынның есебін жасаттым. 7 миллион теңге қажет екен. Оралдың әкімі облыстық мәслихаттың қаулысымен 7 миллион теңгені аударып жіберді. Бұл – Темірғалиға жақсы болды. Сол ақшаның арқасында ол өзіне офис алды, көлікті болды. Алғашқы 12 томдықты да, кейінгі 4 томдықты да өте жақсы шығарды. Ағалы-інілі болып кеткен осы азамат та Оңтүстіктің жігіті.
– Қадыр аға, жалпы Сізді Оңтүстікпен көп нәрсе байланыстыратынын білеміз. Сіз осы өңірге құда да емессіз бе?
– Оның рас. Бір балам осы елдің қызын алды. Және құдалыққа өзім түстім. Оңтүстікке көңілімнің құлап тұратынын осыдан-ақ біл.
– Осы өңірдегі қаламгерлерден, өнер адамдарынан кімдермен жақын араласып тұрасыз?
– Е-е-ей, қарағым-ай, қайсы бірін санап айтып берейін. Шәмшіден бастап әлгі Темірғалиға дейін жақын тартып кеткен адамдарым аз емес. Мархабат бар, Нармахан бар, Ханбибіні қос, Бақытжан Алдияр деген сұрапыл жас ақын бар. Аян Нысаналының творчествосын сыйлаймын. Көпен Әмірбек інім болып кеткен. Абай Балажан деген ақын жігітке сабақ бергем. Өлеңдеріне алғысөз жазғанмын. Өзің де жақсы бір қарындасыма айналғансың.
– Аға, Шәмшімен қарым-қатынасыңыз жөнінде айтыңызшы.
– Мен «Балдырған» журналында істейтінмін. Шәмші Әбләхат Еспаев екеуі журналдың редакторы Мұзафар Әлімбаевқа келіп тұратын. Ол кісіге «Ақмаңдайлым» мен «Ақсұңқарымның» сөзін жазғызды. Бірде мен Шәкеңе «Шәмші аға, мен сізді сыйлаймын. Сіз ән патшасына айналып келесіз. Мен де біраз кітап шығардым. Адам сайтан емес, түбінде дүниеден өтеді. Бізді де зерттейтін кезең туар. Сонда «бір ғасырда, бір кезеңде қатар өмір сүріп, осы Шәмші мен Қадыр қалай творчестволық байланыста болмаған. Тегі аралары дұрыс болмаған-ау?» дейді ғой»,– дедім.
– Мұның да бір жөн сөз екен, Қадыржан,–деп күлді Шәкең. Содан былай біз жақын араласып кеттік. Мен ол кісінің бірнеше әніне сөз жаздым. Алғаш «Наз» деген әнінің сөзін жаздым. Бірде Шәуірдірден телефон соқты. «Қадыржан, «Шалқыған Шәуілдір» деген ән шығардым. Соған сөз керек. Келсеңші мұнда» дейді. Мен әрине жұмысымды тастап кетіп қала алмаймын ғой. «Онда сөзін жазып, телефонмен маған хабарлас» деді. Әннің формасын түсіріп алып, сөзін жазып бердім.
«Сыған серенадасы» да осындай өтінішімен туды. Әрине әннің бағының ашылуы үш нәрсеге байланысты. Бірінші әні, екінші сөзі жақсы болуы керек. Үшінші, ол орындаушысын табуы керек. Сонау 70-ші жылдары жазылған «Сыған серенадасының» бағы да бертінде жанды ғой. Жаңылыспасам, 2000 жылы Шымкентте өткен «Шәмші фестивалінде» Тоқтар Серіков орындап, жұрттың айызын қандырды.
Тағы бірде Шәкең телефон соғып, «үйге келші» деді. Қарсы алды, былқытып ет асып қойыпты. Тоңазытқыштан сырты қырау бір бөтелкесін алды.
– Таяуда Өзбекстан жақта болып қайттым. Тамды деген ауданы бар екен. Сол жерде кеш ұйымдастырылды. Кеште «Тамды аруы» деген ән жазамын» деп уәде бердім. Сонда бір бозбала «Шәмші аға, сол әніңіздің сөзін Қадыр Мырзалиев жазсыншы» деп өтінді, – деді.
– Көкетай, – дедім күліп,— Тамдыға сіз барасыз, Тамдының аруына сіз ғашық боласы. Қызығын сіз көресіз, шыжығын маған тапсырасыз, білмейтін адам туралы қалай жазам?
–Е-е, Қадыржан, елдің бәрі тек көргенін жазып жүр дейсің бе? Өнер сүйген еліңнің көңілі сені қалап тұр ғой,–деді ақаңның аузын ашып жатып.
Әннің формасын алып, шығып кеттім. Шәмші сол жердің картасын сызып, қандай жерлер барын жазып қойыпты. Сондағы Мыңбұлақ деген жер атына көзім түсті. Троллейбуста келе жатып-ақ:
«Бұрымың Мыңбұлақта туған ару,
Сол жердің мың бірінші бұлағындай» деген шумақ орала кетті. Қайырмасы да бірден туды.
«Ебелектей жел аңсаған,
Көбелектей көл аңсаған
Келем саған».
Бұл Шәкеңе қатты ұнады.
Соңғы жылдары Шәкең ащы суды қойды. Бірақ жазуы азайды. «Жигулиі» бар еді. Сонымен Жамбылға келеді. Сол кездері Жамбылда бір дүңген қызына ғашық болды. Соған арнаған әнінің сөзін жаздым. Ғашық болу – Шәкеңнің жұмысы, Өлең жазу—менің міндетім болып кетті.

–Қадыр аға, осы Сіз соңғы кездері өлеңнен гөрі прозаға ойысып барасыз. «Жазмыш» пен «Иіріміңізде» елге белгілі қаламгерлердің пендеуи әрекеттерін жаздыңыз. Соныңыз ол кісілердің беделіне көлеңке түсіреді деп ойламайсыз ба?

–Мен жазған дәстүр бізде жоқ. Сондықтан ол оқырманға басқаша әсер етті. Мен бұл дүниені бөтен ниетпен жазған сияқты көрінуім мүмкін. Бұл екі кітапты да жазам деген ойым жоқ еді. Менің кітапханам өте үлкен. Бір әдетім, қандай кітап оқысам да әсер еткен жерлерін сызып отырамын. Және сол сызған жерлерім есімде тұрады. Түрлі мақалалар жазасың ғой, сонда соған керек цитатаны әлгі жерлерден тез тауып аламын.
Бір күні сол сызған жерлерімнің бәрін қағазға түсірдім. Одан соң оларды тақырып-тақырып етіп сұрыптадым. Сөйтсем, кітап дайын тұр. Оны 12 тарауға бөлдім. Осылайша үш айда кітапты жазып шықтым. Түк те қиналғаным жоқ. Мұны «шетелдің көшірмесі» дегендер де болды.
Ең бірінші басылымда Иса Байзақов жайлы Сәбит Мұқановтың «Есею жылдарынан» алып, тиіп-қашып қана жаздым. Өйткені отбасы бар, біреулерге тиіп кете ме деп ойлағам. Соның өзінде Баянауылдан «Қайтесіз сол кісілердің өмірбаянын қозғап, ішсе, ішкен шығар» деген хат келді. Ал Мұқағалидың отбасынан біреуі де ренжіген жоқ.
«Сіз неге шетелдің мысалдарынан ала бересіз?» деген пікірлер жиі айтылған соң «Иірімді» жаздым. «Иірімнің» мақсаты – біреуді жамандау емес, жақсыны – жақсы, көлеңкесін – көлеңке, шуағын – шуақ деп көрсету. Біз шындықты бүркемелеуден не ұтамыз? Мәселен мен Ілияс Омаровтың қарамағында істедім. Ол кісіні сыйлаймын. Өйткені, қандай керемет тақырыптарды қозғады. Кенесары туралы жазу ол кезде мүмкін емес еді.
Бір күні сол Ілекеңнің Қайран деген ұйғыр шофері:
–Ілеке, шешем қайтыс болды. Соған Талдықорғанға баруға рұқсат сұрап келдім,–деді мұңлы жүзбен.
–Ойбай, бара ғой, мұндайда қалай рұқсат етпессің?—деді ол кісі.
–Тағы бір өтінішім – ол жаққа қалай жаяу барамын, машинаны алуға рұқсат етсеңіз, – деді шопыр бала.
–Ала ғой, шеше деген күнде өліп жатқан жоқ қой,– деді Ілекең. Бірақ анау шығып кете салысымен хатшы қызды шақырып алып:
–Ана машинаны берме, біреудің әкесі өледі, біреудің шешесі өледі. Соның бәріне машинаны беріп, мен жаяу жүруім керек пе?!—деді.
Ал осыны жазғанда тұрған не бар? Шындықта айтсаң, аузың күйеді. Болған нәрсені боямасыз жеткізгенді біздің оқырман әлі қабылдай алмай жатқан сияқты. Бар болғаны осы ғана.

–Қадыр аға, Сіз айтыстың басы-қасында көбірек жүрген адамның бірісіз. Ұлтымыз шөлдеп жеткен айтыс бүгінде шоуға айналып кеткен жоқ па?

–Оның рас, шоуға айналып барады. Кейде артықтау, кейде кемдеу түсіп жататын жерлері көп. Айтыс—қазақтың жоғалтып алған қазынасы еді ғой. Соны қалпына келтірдік. Қуанатынымыз – осы Шымкентте өткен тағы бір айтыста бір жас ақынға машина бердік. Бұл – қолдаудың бір түрі.
Дегенмен жұрттың бәрі өнер үшін қызмет етпейді. Сол арқылы табыс табуды да көздейді. Сондықтан шоуға айналып бара жатқаны рас. Бірақ заманына қарай бейімделеді ғой. Қалай дегенде де өз басым айтысқа оң көзіммен қараймын. Шымкент жақтың қадау-қадау бірнеше тірлігі бар десек, соның бірі – осы айтыс. Жылда Наурыз айтыс өткізуді дәстүрге айналдырғаны ұлттық өнерімізге үлкен мән беріп жатқанын аңғартады. Оңтүстік қашаннан да айтыстың мектебіне айналған өлке. Қайсы айтыста да сан жағынан ғана басымдық танытып қоймай, өзге облыстардан келген ақындардан мықтылығы жағынан да өздерін көрсете білуде.

– Аға, соңғы кезде өлең жазуды сиретіп бара жатқан сияқтысыз...

– Мен енді өлеңнен кете берем-ау деймін. Жанр – жасқа байланысты. Өлең – жастық кезеңнің өнері. Пушкиннің «Что то возраст клонет к прозе» деп бастайтын өлеңі бар. Сол сөз негізі дұрыс. Ақындар өлеңнен бастап, одан кейін прозаға түседі. Содан соң драматургияға ойысады.Драматургия адамның піскен кезінде жазылатын жанр деп ұғам. Мысалы менің бірнеше драмалық шығармам бар екенін театр көрермендері білсе керек. Түркістан театры «Әмір Темір» деген пьесамды сахналап жүр. Оралда екі комедиям орысша-қазақша қойылды.

– Аға, бір сөзіңізде «Батырлық деген ұлы ұғым Бауыржанның есімінің синонимі секілді» деген едіңіз. Момышұлымен байланысыңыз болды ма?

– Ол кісімен жақын араластым деп айта алмаймын. Бірақ Баукеңнің батырлығы, адалдығы жайлы аңызға бергісіз шындық көп. Мына бір оқиғаны айтайын:
Москвада Жазушылардың бүкілодақтық сьезі өтіп жатқан. Үзілісте қазақстандықтар өзімізше жиналып, тамақтандық. Сонда Баукеңнің «рыцарлығы» ғой. «Біздің әскери уставта столдың басында отырғандардың ішінде кімнің шені үлкен болса, ақшаны сол төлейді. Сондықтан басқаларың қолдарыңды қалталарыңа салмаңдар. Бұл жерде менен шені үлкен ешқайсың жоқ!» деді. Не деген «демократичный» адам!
Тағы бір қызық әңгіме... «Жұлдызда» істейтін кезіміз. Бір күні түстікке шығайын деп тұрғанымызда телефон шырылдады. Жақын тұрған Зейнолла Серікқалиев телефон тұтқасын көтеріп «Ия, ия» деп тұрды да бір кезде «Өзіңнің де әкеңнің аузы...» деп тұтқаны тарс еткізіп қоя салды. Өмірі кісі боқтамайтын жігіт еді. «Ей, не болды? Кім?» деп шу ете қалдық. Бірақ ол кім екенін айтпады.
Арада 15-20 минут өткенде есік сарт етіп шалқасынан ашылды да қабырғаға соғылып, қайта жабылды. Үстінде шинель, түймесі салынбаған, папахасы қолында, Баукең кіріп келді.
–Кім жаңа менімен сөйлескен?—деді.
–Мен!—деді Зейнолла. Біз әлгіндегі «әкеңнің» кімге бағытталғанын енді ұғып, «ойпырмай, бір сұмдық болатын болды ғой» деп үрпиісіп қалғанбыз. Ситуацияның ең керемет жері—Баукең Зейнолланың қолын алды да «Ма-ла-де-ес!» деді. Сөйтті де кілт бұрылып шығып кетті. Батырлықты бағалайтын кісі ғой, шіркін!

–Аға дейм, сіз, Мұхтар Әуезов сияқты ғұламалардан сабақ алған адамсыз. Сол кезеңдерде Сәбит Мұқанов та студенттерге дәріс берген дейді. Қызық эпизодтар болған ба еді?

– Әуезов КазГУ-де Абайтанудан лекция оқыды. Ол кісінің лекциясының өзін жұрт аңыз ғып айтады. Бір күні сөзден сөз шығып кетіп Сәбит Мұқановқа біреу:
–Оу, Сәбе, осы Сіз неге лекция оқымайсыз? Әуезов оқиды ғой,–депті әдейі. Әуезовты айтқаннан кейін ана кісінің делебесі қозады.
–Ой, мен де оқимын, несі бар?—депті. Содан ол кісі үш күн лекция оқыпты да, төртінші күні келмей қойыпты. Студенттер күтеді, сабақ өтілмейді. Деканнан ол кісіге қоңырау соғып:
–Бүгін неге келмедіңіз?—десе,
–Неменеге барам?—депті.
–Ойбай-ау, лекцияңыз бар емес пе?
–Ой, мен бар лекциямды үш күнде оқып бітірдім ғой,–депті. Ал, Мұхаң дария ғұлама ғой. Бір бастың өзінен бір жыл лекция оқи алатын адам еді. Бізге ұлттар әдебиетінен сабақ берді ол кісі. Лениндік сыйлықты алғаннан кейін лекциясының берекесі кетті. Өйткені көбінесе шетелде жүреді. Бір күні келді. Мен ІІІ курста оқитын кезім. Өңі өзгеше нұрланып, бұрынғысынан да сымбаттанып кеткендей. Шашының әрбір талы кемеңгер келбетін айшықтап тұрған сияқты. Менің сурет салатын әдетім бар еді. Мұхаңның осы бір келбеті еріксіз тартты. Ең соңғы партаға отырып алып, Мұхаңа қарап қойып, суретін сала бастадым. Менің басқа нәрсемен айналысып отырғанымды сезіп қойды да, кенет лекциясын кілт үзіп:
–Осы бір студенттер бар. Олар мына дүниедегінің бәрін білемін деп ойлайды. Олар сенің не айтып жатқаныңмен шаруасы жоқ. Ол сол адамның кішкентай бір сөз айту үшін қаншама томдар ақтаратынында, көз майын тауысып ізденетінінде, оның ішінде бір тарау, бір абзац үшін қаншама тер төгетінінде шаруасы жоқ,–деп маңғаздана сөйлеп, маған қарай жақындап келе жатты. Бұл әңгіменің кімге тиесілі айтылып тұрғанын сезе қойдым. Бір бұлт үйіріліп келе жатты. «Әй, жауады-ау қазір, найзағай ойнайды-ау» деп қипақтап, қағазымды жасыра алмай отырып қалдым. Бірақ суретімді бітіруге таяп қалған едім. Мұхаң қасыма келді де, суретке сырбаздана қарап, сәл кідіріп тұрып қалды. Манағыдай емес, жүзіне аздап жылу жүгірді. Аты-жөнімді сұрады.
– Әкең кім болады?—деді.
– Жәй қарапайым интеллигент,–дедім мен.
– Неге Қадыр деп қойған?
– Білмеймін.
– Ол кісінің молдалығы болған болуы керек,–деді. Осыны айтты да кері қарай бұрылды. Сосын: «Енді бір студенттер бар, –деді даусын жұмсартып,– Олар өнерді өлең екен, проза екен, музыка екен, сурет екен деп бөліп-жарып жатпайды. Олар соның бәріне ғашық. Сондай балалар жақсы ғой,–деді.
Сөйтіп мен аяқ астынан сөгіс естимін-ау деп тұрғанымда мақтауға ілігіп кеттім.
Мұхаң жаны өте нәзік, өте бипаз, тез ренжіп, тез мәз болатын кісі еді. Сол ғұламалардың дәрісінің өзі бүкіл ғұмырымызға азық болғандай.

– Қадыр аға, Сізге Мұхаң сияқты ғұламалар дәріс берсе, Сіз Назарбаев сияқты кемеңгерді оқытқан екенсіз ғой.

– Ой, қу журналистер-ай, қай –қайдағыны біліп аласыңдар. (Қадыр аға күліп алды). Мен 57-ші жылы Қаскелеңдегі Абай мектебіне өндірістік практикаға бардым. Менің әйелім осы мектепте оқыды. Ал,
Нұрсұлтан Әбішұлы олардан бір класс төмен оқитын. Мен практикадан өтіп сабақ бергенімде Нұрсұлтан 9-кластың оқушысы еді. Зерек екендігі көрініп тұратын. Бірақ мен өндірістік тәжірибеде жүргендіктен ұзақ уақыт сабақ бергем жоқ қой. Дегенмен аз уақыт болса да оған ұстаздық еткенімді іштей мақтаныш етем.
Бірде Жоғарға Советтің сесиясында Президент қағазсыз өте керемет сөйледі. Үзіліске шыққанда депутаттармен әңгімелесіп тұрдық. Қасымдағы жігіттер Назарбаевтың шешендігін мақтап ала жөнелді.
–Ой, несіне мақтай бересіңдер. Ол кісінің нашар сөйлеуге хақысы жоқ қой,–дедім мен.
–Неге?—деді әлгілер.
–Ол кісінің үш ұстазын білем,–дедім мен.
–Кім?
–Біріншісі, қазір мүмкін келіспессіңдер, ол – Қонаев. Екіншісімен тіпті келіспейсіңдер, ол – Колбин. Адам жамандықтан да сабақ алып, үйренеді. Ал үшіншісін айтпаймын.
– Өй, неге айтпайсың, айтшы, ол кім? –деп мен бәлденген сайын олар ынтыға түсті. Сәлден соң:
– Ол – мына тұрған мен, Назарбаевқа қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ бергем,– дедім. Депутат достарымның бірі таңданды, бірі тамсанды. Бірақ мен мұны көп жерде айтқан емеспін. Сен қайдан біліп жүрсің, қу қыз?
–Білемін, бірақ мен де айтпаймын қайдан естігенімді,–дедім күліп.

—Аға, Сіз аузы уәлі, сөзі дуалы , беделіңіз бір басыңызға жетіп артылатын айтулы ақынсыз. Сіз сияқты адамдардың біреу жайлы бір ауыз мақтау сөзінің өзі үлкен пікір туғызып жатады. Басшыларды мақтап, мәселеңізді шешіп алған кезіңіз болды ма?

– Баяғы Компартияның кезіндегі мына бір оқиғаны айтайын. 8 наурыз қарсаңында қалалық партия комитеті «Қазақ интеллигенциясы атынан Димекең жайлы, ол кісінің халыққа істеп жатқан істері жайлы айтып, әйелдерге әңгіме арнаңыз» деді. «Мен біреуді мақтай алмайтын едім. Әйелдер жайлы Тұманбай майын тамызып айтады, сол кісі сөйлесін»,–дедім бір жағы қалжыңға сүйеп. Қалалық партия комитетінің хатшысы Шәріп Омаров мұныма көнбей, қолқалап қоймаған соң бір парақ сөз дайындадым. Сол бір парақ менің тағдырымды шешті.
«Димекең халқына қызмет істеп жатыр. Оның бірі көзге түссе, бірі көзге түспеуі де мүмкін. Бірақ түбінде Димекеңнің мықты қолтаңбасы—жаңарған Алматы болып қалады»,–дедім орысша дайындаған сөзімде. Одан әйелдерге түстім. Хафиздің түрік қызына арнаған «бір меңіңе бір қаланы айырбастар едім» деген өлеңін мысалға келтіре отырып, тарихта есімі қалған мықты әйелдерге тоқталдым. Мұса Жәлелдің әйелі Шолпанды бұған дәлел етіп айттым. Мұса Жәлелді ұлтшыл деп орнынан алған ғой. Одан әскерге кеткен. Сосын тұтқынға түскен. Сол кезде Шолпан Мұса Жәлелдің қолжазбаларын алып, орманның ішіне апарып жасырып қойған. «Біздің әйелдер солай, жарлары үшін жанын қиюға даяр» дегендей әңгіме айттым. Бұл Зухра жеңгемізге ( Д. Қонаевтың әйелі) ұнапты. Нұрсұлтан Әбішұлы ол кезде СовМиннің төрағасы.
Үзіліс кезінде екі-үш адам қолымды алып:
–Құдай біледі, сен жақында өсесің,– деді.
–Неге? – деймін ғой.
–Жаңа сен сөйлегенде екеуі сондай ақылдасып отырды,–дейді әлгілер.
Айтқандарындай-ақ бір ай өткен жоқ, Президиумның мүшесі болып шыға келдім. Әрине, мен әдейі мақтайын дегенім жоқ, зорлап сөйлетті, бірақ реті жақсы шықты.

–Аға, жасыңыз 70-тен асты, аз дүние жазған жоқсыз. Әдебиетке бар үлесімді қосып біттім деп ойлайсыз ба?

– Қырық пен елудегідей болу қайда? 70 оңай жас емес. Бірақ қаламгердің қазынасы шығармасының санымен емес, сапасымен өлшенсе керек. Әлемдік әдебиетте ең көп дүние жазған жазушы Жорж Сименон. Ол кісінің 400-дей романы бар. Бір интервьюінде жазушы «70-тен кейін жазбаймын» деген екен. Шаршаған ғой. Жазуын тоқтатып, 90-дағы шешесін колякаға салып, серуендетіп жүреді екен. Өзі сонда 70-те. Шешесінің тамағын, дәрі-дәрмегін береді. Сөйтіп уақытын өткізеді. Екі жылдан соң шешесі қайтыс болады. Енді бұрынғыдай ермегі жоқ, іші пысады. Сөйтеді де қайтадан жазып кетеді.
Мен осы жазушыны көп жазғаны үшін жек көретін едім. Әлгі интерьвюін оқыған соң жақсы көріп кеттім.Сол сияқты жас ұлғайған соң жамбастап жәй жата алмайды екенсің.

–Қадыр аға, Шерағамыз айтқандай, нағыз жетіліп, піскен шақта тұрсыз. Шаршамаңыз. Оқырмандарыңыз Сізді іздейтінін ұмытпаңыз! – деген едік осы сұхбатта.

Әттең, бірақ арада төрт жыл өткенде мұзарт ақынды мәңгіге жоғалтатынымызды, оны іздеп күллі қазақ елінің көкірегі қарс айырылатынын сонда біліппіз бе? Ақынды мәңгілік сапарға аттандырғанда азынаған көңілдің мұңын төгіп жоқтау жазып ек. Бұл 2011 жылдың 24 қаңтары болатын.

Қазақтың Құлагер Қадыры еді

Өлең-өмір өксігін баса алмай жылап жатыр. Арсыз ажал қазақтың Құлагер қаламгерін құлаттым деп қуыстан қутыңдап сығалайтын сықылды ма?
Жо-Жоқ... Ол құлаған жоқ. Ол әне, әдеттегідей әзілге әуес әлпетімен әдемі жымиып, желкесін жапқан ақ бурыл шаштарын саусақтарымен салалай сипап қойып, самғау биікке қалықтап ұшып барады. Поэзия атты пырақты ерттеп, мінген маңғаз ақын мына ғұсыл дүниеге ту-у ғарыштан көз салып, жақұт жырларымен жалпақ жұртына нұрын шашып тұруға аттанып бара жатқандай. Ал әбиүрсіз ажал оның табанының астында тапталып, жасын жырларының жарқылынан жасқанып, лезде көзден ғайып болды. Өлең-өмір әлгіндегі солығын басқан сыңайлы. Енді ол Қадыр ақынның жанды тербеген, жүректі емдеген сұлу, сиқырлы шумақтарымен шырайланып, шұғылаға шомылғандай рабат реңге еніп келеді.
Қазақтың Құлагер ақыны соңғы демін алды. Осыдан 76 жыл бұрын қаңтарда өлең-өмірдің есігін іңгәлап ашқан Ол дәл қаңтарда сол есікті еппен жауып, елімен үнсіз қоштасып кете барды. Зерделі ойдың зергері, кестелі сөздің шебері, поэзия әлемінің Пайғамбары пәни дүниеден бақи дүниеге бет бұрды. Оны жоқтап, күңіренген қалың қазағын жұбатып, өзегінен құдіретті сөздің сөлі тамған өлмес өлеңдері қалды.
Ол Оңтүстікке жиі келетін. «Оңтүстік менің Оралым секілді» дейтін ақын енді Оралға да, Оңтүстікке де оралмайды. Оның елге келген әрбір сапары енді ертегідей елес болып қалатыны қабырғаны қайыстырады, әттең...
Азалы Алматы әппақ қарға оранған қазалы қаңтарда арда ақынды ақ киімге орап, әппақ дүниеге әкетіп барады. Қазақтың Құлагер ақынын оны шексіз сүйген халқы мәңгі мекеніне—жер бесікке тапсырады.
Ұйқың тыныш болсын, тынымсыз ақын! Топырағың қауырсындай жеңіл, жібектей жұмсақ, мақтадай мамық болсын, қазақтың қадірлі Қадыры!
...деп қоштасқанымызға 10 жылға жуықтапты. Тірі жүргенде биыл 85 жасын тойлар еді жырын сүйген жұрты.

Страница 1 из 6