ТУРИСТЕРДІҢ НАЗАРЫ – ҮШІНШІ ҚАЛАДА Избранное

Пятница, 16 Сентябрь 2022 05:39 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 935 раз

Шымкент туризмін дамыту 4 бағытпен жүргізіліп жатыр

Туризм – әлемдегі ең қарқынды дамып келе жатқан индустриялардың бірі. Зерттеулер 2030 жылға қарай әлемде 1 миллиард 800 миллион адам өз елінің шекарасынан асып, шет мемлекеттерде демалу мен саяхаттауға шығатынын көрсетіп отыр. Қазірдің өзінде бұл сала бірқатар дамыған және алдыңғы қатарлы дамушы елдердің экономикасының негізгі тірегіне айналып, мол табыс әкеліп отырғанын көрудеміз.

151

 

Шымкент – туристік әлеуеті жоғары қала. Біздің шаһардың жайлы климаты да, географиялық орналасуы да бұл саланың дамуына мол мүмкіндіктер ұсынады. Енді соны тиімді пайдаланып, туризмді қала экономикасының жетекші салаларының біріне айналдыру – маңызды міндет. Бүгінде бұл іспен Шымкент қаласы әкімдігінің туризм және сыртқы байланыстар басқармасы айналысып жатыр. Бүгін аталған басқарманың қазіргі жұмысы мен алдағы жоба-жоспарлары туралы әңгімелемекпіз.
Басқарма басшысы Ерлан Қыдыровтың айтуынша, ағымдағы жылдың 6 айында Шымкентке 216 249 турист келген. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 31,7 пайызға жоғары. Оның ішінде 200 549 адам ішкі турист болса, 15 700 адам шет ел азаматтары екен. Ал «экспресс-статистикалық» ақпаратқа сәйкес үстіміздегі жылдың 9 айында өңірге 300 000-ға жуық турист келетіні күтіліп отыр.

152


Басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, туристердің көбеюіне Шымкент қаласынан тікелей бағыттағы әуе рейстердің көбеюі әсер еткен. Оның ішінде Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтау, Атырау, Семей және Қостанай бағыттарындағы ішкі рейстермен қатар, халықаралық бағыттағы Ыстамбұл, Мәскеу, Анталья және Куаиси қалаларына жол тартатын рейстер де бар.
Туризм басқармасы таратқан деректері Шымкент қаласы аумағында орналастыру орындарының саны 2021 жылы 125 құраса, биылғы жылдың 6 айында 148-ге жетіп, 18,4 пайызға көбейгенін көрсетеді.
–Жалпы туристерді қабылдау көрсеткіші бойынша Шымкент қаласы республикада Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларынан кейінгі үшінші орында. Шет мемлекеттерден келетін туристердің басым бөлігін Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Түркия және Қытай азаматтары құрайды. Ал «E-qonaq» туристерді тіркеу бірыңғай жүйесінің мәліметтеріне сүйенсек, шетелдік туристердің ең көп келетін мерзімі – наурыз айы, – дейді Ерлан Ермекұлы.
Оның айтуынша, туризм және сыртқы байланыстар басқармасы 4 негізгі бағытта жұмыс жүргізеді. Олар: туристік инфрақұрылымды дамыту, маркетингтік ілгерілету, креативті индустрия және сыртқы байланыстарды нығайту.
–Бұл ретте, туристік орындардың инфрақұрылымын жетілдіру мақсатында Қаратау ауданы әкімдігімен бірлесе отырып Сайрам тұрғын алабында орналасқан «Ибрагим ата» және «Қарашаш ана» кесенелерінің аумағын абаттандырудың эскиздік жобасы әзірленді. Жобаға сәйкес, кесенелердің аумағында туристерге қолайлы жағдай жасау, атап айтқанда, кіре беріс, көлік тұрағы мен дәрет алу орындарын ретке келтіру, жан-жағын көгалдандыру, бастырмасы бар орындықтар қою қарастырылған. Сонымен қоса, Сайрам тұрғын алабындағы туристік ақпараттық қолжетімділікті арттыру мақсатында 4 жерге туристік табло-стенд орналастырылған. Ол тұрғын алабтағы барлық тарихи-мәдени және сакралды нысандарға жол сілтейді, - деді Е.Қыдыров.
Туризм басқармасы «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясымен бірлесе отырып Қазақстан бойынша «NeoNomad 2022» гранд-турларын әзірлеген. Аталған гранд-турға Шымкент қаласынан «Shym qala» тарихи-мәдени кешені енгізіліпті. Бүгінде фоторамканың дизайны «Kazakh Tourism» компаниясымен келісіліп бекітілген. Кешен аумағында республика бойынша бір дизайндағы арнайы фотоспот орналастырылыпты.
Аталған жобаның басты мақсаты – еліміздегі туристерге ұсынылатын орындардың тізімін қалыптастыру. Өз кезегінде саяхаттаушылар аталған фотоспоттарда суретке түсіп, «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясына жолдаса, «Қазіргі заманғы көшпенді – NeoNomad 2022» атағын алады. Сонымен қоса компания ұсынған заманауи бейнедегі «Kazakhtan» брендтік сағатына ие болады.
–Бүгінгі таңда Шымкент Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларымен қатар Қазақстанның МІСЕ туризмінің орталықтарының бірі болуға барлық алғышарттарға ие. Оған қаланың ыңғайлы географиялық орналасуы, әртүрлі бағыттағы іс-шараларды өткізуге қолайлы инфрақұрылымы, ивент және жарнамалық агенттіктердің болуы жағымды әсер етеді. Осы ретте, біз қала туризмін дамытудағы басты бағыттардың бірі ретінде – оқиғалы туризмді дамытуды қолға алып отырмыз. Мәселен, егер бірінші жартыжылдықта «Наурыз» және «Қала күні» сияқты мерекелер аясында «Дәмдәстүр», «Балмұздақ фест» гастрономиялық фестивальдерінен тұратын оқиғалар қатарын қалыптастыруға баса назар аударсақ, ал күзде талантты жастар мен туристік бизнесті қолдау үшін имидждік іс-шаралар құруда үлкен жоспарларымыз бар. Осы кезеңде «Мобилография» фестивалін, «Shymkent Tourism Awards» конкурсын, Цитадельде лазерлік шоу, қолөнершілерді қолдау аясында «Этно Шымкент» фестивалін өткізуді жоспарлап отырмыз, – деді Ерлан Ермекұлы.
Бұдан өзге басқарма, басшысының сөзінше, өңірдің туристік әлеуетін танымал ету және ілгерілету үшін Қазақстанның және басқа елдердің туроператорлары, БАҚ және блогерлері үшін ақпараттық тур ұйымдастырылатын болады. Сонымен қатар, көктем мезгілінде «National Geographic Kazakhstan» компаниясымен бірлесе отырып экспедиция, «Қазақстан Мотофедерациясымен» бірлесе мото маусымының ашылуы, «Мобильді арбат» секілді іс-шаралар өтті.

153


–Маусым айында «Visit Shymkent» туристік-ақпараттық орталығының бастамасымен және «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ қолдауымен түркітілдес мемлекеттердің туристік орталықтарының тұңғыш конференциясы өтті. Аталған шараға Өзбекстан Республикасының туризм министрлігі мен өңірлік туризм департаменттері, Қазақстанның 7 өңірінің туристік орталықтарының басшылары мен онлайн режимде Қырғызстан, Әзірбайжан және Тәжікстан елдерінің өкілдері қатысты, – деді Е.Қыдыров.
Шымкентке келетін туристердің қатарын көбейту үшін қаланың туристік әлеуетін жарнамалау үлкен маңызға ие. Басқарма басшысының айтуынша, бұл жұмыс негізгі 4 бағыт бойынша жүргізіліп жатыр екен.
Біріншіден, жыл сайын қаланың көрікті жерлері туралы интерактивті альбом шығарылып тұрады. Аталған жарнама құралы арқылы турист өңіріміздің туристік нысандары туралы ақпаратты бір кітапта арнайы бейнероликтер түрінде 3 тілде ала алады.
Екіншіден, өңірдің туристік өнімдерін ішкі және халықаралық нарықта ілгерілету мақсатында Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында өткен қазақстандық халықаралық көрмелерде Шымкенттің арнайы стенді ұйымдастырылып, таныстыру жұмыстары жүргізілген. Нұр-Сұлтан қаласындағы көрмеде қала стенді «Ең үздік стенд дизайны», ал, Алматы қаласында «Үздіктердің үздігі» номинацияларын жеңіп алды. Сондай-ақ, Ақтау қаласында өңіраралық туристік бизнес өкілдерімен кездесу өтіп, Шымкенттің туристік әлеуеті туралы презентация жасалған.
Бұдан бөлек Катар, Әзірбайжан, Грузия және Түркияда арнайы роуд-шоу ұйымдастырылып, Шымкенттің көрікті жерлерінің таныстырылымы өткен. Және екіжақты келіссөздер мен бауырластық, серіктестік байланыс орнату, ынтымақтастық туралы келісімдерге қол жеткізіліпті.
–Үшінші бағыт – «Бақытты қалаға саяхат» конкурсы. Қаланың танымалдығын арттырып, туристерді тарту мақсатында әлеуметтік желілер арқылы өтетін конкурс бүгінге дейін 5 рет ұйымдастырылды. Оның ішінде екі жеңімпаз еліміздің Ақтау және Нұр-Сұлтан қалаларының тұрғындары, сондай-ақ, 1 жеңімпаз Катар мемлекетінің азаматы. Олардың барлығы қалаға келіп, арнайы экскурсиялық бағдарламаға қатысып, өңірдің туристік нысандарымен танысты. Қалған 2 жеңімпаз Баку және Алматы қалаларының тұрғындары. Олар осы айда Шымкентке келеді, – дейді басқарма басшысы.
Төртіншіден, балалар жылының аясында «Visit Shymkent» орталығының ұйымдастыруымен қаңтар-маусым айларында балаларға арналған 50 туристік экскурсия ұйымдастырылып, оған жалпы 2 500 мектеп оқушысы қатысты.
Жоғарыда аталғандардан бөлек, басқарма әуе борттарында аудиохабарламалар мен мақалалар жариялау, жарнамалық-ақпараттық материалдар шығару, роликтер дайындау секілді жарнама жұмыстарды да тұрақты негізде жүргізіліп отырады екен.
Міне, Шымкент қаласында туризмді дамыту бағытындағы жұмыстар осылайша жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Бұл саланың өркендеуі қалада шағын және орта бизнестің дамуына және тұрғындарды жұмыспен қамту мәселесіне оң ықпал етіп, сол арқылы халықтың әл-ауқатының жақсаруына септігін тигізеді. Себебі, мамандардың айтуынша, қалаға келген әрбір туристің кемінде 3 жұмыс орнының сақталуына әсер ететіні іс жүзінде дәлелденген.