КЕҢЕС ҚЫЛҒАН ЕЛ АЗБАС Избранное

Среда, 21 Сентябрь 2022 04:56 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 223 раз

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті Жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын ұстану аса маңызды екенін тағы бір атап өтті. «Біз қоғамға іріткі салуды емес, елді ізгі мақсатқа жұмылдыруды ойлауымыз керек. Әділетті Қазақстан идеясының түпкі мәні – осы» - деді
Президент. Шымкентте билік пен бұқараның байланысы күшейіп, қала әкімі бұрынғыдай халықпен жылына бір рет есепті жиында ғана кездеспейді. Әр ауданда тоқсан сайын үш рет кездесу өткізіп, нәтижесінде күні бүгінге дейін тұрғындардың көкейіндегі көптеген мәселелер шешімін тапты. Шағынаудандарға таза су, газ барды, енді бірі тарифі қымбат жарықтан құтылып, мемлекет есебінен трансформатор қойылды.

210

 

Абай ауданына қарасты Ынтымақ шағынауданы мен Көкбұлақ елді мекені тұрғындарымен кездесуде жол, қоғамдық көлік пен мектеп мәселесі көтерілген болатын. Халықтың тілегі ескерусіз қалмады. Қала әкімі Мұрат Әйтенов Көкбұлақ елді мекеніндегі инфрақұрылым жүйесінде атқарылып жатқан құрылыс барысын тексерді.
Тұрғын алапқа былтыр толық оптика желісі тартылып, интернетпен толық қамтылған. Сондай-ақ 2021 жылы тұрғындар ауыз су мен жарыққа 100 пайыз қол жеткізді. Ал көгілдір отынмен осы жылдың ІІІ тоқсанында қамтылатын болады, қазірдің өзінде құрылыстың 90 пайызы атқарылған. 2 390 тұрғыны бар Көкбұлақтағы тағы бір мәселе – жолды асфальттау болатын. Қазіргі таңда 9 көшенің бесеуіне тас төселсе, төртеуі асфальтталды. Жалпы былтыр 6 шақырымға шағал тас төселген. Келер жылы Ағыбек ата, Үркінбай ата, Жомарт ата көшелеріне асфальт төселеді. Ал 2024 жылы Маңлай ата мен Жангелді батыр көшелері асфальтталады.
–Қоғамдық көлік мәселесі шешіліп, бағытқа №146 және №180 маршруттары қойылды. Бұдан бөлек, былтыр 2,
биыл 1 балалар алаңшасы пайдалануға беріліп, балалардың спортпен айналысуына мүмкіндік туды, дейді тұрғындар.
Осы жылы тұрғындардың өтініші бойынша Есбол қажы көшесі жарықтандырылған.
Құрылыс нысандарын аралай жүріп, жергілікті тұрғындармен кездескен қала әкімі басқа да проблемаларға көңіл аударып, жауапты басқарма басшыларына тиісті тапсырмалар жүктеді.
Ал Абай ауданына қарасты Ынтымақ-2 шағынауданының Батыс бөлігінде 2 071 үй қоныстанған. Аймақта 1 мектеп, 3 балабақша бар. Былтыр 1 спорт алаңша ел игілігіне берілген.
Елді мекен инфрақұрылыммен толық қамтылмаған. Қазіргі таңда қала әкімінің тапсырмасымен газ, су, жол, жарықтың мәселесін шешу үшін құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Аумақты электр қуатымен қамту мердігер «Туран Энерго групп» ЖШС-не жүктелген. «Энерго ресурс Шымкентгаз» ЖШС газ құбырларын тартумен айналысуда. Екі нысанның да құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталып, абоненттеу жүргізіледі.
Инфрақұрылыммен қамту аз уақытта бітетін шаруа емес. Көшелерді асфальттау 2023 жылдан бастап кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Қазір мұнда 22 көше бар. Оның 4-і асфальтталған, 15 жолға тас төселген, қалған 3-і топырақ жол.
Батыс бөлігіне 900 орынды мектеп салу үшін 2,46 га жер телімінің құжаты рәсімделіп, қазір жобалық-сметалық құжаты әзірленуде,
Кездесу барысында шешімін тапқан мәселелер үшін алғысын білдірген тұрғындар, өзге де маңызды ұсыныс-тілектерін шаhар басшысына жеткізді.
– Бұрын ауыл белсендісі ретінде тұрғындардың мұқтажын жеткізу үшін бармаған жеріміз қалмайтын. Нәтижесін де көрмедік. 2020 жылдан бері өзіңізбен жиі кездесіп, өтініштеріміз орындалып жатыр, енді жолымыз асфальтталып, сапалы электр энергиясын тұтынатын күн де алыс емес деп ойлаймын,-деді ауыл биі
Ә. Балғабайұлы.
Мәселелердің таяу арада оң шешімін табуы үшін қала әкімі арнайы хаттама толтыртып, сала басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Нұрбол ОРЫМБАЕВ. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.