Версия для печати

ЖЫЛУ ЖҮЙЕСІН ЖАҢҒЫРТУ – НАРЫҚ ТАЛАБЫ Избранное

Среда, 21 Сентябрь 2022 04:59 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 840 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Шымкент қаласындағы «3-Энергоорталық» АҚ-ның бекітілген инвестициялық бағдарламасын іске асыру алдағы жылыту маусымында қаланы сапалы және үздіксіз жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Таяуда ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті «3-Энергоорталық» АҚ-мен бірлесе инвестбағдарламаның орындалуы бойынша баспасөз турын ұйымдастырды. Іс-шарада мекеменің бас инженері Жансерік ЕРБОТАЕВ БАҚ өкілдеріне жыл басынан бері жүзеге асқан жұмыстарды қорытындылап, жұмыс барысымен таныстырды.

206

 

ЖАҢА ҚОНДЫРҒЫЛАР - БАСТЫ ТАЛАП

Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті мен Шымкент қаласы әкімдігінің бірлескен бұйрығымен 2022-2026 жылдарға арналған жылу энергиясын өндіру қызметі бойынша инвестициялық бағдарлама қабылданып, бекітілген болатын. Бағдарламаның жалпы сомасы – 971,9 млн теңге. Оның ішінде, 2022 жылға бағытталған қаржы көлемі – 188,3 млн теңге. Инвестициялық бағдарламаны қаржыландыру көздері – амортизациялық аударымдар мен пайдадан түскен табыстар.
«3-Энергоорталық» АҚ негізгі және қосалқы жабдықтарды қайта құрылымдау және жаңғырту, негізгі жабдықтарға күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу, негізгі құралдарды сатып алуға бағытталған іс-шараларды тұрақты іске асырып келеді.
Баспасөз-турында станция жабдықтарын жаңғырту және жөндеу бойынша бекітілген инвестициялық бағдарлама іс-шараларының орындалу барысы таныстырылды. Іс-шара тұтынушыларға жылу энергиясының тарифіне салынған қаражат неге бағытталатыны, салынған қаражаттан қандай оң нәтижелерге қол жеткізілетіні, олардың көрсетілетін қызметтердің сенімділігі мен сапасына қалай әсер ететіні туралы ақпарат беруді мақсат еткен. Яғни, инвестициялық қаржы қайда жұмсалды, қандай тапсырмаларды шешуге бағытталды, қандай нәтижелерге қол жеткізгені туралы тұтынушыларды хабардар ету. Бұған дейін 2016-2021 жылдарға арналған инвестициялық бағдарлама бекітіліп, іске асырылған болатын. Бұған дейінгі бес жылдық жоба аясында жылу жүйесінде қондырғыларды жаңарту және жөндеу жұмыстары атқарылды.
«3-Энергоорталық» АҚ – жылу және электр энергиясын аралас өндіретін энергия көзі. Негізгі отын – табиғи газ. Жылу энергиясын тұтынушы – «Қуатжылуорталық-3» МКК. Компанияға Шымкент қаласында орналасқан 3-ЖЭО жылу электр станциясының кешені тиесілі. Кәсіпорын жылына орта есеппен 700 млн кВт/сағ электр энергиясын өндіреді. Қазіргі нарықтың талабы – өндірісті алға жылжыту, жаңа технологияларды көбірек енгізу.

АЛДАҒЫ ЖОСПАР ҚАНДАЙ?

Жалпы 2022-2026 жылдарға арналған бекітілген инвестициялық бағдарлама бойынша бірқатар міндеттер белгіленген. Атап айтқанда, ең маңыздысы алдағы бес жылдықта жылыту маусымдарының апатсыз өтуін қамтамасыз ету көзделген. Бұдан бөлек, негізгі жабдықтың тозуын 8 пайызға төмендету, су шығынын азайту және қызмет көрсету аймағын кеңейту кезінде жылу өндірісін ұлғайту мүмкіндігін сақтау бойынша тиісті жұмыстар жүзеге асырылады.
Енді жыл басынан бері жүзеге асқан жұмыстардың барысына тоқталайық. «3-Энергоорталық» АҚ бас директоры Қайрош Оңғарбаевтың айтуынша, 2022 жылы электр энергиясын өндіруді 2021 жылмен салыстырғанда 1,7 пайызға ұлғайту жоспарланған. Сонымен қатар, 2022 жылы электр энергиясына отынның үлестік шығынын 2021 жылғы деңгеймен салыстырғанда 1,3 пайызға азайту белгіленген. Бұл – тиімді инвестициялық бағдарламаның оң нәтижелерінің бірі.
– Біз барлық күш-жігерімізді станциядағы жабдықты жаңғыртуға, қазандықтар мен турбиналарды техникалық жарамды күйде ұстауға бағыттаймыз. Мұның бәрі Шымкентті сапалы жылумен сенімді түрде қамтамасыз ету үшін жасалуда. Біз үшін ЖЭО-ның үздіксіз және тұрақты жұмыс істеуі – бірінші кезектегі міндет, - дейді
Қ.Оңғарбаев.

205


2022 жылға арналған жылу энергиясының инвестициялық бағдарламасы аясында №1 ТГМЕ-464 қазандық агрегатының КБҚ-4 сатысының күрделі жөндеу жұмыстарына 65,356 млн теңге, №1,2,3 бойлерді (желілік су жылытқыш) күрделі жөндеуге 101,5 млн теңге қаржы қаралып, №1 ТГМЕ-464 қазандық агрегатының РАҚ 144 (суық қабат) пакеттері 21,46 млн теңгеге сатып алынды.
Қысқа дайындық аясында биылғы жоспарланған ауқымды жұмыстардың бірі – үш қазандықтағы, екі турбинадағы, трансформатордағы және бойлердегі жөндеу жұмыстары. Осы жұмыстарға және қажетті жабдықтарды сатып алуға 598,2 млн теңге қаржы қаралды. Жылу жүйесіндегі жөндеу жұмыстары көктемде басталған. Бүгінгі күні T-3 трансформаторы күрделі жөндеуден өтті. №1 және №2 турбоагрегаттарына, №1,2,3 қазандық агрегаттарына және қосалқы жабдықтарға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.

ТАРИФ ӨСКЕН ЖОҚ

ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің мәліметіне сәйкес, 2022 жылғы 15 қыркүйектегі жағдай бойынша «3-Энергоорталық» АҚ-ның тарифінде айтарлықтай өзгеріс жоқ. 2018 жылдың тамыз айынан бастап қазіргі уақытқа дейін акционерлік қоғамның жылу энергиясын өндіру бойынша тарифтері өскен жоқ. Баспасөз туры барысында департамент директорының орынбасары
Айсұлу Әлібекова бұл бағыттағы жұмыстарға жан-жақты тоқталып өтті.
Қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Б.Болатбековтің айтуынша, Шымкент қаласының 80 пайыздан астамын «3-Энергоорталық» акционерлік қоғамы жылумен қамтамасыз етеді. Жұмыс істеп тұрғанына 40 жылдан астам уақыт өткен бұл орталықты модернизациялау тиісті деңгейде жүргізілуде.
2018 жылдың басында шаһардағы басты жылу шығаратын мекеме халықаралық Eurasian Resources Group (ERG) компаниясының бір бөлігіне айналды. Бұл орайда мекемеге бірқатар нақты тапсырмалар қойылды. Олар – жылу қазандығын барынша қуаттылығымен жұмыс істеуге дайындау, электр станцияларының экономикалық жағдайын тұрақтандыру, өндірісті жаңғырту және жаңа әлеуметтік саясатты енгізу.
Қазіргі сатып алынып жатқан кейбір құрылғылар станцияда бұрын алынбаған немесе 20 жылдан бері ауыстырылмаған. Орталық жылу жүйесін жаңартуға арналған инвестиция осылайша игілігін көрсетуде. Оған дәлел, инвестициялық бағдарлама аясында жаңғырту жұмыстарына бөлінетін қаржы көлемі жылдан жылға ұлғайып келеді.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.