ЖАҢА ОРТАЛЫҚ – ТЫҢ МҮМКІНДІКТЕР Избранное

Среда, 28 Сентябрь 2022 04:55 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 588 раз

Үшінші мегаполисте көпфункциялы «Shymkent Tower» кешенінің жобасы бастау алды. Қала әкімі Мұрат Әйтенов Қонаев даңғылы бойында бой тіктейтін «Shymkent Tower» сауда-іскерлік орталығы құрылысының басталуына орай ұйымдастырылған іс-шараға қатысты. Бұл жобаның негізгі инвесторы – «САУТС-Ойл» компаниясы, ал құрылысын салушы – бас мердігер «Koç Construction».

264

 

–Алдағы 5 жыл ішінде қалаға 5 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция тарту міндетін қойдық. Шымкент қаласы үшін бірегей жоба бастау алды. Бастамаға сәттілік тілеймін. Жалпы, қазіргі кезде мегаполисте тұрғын үйге деген сұраныс артқан, агломерациясы дамыған шаһарымызға келушілер мен үй алып қоюға ниеттілер көбейген. Сондықтан кәсіпкерлерді Шымкентке инвестиция салуға шақырамын, - деді шаһар басшысы М.Әйтенов.
С.Сейтжанов жаңа нысанның салынуы экономика мен қала көркіне көрік қосатынына сенім білдіре келе, алдағы уақытта да қаламыздың дамуы жолында көптеген жобаларды қала әкімдігімен бірлесе жүзеге асыратынын тілге тиек етті.
Ал, «Koç Construction» - халықаралық құрылыс саласындағы тәжірибелі компания. Жарты ғасырлық тарихы бар. 1959 жылдан бері 3 құрлықта құрылыс салып, әлемнің 9 елінде ірі-ірі жобалардың жүзеге асуына атсалысқан. Солардың бірі – көрші Өзбекстан елінің ең маңызды жобасы саналған «Ташкент Сити» құрылысының негізгі бөлігін жүргізіп отыр. Сонымен қоса, «Hilton» қонақ үйінің құрылысын да аталмыш компания жүргізген. Бұдан басқа да жетістіктерін айтып өткен компания директоры Омер Сарикоч «Орта Азиядағы аумағы ең үлкен болып табылатын бауырлас еліміз Қазақстанда алғашқы инвестициялауды миллионды қала –Шымкенттен бастағанымызға өте қуаныштымыз. Бұл ғимарат прогрестің, дамудың, яғни алға қарай ұмтылудың негізгі символы болады. Шымшаһарға алдағы уақытта да басқа салалар бойынша инвестиция салуға дайынбыз» - деп атап өтті.
Шымкент қаласы 2020 жылы негізгі капиталға бағытталған инвестициялар көлемінің өсу көрсеткіші бойынша республикада екінші орында болған болса, 2021 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Қазақстан өңірлерінің рейтингісінде тұрақты түрде көш бастап келеді.
Айтып өтейік, «Shymkent Tower» сауда-іскерлік орталығын салу барысында 200 тұрақты және 1250 уақытша жұмыс орны ашылмақ.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.