КОММУНАЛДЫҚ ҚЫЗМЕТ ҚЫС ӘЛЕГІНЕ ДАЙЫН Избранное

Пятница, 18 Ноябрь 2022 04:53 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 865 раз

Биыл Шымкенттің күзі жауын-шашынды келді. Толассыз жауған жаңбырлы күндері тазалыққа жауапты мекемелердің қызметкерлері тәулік бойына қызметін жалғастырды. Ауа райының осындай қолайсыздықтарына қарамастан Еңбекші және Қаратау аудандарының тазалығына жауапты «Жасыл жер» мекемесінің қызметкерлері өздеріне жүктелген міндетті жүйелі атқарып келеді.

807

 

Коммуналдық мекеменің қалалық филиалы директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Сәуле Үзембаеваның сөзінше, қос аудандағы көпқабатты тұрғын үйлердің маңының тазалығын қамту үшін әр аулаға 4 қызметкер бекітілген. Олар күні бойына ағаш жапырақтарын сыпырып, сол ортаның тазалығына жауапты болып бекітіледі.
– Күз айлары басталғаннан мекемеде жұмыс қарқын алады. Күнделікті тазалықшылар көшелер мен аяқжолдарды ағаш жапырақтарынан арылтса, қарлы-жаңбырлы күндері ирригациялық жүйелерді тазалап, су ағысына жол ашады. Одан бөлек, жаңбырдан кейінгі жиналған суларды арнайы техникалардың көмегімен сору жұмыстарын жүргізеді. Қазір мекемеде 8 мотопомпа бар. Аудан әкімдігі мен аудандық төтенше жағдайлар басқармасы жұмыла жұмыс істеп, нәтижесінде біз қызмет көрсететін Еңбекші мен Қаратау аудандарында тұрғын үйлерді су басу қаупі орын алған жоқ, – дейді Сәуле Сайлауқызы.

102


Әне-міне дегенше қыс айы жақындап қалды. Бұл дегеніміз қыстың қары мен көктайғағына дайындықты тағы бір пысықтап, жауаптылар қажетті техниканы сайлағаны абзал. «Жасыл жер» мекемесі алдағы қыс маусымына дайынбыз деп отыр. Техника санының жеткілікті болуы, инертті заттарды қамдау жұмыстары толығымен атқарылған. Жуырда аудан әкімдері мекеменің техникалық базасын тексеріп, қысқы дайындығына оң бағасын беріпті.
–Қысқы маусымға сақадай-саймыз. Еңбекші ауданына 5 400 текше метр құм және 386 тонна тұз алдық. Ал Қаратау ауданының аумағы үлкен болғандықтан 6 500 текше метр құм және 1 170 тонна тұз қамдадық. Өздеріңізге белгілі, қыста жұмыс жазғы маусымға қарағанда қара күшті талап етеді. Сондықтан біз әйелдерді аяқжолдарды тазалау, жол бойындағы қоқыстарды жинау секілді жұмыстарға жұмылдырсақ, ерлерді қар күреу, техникаларды басқару, тасымалдау жұмысына көбірек тартамыз. Қазірдің өзінде жұмысшылардың 60 пайызы ер-азаматтар. Қолайсыз ауа райы орын алуы мүмкін жағдайда жұмысшылар екі ауысымда жұмыс істеп, жатар орын мен 3 мезгіл ыстық тамағы қаралады. Мұндай кезде жұмысшылар мекеме базасында тынығып, жұмыстарын жалғастырады. Еңбек шартына сәйкес жұмыс кестеге қосымша еңбекақы төленеді, - дейді С.Үмбетбаева.
Коммуналды мекемеде жаз мезгілінде 500-ден аса қызметкер еңбек еткен. Жуырда Еңбекші ауданында екінші техникалық нүктесі іске қосылып, жұмысшылар саны 700-ге жетіпті. Бұл өз кезегінде жұмыссыздық мәселесін шешсе, екіншіден, шалғайда орналасқан елді мекендерге сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік беріп отыр.
–2023 жылдан бастап Мемлекет басшысының Жолдауына сәйкес, жұмысшылардың еңбекақысын көтеруді жоспарлап отырмыз. Мекемеде зейнет жасына жақындаған ерлер мен әйелдер, көпбалалы аналар жұмыс істейтіндіктен, осылай қызметкерлеріміздің әлеуметтік мәселесін шешуге атсалыссақ дейміз, - деді С.Сайлауқызы.
Қоғамда тазалықшылар, яғни көше сыпырушылар, қоқыс тасымалдаушылар, қоқыс жинаушы мамандарға деген көзқарас әртүрлі. Десек те, еңбек адамдарының адал еңбегі, маңдай тері – қандай да болмасын алғысқа лайық.
Мемлекет басшысы әділетті қоғамда еңбек адамы бірінші орында тұру керек деп атап өтті. «Жасыл жер» ЖШС-да еңбек етіп жүрген Жұмабай Жарылқановтың қалада коммуналдық шаруашылық саласында қызмет атқарып жүргеніне – 7 жыл.
–Күнделікті жұмысымыз – аялдамалардағы қоқыс жәшіктері мен көше бойындағы қоқыстарды қолмен теру. Ұжым арасында жасым үлкен болғандықтан өзімнен кіші қызметкерлердің көрсеткен құрметіне ризамын. Жұмысымыз ауыр болғанымен қаламыздың тазалығына тамшыдай болса да үлес қосып жүргеніміз, жігерлендіреді. Еңбегімізді елеп, халықтан алғыс естігенде, іштей риза болып қаламыз, – дейді кейіпкеріміз.
Бейбітшілік заманда патриот болу үшін өзгелерден ерекшеленетін қызмет атқарудың қажеті жоқ. Әлеуметтік желілерде ғибратқа толы жазба қалдыру да отансүйгіштіктің толық көрінісі емес. Әр адам өзіне жүктелген міндеттерді мінсіз орындаса, қоршаған ортаның тазалығы мен табиғатын қорғауда белсенді болса, жоғарыда келтірген кейіпкеріміз секілді көптің алғысын арқалайтындай еңбектенсе, міне еліміздің дамуына үлес қосатын еңбектің адамдары осындай жандар.

Последнее изменение Четверг, 15 Декабрь 2022 08:50