ТЫҢ ЖОБАҒА – 1 МИЛЛИОН Избранное

Среда, 23 Ноябрь 2022 04:21 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 220 раз

Шымкент қаласының тың жоба ұсынған жастарына 1 миллион теңге қаржы табысталды. «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының жеңімпаздарын қалалық Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысы Мұратжан Шотанов жеңісімен құттықтап, салтанатты түрде марапаттады.

830

 

– «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты биыл Шымкент қаласында алғаш рет ұйымдастырылып отыр. 2023 жылы грант бағыттарын кеңейтіп, бұдан да көп жасты ынталандыруды жоспарлап отырмыз. Бұл жеңімпаз жобалар қаламыздың мәдени-экономикалық дамуына үлес қосады деп сенеміз. Алдағы уақытта жастарымыздан бұдан да ауқымды жобалар күтеміз, – деді Мұратжан Шүкірханұлы.
Жастарға арналған грантқа өтінім қабылдау қыркүйек айынан басталған. Байқауда бақ сынау үшін 15 үміткер өзінің жобасын ұсыныпты. Үш бағыт бойынша 4 қатысушы жеңімпаз атанып, ойға алған жобасын жүзеге асыратын қаржыға ие болды. Байқау қорытындысы бойынша «Медия» жобасын ұсынған Ернұр
Нұрланұлы, «Мәдениет» бағытымен Салих Халиев, «Ерікті» бағытында тың жобаны алға тартқан екі үміткер Диана Жолдасбаева мен Тимур Ауданбаев марапатталды.
Жеңімпаздар арасында жасы ең кіші
Диана Жолдасбаева сал дертіне шалдыққан балаларға арналған ойын алаңшасын орнатуды көздеп отыр. 15 жасар ерікті қаладағы №23 мектептің 10 сыныбында оқиды.
– Екі жылдан бері мектебіміздегі еріктілер клубының мүшесімін. Біз балаларды оңалту орталығына жиі барамыз. Сонда науқас балаларға арналған ойын алаңшасы жоқ екенін байқадым. Осы қаржыға алдымен оңалту орталығына ойын құрылғысын қойып, науқас балалардың өзге балалар секілді ойнап, көңіл көтеруіне жағдай жасамақпын, – дейді жас ерікті.
Ал қала жастарына мобилография сабақтарын үйретуді көздеп отырған Ернұр
Нұрланұлы алдымен осы қаржыға ноутбук пен бейнекамера сатып алуды жоспарлапты.
– Мобилорграфия – қазір ең көп сұранысқа ие сала. Өзім осы саланы қызығушылықпен үйреніп, алғашында әуесқойлықпен видео құрастырып жүрдім. Қазір кәсіби деңгейдемін деп ауыз толтырып айта аламын. Енді бар білгенімді қаламыздың жастарына үйретіп, білікті мобилографтар қатарын көбейтуді көздеп отырмын, – дейді Е.Нұрланұлы.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Нұрбол ОРЫМБАЕВ. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.