АЛҒЫС ЖҮРЕККЕ ЖЫЛУ ҰЯЛАТАДЫ Избранное

Среда, 01 Март 2023 05:48 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 855 раз

Бүгін – Алғыс айту күні. Бұл күннің жыл сайын мәні де, мазмұны да артып келеді. Көктемнің алғашқы күнінде елімізде адамдар бір-біріне деген ыстық ықыласын білдіріп, ризашылық жеткізуді дәстүрге айналдырды. Жұртшылық қаһарлы қыс бітіп, жайма-шуақ көктемді осылай қарсы алады. Бұл – мейірім мен ынтымақтың, достық пен махаббаттың мерекесі.
Қазақ – тумысынан кез келген игі іске, жақсы нәрсеге алғыс айтуды әдетке айналдырған халық. Адамдардың жүрекке жылулық ұялатып, алғыс білдіруі бір-біріне қуаныш сыйлайды. Алғыс естіген кез келген жанның көңілі жібіп, жадырап шыға келеді. Халық арасында «алғыс – бата» деген де ұғым бар. Мереке қарсаңында азаматтардың жылы лебізін, алғысын жариялауды жөн көрдік.

60

 

АЛҒЫСЫМЫЗ ШЕКСІЗ, ДӘРІГЕР!

«Баламның табаныңа кірген тікен, менің маңдайыма кірсін» дейтін балажан халықпыз ғой. Әрбір ата-ана үшін перзентінің амандығы бірінші орында. Мен айтулы мереке қарсаңында Шымкент қалалық балалар клиникалық ауруханасының дәрігерлеріне және осы аурухананың қабылдау бөлімінің меңгерушісі Ақбаев Өркен Айдарханұлына (суретте) алғысымды білдіргім келеді.

57


Төрт баланың анасы ретінде әр баланың денсаулығына ерекше көңіл бөлемін. Десек те, ойын баласы бірде суықтап, бірде құлап жазатайым жағдайларға душар болады. Үйіміз Шымкент қалалық балалар клиникалық ауруханасына жақын маңда орналасқандықтан тәуліктің кез-келген уақытында баламызды алып, қабылдау бөліміндегі дәрігерлердің көмегіне жүгініп отырамыз. Өткен аптада екінші қызымның ыстығы көтеріліп, түн ішінде ауруханаға баруға тура келді. Аурухананың қабылдау бөлімінің мамандары зыр жүгіріп, үлкен жауапкершілікпен баланың денсаулығын бақылады. Жедел түрде қан талдамаларын алып, ультра дыбыстық зерттеу жүргізді. Талдамалар дайын болғанға дейін кезекшіліктегі бейінді дәрігерді шақырып, жедел түрде қызыма дәрі-дәрмегін тағайындады. Бірде кішкентайымның қолын шығарып алғанда да, дәрігерлер жедел рентген аппаратына түсіріп, тиісті ем-домын жасады.
Қандай дертке шалдықсаңыз да, сіздің жағдайыңыз дәрігердің ең алғашқы әрекетіне тікелей байланысты. Яғни, баланың тілін ұғып, дерттің бізге байқала бермейтін белгілерін анықтап, жедел әрекет ету — ол білікті, тәжірибелі дәрігердің ісі. Аурухананың қабылдау бөлімінде отырғанда тосыннан күрделі отаға жолданып жатқан балаларды да көрдім. Яғни, қабылдау бөлімінің дәрігерлері бейне бір ұрыс даласындағы сарбаздардай. Олар кез-келген жағдайда науқасты бейінді дәрігерге бағыттап, шарасыз күйдегі ата-анаға бағдар беріп отырады. Ал, Өркен Айдарханұлы — осы жауапкершілігі мол жұмысты үйлестіріп, сапалы қызмет көрсету үшін тәулік бойы тынымсыз еңбек етіп жүрген ақ халатты абзал жан. Сіздерге алғысымыз шексіз, ақ халатты абзал жандар!

Айжан БАЙМҰРАТОВА,
Шымкент қаласының тұрғыны, көп балалы ана

 

БАЛА БЕЙІМІН ТАНЫҒАН ҰСТАЗ

Қазіргі оқушылардың әр күні жоспарланған. Әрбір ата-ана баламыздың бос уақытын тиімді пайдаланып, түрлі үйірмеге жібергенді құп көреміз. Бұрындары ән-би, спорт секциялары танымал болса, қазір бұл тізімге логика, менталды арифметика, робототехника және өзге де салаларды меңгеруге арналған түрлі курстар қосылған. Осылардың ішінде робототехникаға деген қызығушылық жыл сайын артып келеді.

59


Бүгінде түрлі салада адамдар осы роботтардың көмегіне жүгінеді. Сол себепті біз өмір сүріп отырған қоғам техниканың қыр-сырын білуді қажет етіп отыр. Робототехника бірнеше пәнді бір арнаға тоғыстыратыны тағы бар. Математика, физика, информатикамен қоса, тіпті биологияның заңдылықтарын да жетік білуіңіз қажет. Бұған қоса, құрастыру кезінде күнделікті өмірде алып жатқан білімді де тәжірибеде қолдануға тура келеді. Жалпы, робототехника саласы мұнымен айналысқан кез-келген адамды жан-жақты дамытады. Сондықтан екі баламды қаламыздағы робототехника үйірмесіне бердім. Ұстаздары – жас маман Жанар Тойжанова. Ұлдарым Алижан мен Ақылжанның робот жасау ісіне қызығушылығы ерекше. Үйірмеге барғалы мектепаралық түрлі конкурстарға қатысып, дос тауып, белсенділіктері артты. Тіпті, робот жайлы ізденіп, кітап оқуға құмарлықтып жүр. Алғыс айту күні қарсаңында балаларымның ұстазы Жанар Тойжановаға(суретте) және ұстаздар қауымына алғысымды білдіремін.

Меруерт ИСАҚОВА, қала тұрғыны

 

ТАҢМЕН ТАЛАСА ОЯНАТЫН ЖАНДАР

Қала – тазалығымен сәнді. Бұл – үстіне арнайы кеудешесін киіп, құралдарын сайлап, күнделікті қызу тірлікте жүретін тазалықшылардың еңбегі. Жаздың аптап ыстығы мен қыстың ызғарына қарамастан олар қарбалас тірліктерін тоқтатпайды. Тазалыққа жауапты қызметкерлер таң атқаннан көзге түседі. Бұл саладағы жандардың басым бөлігі нәзік жандылар екенін де көріп жүрміз. Өзінің аналық мейірімі, аялы алақанымен ұл-қыз тәрбиелеп отырған аналар қаланың тазалығын сақтап, көптің көңіліне жылу сыйлап жүреді.

61


Бірі – көше сыпырса, бірі – гүлзарлардағы гүлдер мен ағаштардың қамқоршысы. Әдетте көпшілік табиғатты анаға телісе, мен қаламыздың гүлзарлары мен саябақтарын балаға теңеймін. Мейірімді алақанның қолында өсіп, жайқалған Шымкенттің табиғаты неткен көрікті десеңізші?! Таңмен таласа оянған, сіз бен біз жұмысқа баратын көшелер мен аялдамаларды таза ететін еңбек адамдары біз үшін қашан да ардақты.
Ал, өзім оларды көрген сайын ықылас танытып, «Сіздердің арқаларыңызда көшелеріміз мұнтаздай таза болып тұрады» деп, алғыс айтып өтемін. Сіздерге мың алғыс, құрметті қаламыздың аяулы тазалықшылары!

Күләйша ОТАРБАЕВА,
қала тұрғыны, зейнеткер

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.