Версия для печати

«МЕМЛЕКЕТ САУДА СУБЪЕКТІЛЕРІН ҚОЛДАЙДЫ» Избранное

Пятница, 03 Март 2023 04:34 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 869 раз
Оцените материал
(0 голосов)

ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин Шымкент қаласына іссапармен келді. Министр алдымен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында қала тұрғындары және бизнес қауымдастықпен кездесті. Серік Мақашұлы бұған дейінгі кездесулерде көтерілген өзекті мәселелердің шешімін тапқанына жан-жақты тоқталып, кәсіпкерлердің сауалдарына жауап берді.

97

 

Үкіметтің қолдауымен қалада соңғы жылдары өнеркәсіп өндірісі дамып, ауыл шаруашылығы саласындағы үлкен жобалар жүзеге асырылуда. Қала әкімінің орынбасары Айбек Сәттібаев басты мақсат халықты қажетті азық-түлікпен қамтамасыз ету үлесін арттыру екенін атап өтті. Биыл ауыл шаруашылығы саласымен айналысатын кәсіпкерлер және қосалқы шаруашылықтар жеңілдетілген несиемен қамтамасыз етіледі.

– Алғашқы кездесуде көтерілген өзекті мәселелердің біразы шешімін тауып, қалған сұрақтар пысықталып жатыр. Қазіргі уақытта «А» санаттағы сауда-ойын-сауық орталықтарындағы сауда алаңдарын жалдау ақысын субсидиялау мәселелерін қарау жоспарлануда. 2024 жылдан бастап сауда субъектілерін қолдау бойынша министрліктің жекелеген салалық бағдарламасы шеңберінде мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Республикалық маңызы бар қалаларда – Астана, Алматы және Шымкентте базарларды жаңғырту, сауданың қазіргі заманғы форматтарына көшу міндеті тұр. Бұл орайда министрлік сауда нарықтарын жаңғырту жөніндегі Жол картасының жобасын әзірледі. Жақын арада құжат әкімдіктерге жолданатын болады.
Шымкент – жоғары қарқынмен дамып келе жатқан шаһар. Мұнда халықты жұмыспен қамту басты назарда тұр. Ендігі ретте жеңіл өнеркәсіпті дамыту, инвесторларды тартуға күш салу керек. Бизнесті дамытуда бірлесе жұмыс атқару қажет, – деді Серік Мақашұлы.
Жиында жергілікті кәсіпкерлер, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер өз сауалдарын қойды. Атап айтқанда, «Бал текстиль» ЖШС құрылтайшысы Талғат Исхақов, «Бәйтерек агро» ЖШС директоры Тахирбек Нышанбаев, «Gramad Retail» ЖШС өкілі Аман Қошқаров, «Отан агро» ЖШС өкілі Берік Сәбитұлы саладағы бірқатар мәселелерді қозғады.
Жиында көтерілген мәселелер хаттамалық тапсырма ретінде бекітіліп, тиісті мекемелерге жолданды.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.