ТАСТАЙ БЕРІК, ГҮЛДЕЙ НӘЗІК Избранное

Четверг, 09 Март 2023 04:34 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 836 раз

«Қыздың қырық шырағы бар» демекші, әйел адам – қанша жерден нәзік болғанымен, іштей өте батыл және төзімді, айналасын нұрға бөлейтін күшке ие жаратылыс.

312

 

8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай, дәл осындай, қыздың мінезіне тән жұмсақтық пен офицердің қаталдығын үйлесімділікте ұстай білген полиция қызметкері Әбдіқайым Гүлбану Әділбайқызын таныстырмақпыз. Аса маңызды қызметтің жүгін абыроймен арқалап жүрген ару – Шымкент қаласының және Түркістан облысының Мамандандырылған күзет қызметі басқармасы 1-полиция батальонының аға инспектор психологы. Бұл саланың қызметкерлеріне жүктелген жауапкершілік жоғары екені белгілі. Өйткені ақиқаттың ақ-қарасын зерттеу сауаттылық пен біліктілікті, мүлтіксіз қызметті және төзімділікті талап етеді. Батальондағы психологиялық ахуалды зерделеу, оны жақсарту, басқару стилі мен әдістерін жетілдіру бойынша ұсынымдар әзірлеп және қызметтік ұжымдар арасында әлеуметтік-психологиялық зерттеулер жүргізеді. Сонымен қатар ұжыммен психологиялық тренингтер ұйымдастырып, психологиялық тұрақтылықты арттыру бойынша қызметкерлерді кәсіби даярлау жүйесінде материалдар дайындап сабақтар өткізеді. Ішкі істер органдарында ерлермен иық тіресіп қызмет етіп келе жатқан полиция аға лейтенанты Гүлбану Әділбайқызы осы қасиеттерге ие тұлға.
–Полиция қызметкері болу – бала кезімнен арманым еді. Мектепті бітірген соң педагогика және психология мамандығын таңдап, Шымкент қаласындағы Мардан Сапарбаев институтына оқуға түстім. Оқуымды үздік тәмамдап, ішкі істер органындағы жұмысымды 2019 жылы Шымкент қаласы және Түркістан облысының Мамандандырылған күзет қызметі басқармасынан тағылымдамашыдан бастап, қазіргі таңда офицер шенін алып, психолог қызметін атқарып жатырмын.
Құқық қорғаушы мамандығының қызығымен қатар қиындығы да бар. Бірақ өзімнің таңдаған жолым болған соң, ешқандай қиындықтарға мойымаймын. Полиция – әйел заты бара бермейтін мамандық екені белгілі. Бұған қарамастан сүйікті кәсібімді жалғастырып келемін. Ата-анам мен бауырларыма әрдайым қолғанат болып, барынша көп уақыт пен көңіл бөлуге тырысамын.
Қызметімде басты ұстанымым – әділдік. Психолог үшін жұмысты дұрыс жоспарлау, әрбір психологиялық ахуалдың алдын алып, шындығына жету – басты міндет, – дейді шенді ару.
Қызмет жылдарында Гүлбану Әділбайқызының еңбегі жоғары бағаланып, марапаттарға ие болған. Полиция қызметкерінің осындай жетістіктері оның алдағы уақытта да жұмысын қарқынды жалғастыруына себеп болмақ.
–Полиция – ол қатардағы сақшы ғана емес, елдің жанашыр қорғаны. Тынышын күзетуші. Тәртіпті бақылаушы, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуші. Тәулік талғамайтын салада ер-азаматтармен бірдей қатарда тұрып, халыққа қалтқысыз қызмет ету – зор тәртіпті, жауапкершілікті талап етеді. Білім мен білікті қажетсінеді. Сауат пен спортты қатар алып жүру де міндетіміз болды. Бастысы, Отанымды сүйіп, дәл осы салада еңбек етіп, қоғамдағы қылмыс, құқықбұзушылықпен күресуде сүбелі үлес қосқаным үшін қуанамын, - дейді кейіпкеріміз.