Версия для печати

НАУРЫЗ ТОЙЫ ШЫМКЕНТТЕН БАСТАЛДЫ Избранное

Пятница, 24 Март 2023 05:05 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1695 раз
Оцените материал
(1 Голосовать)

Наурыз мейрамы үшінші мегаполисте он күн тойланды. Көрісу күнінен басталған онкүндікте ұлттық құндылықтар дәріптеліп, мереке Жоралғы күнімен қорытындыланды. Ұлыстың ұлы күні – 22 наурызда этноауылда 170-тен астам киіз үй тігіліп, еліміздің түкпір-түкпірінен қонақтар келді. Мерекелік жиынға қатысқан қонақтар ұлттық ойындар, ұлттық киім, тағам мен өнер сайыстарын тамашалады. Думанды той күні кеше ашылған жаңа атшабарда өтті.

818

 

ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов арнайы қатысып, шымкенттіктерді Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамымен құттықтады.
–Әз-Наурыз қызғалдағы құлпырған, жауқазыны жайқалған Шымкент қаласында ерекше аталып өтуде. Осында халықаралық деңгейде ипподром ашылып, барша ұлттық ойындарынан сайыс өтті. Өзіміз аламан бәйге мен көкпардың куәсі болдық. Қазақстанның барлық өңірлерінен спортшыларымыз келіп, ұлттық спорт түрлерін, құндылықтарымызды жоғары деңгейде көрсетті.

819

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында Наурыз мерекесін атап өту тұжырымдамасын түсіндіріп өткен болатын. Осыған орай, мәдениет және спорт министрлігі ұлыстың ұлы күнін тойлау жөнінде жаңа тұжырымдама әзірледі. Тұжырымдама негізінде әз-Наурызды барлық аймақ бір күн тойламай, «Амал мерекесі», «Тарихқа тағзым» секілді күндермен аталып, 10 күн тойлау ұсынылған болатын. Бүгін біз сол бағдарлама аясында жаңа ипподромда көшпенділердің рухын көтеретін тамаша көріністерге куә болып отырмыз. Балуандар белдесіп, аламан бәйге өтіп, теңге ілу, көкпар тарту сияқты ұлттық спорт түрінен жарыс өтті. Мұның барлығы Наурыздың мерекесінің сәнін кіргізсе, екіншіден алдағы жылы елімізде өтетін «Дүниежүзілік көшпенділер ойынына» қызу дайындығымызды пысықтайды,- деді министр.

825


Жаңа ипподром аумағынан ашылған ұлттық нақыштағы этноауылда 170-тен аса киіз үй тігіліп, алтыбақандар орнатылған. Оның ішінде 20 киіз үйді еліміздің өзге өңірлері жасақтап, береке мен бірліктің үлгісін көрсетті. Этноауылда арнайы қазан-ошақ құрылып, онда 2 мың литр наурыз көже дайындалып, қала тұрғындары мен қонақтарына таратты.
–Әз-Наурыз – ырыс пен ынтымақтың мейрамы. Шымкент үшін биылғы жыл табысты болды. Қала экономикасының өңірлік өнімі 3 трлн теңгеден асты. Мұндай көрсеткіш Шымкент дамудың даңғыл жолына түскенін, қала тұрғындарының еңбекқор екенін аңғартады. Мәселен, өздеріңіз көріп тұрған этноауылды он бес күнде құрды. Осы азаматтарға алғыс білдіремін. Өзге өңірден ат терлетіп келген жерлестеріміз 20 киіз үй тікті.

821


Қазақтың дархандығын көрсетіп, өз аймағының туристік әлеуетін таныстырған қонақтарға да алғыс айтамын. Еліміздің бірлігі бекем болсын!, - деді Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов құттықтау сөзінде.
Салтанатты жиында «Үздік киіз үй» байқауының жеңімпаздары марапатталды. Комиссия шешімімен Абай облысы тіккен киіз үй үздік деп танылды. Жеңімпаз өңірге қаржылай сыйлық табысталды.
Ұлыс мереке Астана алаңында Қазақстанның эстрада жұлдыздарының гала концертімен қорытындыланды.