ЖАСТАРҒА АРНАЛҒАН 2,5 ПАЙЫЗ НЕСИЕ Избранное

Среда, 19 Апрель 2023 04:28 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1690 раз

өтінім қабылдау басталды

Шымкентте жастарға төмендетілген пайызбен шағын несие беруге өтінім қабылдау басталды. Биыл қалада 261 жасқа жеңілдетілген несие беру көзделген. Ол үшін республикалық бюджеттен 1 млрд 305 млн. теңге бөлініп отыр. Шағын несиелер агронесие корпорациясы арқылы үлестіріледі. Қазір Шымкент қалалық жұмыспен қамту орталығында үміткерлерден өтінімдер қабылданып жатыр.

605

 

Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Жолдасбековтың айтуы бойынша, әзірге 15 жоба қабылданған.
–Шағын несие кәсібі бар немесе кәсіп ашып жұмыс жасаймын деген 35 жасқа дейінгі жастарға беріледі. Несие сомасы – 5 млн теңгеге дейін. Сыйақы мөлшерлемесі – 2,5 пайыз. Ал, мал шаруашылығымен айналысатын азаматтарға несие 7 жылға беріледі. Өтініш берген сәтте жастардың жеке кәсіпкер ретінде тіркелген уақыты 5 жылдан аспауы тиіс. Бағдарламаға жұмыс істейтін жастар да қатыса алады. Тек мемлекеттік қызметкер болмауы тиіс, - деді Мақсат Жолдасбеков.

606


Шарт бойынша несие алу үшін кепілмүліктің болуы міндетті. Мамандар оған жылжымайтын мүлік немесе арнайы техникалар жарамды, дейді. Кепілзат болмаған жағдайда кепіл беруші ретінде туыстарын тартуға да болады. Микрокредит алушылар үшін негізгі борыш пен сыйақыны өтеуге жеңілдік кезең қарастырылған. Ол алған несиенің мерзімі ұзақтығының үштен бірінен аспайды.
Жобаны қабылдаушылардың айтуынша, жастардың кәсіп бастауға белсенділіктері жоғары. Кондитерлік цех, сұлулық салондары, қолөнер бұйымдарын жасаумен қатар жастардың ауыл шаруашылығымен айналысуға қызығушылығы басым. Осы тұста айта кетерлігі, аз пайыздағы несиені алудың тәртібі бар. Айталық, микрокредиттер жылжымайтын мүлік алу, салу немесе жөндеу, жер учаскелерін, бағалы қағаздарды сатып алу, қаруды (оның ішінде қару өндіруге арналған құрамдас бөліктерді), құрамында есірткі бар заттарды немесе азаматтық айналымнан алынған басқа да мүлікті өндіру немесе сатып алуға берілмейді. Ойын бизнесін ұйымдастыру немесе дамыту, Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынған террористік және кез келген өзге де қызметке байланысты қызметтерге, өз өндірісіндегі жүзімнен шарап өндіру, сондай-ақ темекі және/немесе алкоголь өнімдерін сатып алуды көздейтін жобаларға, акцизделетін тауарларды/өнімдерді шығаратын жобалар қабылданбайды. Сонымен қатар кредиторлық берешекті өтеу, жеке тұтынушылық мақсаттарға алуға мүмкіндік жоқ.
Микрокредиттер арнайы комиссияның шешімі негізінде беріледі. Оның құрамына мәслихат депутаттары, мемлекеттік органдардың, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының, кәсіпкерлер, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері кіреді. Үміткерлер өздерінің бизнес-жобасын комиссия отырысында таныстырады, комиссия ол бизнес-жобаларды бағалап, өзекті, дәлелді, өміршең, неғұрлым болашағы барын таңдайды. Қаржы сәуірдің соңына таман беріле бастайды.
Айта кетейік, 1 наурыздан бастап Қазақстанда жастар саясаты жөніндегі заң күшіне енді. Бұл заңға сәйкес Қазақстанда жастардың жасы 35 жасқа дейін ұлғайтылды.

Салтанат ЖАМАЛДИНОВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.