«Таза бейсенбі» – тазалық кепілі

Пятница, 07 Июнь 2024 07:13 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 397 раз

taza-beisenbi

Amanat партиясы «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясын қолдау мақсатында «Таза бейсенбі» тазалық іс-шарасын ұйымдастырды. Экоакцияға мәслихат депутаттары, партия қызметкерлері, зиялы қауым өкілдері, кәсіпкерлер және қала тұрғындары қатысты.

Алғашқы іс-шарада көпшілік Тұран ауданы, Құрсай елді мекені (А2 жолының бойы) аумағын қоқыстан тазартты. «Таза бейсенбі» акциясы еліміздің барлық аймағында, аудан орталықтардында, елді мекендерде өтуде.

Партияның Шымкент қалалық филиалының төрағасы Бахадыр Нарымбетов акцияның негізгі мақсатын түсіндірді.

– Партиямыз «Таза Қазақстан» акциясына жаңа екпін беруді мақсат етіп отыр. Бұл тазалық іс-шарасының тәрбиелік мәні зор. Жалпы айтқанда тазалық жұмыстарына жауапты арнайы қызметтер бар. Дегенмен, қаланың, елдімекендердің тазалығы адамдардың тәрбиесіне байланысты. Коммуналдық қызмет өкілдеріне жәрдем береміз десек, тазалықты өзімізден бастауымыз керек. Жүрегі, ниеті таза азаматтың айналасы да таза болады. Таза аумақта өмір сүрейік деген мақсатпен осы бастама қолға алынды. Акция одан әрі жалғасады, – дейді Б.Нарымбетов.

Сонымен қатар, іс-шарада «Шымкент спец комплекс» ЖШС және «Тұран» КММ қызметкерлері зираттарды тазалау, шөптерді ору жұмыстарын жүргізді. Жалпы 200-ден астам адам экоакцияға белсене қатысты.

Айта кетейік, «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы аясында барлық өңірлерде алдын-ала елді мекендердің ластанған аумақтарының карталары жасалды. Әр бейсенбіде партияластар, белсенділер, мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері осы аумақтарды қоқыстардан тазартуға шығады. Кейіннен әрбір ластанған аумаққа партияның бастауыш партия ұйымдары мен аудандық филиалдары бекітіледі. Олар ай сайын бекітілген учаскелерде тәртіп пен тазалықты сақтауды қамтамасыз етеді.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.