«Жайлы мектеп» – мол мүмкіндік мекені Избранное

Среда, 10 Июль 2024 06:46 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1349 раз

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Данабек Исабеков Шымкент қаласына жұмыс сапары барысында «Жаңа Тұрлан» шағын ауданында, Жайлы мектеп жобасы аясында салынып жатқан мектеп құрылысымен танысты.

2 жайлы мектеп 1

 

Мәжіліс депутаты кездесу барысында партияның «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасын жергілікті жерлерде іске асыру сапасын талдауға ерекше көңіл бөлуде. Сондай-ақ, халықтың ерекше мұқтаждыққа ие білім саласы да басты назарда екенін айтты. Бағдарламада әлеуметтік салаға баса мән берілген.
Білім басқармасы басшысының берген мәліметінше, қазірдің өзінде 900 бала №55-ші мектептен ауысқалы отыр екен. 1-ші сыныпқа қабылданатын оқушылар тағы бар. 1200 орынға арналған мектеп ғимараты жоспар бойынша жаңа оқу жылында пайдалануға беріледі. Осы орайда, халық қалаулылары жайлы мектеп халыққа жайлы болуы керектігін, шапағатын халық көріп, сезіну керектігін нақтылады.
Бұл жаңалық жергілікті тұрғындарды қуантты. Жалпы 670-тен астам отбасы тұратын шағын ауданда мектеп жасындағы бала көп. Балалар 3 шақырым қашықтықтағы мектептерге қатынап оқиды. Сондықтан салынып жатқан мектеп тұрғындар үшін өте маңызды.
Бүгінде мегаполисте 18 жайлы мектептің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 12 мектептің құрылысы биыл бітеді деп күтілуде. Нысандардың басым бөлігінде бетон жұмыстары аяқталып, мектептердің қаңқасы тұрғызылған. Қазір ішін әрлеу, сыртқы қасбетін қаптау жұмыстары жүргізіліп, инженерлік желілерді тарту мен ауланы абаттандыру істері де қолға алынған. Осы жылдың 1-ші қыркүйегіне 9 нысанды пайдалануға беру жоспарланған. Қалған мектептер желтоқсан айында халық игілігіне тапсырылады. Бұл 17300 оқушы орнын ашуға мүмкіндік береді. Осылайша мегаполистегі мектеп тапшылығы едәуір азаяды. Аталған мақсатқа жету үшін жайлы мектептердің құрылыс алаңында жұмыс екі ауысымда қарқынды жүргізілуде.
«Жайлы мектеп» аясында бой көтеретін білім нысандарының басты ерекшелігі — оның жабдықталуында. Мамандардың айтуынша, бастауыш және жоғары сыныптарға арналған бөлек блоктар, трансформер-мобильді парталар, трансформациялау мүмкіндігі бар әмбебап акт залы, балаларға арналған жеке шкафтар, оқу-зертханалық құрылғылар, ауыз су бұрқақтары орнатылып, Wi-Fi және жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылмақ. Сонымен қатар, компьютермен жабдықталған физика, химия, биология дәрісханалары мен оқу зертханалары, робототехника кабинеттері, STEM-зертханалар болады. Техникалық жарақтандыру үлесі қарапайым мектептермен салыстырғанда 4 есеге артады. Ал ауданы 15-20 пайызға кең болады. Ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін инклюзивті орта (пандустар, кең есіктер, бөлек дәретхана, лифтілер), озық қауіпсіздік әрі бақылау-өткізу жүйелері қарастырылған. Ал әр мектептің ауласында стандарттарға сай келетін стадион, универсалды спорттық және балалар алаңқайы орналасады. Ең бастысы, Қазақстан бойынша қалалар мен ауылдардағы мектептердің бәрі бірдей болады, балаларға бірдей жағдай жасалады.
Маңызды жайт, ұлттық жобаны жүзеге асыру барысында отандық тауар өндірушілерді қолдауға барынша көңіл бөлінген, яғни, жайлы мектептерге арналған жиһаз толық отандық тауар өндірушілерден сатып алынады. Бүгінде мердігерлер жиһаз өндіретін зауыттармен келісімшарт жасасты. Бұл қазақстандық бизнес өкілдерін қолдауға және олардың кәсібін дамытуға бағытталған қадам.

Салтанат ТҰРҒАНТАЙҚЫЗЫ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.