Ал, еліміздің ертеңі үшін алдағы онжылдықтарда энергия мәселесі өзекті бола түспек. Сондықтан, Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған АЭС салу бойынша жалпыұлттық референдумның маңыздылығы ерекше. Қазан айының 6-шы жұлдызында өтетін референдум оң шешімін береді деген ойдамын. Мәселен, қазіргі сәтте еліміз энергетика секторын трансформациялаудың маңызды кезеңінде тұр. Энергетикалық кешенді дамыту бағытын таңдау мемлекеттің ұзақ мерзімді дамуына айтарлықтай әсер етеді.
Жалпы, Энергетика министрлігінің болжамдары бойынша 2035 жылға қарай Қазақстанда электр энергиясын тұтыну көлемі артпақ. Осы мәселенің шешімі - атом электр станциясын салу екенін түсінуіміз керек. Атом электр станциясы 60 жылдан астам тұрақты энергиямен қамтамасыз етуге қабілетті. Атом электр станцияларының құрылысы энергетика мен өнеркәсіп өндірісін әртараптандыруға ықпал етеді.
Атом электр станциясы жобасы жаңа жұмыс орындарын ашып, станция орналасқан аймақта инфрақұрылымның дамуына әсер етеді. Атом энергетикасы ұзақ мерзімді перспективада электр энергиясының тұрақты бағасын қамтамасыз етеді. Бұл әсіресе өнеркәсіпті дамыту және Қазақстан экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін маңызды.
Бүгінде АЭС салуды қолдау жөніндегі қалалық халықтық штаб мүшелері тұрғындармен кездесуін жалғастыруда. Қаламыз бойынша Штаб қарқынды жұмыстар жүргізуде. Бірлігіміз мықты болса, келешегіміз кемел болмақ. Баршаңызды жалпыұлттық референдумге белсенді қатысуға шақырамын.
Қайрат ИМАШЕВ,
Шымкент қаласы мәслихатының депутаты, AMANAT партиясы
фракциясының жетекшісі