×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 26

Агроқұрылым әлеуетi: жаңашыл әдiстер мен кешендi мiндеттер Избранное

Пятница, 01 Июль 2016 05:04 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 5835 раз

Дәрігерлер денінің саулығын ойлаған әрбір адам күніне орта есеппен 400 грамм жеміс-жидек жеуі керектігін айтады. Ағзасындағы қажеттілікті өтеу үшін нақ қазіргі уақыт – дер мүмкіндіктің сәті. Яғни, жеміс-жидек пен көкөністің нағыз піскен шағы. Әлбетте, ел аумағында жылыжай алқабын кеңейтуде көшбасшы болып табылатын Шымкентте қай кезде де жаңа піскен жергілікті өнімдерді іздеп табу аса қиындықты туындатпасы анық. Дегенмен, мамандар агро азық-түлік белдеуінде орналасқан қаланың мүмкіндігі бүгінгіден әлдеқайда жоғары екенін жасырмайды.

vlcsnap-2015-04-13-11h06m28s164

Бүгінде Шымкент қаласының ауылшаруашылығы мақсатындағы жері 63196 гектарды құрайды. Яғни, бұл көрсеткіш қаланың жалпы жер аумағының 55 пайызына жуықтайды. Бұл қатарда егістік жер 431 мың, жайылым 20016, шабындық 243, бау және көпжылдық екпелер 937 гектарға жетіп отыр. Әкімшілік аумақтық шекараның өзгеруіне байланысты 3,5 мыңнан аса агроқұрылым қосылып, бүгінгі таңда қала бойынша барлығы 4152 ауылшаруашылығы тауар өндірушілері еселі еңбек етіп келеді.

Жыл он екі ай бойына еңбек етіп, несібесін жерден терген шаруалар үшін қазіргі таңда мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетілуде. Атап айтсақ, көктемгі және күзгі егісті егіп, жинауға жеңілдетілген бағамен жанар-жағармай, минералды тыңайтқыш, гербицидтер берілуде. Сондай-ақ, шаруалардың ашық топырақта егілген егіс, көкөніс, дәнді және майлы дақылдарға (арпа, мақсары, жоңышқа, дәндік жүгері) бау, жүзім, жылыжай, (фермерлік, өнеркәсіптік) кешендеріне және асыл тұқымды мал шаруашылығына субсидия алу мүмкіндігі бар. Бұл өз кезегінде, қаладағы агроқұрылымды дамытуда лайықты нәтижесін де беріп келеді.

– Шаруа қауым еңбек етсе ғана оның нәтижесі болатындығын бүгінде жақсы түсінеді. Сол себепті, мемлекет тарапынан берілетін қаржылай қолдауды тиімді пайдалануда. Қазір жердің құнары төмен болғандықтан, оған тыңайтқыш сеппей, өнім алу мүмкін емес. Бұл бағытта шаруаларға тыңайтқыштар, тіпті, дербес арамшөптерге қарсы химикаттарды алуға да мемлекет жәрдем береді, – дейді қалалық ауылшаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы Ғани Құрманбай.

Сала маманының айтуынша, жерді игеруде ауыспалы егіс технологиясын ендіру – жердің құнарын сақтауға айтарлықтай сеп болмақ. Осы мақсатта қала әкімдігі тарапынан арнайы бағдарлама дайындалуда. Бағдарлама аясында әсіресе, селекция, сапалы тұқым өндіру, терең қопсыту технологиясы, қарқынды бау әдісін қолдану аясын кеңейту қарастырылмақ. Мәселен, бүгінде тәжірибеге енгізілген тамшылатып суғару әдісі 840 гектар аумаққа ұлғайтылыпты. Дегенмен, оның көлемін әлі де болса 5 есеге дейін ұлғайту мәселесі алдағы күндердің еншісіне бұйырмақ.

Сала мамандары сонымен қатар, өнім көлемін ұлғайтуда материалдық-техникалық базаның ахуалы да сын көтермей тұрғанын айтады. Яғни, қаладағы агроқұрылымды техникамен қамту көрсеткіші 50 пайыздан аспайды. Осындай қиындықтардың салдарынан қала халқын ауылшаруашылық өнімдерімен қамту деңгейі әлі де төмен екені байқалады. Атап айтқанда, қала тұрғындарын көкөніспен қамту деңгейі 67 пайызға тең.

Дегенмен, тек ағымдағы жылы жылыжай көлемі 5,09 гектарға артып, жалпы аумағы 124 гектарға жуықтаған. Алғашқы жартыжылдықта ондағы өндірілген өнім көлемі 8 мың тоннаға жетіпті.
Испандық технологиямен жабдықталған «ҚазАгроном» ЖШС-і бүгінде 3,04 гектар аумақта дайындалған жылыжай өнімдерін нарыққа шығарып келеді. Шаруашылық басшысы Мұрат Гелашвилидің айтуынша, испандық технология бойынша өнеркәсіптік жылыжайдың құрылысын жүргізуге орта есеппен 250-320 миллион теңге қаржы жұмсалатын көрінеді. Аталмыш өнеркәсіптік жылыжайдың өзіндік ерекшелігі сол, толығымен автоматтандырылған, жұмыс күшін көп қажет ете бермейді. Ең бастысы, жоғары өнім бере алады.
Айта кетейік, бүгінде қала аумағындағы жылыжайлардың басым бөлігінде, атап айтқанда, 70 гектары қияр, 30 гектарында қызанақ өнімдері дайындалуда. Өз кезегінде, бірқатар жергілікті шаруашылық иелері өз өнімдерін еліміздің өзге өңірлері мен көршілес Ресейге де экспортқа шығарып отыр.