Версия для печати

«НҰРЛЫ ЖЕР» БАҒДАРЛАМАСЫ – баспаналы болудың жаңа мүмкіндігі Избранное

Среда, 15 Март 2017 05:44 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 16760 раз
Оцените материал
(1 Голосовать)

Елімізде тұрғын үйге деген сұраныс пен баспана жағдайын жақсартуға ниет білдірушілер саны күн санап артуда. Шымкентте тұрғын үй кезегіне 20 мыңнан астам өтініш тіркелсе, жер телімін алуға өтініш білдіргендердің саны 90 мыңнан асып жығылады. Осыған сәйкес, Мемлекет басшысы «Нұрлы жер» бірыңғай тұрғын үй құрылысы бағдарламасын әзірлеуге тапсырма берді. 2017-2031 жылдар аралығын қамтитын бағдарлама аясында алдағы 15 жылда 1,5 млн қазақстандық отбасы жаңа пәтердің кілтіне ие болады деп жоспарлануда.

20170306 112454

Алдағы 15 жылда 1,5 миллион отбасы тұрғын үймен қамтылмақ

 

Үй алу үшін не істеу керек?

«Нұрлы жер» бағдарламасының артықшылығы – жер алу кезегіне құжат тапсырған әрбір өтініш иесіне тегін жер телімі беріледі. Біріншіден, жер телімінің көлемі – 10 соттық болмақ. Екіншіден, онда инфрақұрылымдық жүйе толығымен тартылады. Үшіншіден, мемлекет жер берумен ғана шектелмей, тұрғын үйге арналған жерге үй салып беру жобасын да жүзеге асырмақ. Мұндай үйлер жергілікті атқарушы органдар арқылы жер кезегінде тұрғандарға «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» (әрі қарай «ҚТҮҚЖБ») жүйесі арқылы ұсынылатын болады. Жеке тұрғын үй жобасы туралы «ҚТҮҚЖБ» АҚ ОҚОФ директорының орынбасары Жансерік Есімов түсіндіріп өтті.

IMG-20170228-WA0026

– Тұрғын үй салу үшін жер теліміне өтініш тапсырғандарға «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында бірден жеке үй салып, содан кейін пайдалануға беру мемлекет үшін де, азаматтар үшін де өте тиімді. Бүгінге дейін жер телімін алғанымен, онда тұрғын үй құрылысын бастап, соңына дейін аяқтай алмағандар өте көп. Бір үй тым биік, екіншісі аласа, үшіншісі... бос жатқан жер телімі. Тіпті, тұрғын үй құрылысына деп алғанымен, 10-15 жыл бойы жер телімін қараусыз қалдырғандар да бар. Мұндай жағдайлар қала сәулетіне де нұқсан келтіреді. «Нұрлы жер» бағдарламасында осындай жағдайларды болдырмаудың алдын алып әрі қала сәулетін еселей түсетін бірыңғай жер үйлердің құрылысын жүргізу мәселесі жан-жақты қаралған. Ал азаматтар үшін тиімділігі – «үй салуға қор жинаймын» немесе «құрылысты жалғастыруға қаражат жетпей қалды» деп сергелдеңге түспейді. Дайын жер үйлерді біздің «ҚТҮҚЖ» банкі арқылы 5 пайыздық үстемемен ипотекалық несиеге алады да сәні көз тартатын үйлесімді әрі таза көшенің тұрғынына айналады, – дейді Жансерік Нарбекұлы.

Бірыңғай сәулет стиліндегі жеке тұрғын үйлер пилоттық жобасының құрылысын іске асыру – мемлекеттің қолдауымен несиелерді субсидиялау арқылы жүргізіледі. Сондай-ақ, бұл бағдарлама аясында тұрғын үй құрылысына үлес қосу үшін жеке құрылысшыларды да ынталандыру жоспардан тыс қалмаған.

c8f30ec49de4f2c707b2c29113ec5b65

Мемлекет банктерге субсидия береді

«Нұрлы жер» бағдарламасының басты ерекшелігі – халықты тұрғын үймен қамту жұмыстарының тиімділігін жан-жақты арттырған. Соның бірі – екінші деңгейлі банктерді (әрі қарай ЕДБ) субсидиялау арқылы ипотекалық несиелеуді қолдау. ЕДБ бұған дейін ең көбі жылдық 17% үстемемен несиелендірсе, алдағы 7 жылда мұның 7%-ын мемлекет төлемек. Сонда ипотека алушы 10%-дық сыйақы мөлшерін ғана төлейтін болады. 

Биыл республикалық бюджеттен 11 млрд теңге қаржы бөлініп, ол 157 млрд теңге көлеміндегі салымшылардың банктік несиелерін субсидиялауға жұмсалмақ. Ж.Есімовтың айтуынша, бұл шамамен 600 мың шаршы метр тұрғын үй құрылысын қаржыландыруға мүмкіндік береді. 

d496641ba9ee2d245f22f44715c66be4 1

– Осы бағдарлама аясында құрылысы біткен тұрғын үйдің жартысы біздің банк салымшыларына ұсынылады деп жоспарлануда. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 2017-2031 жылдар аралығында 1,5 млн үйдің кілтін табыстау көзделсе, соның 500 мыңын 2021 жылға дейін жүзеге асыру – басты міндетке айналып отыр. Осы мақсатта бюджет есебінен шамамен 159,6 млрд теңге қаржы қаралмақ. Бұл ретте тұрмысы төмен отбасылар, дәрігерлер, мұғалімдер мен мемлекеттік қызметкерлердің де пәтер алуға мүмкіндігі бар, – дейді Жансерік Нарбекұлы банк қызметін пайдаланушыларды алға тартып. – Тұрғын үйге деген сұраныс бойынша 2,8 млн халқы бар Оңтүстік Қазақстан облысы республикада үшінші орынды иемденіп тұр. Өңір тұрғындарының сұранысын қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттен бөлетін қаражаттың 25,5 млрд теңгесіне шамалап банк өз жобасын жасады. Онда жалпы көлемі 182 мың шаршы метрді құрайтын 2 802 пәтер болады деп жоспарланған.

«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында «ҚТҮҚЖБ» арқылы берілетін тұрғын үйлердің шаршы метрі 140 мың теңгеге арзандатылды. Бұл өңірлер үшін. Ал Астана мен Алматы қалаларында бұл баға 180 мың теңгені құрайды. Қазіргі таңда нарықтағы пәтердің бір шаршы метрі 260-280 мың теңгеге бағаланып отыр. 

«Нұрлы жер» бағдарламасынан өзге бұған дейін қолға алынған мемлекеттік бағдарламалар аясында да «ҚТҮҚЖ» банкі салымшылар үшін көпқабатты тұрғын үйлердің құнды қағазымен жүйелі түрде жұмыс жасап келеді. 

Шымкенттің Әкімшілік-іскерлік орталығында, Төлеметов көшесінің бойында, «Наурыз» алаңының маңында, «Тұран» шағынауданында көпқабатты үйлердің құрылысы жүріп жатыр. Мұндағы жаңа пәтерлер көктемнің соңына қарай «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» салымшыларына табыс етіле бастайды.

Последнее изменение Среда, 15 Март 2017 06:17
Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.