Оңтүстікте балық өндірісі дамиды Избранное

Среда, 29 Март 2017 04:48 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 5682 раз

Түлкібас ауданы, Керейт ауылында облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың қатысуымен «Кооперация-агроөнеркәсіп кешенін дамытудың негізі» атты семинар өтті. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы ұйымдастырған форум аясында мамандандырылған балық шаруашылығын дамыту жайы сөз болды.

balyq

Семинар басталмас бұрын «Ақсанат Инжиниринг» ЖШС-нің басшысы Ерік Оспанов қонақтарды алдымен бекіре тұқымдас балық өсіру кәсіпорнының жұмысымен таныстырды. Құны 452 млн теңгені құрайтын жобадан бүгінде 40 тонна балық еті мен 30 келі уылдырық өндіріледі. 

– Балық шаруашылығын 2012 жылы бастағанбыз. Қазір мұнда бекіре, фарель, ақ амур, карповый, сазан балықтары бар. Ет өндірісін тұрақтандырдық. Биылдан бастап қара уылдырық өндіруді игердік, – деді шаруа басшысы.

«Ақсанат Инжиниринг» ЖШС-і ет өнімдерін дайындауда балықпен шектелмепті. Өңір басшысы кәсіпкердің ұсақ және ірі қара мал, жылқы фермаларын аралады. Ашылғанына үш жыл өткенімен құны 200 млн теңгені құрайтын фермада Ахалтеке, Донская, Кушумская, пони және асыл тұқымды қазанаттар бар.

Мұндағы 200-ге жуық жылқының бабын келтіру үшін фермада 20 адам жұмыс істейді. Сондай-ақ, мұнда шетелден әкелінген асыл тұқымды 660 абердин-ангус, 241 герефорд және 901 ірі қара, 1 120 ұсақ мал бар. Семинарға қатысушы шаруаларды қызықтырғаны – асылтұқымды жылқылар, герефорд және балық өсіру болды. Облыс көлемінде балық өнімдерін қайта өңдейтін 3 және балық өсірумен айналысатын 28 шаруашылық кәсібін дөңгелетіп келеді. 2015 жылы 3 301 тонна, ал 2016 жылы 5 213 тонна балық өнімдері өндірілген. Балық өнімдерін қайта өңдейтін «Шардара балық-1» ЖШС, «Хамит» СТК, «JSM» ЖШС-лерінің жылдық қуаттылығы 6 мың тонна. Демек, әлі де жақсы жетістіктерге жетудің мүмкіндігі көп. Облыс әкімі Ж. Түймебаев берілген мүмкіндіктерді толық пайдалану үшін кәсіпкерлерге балық шаруашылығын кеңінен насихаттау қажеттігін айтты. Балық шаруашылығын қолға алған кәсіпкерлер семинарда бір-бірінен білмегенін сұрап, кәсіби ақыл кеңес алды. Тіпті, қылтанағы жоқ балық өсіруді қолға алған 

20170314 143047

Әуесхан есімді жас кәсіпкерге өңір басшысы тағы үш бассейн салып беруге көмектесетінін айтып, қолдау танытты. 

– Біз мұндай семинарларды бір-біріңізден тәжірибе алмассын деп ұйымдастырып отырмыз. Несиені алғаннан кейін той-томалаққа жаратып жібермей, өндіріске салыңыздар. Шаруашылықты қолға алғанда экологияны қорғауды да естен шығармау қажет. Ағынсуды бұрып, балықты асыраған соң ластанған суды қайта өзенге жіберуге болмайтынын ескеру қажет. Жақында Бөгеннен Қазығұрт ауданы арқылы Сарыағашқа су тартуға келісім жасадық. Алдағы уақытта балық өсіру, ет өнімдерін арттыру ісі жандана түседі, – деп облыс әкімі өз кеңесімен бөлісті. 

Өңірлік индустриалды карта шеңберінде іске қосылған «Ақсанат Инжиниринг» ЖШС-нің директоры Е.Оспанов балық шаруашылығы және асыл тұқымды мал шаруашылығын (репродуктор) дамыту туралы баяндама жасады. 

20170314 144810

– Бекіре – балықтың өте сирек кездесетін түрі. Ал фарель – жергілікті халық үшін жеңсік ас болатын. Көрші Ресейден алдыратын балықтарды қазір өз өңірімізде өсіруді меңгердік. Бастысы, уақыттан ауытқымай өте мұқият қарау ләзім. Су жылы болуы керек. Соның өзінде бастапқыда алған 100% уылдырықтың 65%-ы толық жетіліп, аман қалады. Шаруаны жолға қойып, өнімдерді саудаға шығарып жатырмыз, – дейді кәсіпкер. 

Облысымызда жалпы 23 өзен-көлдің көлемі 576,5 гектарды құрайды. Ерік Оспанов мұндай сулы аймақтың игілігін пайдалануға үндейді. Балық өсіруді қолға алса, етке сұраныс өте көп. Бұны жергілікті халық басты табыс көзіне айналдыра алатынын да жасырмады. «Ақсанат Инжиниринг» ЖШС болашақта балыққа, қара малға жем өндіретін зауыт салуды қолға алмақ. Кәсіпкер бұл орайда ет, сүт, жем өнімдерін өндіруге, аталған шаруашылықты дамытуға мемлекет тарапынан көптеген көмек көрсетіліп жатқанын айтып, алғысын білдірді. Шаруа қожасы айтқандай, дүниежүзінде адам саны күн санап артып, таза экологиялық өнімдер тапшы болып барады. Осы орайда Мемлекет басшысының саясатын негізге ала отырып, еліміздің, жеріміздің байлығын пайдалану арқылы ауыл шаруашылығын дамытуға тиіспіз. Ерік Оспанов бұл кәсіпке машықтанып, болашақта оны ұрпаққа мирас етіп қалдыруға шақырды. 

Кәсіпкердің ойын Түлкібас ауданы, Майлыкент ауылының әкімі Келесбек Жартыбаев жалғады. 

20170314 151330

– Балық шаруашылығы ет өнімін арттырып ғана қоймай, туризмді дамытуға да сеп бола алады. Түлкібастың табиғатында балық аулауға қызықпайтын адам жоқ. Өткен жылы көктемде балық өсіруге әуестеніп, 3 мың дана шабақ алдым. Күзге дейін ас болды. Кейде ермекке балық аулаған боламыз. Жалпы, үйде балық өсіру жақсы әсер қалдырды. Биыл үйде екі бассейн құрып, тағы да көбірек шабақ алу ниетім бар. Бастысы, таза ет өніміне қол жеткіземіз, – дейді ауыл әкімі. 

Түлкібаста өткен «Кооперация – агроөнеркәсіп кешенін дамытудың негізі» тақырыбындағы теориялық жиын шаруа адамдарына тың ой тастағаны белгілі. Кәсіпкерлер енді бірігіп жұмыс жасап, жиі тәжірие алмаса алады. Семинарды облыс әкімі Ж. Түймебаев қорытындылады. 

– Біздің облыстың болашағы – ауыл шаруашылығында. Сондықтан тәжірибесі мол шаруа қожалықтары тірлігін енді бастаған әріптестеріне барынша қолдау білдіруі қажет. Білгенін үйретіп, аяқтан тұруына көмек қолын созғаны абзал. Сонда ғана ұсақ шаруашылықтарды біріктіруге, ірі жобаларды іске асыруға болады. Бұл өз кезегінде мемлекет тарапынан бөлінген субсидияларға қол жеткізуге ықпал етеді. Ең бастысы – Оңтүстіктің ауыл шаруашылығы дамиды, – деді ол.

Последнее изменение Среда, 29 Март 2017 06:47
Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.