Көктемнің әр күні жылға азық Избранное

Среда, 29 Март 2017 05:44 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 3893 раз

Қазір көктемнің күні туып, диқан қауымы шаруаға кіріскен шақ. Қаладағы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілер 10 400 гектар алқапқа егін егу жұмыстарын жүргізді. Қажетті жанар-жағар май мен тыңайтқыштар көлемін анықтау мақсатында шаруашылықтардан өтінім жинау басталып кеткен. Ел Үкіметі агроөнеркәсіп кешенін дамыту, шаруашылықтарды кооперативтерге тартуға баса назар аударып отырғаны белгілі. Шымкентте бұл бағытта атқарар жұмыс көп. Қалалық ауылшаруашылығы және ветеринария бөлімі 2020 жылға дейінгі даму тұжырымдамасын жүзеге асырмақ.

sharua

КООПЕРАТИВКЕ ҚЫЗЫҚТЫРА БІЛУ КЕРЕК

Елбасы 14 ақпан күні Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасын бекітті. Ондағы негізгі мақсат – отандық өнімнің экспорттық әлеуетін дамыту, ауылшаруашылық кооперациясына шағын және орта шаруашылықтарды тарту, су ресурстарын тиімді пайдалану және т.б.
2021 жылға дейін азық-түлік өнімдерін экспорттауды 40%-ға ұлғайту міндеті тұр. Елбасы халыққа арнаған әр Жолдауында ауылшаруашылын дамытуға, оның ішінде етті және сүтті мал өнімдерінің көлемін арттыруға, оны қайта өңдеу ісіне мән береді.
Таяуда облысқа ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов келіп, кооператив ісіне шаруаларды қызықтыра білуге шақырды. Яғни, бұл саладағы мамандарға зор жауапкершілік жүктеліп отыр.
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Тимур Баймұханов бұл бағытта қалада атқарар шаруа көп екенін айтады. Өткен жыл жемісті қорытындыланды. Бірқатар мәселелер де бар.
Қазір қаладағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі – 62,2 мың га: 39 417 га – егістік, 19 571 га – жайылым, 244 га – шабындық және т.б. Жалпы қала бойынша бүгінде 4152 ауылшаруашылық кәсіпорыны жұмыс істейді. Оның 3908-ы шаруа қожалық, қалған 244-і жауапкершілігі шектеулі серіктестік пен өндірістік кооператив.
– Азық-түлік тауарларын өндіру жөнінен де қаланың әлеуеті жоғары. Бұл бағытта да нәтижелі жұмыстар баршылық. Былтыр облыс әкімдігі, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы және қала әкімдігі тарапынан үшжақты келісім-шарт негізінде салаға қатысты 30 тапсырма берілсе, жыл қорытындысы бойынша аталған тапсырмалардың 27-і жоғары деңгейде орындалды. 2016 жылдың қорытындысы бойынша қалада 15 ауылшаруашылығы кооперативі құрылды. Оның ішінде қазір жұмыс істеп тұрғаны – 12.
Осы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 2016 жылы қала бойынша жалпы ауыл шаруашылығы өндірілген өнім көлемі 22 млн 215,5 теңгеге жетті, – дейді Тимур Сұлтанбекұлы. Бұдан бөлек, қалада ветеринариялық бақылау және қадағалау ісі, ауылшаруашылық жануарларын тасымалдау бойынша да бірқатар жұмыстар жүргізілмек.

 

10,1 ГЕКТАР ЖЫЛЫЖАЙ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Шымкент қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімі мамандарының берген мәліметі бойынша қалада атқарылып жатқан жұмыстардың барысына келейік.
2016 жылы жүзеге асқан ірі жобалардың бірқатары мынадай: жобалық құны 500 млн теңгеден астам «SMG Greenhouse Profit» ЖШС-і – 2,2 гектарға жылыжай құрылысын аяқтады. Ал 4,7 гектар алқапқа жайғасқан «Асар KZ» АӨК өнеркәсіптік жылыжайының жалпы жобалық құны – 519 млн теңге.
Бұдан бөлек, 336 млн теңгеге жобаланған «Аманкелді» ЖШС-і мал бордақылау алаңы құрылысын жүргізіп, жұмысты бастады.
«ZEROMAX» және «Ak ordasy building» ЖШС-і 57 гектарға құны 15 млрд теңгеге жуық «Агроқалашық» жылыжай кешенінің құрылыс жоспарын дайындады. Жалпы, былтыр 10,1 гектар алқапта жылыжай, 20 гектар жерде қарқынды бау өндірісі жұмысын бастады. Егін шаруашылығына жоғары өнімді жаңа интенсивті технологиялар ендірілуде. Атап айтқанда, былтыр 4200 гектар жерге терең қопсыту, 200 гектарға тамшылатып суғару технологиясы енгізілді.

 

«МАЛ ҰРЛЫҒЫНА ТОСҚАУЫЛ!»

Қалада ветеринариялық бақылау және қадағалау жұмыстары да жандана түскен. Ауылшаруашылығы жануарларын және ет өнімдерін тасымалдау мен ветеринариялық-санитарлық бақылау күшейе бермек. Өткен жылы облыстық прокуратураның бастамасымен «Мал ұрлығына тосқауыл!» жобасы іске асты.
Шымкент қаласының аудандық прокурорлары, жергілікті полиция қызметінің өкілдері, қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімі мамандары қаладағы базарларда ауыл шаруашылығы малдарының сырғасын, ветеринариялық паспортын және анықтамасын анықтау мақсатында рейдтік іс-шаралар жүргізіп, бірқатар заңсыздықтарды анықтаған.
Мәселен, 8 қаңтар күні «Сандыбаев» және «Иман» ЖШС-нің мал базарларына ветеринариялық-санитарлық бақылау жұмыстары жүргізіліп, оның нәтижесінде «Ветеринария туралы» Заңының 25 бабы 4 тармағының және ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің бекітілген талаптары бұзылғаны мәлім болып отыр. Жеке кәсіпкерлерге қалалық бөлім тарапынан заң бұзушылықтарды қалпына келтіру туралы нұсқама берілді.
Қазіргі таңда ветеринария саласында құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында қалада 10 ірі базарға, 2 мал базарына, 104 супермаркет пен дүкенге хабарландыру ілінді.
ҚР Ауыл шаруашылығы министірінің бұйрығына сәйкес, 2016 жылы облыстық басқарма бекіткен ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жоспарына сай 33 500 бас ірі қара, 74 500 бас уақ мал және 2560 бас жылқы малы бірдейлендіріп, ВЕБ-порталға енгізілді. Бұл – жүз пайыздық көрсеткіш.

 

СУАРМАЛЫ ЖЕР КӨЛЕМІН 40 ПАЙЫЗҒА ҰЛҒАЙТУ ҚАЖЕТ

Қалада агроөнеркәсіп кешенін дамыту мақсатында қолға алынған 2020 жылға дейінгі «Даму» бағдарламасына сәйкес бірқатар жобаларды жүзеге асыру міндеті тұр.
Мәселен, жылыжай өндірісі бойынша 136 гектар жерге жайғасатын «Жылыжай жұмағы» кешенін айта кеткен жөн. Жобаның жалпы құны – 50 млрд теңгеден астам.
2020 жылға дейін тамшылатып суғару технологиясын 1150 гектарға ендіріп, қарқынды бау көлемін 154, ал жылыжай көлемін 90 гектарға дейін ұлғайту керек. Бұл орайда ескерер мына жағдайды айта кетсек. Бүгінде шаруашылықтарға мал азығын егудің орнына, қала халқының тұтынуына қажетті ауыл шаруашылығы дақылдарын егу ұсынылып отыр. 10 мың га суармалы жерлерді игеру бағытына сәйкес, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерге түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Жалпы, 2020 жылға дейін қала аумағындағы суармалы жер көлемін 40 пайызға ұлғайту межеленген.
Жалпы, қала бойынша ауыл шаруашылығы су нысандарының ұзындығы – 275, 2 шақырым. Бүгінде бөлім мамандары тарапынан нысандарды зерделеу актісі дайындалуда. Оның қорытындысына сәйкес, жөндеу және тазалау жұмыстарына жобалық-сметалық құжаттамалар бойынша бюджетке ұсыныс беріледі.
Қала әкімінің орынбасары Т.Баймұханов су нысандарын күтіп ұстау бойынша Сайрам, Төлеби, Ордабасы аудандары әкімінің орынбасарларымен кездесу жиын өткізген еді. Ендігі кезекте Шымкент қаласының ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімі тарапынан мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын ашу қажеттігі туындап тұр.
Кооперативтер құру ісіне келер болсақ, бұл бағытта да атқарар жоспар ауқымды. Қазіргі таңда қала аумағындағы шағын мал бордақылау алаңдарын қоса алғанда 15 000-ға жуық ірі қара мал бордақылануда. Бағдарламаға сәйкес, 2020 жылға дейін 188 шағын мал бордақылау алаңын, 140 шағын сүт және 4 шағын құс фермасын ашу көзделіп отыр.
Статистика мәліметтеріне сәйкес, 2016 жылдың қорытындысы бойынша ет және сүт өндірісінің 50 пайыздан астам үлесі жеке қосалқы шаруашылықтарға тиесілі екен. Қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімі ет және сүт өндірумен айналысатын жеке қосалқы шаруашылықтарды біріктіру арқылы ауыл шаруашылығы өндірістік кооператив құруды ұлғайта бермек.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.