Топырақтың құнарын зерттемей... Избранное

Пятница, 12 Май 2017 06:26 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 6959 раз

мол өнім аламын деу бос әурешілік


«Баптай білсең жер жомарт» деген. Бүгінде облыс диқандары шаруашылықтарының ауқымын кеңейтіп, жылыжай өндірісін дамытуға бет бұрған. Облыста 1000 гектардан астам жылыжай бар. Ендігі кезекте өнімділікті арттыру – маңызды мәселе. Өнеркәсіптік жылыжай басшыларын алаңдататын да осы жағдай: бірде жақсы өнім алса, кейде түсім төмендеп кетеді. Енді ғылыми-зерттеу институттарын көбейтіп, білікті агрономдарды тарту керек. Облыс диқандары бір-бірімен тәжірибе алмасуға кіріскені белгілі. Енді одан әрі де ойланатын мәселелер бар.

agro

Тәжірибе алмасу жетістікке бастайды

Кәсіпкерлер өндірісті бірлесе дамытпақ. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың тапсырмасы бойынша қазір әр ауданда агроөнеркәсіпті дамыту мақсатында семинарлар ұйымдастырылуда. Тәжірибе алмасудың берері мол екеніне көз жете түскендей. Таяуда Шымкент қаласының 30-ға жуық шаруа қожалықтың төрағалары, агрономдары мен мамандары Сарыағаш ауданындағы жылыжай өнеркәсібімен танысқан-ды. Диқандардың басым бөлігі қалада жылыжай, бау, егін шаруашылығымен айналысады. 

Сарыағаш ауданының абыройын асырып тұрған мекеменің бірі – «Сарыағаш жер сыйы» ЖШС-і. Мекеме 2002 жылдан бері тұқымбақ шаруашылығын дамытып келеді. 95 гектар жердің бәрі тұқымбаққа арналған. Жылына бір миллионға жуық көшет шығарылса, оның 600 мың данасы – жүзім, 250 мыңы жеміс ағаштары. Төраға Танабай Шынтасовтың айтуынша, қазір элиталық жеміс-жидек және жүзім көшеттері, субтропикалық және декоративтік ағаш көшеттерін дайындауға мән берілуде. 40 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. 

IMG 20170310 112941

Жұмыс қауырт. Мұнда Франциядан әкелінген эндемиктен бастап, барлық көшет түрі дайындалады. Біз барғанда жұмысшылар алманы улап жатыр екен. 

– Жалпы, біздің шаруалар көшетті сатып әкеледі де, жерге тыға салады. Ол көшет өспей қалса, еңбек зая кетеді. Көшетті алып келгеннен кейін оны дайындау қажет. Біздің ғалымдар қазір көп бағытта ізденіп жатыр. Мәселен, лимонның көшетін дәннен шығарсаңыз, 6-7 жылда жеміс аласыздар. Ал көшеттен отырғызсаңыз, 2-3 жылда жеміс береді,– дейді агроном. 

Тың жаңалықтың бірі – шаруашылықтың ғалымдары жүзімді қыста сақтаудың технологиясын ойлап тауыпты. Яғни, жүзімді жерге көмбей-ақ, фальгамен орау да жеміс ағашын суықтан қорғайды. Өндірістік мекеме аграрлық университет ғалымдарымен бірлесе осы әдісті тәжірибеге енгізген. Қысқы маусымда жүзімді сақтап қалу – ОҚО, Алматы және Жамбыл облысындағы бірден-бір мәселе. 

Бұдан бөлек, сарыағаштық шаруалар кәдімгі тропикалық табиғатта өсетін бананды ауданға жерсіндіріп жатыр.

 

IMG 20170310 111111

Шынтасов айтқан сыр

Біздің диқандар бірінші жұмысты бастап, топырақты дайындауға мән бермей жатады. Көпшілігі тәуекелмен іс қылады. Задында, топырақтың барлық химиялық құрамын білмей, жұмысты бастауға болмайды. Танабай Шынтасов осы тұрғыда өз ойларын айтты. Ғалымдар бұл мәселеде Алматыдағы топырақтану институтының қызметіне жүгінеді екен. Мысалы, жеміс ағашы үшін топырақтың құрамында кем дегенде 30 түрлі химиялық элемент керек. Бір элемент кем болса, өнім алу қиын. 

– Біз Кореяда болдық. Онда топырақтың құнын анықтамайынша, жер берілмейді. Әр ауданда сондай орталық бар. Сіз егетін нәрсені тесеріп, ғылыми тұрғыда зерттеп береді. Өнім алып болғаннан кейін де топырағында қанша азот қалды, қанша калий қалғанын анықтайды. Бізге де осыған мән беру қажет, – дейді өзі. 

Тұқымбақтарды мемлекеттің субсидиясынсыз дамыту мүмкін емес. Әр сатылған көшетке мемлекет тарапынан субсидия беріледі. Бір жеміс көшетіне 140 теңге, жүзімге 90 теңге қаржы төленеді. Қазір субсидия беру ережелері де өзгеріп жатыр.

IMG 20170310 112431

 

Ғылыми-зерттеу институты ашылуы керек

Шымкентте 141 гектар жылыжай бар. Оның 30 гектары өнеркәсіптік бағытта. Бәрінде де негізгі мәселе – осы топырақты зерттеуге байланысты. Әзірге, шаруалар топырақтың құрамын тексеруге Украинаның ғылыми орталықтарына барып жүргендер жетерлік. Өйткені...шаруалардың көбісі ұсақталып кетті. Шаруа қожалықтарда агрономдар жоқ. Өзі директор, өзі бухгалтер. 

Шымкент қалалық ауылшаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы Ғани Құрманбай семинар барысында осындай мәселелер көтерді. Жеке серіктес есебінен болса да, қалада осындай лаборатория ашу қажет. 

– Жаңадан диқаншылыққа өткендер 1-2 жыл егіп көреді де, одан ешқандай пайда таппаса, қолды бір сілтейді. Сол үшін жағдайды толыққанды білу керек. Кішкене қалтасынан ақша шықса да, агроном жалдаса, ұтары көп. Мәселен, ғылыми-зерттеу институтаттарымен келісімшарт жасасаңыздар, егудің алдында олардың маманы келіп, түсіндіріп берсе, жұмысты жүйелі түрде істейсіз. Осындайды ұйымдастырайық, – дейді бөлім басшысы. 

Ғ.Құрманбай осындай тәжірибе алмасу жиындарының пайдасы көп екеніне назар аударды. Қаладағы ірі жылыжайларда 40-50 адамның басын қосып, семинар өткізілсе. Оның нәтижесінде 2-3 адам әрі қарай әрекет етсе, соның өзі үлкен жетістік болмақ. Бір айта кетерлігі, семинарды түрлі секция бойынша өткізудің пайдасы ұшан-теңіз: жылыжай, мал бордақылау, сүтті және етті бағытта өнім өндірушілер және бау-бақша егушілерге жеке-жеке семинар өткізу, олардың қызығушылығын арттыра түсер еді.

Қорытындылай келе айтсақ, топырақтың құнарын зерттеу – өзекті мәселе. Түбі осыған бет бұрмай, өнімділікті арттыру қиын іс. Мамандардың айтуынша, бүгінде шетелде топырақты бір рет тексертудің бағасы 100 АҚШ доллары. Соны өзімізде қолға алар болсақ, қаншама игілікке кенелер едік. Өнім көлемі де артар еді. Мәселен, 100 гектар жерден 10 центнер өнім аларсыз делік. Ал егер сіз топырақтың химиялық құнарын зерттесеңіз, қандай тыңайтқыш керектігін анықтасаңыз, өнім екі-үш есе артады. Сол арқылы шығынды да қайтарып аласыз. Қазіргі шаруаларға басты керегі де осы емес пе?!

Последнее изменение Понедельник, 15 Май 2017 06:13
Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.