Шымкентте ҚР Парламенті Сенаты депутаттарының сайлауы өтті Избранное

Понедельник, 08 Октябрь 2018 04:04 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2910 раз

Шымкент қаласындағы «Түркістан» сарайында Парламент Сенатының депутаттарын сайлау өтті. Еске салсақ, республикалық маңызы бар қала мәртебесін иеленген Шымкент қаласынан алғаш рет Сенатқа депутаттыққа үміткерлер ұсынылған болатын.

Бұл саяси шараға қатысқан қалалық мәслихаттың 26 депутаты үміткер ретінде тіркелген 6 кандидаттың арасынан өз таңдауын жасады.
Бұған дейін Орталық сайлау комиссиясы 9 кандидаттың тіркелгенін хабарлаған болатын. Дегенмен, сайлау алдында сол үміткерлердің үшеуі бас тартты. Қалған үміткерлердің арасында «Банк ЦентрКредит» АҚ Шымкент қаласы филиалының басқарма бастығы Серік Алданов, Шымкент қалалық мәслихатының хатшысы Нұрлан Бекназаров, «Global A» ЖШС директоры Бижан Жылкелдиев, «Манкент шипажайы» АҚ бас директорының орынбасары Ғани Қарабеков, уақытша жұмыссыз Дархан Сатыбалды және «Шымкент-сауда» ЖШС директоры Асқарбек Үркімбаевтар болды.
Сайлау қорытындысы бойынша Дархан Сатыбалды - 21 дауыспен, Шымкент қалалық мәслихатының хатшысы Нұрлан Бекназаров 22 дауыспен жеңіске жетті. Енді қалалық сайлау комиссиясы сайлау қорытындыларын Орталық сайлау комиссиясына жолдап, сайлау нәтижесін ресми түрде жария етеді.
Шымкент қаласы сайлау комиссиясының төрағасы Марс Елекеевтің мәлімдеуінше, сайлау барысында барлық заң рәсімдері сақталды. Енді заң талаптарына сəйкес, Орталық сайлау комиссиясы 7 күннен соң шешімін шығарып, депутаттарға тиісті мандатын береді.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Н.Назарбаев биылғы тамыз айының басында Шымкент қаласынан ҚР Парламенті Сенаты депутаттарын сайлау туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл – Шымкент қаласының республикалық маңызы бар қала дәрежесіне ие болуына байланысты. ҚР Президенті Н.Әбішұлы бұл Жарлыққа 2018 жылғы 19 маусымда қол қойған болатын.

Сәбит ТАСТАНБЕК

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің "Журналистика" мамандығын (2004-2008) тәмамдаған. Алматы қаласында Отан алдындағы әскери борышын (2008-2009) өтеген. Республикалық «Sport», «Қазақ спорты» газеттерінде және Шымкент қаласы әкімдігінің ресми сайтында тілші болып еңбек еткен. 2013 жылдан бастап «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі, 2016 жылдың ақпан айынан 2018 жылдың ақпан айына дейін Бас редактордың орынбасары болып істеген.