«7-20-25» бағдарламасы:Шымкентте баспаналы болудың жолдары Избранное

Пятница, 19 Октябрь 2018 04:10 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 11847 раз

Жиренше шешен айтпақшы, «Қайран менің өз үйім, кең сарайдай боз үйім» деп, өзінің баспанасында көсіліп жатуды армандамайтын адам кемде-кем шығар. Біз сөз еткелі отырған «7-20-25» бағдарламасы халықтың осы арманын ақиқатқа айналдыруға ықпал етіп жатқан бірден-бір бағдарлама деуге болатындай. Елімізде бұл бағдарлама 3 ай бұрын іске қосылды. Содан бері халық арасында бағдарламаға қызығушылық танытып, ой-пікірін ортаға салып, қызу талқылап жатқандар көп. БАҚ-та, әлеуметтік желілерде де үн қосып жатқандар аз емес. Сонымен, «7-20-25» бағдарламасы халыққа несімен тиімді? Бағдарламаның талаптары мен ипотекалық тұрғын үй несиесін алуға қандай құжат жинау керек? Азаматтар бағдарламаға қатысу үшін не істеу керек? Осы сауалдарға жауап іздеп көріп едік.

DSC 0696

Президент тапсырма берді. Нәтиже қалай?

Елбасының бастамасымен қолға алынған «7-20-25» бағдарламасының басты мақсаты – тұрғындарды сапалы және қолжетімді тұрғын үймен қамту. Президент таяудағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында да баспана мәселесіне ерекше тоқталды. Мемлекет басшысы бұл ретте ең алдымен халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтары үшін ірі қалаларда жалдамалы тұрғын үй құрылысын ұлғайту қажеттігін тапсырды.
– Елімізде тұрғын үй ипотекасының қолжетімділігін арттыратын жаңа ауқымдағы «7-20-25» бағдарламасы қолға алынды. Әкімдерге жергілікті бюджет есебінен жеңілдетілген ипотека бойынша алғашқы жарнаны ішінара субсидиялау мәселесін пысықтауды тапсырамын. Мұндай тұрғын үй сертификаттарын беру біліктілігі жоғары педагогтер, медицина қызметкерлері, полицейлер және өңірге қажетті басқа да мамандар үшін ипотеканың қолжетімділігін арттырады, – деген болатын сол кезде Мемлекет басшысы.
Осы аптада Ұлттық банк басшысы Данияр Ақышев «7-20-25» бағдарламасының іске асырылу барысы туралы баяндады.
Ақышевтің мәліметінше, қазіргі таңда Қазақстан бойынша тұрғындардан банктерге осы бағдарлама бойынша ипотека алуға 3539 өтінім келіп түскен. Олардың жалпы сомасы 42 миллиард теңгені құрайды. Соның ішінде 28 миллиард теңге болатын 2352 өтінім мақұлданыпты. Бүгінде мемлекет тарапынан «7-20-25» бағдарламасына ерекше көңіл бөлініп жатқандықтан, оған қатысуға ниет білдірушілер саны да күн сайын артуда.
Еске сала кетейік, «7-20-25» бағдарламасы биыл шілде айында іске қосылды. Қазақстандықтар жылдық мөлшерлемесі 7 пайызбен, 20 пайыздық бастапқы жарна төлеп, 25 жыл мерзімге баспана сатып ала алады. Қазір осынау мемлкеттік бағдарлама аясында үй алғандар бойынша елімізде Астана, Алматы және Ақтау қалалалары көш бастап тұр.

Бастапқы жарна қанша болуы тиіс?

Ұлттық банк басшысы Д.Ақышев тиімділікті арттыру үшін қыркүйек айында бағдарламаға өзгерістер енгізілгенін атап өтті.
– Біріншіден айта кетсек, Шымкент, Астана мен Алматының қала маңындағы аймақтары баспананың ең жоғарғы құны 25 миллион теңге мөлшеріндегі өңірлерге жатқызылды. Екіншіден, әкімдіктер мен құрылыс инвесторлары іске асыратын жылжымайтын тұрғын үй нысандары есебінен бастапқы баспана ұғымы кеңейтілді. Үшіншіден, баспана ұсынысын ынталандыру шаралары енгізілді. «Баспана» ипотекалық ұйымы тұрғын үй құрылысы үшін жергілікті атқарушы органдардың теңгелік облигацияларын нарықтық ставкамен сатып алу механизмін қарастырды, – деді бас банкир.
Осы орайда Д.Ақышев 10 миллион теңгенің пәтерін сатып алу үшін қазақстандықтың жалақысы қанша болуы керегін де айта кетті.
– Мәселен, бағасы 10 миллион теңгені құрайтын пәтерді сатып алу үшін 2 миллион теңге мөлшерінде бастапқы жарна қажет. Ай сайынғы төлем 57 мың теңге болады. Тиісінше, банк өтінімді мақұлдау үшін азаматтың ай сайынғы кірісі шамамен 120 мың теңге болуы тиіс. Себебі кредит бойынша борыш көлемі кірістің жартысынан аспауы тиіс деген ереже бар. Сондықтан халықтың төлем жасауға қабілетті болуы бағдарламаның сәтті іске асырылу факторларының бірі болып саналады, – деді ол.
Ұлттық банк төрағасының айтуынша, қазіргі уақытта «7-20-25» бағдарламасы бойынша 8 банк – Банк Центр кредит, АТФ, Цеснабанк, Банк РБК, Еуразиялық банк, Халық банкі, Тұрғын үй құрылысы жинақ банкі және Фортебанк өтінім қабылдайды.
Сөз соңында Данияр Ақышев әрбір азаматты өз мүмкіндігін жіті есептеп, сараптап алуға шақырды. «Келешекте мәселе туындамастай шешім қабылдануы керек деген ойдамын. Адамдар қарызды алуын алып, кейін «төлей алмай жатырмыз, қандай да бір жеңілдік көрсетсеңіздер» демейтіндей болмауы тиіс. Ұлттық банк Мемлекет басшысының аузынан шыққан жеңілдіктерден басқа ешбір жеңілдікті енгізіп отырған жоқ», – деді ол.

Ипотеканы ерте жауып тастауға бола ма?

Жаңа ипотекалық бағдарламаға Қазақстанның кез келген қаласындағы тұрақты жұмысы немесе кәсібі бар адам қатыса алады. Бірақ, атына тіркелген баспанасы болмауы шарт. Және де несие тарихы барынша «таза» болуы керек. Ал, балаларыңыз немесе әйеліңіздің атындағы баспана ипотека алуға кедергі келтірмейді.
– Қарыз алуға өтініш берген адамның жеке басының мәліметтеріне ғана қараймыз. Өз атына тіркелген жылжымайтын мүлігі жоқ болса, жеткілікті. Ал жақын туыстарының, балаларының, әйелінің немесе күйеуінің, ата-анасының атындағы баспана бағдарламаға қатысуға кедергі бола алмайды, – дейді ҚР Ұлттық банкінің төрағасы.
Айта кетейік, азаматтардың көпшілігі ипотеканы төлеуді сөз қылғанда «7-20-25» бағдарламасы бойынша несие 25 жылға беріледі деп ойлайды. Олай емес. 25 жыл – несиенің ең шекті мерзімі. Сіз ипотеканы 1 жылға, 5 жылға, 10 жылға және басқа бір мерзімге ала аласыз. Мерзімін өзіңіз таңдайсыз. Алдын ала төлеп тастау немесе ішінара төлеуді де өзіңіз шешесіз. Сіз кез келген уақытта несиені жаба аласыз, негізгі қарызды ішінара төлеп жабуға да болады. Мұның барлығы айыппұлсыз және артық төлемсіз жасалады. Пайыздар несиенің жүріп жатқан уақыты үшін ғана есептеледі. Мысалы, сіз 12 миллион теңгеге пәтерді 25 жылға алдыңыз. Сіздің ай сайынғы төлеміңіз – 68 мың теңге. Егер сіз 25 жыл бойы төлейтін болсаңыз, артық төлем 10,7 миллин теңге болады. Бірақ сіз 3 жылдан кейін несиені уақытынан бұрын жабамын деп шештіңіз. Онда сіздің артық төлеміңіз 1,9 миллион теңге болады. Сіз қалған 22 жылдың пайызын төлемейсіз.

Ұзақ жылғы армандар орындалар сәт

ҚР Президентінің тапсырмасы бойынша «7-20-25» бағдарламасы аясында өңірлерде қазір нақты жұмыстар басталып кетті. Мысалы, таяуда ғана Шымкентте әкімдіктің пилоттық жобасы аясында 19 мұғалімге тұрғын үй сертификаты тапсырылды. Қайтарымды сертификаттар «7-20-25» бағдарламасы аясында беріліп отыр. Яғни, сертификаттарда осы бағдарлама аясында берілетін пәтер бағасының алғаш жарнасының жартысына тура келетін қаржы бар.
Сертификат алған жерлестеріміздің бірі – қаламыздағы №33 мектептің мұғалімі Ұлжамал Атабаева. 9 жылдан бері пәтер жалдап келе жатқан қазақ тілі және әдебиеті пәнінің оқытушысы 2015 жылы Тұрғын үй құрылысы жинақ банкімен келісім-шарт түзген. Содан бері банк жүйесіндегі «Бастау» тарифі бойынша қаржы жинақтап келетінін айтады.
– Сертификатты қолыма алған кезде пәтердің кілтін алғандай қуанышымда шек болмады, – дейді жас мұғалім. – Бағдарламаның шарты бойынша жинақталған қаржымызға қарай үйді өзіміз таңдаймыз және ол жаңа үй болуы керек. Үйдің бағасының 10 пайызын банкте жинақтасақ, қалған 10 пайызына әкімдік берген жеңілдетілген қайтарымды субсидияны пайдаланамыз. Бұйыртса, жақын күндері баспаналы болу мүмкіндігі туып отыр.
Тағы бір педагог – Шымкенттегі №50 мектептің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Әсем Тұралиева. 15 жылдан бері ағылшын тілі пәнінен сабақ беріп келе жатқан ұстаздың айтуынша, сертификат өздері секілді баспаналы болуды армандап жүрген әлеуметтік сала қызметкерлеріне едәуір көмек.
Әсем Тұралиева баспана кезегінде 5 жылдан бері тұрады. Ал 2017 жылы Тұрғын үй құрылысы жинақ банкімен келісім-шарт жасасқан. Бұл мұғалім де «Бастау» тарифында көрсетілген соманы ай сайын есеп-шотына жинап жүргенін айтады.
– Тұрғын үй құрылысы жинақ банкіне ақша жинақтап келгеніммен, дәл биыл баспаналы боламын деп ойламадым. Бұл бағдарламаның шарты бойынша үйді өзіміз таңдауымыз керек екен.Бүгінде қалада баспана салып жатқан екі компанияға тиесілі тұрғын үй кешендеріндегі пәтерлерді көрдім. Төрт баламыз бар. Сондықтан 3 бөлмелі үй іздестіріп жатырмын. Бұйыртса, алда келе жатқан Жаңа жылды өз баспанамда, отбасыммен қарсы алсам деп отырмын, – дейді ұстаз.

Шымкентте 275 пәтер пайдалануға беріледі

20180605143710

Биылдың өзінде Шымкентте «7-20-25» бағдарламасы арқылы 500 отбасы жаңа пәтерге кіреді деп жоспарлануда. Ал келесі жылғы меже 1 500 отбасы болмақ. Бұл ретте Шымкент қаласындағы тұрғын үй құрылысына «Баспана» ипотекалық компаниясы тарапынан 20 млрд теңге бөлінбек.
Жалпы, Шымкент қаласының әкімдігі мен «Баспана» ипотекалық компаниясы арасындағы меморандум аясында «Жас Арман» және «Қамқор» тұрғын үймен қамту жобасы қолға алынды. Ондағы ерекшелік – «Жас арман» арқылы қала жастары және 21-36 жас аралығын қамтитын отбасылар баспанаға қол жеткізе алады. Ал «Қамқор» мемлекеттік және бюджеттік салада жұмыс істейтін қызметкерлерге арналады.
Қалалық құрылыс басқармасының мәліметінше, қазіргі уақытта «7-20-25» бағдарламасын іске асыруға Шымкентте сегіз тұрғын үй кешенінің 136 пәтері дайын, ал екінші жарты жылдықтың соңына дейін 275 пәтер пайдалануға беріледі. Олардың көбі 2-3 бөлмелі пәтерлер. Бағдарлама аясында сол кешендерден пәтерлерді таңдап алуға болады.
Жалпы, жаңа бағдарламаның бастамасы жаман емес. Бұл шымкенттік біраз тұрғындардың үй алу мүмкіндігін жеңілдетері анық. Толық мәліметті «Халықтық кеңседе» (Т.Рысқұлов көш., 8, фронт-офис) орналасқан арнайы ақпараттық орталықтан біле аласыздар.

ҚАЖЕТ ҚҰЖАТТАР ТІЗІМІ:

1) Еңбек немесе кәсіпкерліктен түсетін табысты растайтын құжаттар;
2) Ипотекалық жылжымайтын мүлік үй қарыздарының жоқтығын дәлелдейтін кредиттік бюроның кредиттік есебі;
3) Меншік құқығындағы тұрғын үйдің болмауын растайтын анықтама (Халыққа қызмет көрсету орталығында беріледі);

4) Сатып алынатын тұрғын үйдің құжаттары;
5) Сатып алынатын тұрғын үй құнын анықтайтын тәуелсіз бағалаушының бағалау есебі;
6) Серіктес банктің талабы бойынша басқа да құжаттар.

Сіз не дейсіз?

Гүлнар Әшірбаева, Шымкент қалалық тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының бөлім басшысы:

Ashirbaeva-Gulnar

– Алғаш рет бұл бағдарлама туралы Елбасымыз «Бес әлеуметтік бастамасында» айтқан болатын. Осыдан кейін көп ұзамай Шымкент қаласы әкімдігінің бастамасымен «Халықтық кеңседе» (фронт-офис) «7-20-25» бағдарламасы бойынша арнайы ақпараттық орталық ашылды. Қазір мұнда келіп бағдарламаға қатысуға ниет білдірген тұрғындар көп. Олар көкейлеріндегі толғандырған сауалдарға толық жауап алып жатыр. Жалпы, Шымкентте «7-20-25» бағдарламасы басталғалы бері 44 азаматтың өтінімі банктер тарапынан мақұлданған. Оның ішінде 22 азамат қазіргі таңда баспаналы болып үлгерді. Тұрғындарға берілетін субсидияға келсек, бұл бойынша қазір еліміздің барлық өңірлерінде жергілікті әкімдіктерге тұрғындар тарапынан түрлі ұсыныстар түскен. Сол себепті бұған қатысты мәселелер Астанада зерделеніп жатыр. Сертификат алудың талаптары еліміздің барлық аймағында бірдей болмақ. Бірінші кезекте субсидия кімге беріледі, халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтарына қандай жеңілдіктер жасалуы мүмкін т.б. сауалдарға кейінірек жауап алатын боламыз.

Анар Райысова, «Цеснабанк» қызметкері:

банк

– Шымкенттіктердің «7-20-25» бағдарламасына қызығушылығы жоғары. Қазір осы бағдарлама аясында «Халықтық кеңседе» қала тұрғындарына қызметімізді ұсынып, кеңес беріп жатырмыз. Бағдарламаның бір тиімділігі, мұнда тұрғын үй кезегін күтіп әуре болмайсыз. Тек құжатыңызды реттеп, пәтердің алғашқы 20 пайыздық жарнасын төлесеңіз болғаны. Бір ай көлемінде баспаналы болуға мүмкіндігіңіз бар. Бағдарламаға 23 жастан 60 жасқа дейінгі азаматтар қатыса алады. Айлық жалақыңыз кемінде 80 мың теңгеден жоғаруы болуы керек. Соңғы 6 айдағы жеке зейнетақы шотыңыздан анықтамасы міндетті түрде (2-3 айдағысы жарамсыз) болуы тиіс.

Линда Тәжібекова, қала тұрғыны:

Линда Тәжібекова қала тұрғыны

– «7-20-25» бағдарламасы үй салуға мүмкіндігі аз, басында баспанасы жоқ, қолма-қол алуға жағдайы келмейтін азаматтар үшін жақсы мүмкіндік деп ойлаймын. Бағдарламаның мені қызықтырған тұсы - мұнда басқа көптеген бағдарламаларға қарағанда несие пайызы әлдеқайда төмен. Ал мерзімі - 5 жыл мен 25 жыл аралығында. Сонымен қатар несиені мерзімінен бұрын төлеп құтылуға болады екен. Өзім балабақшада істеймін, жұбайымның да жеке кәсібі бар. Екеулеп төлеп тастауға болады. Шындап келгенде, ай сайын пәтерақыға да сол ақша кетеді ғой. Одан да алғашқы жарнасын тауып, ақшаны соңында өзіңе қалатын пәтердің төлемақысына берген әлдеқайда дұрыс деп санаймын.

Сәбит ТАСТАНБЕК

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің "Журналистика" мамандығын (2004-2008) тәмамдаған. Алматы қаласында Отан алдындағы әскери борышын (2008-2009) өтеген. Республикалық «Sport», «Қазақ спорты» газеттерінде және Шымкент қаласы әкімдігінің ресми сайтында тілші болып еңбек еткен. 2013 жылдан бастап «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі, 2016 жылдың ақпан айынан 2018 жылдың ақпан айына дейін Бас редактордың орынбасары болып істеген.