«Нұрлы жер»: Шымкентте биыл көпқабатты 12 үй ел игілігіне беріледі Избранное

Среда, 24 Октябрь 2018 04:13 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 5021 раз

«Бүгінде біз тұрғын үй құрылысына зор серпін беріп отырған «Нұрлы жер» бағдарламасын табысты іске асырудамыз. Тұрғын үй ипотекасының қолжетімділігін арттыратын жаңа ауқымдағы «7-20-25» бағдарламасы қолға алынды. Сондай-ақ, халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтары үшін ірі қалаларда жалдамалы тұрғын үй құрылысын ұлғайту қажет. Бұл шаралар 250 мыңнан астам отбасы үшін тұрғын үй жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді».

Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың
Қазақстан халқына Жолдауы 05.10.2018 ж.

Елбасының тікелей тапсырмасымен елімізде екінші жыл қатарынан «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы іске асырылуда. Осы бағдарлама аясында қазір Шымкенттегі әкімшілік-іскерлік орталық пен «Шымкент сити» аумағында жаңа үйлер салынып жатыр. Тұрғын үй құрылысына зор серпін беріп отырған «Нұрлы жер» бағдарламасы миллионды шаһардың тұрғындарына, әсіресе, жас отбасылардың пәтерлі болуына мүмкіндік береді. Бұл бағдарлама арқылы кімдер баспаналы бола алады, оның бұған дейінгі тұрғын үй бағдарламаларынан айырмашылығы қандай? Бағдарлама аясында Шымкентте биыл қанша тұрғын үйдің құрылысы аяқталады? Осы сауалдарға жауап іздеп көрейік.

IMG 1001

Шымкентте «Нұрлы жер» бағдарламасымен 40 үй салынуда

Шымкентте орналасқан Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің филиалы жуырда журналистерге арнап арнайы баспасөз турын ұйымдастырды. Шымкенттік БАҚ өкілдері «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы қаланың екі бірдей жаңа ауданында, атап айтқанда әкімшілік-іскерлік орталық пен «Шымкент сити» қалашығына арнайы сапарлап, құрылысы қызу жүріп жатқан тұрғын үйлердің жұмысымен танысып қайтты.
Бүгінгі таңда Шымкентте тұрғын үй кезегінде 34 мың адамның тұрғанын ескерсек, баспана мәселесі шын мәнінде өте өзекті. Осы орайда шаһарда мемлекеттік бағдарламалар аясында халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше көңіл бөлініп-ақ жатыр. Жоспар бойынша Шымкентте Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшылары үшін 2 500 пәтерден тұратын 9, 12 және 16 қабатты 40 тұрғын үй салынбақ.
Тамыз айында Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова мен Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында ынтымақтастық меморандумына қол қойған болатын. Бұл келісімге сәйкес жалпы аумағы 150 мың шаршы метр үй салынады. Баспананың 1 шаршы метрінің бағасы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі клиенттері үшін 140 000 теңге болады.
Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі облыстық филиалы директорының орынбасары Ақылбек Қоспановтың айтуынша, алғашқы 662 пәтерді тұрғындар биыл ала алады, осы мақсатта әкімшілік-іскерлік орталықта қазіргі таңда 12 үй салынып жатыр. Бұл үйлердің құрылысы 2018 жылдың желтоқсан айында аяқталмақ.
Еске сала кетсек, Шымкентте биылғы пайдалануға берілетін 662 пәтердің жалпы аумағы – 50 мың шаршы метр. Ал 2019 жылы әкімшілік-іскерлік орталық пен «Шымкент Ситиде» берілетін көпқабатты үйлер саны – 28. Ондағы пайдалануға берілетін пәтерлердің саны 1816 болмақ.

1,1 млн теңге жинап, баспана алуға болады

«Нұрлы жер» бағдарламасына қатысып, үй алу үшін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі шотыңызда 20% көлемдегі бастапқы жарнаның болуы жеткілікті. Бұл ретте жергілікті әкімдікте кезекте тұрған азаматтарға да мемлекеттік бағдарламаға қатысу үшін банк салымшылары болып, ТҮҚЖБ-нен шот ашып, қаржы жинау қажет.
Пәтердің барлығы бағдарламада көрсетілген тәртіп бойынша беріледі. Яғни, қазір құрылысы аяқталуға жақын 662 пәтердің 50 пайызы конкурсқа түседі. Қалған 331 пәтер қалалық әкімдікте кезекте тұрғандар арасында үлестіріледі.
Баспананың бағасына келсек, мәселен, 1 бөлмелі үйдің бағасын 5 млн 100 мың теңге деп алсақ, соның 1 млн 100 мың теңгесін жинасаңыз болғаны. Яғни, алғашқы 20 пайыздық жарнаны төлейсіз. Қалғанын банк 5 пайыздық мөлшерлемемен несиеге 19 жылға дейін береді. Сондай-ақ, бағдарлама бойынша 2 бөлмелі пәтер 8 млн 200 мың теңге, ал 3 бөлмелі үй 10 млн 200 мың теңге шамасында болады.
Осы орайда көпшілікті алаңдатқан сауал бар. Шымкенттегі мемлекеттік бағдарламамен салынатын пәтерлердің әр шаршы метрінің бағасы көтеріліп кетпей ме? Бұл сұрақты Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің өкілдеріне қойдық.
– Пәтердің әр шаршы метрінің бағасы осы 140 мың теңге көлемінде сақталады, - дейді ТҮҚЖБ облыстық филиалы директорының орынбасары Ақылбек Қоспанов. – Себебі бағдарлама басталған сәттен бастап халыққа түсіндірме жұмыстарын солай жүргіздік. Дегенмен, Шымкент республикалық дербес қала мәртебесін алуына байланысты Астана мен Алматы қалаларындағыдай 180 мың деп көрсетілген. Бірақ қазіргі салынған үйлер 140 мың теңгеден тапсырылатынына сенімдіміз. Әкімшілік-іскерлік орталықтағы құрылыс жұмыстары желтоқсан айына дейін бітеді. Ал пәтерлерді тұрғындарға тапсыру мерзімі 2019 жылғы наурыз, сәуір айларына жоспарланып отыр.

Салымшылар «7-20-25» бағдарламасына қалай қатысады?

Банк салымшылары басқа да бағдарламалар арқылы баспаналы бола алады. Мысалы, қазан айының соңында «Өз үйім» бағдарламасына қатысуға өтінім қабылдау жоспарланып отыр. Оның аясында Шымкент қаласының Төлеметов көшесінде тұрғын үй кешені салынуда. Мұндағы пәтерлердің 1 шаршы метрінің бағасы – 190 000 теңге. 20 пайыздық бастапқы жарна болған жағдайда банк 7 пайыз мөлшерлемемен заем береді. Кейіннен жылдық мөлшерлеме 5 пайызға дейін төмендейді.
Сондай-ақ биылғы 1 желтоқсаннан бастап Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі Шымкентте «7-20-25» бағдарламасына қосылып, несие бөлуді бастауды жоспарлап отыр.
– «Нұрлы жер» бағдарламасымен қатар биыл жазда Елбасының бастамасымен «7-20-25» тұрғын үй бағдарламасы іске қосылғаны белгілі. Бұл бағдарлама да халықты баспанамен қамтамасыз ету ісін ілгерілетуге оң ықпалын тигізуде. Аталған бағдарлама бойынша желтоқсан айында несие берілетін болады, - деді А.Қоспанов.
Жауапты маманның мәлімдеуінше, Шымкентте құрылысы биыл аяқталатын 12 үй мен келесі жылы бітетін 28 көпқабатты үй осы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында тапсырылмақ. Алдағы уақытта «7-20-25» бағдарламасы бойынша пәтер алушылар өздері үйді тауып келген жағдайда банк тарапынан несие берілетін болады.
Жалпы, алдағы уақытта Шымкентте «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында «Бозарық», «Бозарық 2» деген атаумен жаңа екі шағынаудан бой көтеруі мүмкін. Қазір бұл пилоттық жоба ретінде қарастырылуда. Онда архитектуралық сипаты біркелкі үйлер, яғни екіқабатты таунхаустар салынады.
Сөз реті келгенде айта кетсек, қазірден бастап баспанаға зәру жандар Шымкенттегі Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне барып, мамандардан кеңес алып, тиісті құжаттарды тапсыра алады. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы сатылып жатқан барлық жаңа нысандар туралы ақпаратты baspana.kz порталынан білуге болады. Дəл осы портал арқылы өтінім беріп, құрылыс нысандары туралы, өтінім қабылдау басталғаны туралы біле аласыздар.

Қажет құжаттарды дайындай беріңіз!

«Нұрлы жер» бағдарламасының шарттарына сәйкес, бұл пәтерлерден келесі талаптарға сай азаматтар үміткер бола алады:
• 18 жасқа толған ҚР азаматтары немесе оралман мәртебесіне ие болуы шарт;
• Өтініш берушіде және оның отбасы мүшелерінде соңғы 5 жыл ішінде еліміздің аумағында жекеменшік үйі болмауы керек;
• Төлем қабілеттілігін растай алуы қажет.

Түйін сөз:

Елбасы биылғы Жолдауында тұрғын үй туралы айта келе: «Қазіргі «7-20-25», «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» және басқа да мемлекеттік бағдарламалардың басты мақсаты – халқымыздың тұрмыс сапасын жақсарту» деген болатын. Бұл ретте «Нұрлы жер» бағдарламасы – мыңдаған тұрғынның басты мәселесін шешуге ықпал етіп отырған ауқымды жоба. Бүгінде халық тарапынан жоғары қызығушылыққа ие болып отырған «7-20-25» тұрғын үй бағдарламасының баламасы іспетті. «Нұрлы жер» – бұл алдағы 15 жылға арналған үлкен жоспар. Ондай бастама елімізде алғаш рет қолға алынды. Алдағы 15 жылда осы бағдарлама бойынша елімізде 1,5 миллион қолжетімді тұрғын үй салынады деген жоспар бар. Жалпы алғанда, «Нұрлы жол» бағдарламасының шымкенттік тұрғындарға да берері көп. Өткен жылы 558 отбасының пәтерлі болғаны ел есінде. Бұл көрсеткіш биыл да жалғасып, тұрғындар қуанышын еселей береріне күмән жоқ.

Сіз не дейсіз?

Ақылбек ҚОСПАНОВ,
Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі облыстық филиалы директорының орынбасары:

IMG 1012

– Бұған дейін «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша Шымкенттегі әкімшілік-іскерлік орталықта 11 тұрғын үй, яғни, 558 пәтер пайдалануға берілді. Қазір осы бағдарламаның жалғасы ретінде Шымкентте тұрғын үй құрылысы қарқын алуда. Әкімшілік-іскерлік орталықта және «Шымкент сити» қалашығынан 9, 12 және 16 қабатты 40 тұрғын үй салынып жатыр. Оның ішінде 12 үйдің құрылысы биылғы желтоқсан айында аяқталмақ. Қалалық әкімдік тарапынан осындай жоспар бар. Бағдарламамен берілетін тұрғын үйдің шаршы метрі – 140 мың теңге. Бұл үлкен жеңілдік деп ойлаймын. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы пәтерлердің берілу ретіне келсек, ол арнайы балдық көрсеткіш арқылы анықталады. Яғни, кезекке алғаш тіркелгендерге, қаржыны көп жинағандарға басымдық беріледі. Оның барлығы электронды базада, жария түрде жүзеге асады.

Сәбит ТАСТАНБЕК

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің "Журналистика" мамандығын (2004-2008) тәмамдаған. Алматы қаласында Отан алдындағы әскери борышын (2008-2009) өтеген. Республикалық «Sport», «Қазақ спорты» газеттерінде және Шымкент қаласы әкімдігінің ресми сайтында тілші болып еңбек еткен. 2013 жылдан бастап «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі, 2016 жылдың ақпан айынан 2018 жылдың ақпан айына дейін Бас редактордың орынбасары болып істеген.