Сапалы электр жарығы қосылады Избранное

Среда, 30 Январь 2019 04:23 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 3642 раз

Бадам тұрғын алабының 195-орамы мен Сәуле шағынауданына қарасты 276-орам 2014 жылы Сайрам ауданынан Шымкент қаласының аумағына өткен-ді. Мұндағы 2000-ға жуық тұрғын сапалы электр жарығымен қамтамасыз етуді сұрайды.

89967

195-орамдағы халық саны 1300-ге жуық. Оларға жеке тұрғын үй салу үшін 600 жер телімі егжей-тегжей жоспарына сәйкес берілген. Соның 300-інде қазір тұрғын үй құрылысы жүргізілген. Ал Сәуле шағынауданына қарасты 276-орамда шамамен 110 тұрғын үй салынған. Қазіргі таңда 500-ден астам тұрғыны бар. Жергілікті тұрғындар арасында «жаңа құрылыс» атанып кеткен бұл аумақ ауыз су, табиғи газбен қамтылмаған. Ал электр қуатын сол маңдағы жеке кәсіпкер Н.Ережеповтің өндірістік базасынан жалғап отыр.

– Қуанатынымыз сол, бұрынғыдай лайға батып жүрмейміз. Әкімдік көшелерімізге тас төсетіп берді. Отты жаға тұрармыз, суды құйып алып, әупірімдеп жатырмыз. Бірақ, жарық мәселесі өзекті болып тұр. Биыл сапалы электр бағаналарын жүргізіп берсе, жақсы болар еді, – дейді 276-орамның ауыл биі Талғат Жантасов.

Тұрғындар айтқан электр бағаналарын көзбен көрдік. Стандартқа сай емес. Бұл жайлы қалалық мәслихаттың депутаты Хайрулла Үсенов те өз ойын қосты.
– Аталған орам тұрғындары шошқа фермасынан жарық алып отыр. Алайда ферманың жұмысына кей тұрғындар шағым түсірсе, кәсіпкер жарықты сөндіреді де, орам халқы түгел жарықсыз қалады. Дегенмен орам ішінде электр желілері әу баста уақытша тартылғандықтан, сапасыз ғана емес, қауіпті де. Бағана орнына ағаштың қалың бұтақтары қолданылған. Сол себепті де жауынды, желді күні орам тұрғындары жарықсыз қалатыны рас, – дейді Х.Үсенов.

Қала аумағына енген елдімекеннің жағдайымен таныс болған соң тұрғындардың сұранысы бойынша әкімдік тарапынан қандай жұмыстар атқарылып жатқаны жөнінде білуге тырыстық.
Әл-Фараби ауданының әкімі Ғ.Мәуленқұловтың айтуынша, 2019 жылы 195-орамда инфрақұрылымдық жұмыстар басталады.

– Шымкент қаласының тұрғын үй-коммуналды шаруашылық басқармасының тапсырысымен Бадам тұрғын алабындағы 195-орамды инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мақсатында құжаттар әзірленді. Яғни, ауыз су, электр қуаты және табиғи газбен қамтамасыз ету үшін «Строй Проект Инвентаризация» ЖШС тарапынан әзірленген жобалау-сметалық құжаттамасы дайын. Шымкенттің әлеуметтік-экономикалық даму картасына сәйкес, қала әкімі Ғ.Әбдірахымов бұл жұмыстарды 2019 жылдың бюджетіне енгізді. Ал Сәуле елдімекеніне қарасты 276-орам – жаңақұрылыс аумағын инфрақұрылыммен қамтамасын ету жұмыстары 2020 жылға жоспарлануда, – дейді аудан әкімі.

Осылайша, 1300-дей тұрғынның өтініші аз уақытта орындалмақ. Ал 500-ден аса тұрғыны бар 276-орамның ауыл биі Ережеп мырза «біз жақтағы 110 үйге де сапалы жарықты 2019 жылы «бадамдықтармен» бірге қамтып өтсе игі болар еді» деген тілегін білдірді.

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.