Тілсіз жаудан сақ болайық

Пятница, 15 Февраль 2019 04:31 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 3760 раз

Төтенше жағдайлардың алдын алу бағытында биыл Шымкентте 35-тен аса өрт сөндіру көлігі сатып алынбақ. Бұл туралы Шымкентте өрт қауіпсіздігі саласында атқарылған және жоспарланған іс-шаралар туралы брифингте айтылды.

DSC 1653

Жиында Шымкент қалалық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Мадияр Жақсыбаев саладағы маңызды мәселелер мен қауіптің алдын алу шаралары туралы баяндады.

– Таяуда Астана қаласында өрт салдарынан бір отбасының бес баласы қаза болды. Бұл қайғылы оқиға баршамыздың қабырғамызды қайыстырды. Мұндай жағдай қайталанбасын деп тілейміз. Жалпы өрт қауіпсіздігі – аса маңызды мәселе. Қаламызда сақтық шаралары қолға алынған. Төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша бірқатар іс-шаралар өткізілді.

Көліктердің техникалық жағдайы, өртке қауіпсіздігі талапқа сай болуына басты назар аударылуда. Қазір Шымкент дербес қала болуына байланысты төтенше жағдай саласына ерекше мән беріліп, талап күшеюде. Биыл 35-тен аса жаңа көлік алу жоспарланып отыр, – деді Мадияр Жақсыбаев.

Оның айтуынша, 2019 жылы қала аумағында 7 өрт оқиғасы тіркелген. Одан келтірілген материалдық шығын көлемі – 7 млн 600 мың теңге. Құтқарылған материалдық құндылық – 17 млн 200 мың теңге. Сондай-ақ өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өрт саны 42 пайызға (2018 ж. – 12 өрт) төмендеген. Өрттен келген материалдық шығын 30 пайызға (2018 ж. – 10,9 млн теңге) төмендепті. Өрттің нәтижесінде 2 адам қаза тапқан және 1 адам әр түрлі дәрежеде жарақаттанған.

Брифинг барысында Төтенше жағдайлар департаментінің өкілі тұрғындардың өрт қауіпсіздігін сақтауда, тиісті шараларды жүргізуде немқұрайлы қарамау керегін жеткізді. Яғни, үйдегі қарапайым пештің жарықшақтарын реттеп, әр үш ай сайын мұржаларын тазартып отыру қажеттігін еске салды. Бұл тәрізді ағаттықтар, өкінішке қарай жиі кездеседі. Салдарынан ыс тию, үй өртенуі, тіпті адам қазасы да орын алуда.

– Шымкентте бүгінде 9 өрт сөндіру бекеті бар. Көбіне өрттің 80 пайызға жуығы тұрғын үйлерде болады. Сосын автокөліктердің ақауы себебінен шығып жатады. Біздің мамандар мен қала әкімдігі қызметкерлері бірлесіп, тұрақты түрде түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келеміз. Әкімдіктен қомақты қаржы бөлініп, телеарналардан арнайы бейнероликтер көрсетілуде.

Жалпы, өрттің және улы газбен улану оқиғаларының алдын алу жұмыстары жалғасуда және үнемі бақылауда. Қамданған қапы қалмайды дейміз. Бұл ретте тұрғындарды әрдайым сақ болуға шақырамыз, – дейді Шымкент қалалық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары М. Жақсыбаев.

Сәбит ТАСТАНБЕК

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің "Журналистика" мамандығын (2004-2008) тәмамдаған. Алматы қаласында Отан алдындағы әскери борышын (2008-2009) өтеген. Республикалық «Sport», «Қазақ спорты» газеттерінде және Шымкент қаласы әкімдігінің ресми сайтында тілші болып еңбек еткен. 2013 жылдан бастап «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі, 2016 жылдың ақпан айынан 2018 жылдың ақпан айына дейін Бас редактордың орынбасары болып істеген.