Версия для печати

SHYMKENT: 2020 жылғы мәдени астананың дайындығы қандай? Избранное

Пятница, 26 Апрель 2019 04:26 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 5729 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Шымкент – бұрыннан мәдениет пен руханияттың, ынтымақ пен бірліктің ордасы. Еліміздегі ең шуақты шаһар. Қонақжай қала. Естеріңізде болса, 2017 жылы 11 қазанда Сочиде өткен ТМД мемлекет басшылары кеңесінің отырысында Қазақстанның Шымкент қаласы 2020 жылы Тәуелсіз мемлекеттер достастығының (ТМД) мәдени астанасы болып жарияланған еді. «Достастықтың мәдени астаналары» мемлекетаралық бағдарламасы аясында 2018 жылы Арменияның Горис қаласы, 2019 жылы Беларусьтің Брест қаласы таңдалған.

 e172e71f4267b238564a9037c33ef64d

Шымкентте туризмді дамытудың мүмкіндігі жоғары

Шымкент ТМД-ның мәдени астанасы болып бекер таңдалған жоқ. Мәдени астана мәртебесі қаланың одан әрі дамуына серпін берері анық. Шаһарда қазір 1 миллионнан астам адам тұрады. Шымкент еліміздегі үшінші мегаполис саналады.

Еліміздегі әрбір төртінші сәби осы өңірде дүние есігін ашады. Қаланың соңғы жылдары экономикалық әлеуеті де еселене түсті. Шымкенттің дәл осылай қарқынды дамуы мәдени астана мәртебесін алуға сеп болғаны сөзсіз.

Бұл әрі шаһарға жүктелген үлкен жауапкершілік. Осы арқылы салт-дәстүрімізбен мәдениетімізді халықаралық деңгейде кеңінен насихаттауға мүмкіндік туындап отыр.

Былтыр Еліміздің Тұңғыш Президенті - Елбасы Шымкентке арнайы іс-сапармен келіп, бірқатар нысандарды аралағаны есімізде.

Сол сапарында Елбасы республикалық маңызы бар қала мәртебесіне ие шаһардың ендігі даму бағыты қалай боларын, нені алға шығарып, қандай көрсеткіштерді жақсарту керегі жөнінде міндеттер жүктеді.

– Шымкентте болашағы бар бірқатар жобалар жүзеге асырылып жатыр және жоспарланғандары одан да көп. Сондықтан, Шымкенттің одан әрі даму жолдарын талқылап, стратегиясын айқындауымыз қажет.

Болашақ – ірі қалаларда. Еліміздің бір миллионнан астам халқы бар үшінші мегаполисіне айналған Шымкент өзінің даму моделін өзгертуге тиіс, – деген еді сонда Елбасы.

Сондай-ақ миллионды қала дамуы тиіс бірнеше бағытты нақтылап берді. Ең бірінші, Шымкент Орталық Азияның ірі экономикалық жəне туризм орталығы атануы тиіс.

– Туризм дамуы үшін жақсы дамыған инфрақұрылым, заманауи əуежай мен теміржол вокзалы болуы тиіс, - деді Елбасы. – Туризм – əлемдегі ең табысты бизнес.

Ал Шымкенттің мүмкіндіктері мол: қалада саябақтар, цирк, дендросаябақ, зообақ, концерт залдары бар. 2020 жылы Шымкент ТМД-ның мəдени астанасы атанбақ. Соған дайындалу керек.

Н.Назарбаев бұған қоса мегаполистің сəулеттік келбеті туралы да айтып өткен еді.
– Шымкенттің өзіндік қайталанбас сəулеттік стилі болуы керек, - деді Тұнғыш Президент. – Елорданың стилін көшірудің қажеті жоқ. Өздеріңіздің мəдени ерекшеліктеріңіз бар.

Ескі үйлерді сүріп, жаңасын салу керек. Бұл үшін арнайы мемлекеттік бағдарламамыз бар. Ретсіз сауда орындарынан арылу керек. Шымкент ақылды қала болуы тиіс. Сонымен қатар қала аумағының кеңеюі емес, тығыз орналасуы өзекті.

«Шымкент Сити» қалашығында Конгресс орталығы ашылады

2018 жылы Шымкент республикалық маңызы бар қала мәртебесін алғанын айттық. Осыған орай, әрі 2020 жылы ТМД елдерінің мәдени астанасы болуына байланысты Шымкентте бірнеше ірі жобалар басталды.

Қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов 2018 жылы атқарылған жұмыстар туралы есебінде осы жобаларды атап өткен болатын.

Нақты айтқанда «SСAT» әуе компаниясы әуежайдың жаңа терминалының құрылысын бастады, желтоқсан айынан бастап Шымкент – Дубай бағытында тікелей әуе рейсі ашылды.

Келесі әуе рейсі Шымкент – Қазан бағытында ашылады; теміржол вокзалы қайта құрылады және 20 мың орындық Қажымұқан атындағы орталық стадионды қайта құру жұмыстары басталмақ.

Сонымен қатар биыл «Қырғы базар» шығыс стилінде жаңғыртылмақ.
Қазіргі таңда «Шымкент Сити» аумағында Конгресс орталығы салынуда. «Bi group» компаниясы осы қалашықтағы 2300 орынға арналған сəулетті орталықтың құрылысын қызу жүргізуде.

Нысанның жалпы ауданы – 14550 шаршы метр, 2 қабатты болмақ. Жалпы құны 10,2 млрд теңгелік жобаға «Шымкент» ƏКК АҚ тапсырыс берген. Конгресс орталығы келесі жылы наурызда, яғни Шымкент 2020 жылғы ТМД елдерінің мəдени астанасы атанатын жылы пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.

2020 жылға қарай Шымкент жасыл оазиске айналғалы отыр. Соңғы жылдары қала аумағында 5 бірдей саябақ ашылды. Шаһардың жасыл белдеуіне негізінен арша, мәжнүн тал, емен, шаған, қарағай және калифорниялық терек егілді.

Осылайша Шымкент бүгінде атына сай желегі жайқалған жасыл қалаға айналып келеді.

Цитадель:«Ескі қалашықтың» жаңа келбеті

1525412486  1deed5733c2ea84a61f17ae06fec5ded

Бүгінде «Ескі қалашық» – «Цитадельді» қалпына келтіру және Қошқар ата өзені жағалауын көріктендіру жұмыстары қарқын алды. Қырғы базарды заманауи талапқа сай қайта құру мақсатында жаңа жоба әзірленуде.

Биылғы Наурыз мерекесінен соң үшінші мегаполиске іс-сапармен келген ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкент қаласының әкімшілік-іскерлік орталығын аралап, жаңа «Shymkent city» ауданының жобасы мен әуежайдың жаңа терминалын көрді.

Ескі қалашық, Қошқар ата өзенінің жағалауын абаттандыру және Тұран шағынауданының инженерлік инфрақұрылымын салу жобаларымен танысты.

– Үшінші мегаполистің жаңа шағынауданы – «Shymkent city» жобасы аясында 1,5 млн шаршы метр үй салу, ал Қошқар ата өзені аумағында көпқабатты 32 тұрғын үй құрылысын жүргізу жоспарланған, - деді қала әкімі Ғабидолла Рахматоллаұлы.

Айта кетсек, «Ескі қалашықта», тарихи деректерге сәйкес, ХIII ғасырда салынған цитадель бар. Мұндағы мәселелер қазір шешіліп, Қошқар ата өзені маңы абаттандырылған. Бірқатар балаларға арналған ойын алаңшалары ашылып, ауқымы кеңейген.

Демек, «Ескі қалашық» келесі жылғы мерейлі мереке қарсаңында Шымкенттің тарихи бөлігіне айналып, аумағы жаңарып, жаңаша түлемек. Осылайша ашық аспан астындағы мұражай ретінде көпшілікке ұсынылады.

Жаңа мәдени нысандар – Шымкенттің мақтанышы

d799206088f80be748cdc0dab319197f

Жалпы алғанда, Шымкенттің мәдени астана атануы мақсатында соңғы 5 жылдан бері жан-жақты жұмыс жүргізілуде. Мәселен, Шымкенттің өзінде соңғы жылдары 50-ге жуық мәдени нысандар ашылды.

Қазірдің өзінде Шымкент шаһарының сауда-өнеркәсіптік, мәдени-әлеуметтік жағынан алғанда үлкен орталыққа айналғаны ақиқат. 10-нан аса іргелі жоғары оқу орны бар.

Шымкент бүгінде халқының көптігі, аумағының үлкендігімен ғана ерекшеленбесе керек. Тәуелсіздік жылдарында қайта түлеген шаһар мәдениет пен руханияттың да ордасы.

Қазақ, орыс драма театрларын қоспағанда кейінгі жылдары опера және балет, әзіл-сықақ пен сатира театрлары шымылдығын түрді. Алматы, Нұр-Сұлтан мен Қарағандыдан кейінгі цирк ғимараты бар еліміздегі төртінші қалаға айналды.

Шымкенттің шырайын Ордабасы алаңындағы «Жер-Ана» монументі арттыра түскен. Айта кетерлігі, монумент 2018 жылы жаңартылды. Ескерткіштің қасбеті қымбат тастармен қапталды. Монументке Елбасының сөзі латын тілінде қайта жазылды.

Бүгінгі таңда ескерткіштің аумағы абаттандырылып тұрады. Қаланың бір белгісіне айналған Қошқар ата бұлағының жағалауы да бүгінде адам танымастай өзгерді.

100 жылдан кейін қайта жаңғырған «Қошқар ата сейілі» фестивалі осы өзеннің бойында өткізілуде. 4 жылдан бері тұрақты өтіп келе жатқан фестиваль келесі жылы Шымкентке келетін туристердің қатарын көбейтпек.

1525412476  a419f37c7acf170e545e574e1eb43362

Бұдан бөлек, «Наурыз» алаңы, Абай атындағы саябақта «Даңқ» мемориалы, «Хакім Абай музейі» пайда болды. Жаңадан бой көтерген Арбат пен қайта жаңартылған Дендросаябақ, «Шәмші әлемі» гүлзары – Шымкенттің шынайы мақтанышы.

Рас, Шымкенттің шырайлы, жағымды жақтары жеткілікті. Өркенді, өрісті істері аз емес. Шуақты шаһардың жетістіктерін ешкім жоққа шығармас.

Елбасы былтыр күзде келген сапарында «Шымкентте басқа қалалармен салыстырғанда ауа райының қолайлығы бар. Жыл он екі ай құрылыс жүргізуге болады. Сондықтан мен бәрін тез өркендетуге, өсіруге болады деп санаймын.

Шымкент елорда мен Алматы сияқты халықаралық деңгейдегі іс-шаралар, спорт сайыстары мен концерттер, жиындар өткізетін алаңға айналуы керек» деген еді.

Таяуда Шымкент қаласының бюджеті нақтыланды. Республикалық маңызы бар қала атануына орай енді стратегиялық маңызы бар ірі құрылыс жұмыстары қарқын алары сөзсіз. Көптеген тұрғын үйлер салынады.

Ірі жолдар түсіп, жаңа нысандар бой көтереді. Жолдың екі шеті біркелкі əдемі аяқжолдармен толығып, велосипед мінгендерге қосымша жолақ салынады. Ал ағаштар қырқылмайды, түбіне таудың тасы төселеді. Сонда көше шаң-тозаңнан таза болмақ.

Последнее изменение Пятница, 26 Апрель 2019 05:08
Сәбит ТАСТАНБЕК

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің "Журналистика" мамандығын (2004-2008) тәмамдаған. Алматы қаласында Отан алдындағы әскери борышын (2008-2009) өтеген. Республикалық «Sport», «Қазақ спорты» газеттерінде және Шымкент қаласы әкімдігінің ресми сайтында тілші болып еңбек еткен. 2013 жылдан бастап «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі, 2016 жылдың ақпан айынан 2018 жылдың ақпан айына дейін Бас редактордың орынбасары болып істеген.