АРНАЙЫ ӘЛЕУМЕТТІК КАРТА ӘЗІРЛЕНЕДІ Избранное

Среда, 07 Август 2019 05:31 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2482 раз

Шымкент қаласындағы төрт ауданның әлеуметтік картасы жасалатын болады. Бұл туралы қала әкімі Ерлан Айтаханов  аппарат отырысында айтты.

200

Жиналыстың күн тәртібінде қаралған басты мәселе – қалаға қосылған 41 елді мекеннің инфрақұрылымын дамыту. Осы бағыттағы жұмысты жүйелендіру мақсатында қала басшысы әр ауданды секторға бөліп, өзекті мәселелер көрсетілген әлеуметтік карта әзірлеуді салалық басқарма басшылары мен аудан әкімдеріне тапсырды.

Осылайша, Ерлан Қуанышұлы күрмеуі шешілмей келе жатқан проблемаларды біртіндеп жүйелі түрде шешуге болатынын жеткізді. Шеткі аймақтардың негізгі мәселесі – жол, инженерлік инфрақұрылым, әлеуметтік нысандардың тапшылығы мен абаттандыру.

Бұдан бөлек, әкім шеткі аймақтардың инфрақұрылым жүйесін тарту жұмыстарына жеке инвесторларды да қатыстыруды атап өтті. Тұрғындарға өмір сүруге қолайлы ортаны қалыптастыру әкімдіктің басты мақсаты екенін айтқан қала әкімі ең алдымен қаланы қоқыстан тазартуды, сонымен қоса шалғайдағы елді мекен тұрғындары үшін тұрақты түрде көшпелі медицина қызметі мен жергілікті атқарушы органдармен көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді ұйымдастыруды айтты.

Аппарат отырысында сонымен қатар жылу беру маусымына дайындық барысы мен жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары пысықталды. Онда салаға жауапты мамандар жылыту маусымына дайындық кестеге сай жүргізіліп жатқанын айтып, 20 тамызға дейін медициналық мекемелер мен мектептер қысқа дайын болатынын мәлім етті. Қала басшысы жылу маусымына дайындықты бақылауда ұстауды тапсырып, штаб отырысын аптасына екі рет өткізуді айтты.
Сонымен қатар, әкім өткен жылғы жіберілген кемшіліктерден сабақ алуды ескерте келе, «биыл ол жағдай қайталанбауы керек» деді.

Сәбит ТАСТАНБЕК

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің "Журналистика" мамандығын (2004-2008) тәмамдаған. Алматы қаласында Отан алдындағы әскери борышын (2008-2009) өтеген. Республикалық «Sport», «Қазақ спорты» газеттерінде және Шымкент қаласы әкімдігінің ресми сайтында тілші болып еңбек еткен. 2013 жылдан бастап «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі, 2016 жылдың ақпан айынан 2018 жылдың ақпан айына дейін Бас редактордың орынбасары болып істеген.