"Көк Тудың желбірегені жаныма қуат береді..." Избранное

Среда, 23 Октябрь 2019 05:01 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 4324 раз

«Nur Otan» партиясының «Менің Туым – менің Отаным» атты республикалық патриоттық акциясын Шымкентте бірінші болып «Shymkent Plaza» сауда ойын-сауық орталығы қолдады. Мемлекеттік рәміздерді ұлықтау және жастарға патриоттық тәрбие беру мақсатында ұйымдастырылған акция жоғары деңгейде өтті.

557

 

«Shymkent Plaza» сауда ойын-сауық орталығында әуелі Мемлекеттік Туымыз көтеріліп, содан кейін Әнұран ойнады. Ал сауда орталығында жүрген азаматтардың аталған іс-шараға түгел қатысуы, оң қолын кеудесіне қойып, бірге Әнұранды шырқауы, сосын жасы да, үлкені де Тумен суретке түсуі іс-жоспарда түзілмеген еді. Бұл дегеніміз әсіре патриоттық емес, азаматтарымыздың Отанға деген жүрек лүпілінің сүйіспеншілігі деп түсіндік.
«Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бахадыр Нарымбетов Мемлекеттік Рәміздерді ұлықтауды мақсат тұтқан іс-шара өз деңгейінде өткенін айтты.
– Отанды сүйетініңді сезіну үшін бір сәт Мемлекеттік туға қарап Әнұранды, патриоттық әндерді айту керек. Ондай сәтте елге, жерге деген сүйіспеншілік қаныңды тулатады, – деді Б.Нарымбетов.
– Осындай игі бастаманы бастағанымызға қуаныштымыз! Менің кәсіпкерлік саладағы әріптестерім, Шымкенттегі белгілі сауда орталықтары, үлкен кәсіпкерлік нысандар акцияны түгелімен қолдап, әрі қарай жалғастыруға шақырамын, – деді «Shymkent Plaza» сауда ойын-сауық орталығының директоры Ернар Сейсен.
Шымкентте бастау алған патриоттық акцияға, «Nur Otan» партиясының фракция мүшелері, «Жас Отан» жастар қанаты және Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы Ғани Ташқараев пен қала мəслихатының депутаттары, қалалық ішкі саясат және дін істері басқармасының басшысы Ж.Бектаева, мемлекеттік мекеме басшылары, сондай-ақ БАҚ өкілдері қатысты.

ҮЗІК СӘТ

554

Көк Ту көкке көтеріліп, Əнұранымыз ойналып жатқанда есіктен кірген қос сəбилі жас жұбайларға көзіміз еріксіз түсті.
Қазақтың аптал азаматының қолы дереу жүрек тұсын тапты. Шақалағын көтеріп келе жатқан жас ана оны белінен айқара құшақтап, ол да қолын жүрек тұсына қойды.
Мемлекеттік рəміздер - елдіктің белгісі, патриоттықтың шырқау биігі, ұлттың киесі. Акция өтіп жатқан сарайға тосыннан кірсе де екі жас жұбайдың абдырап қалмай, туға құрмет көрсетуі мəңгілік елді мақсат тұтқан мемлекетіміздің асқақ арманының орындалуының жоралғысындай көрінді.
Өз Отанын, өз отбасын жанындай сүйетін өнегелі шаңырақтың қос сəбиі де болашақта мемлекетшіл болатыны анық. Ата-анасымен бірге сəби де кішкентай ғана алақанын жүрек тұсына қоя қойыпты.
Əр азаматы Отанының келешегіне сеніп, бақытын көк туының биіктеуімен байланыстырған қазақ елі мың жасай берсін!

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.