Жауапкершіл адам – мүмкіндік, жауапсыз – сылтау іздейді Избранное

Среда, 30 Октябрь 2019 04:44 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 3414 раз

27-НІҢ 10-Ы ЖОҚ

Шымкент қаласы Қоғамдық кеңесінің отырысына 27 мүшенің 10-ы келмеді. Отырыстағы бірінші қаралған мәселе де осы болды. Бұдан былай Қоғамдық кеңес отырысынан себепсіз 3 рет қалған азамат мүшеліктен босатылмақ.

208

 

– Әріптестер, біз бұл жерге «өтті-кетті» деген есеп үшін жиналып отырған жоқпыз. Қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылап, мәселелердің шешімін табу жолдарын қарастыру үшін бас қосамыз. Жауапкершілікті сезініп, іске байыппен кірісетін уақыт келді ғой, – деді қоғамдық кеңес төрағасы Нұрғазы Бұхарбай.
Қоғамдық кеңес отырысына келген 17 мүше кеңес отырысынан 3 рет себепсіз қалған, сондай-ақ, 1 жылда өтетін осындай жиналыстың 60%-ына қатыспаған азаматтарды бұл құрамнан алып тастау туралы ұсынысты қолдады. Жиынға қатысушылар бұдан соң күн тәртібіндегі негізгі мәселе – Шымкенттегі жер беру, қаланың құрылысы, көркі және сәулеттендіру жұмыстарының барысын талдау тақырыбына көшті.


«ӘДЕМІ СХЕМАЛАР БАСҚАРМАСЫ»

Шымкент қаласының «қызыл сызықтары» белгіленгеніне 7 жыл өтті. Бірақ, заңсыз құрылыс тыйылудың орнына бұрынғысынан да артқан. Шымкент қаласының сәулет және қала құрылысы басқармасының атқарған жұмыстарын баяндауға басқарма басшысы Жеңіс Байымбетов емес, басшы орынбасарының міндетін атқарушы
Ә.Лесбеков келді.

316


Ә.Лесбеков сөзін бастамас бұрын барлық сұраққа «жауап береміз» дегенімен, Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы Ғ.Ташқараевтың, «Шымкент күрделі Құрылыс» ЖШС-нің бас директорының орынбасары О.Ешімбетовтың, «Манкент шипажайы» АҚ бас директорының орынбасары Ғ.Қарабековтың, «Дос-Демеу» Қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ж.Өтегеннің, «Өзбек» мәдени орталығының төрағасы И.Хошимжановтың және қалалық Қоғамдық кеңес төрағасы Н.Бұхарбайдың сұрақтарына жауап бере алмады.
Бір ғана Гагарин көшесіндегі жағдайға сүйенсек, бұған дейін осы көшеде «қызыл сызықтың» бойында орналасқан 22 нысан тіркелген. Ал, қазір олардың саны 40-қа жетіпті. Басқарма бұған қалай жол беріп отыр?
И.Хошимжановтың бұл сұрағы әзірге сұрақ күйінде қалды. Сондай-ақ, Оразбек Әлімқұлұлы әкімдіктің жанында орналасқан тұрғын үйдің қасбеті сын көтермейтінін айтып, қала аумағындағы көпқабатты тұрғын үйлердің қасбетін жаңалау жұмыстары неге жүйелі жоспарға қойылмайтынын сұрады.
– Өткен жылы Шымкент қаласы мәслихатында Темірлан тас жолының бойындағы 60-70 жекеменшік үйдің қасбетін қала келбетіне сай әрлейміз деп сәулет және қала құрылысы басқармасы депутаттарға уәде берген. Мегаполиске кірген әрбір қонақ заман талабына сай көркемдікке куә болады деп едіңіздер. Сол жұмыстар әлі күнге қолға алынбады. Бүгін Қоғамдық кеңес сол жұмысты орындауға қайтадан ұсыныс жасаймыз. Бұл – бір. Екінші, Фосфоршылар сарайына кіретін жолды жаба орналасқан Жібек жолы көшесі бойындағы сауда қатарының құбырдың үстіне салынып жатқанын айтып, депутаттар мұны тоқтатуды ескерткен болатын. «Тоқтатамыз» дедіңіздер, бірақ, сол ескертуге қарамай, сауда қатары «қызыл сызыққа» орналасты. Оны Шымкент қаласының сәулет және қала құрылысы басқармасы қабылдады. Сауда қатарын «қызыл сызыққа» салғанын білетін меншік иесі ол жерді екінші біреуге сатты. Сөйтіп, сүрілетін жер иесінің «адал қожайындарын» қолдан жасап алдық. Енді Фосфоршылар сарайына кіретін жолды салу үшін анау жерді милиондаған қаржы жұмсап, сатып алуымыз керек, – деді Н.Бұхарбай.
Қоғамдық кеңес төрағасы бұның бәрі қолдан жасалып отырған мәселе екенін айтып ашынды. Дәл осындай жағдай Адырбеков көшесінде орын алуда.
– «Ұтан». Адырбеков көшесінің құрылысын тоқтатып тұр. Нысан жолдың ортасында «қызыл сызықтың» бойында орналасқан. Заңды баса көктеп салынғанына қарамай, иесі оны мемлекет мұқтажына қайтару үшін «100 млн» сұрап отыр. Келеңсіздікті басқарма тоқтатудың орнына жылдан жылға «әдемі» схемалар ойлап табасыздар. Жобаны бекітетін сіздер. Кез келген жобада қалай түсетіні көрсетіледі ғой. Цитадельге де осындай заңсыз салынған құрылыс үшін қазынадан жүздеген миллиондар жұмсалуда. Сол маңдағы жерлер әкімдердің кеңдігінен бе әлде білместігінен бе сатылып кеткен. Ал енді соның салдарынан мемлекеттік бюджетке қыруар салмақ түсіп жатыр, – деген Нұрғазы Бақтыбайұлы аталған мәселелерді қолға алу үшін құзырлы органдарға ұсыныс жолдауды алға тартты.
Ал Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы Ғани Ташқараев аталған басқармада 500-600 құжаттың неге қаралмай жатқанын сұрады.

6000 АРЫЗ

Ә.Лесбеков тұшымды жауап бере алмағанымен Шымкент қаласы қала құрылысын бақылау басқармасының басшысы Берік Дүйсенов нақты деректерді сөйлетті.
– Шымкентте заңсыз салынған құрылыс бойынша біздің басқармаға 6000 арыз-шағым түсті. Оның 1034-і «қызыл сызықта» орналасқанын анықтадық. 1034 нысанның басым бөлігі кәсіпкерлік бағытта қызмет көрсетеді. Қазіргі таңда біздің басқарма осы заңсыз салынған 1034 нысан бойынша қала әкімі аппаратының басшысы мен біздің әріптесіміз қалалық сәулет және қала құрылысы басқармасының үстінен Ұлттық бюроға қызметтік хат жолдады. Сондай-ақ, осы іс бойынша жауапкершілікке тарту туралы Мемлекеттік қызмет агенттігіне де тиісті құжаттарды жібердік, – деді басқарма басшысы Б.Дүйсенов.

317


Жиында қоғамдық кеңес мүшелері Берік Тастанбекұлы басшылық ететін басқарманың тиянақты жұмысына жақсы баға берді.
– Әрбір басқарма өз жұмысын осылай көрсетуі керек. Қажет жағдайда әкім аппараты мен басқарма басшысынан да жауапкершілікті талап етуге болады. Еліміздің жарқын болашағы үшін мәселелерге жанашырлықпен қарап, батыл айтуға тура келеді, – деді Н.Бұхарбай.
Сөз ыңғайында айта кетейік, су, газ құбыры, кәріз жүйесі өткен, электр бағаны орнатылған тұстың барлығы «қызыл сызық» деп танылады. Ондай тұстан жол салынатыны, көшенің шетінен аяқжол құрылысы мен абаттандыру жұмыстарына да жер телімі қаралатыны белгілі. Қоғамдық кеңес мүшелері халықтың осындай жерді сатып алуына жол берілмеуі керектігін айтты. Тіпті, «қызыл сызықты» түсіндіретін бейнеролик түсіріп, оны тарату туралы да ұсыныс жасалды.
Сондай-ақ, Қоғамдық кеңес отырысында алты нормативтік-құқықтық акт жобалары қабылданды.

Последнее изменение Понедельник, 04 Ноябрь 2019 05:17
Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.