Шымкентте студенттерге арналған жаңа жатақхана ашылды. ОҚМПУ-дің студенттеріне арналған 240 орынды жаңа жатақхананың салтанатты ашылу рәсіміне Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов, ОҚМПУ ректоры А.Қайырбекова мен облыстық мәслихаттың депутаты, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Оңалбай Аяшев қатысты.
Қала әкімі бұл жұмыстар Елбасының 5 әлеуметтік бастамасы аясында жастардың сапалы білім алуы үшін жасалып жатқан игі істердің бір парасы екенін атап өтті.
– Баршаңызды мейрам алдындағы жаңа жатақхананың ашылуымен құттықтаймын. Елбасы 2023 жылға дейін барлық студенттерді жатақханамен қамту туралы тапсырма берген болатын. Шымкентте жатақхана қажеттілігін жою бойынша жұмыстар атқарылып жатыр.
Мәселен, биыл екі жатақхананың құрылысы аяқталып, ОҚМПУ студенттеріне пайдалануға берілді. Келесі жылы «Шымкент» ӘКК арқылы 2 500 орынды жатақхана салу жоспарлануда, – деді Ерлан Қуанышұлы.
Жатақхана Шымкент қаласындағы Нұрсәт шағынауданында орналасқан және заманауи талаптарға сай қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған. Кітапханасы мен оқу залы, демалыс бөлмесі, медициналық пункт, ас бөлмесі де бар.