«Шымкент – инвестиция салуға қолайлы аймақ» дейді Еуроодақ елшілері Избранное

Пятница, 06 Март 2020 03:32 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2297 раз

Жуырда Шымкент қаласына Еуропалық одаққа мүше мемлекеттердің Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшілері жұмыс сапарымен келді.

 DSC2695

Еуроодаққа кіретін 12 мемлекеттің елшілері алдымен қаламыздағы дәрі-дәрмек шығаратын «Химфарм» АҚ зауытында болды. Кәсіпорынның жұмысымен жақынырақ танысып, фармацевтика өндірісінің перспективалары жайлы ой бөлісті.

«Химфармда» бүгінгі таңда пероралді, парентералді, стерилді және стерилді емес дәрілік препараттар шығарылады. Дәрі-дәрмектер төрт өндірістік желіде өндіріледі. Зауытта 251 адам жұмыс істейді. Өндіріс тәулік бойы тоқтамайды. Зауыт қызметкерлері ауысым бойынша жұмысқа түсіп, аптасына 40 сағат, ал зиянды аймақта істейтіндері 36 сағат еңбек етеді. «Химфарм» 7,5 мың шаршы метр аумақта орналасқан. Дәрі-дәрмектерді залалсыздандыру үшін таза бу және суды тазалайтын қондырғылар орнатылған.

Мәселен, Еуропа елдерінің бірінен әкелінген осындай екі қондырғы сағатына төрт мың литр су тазалай алады. Сонымен бірге сағатына 2,5 мың келі таза бу өндіріледі. Бұлар өндірістік желілерді, арнайы киімдерді, дайын өнімдерді, стерилизациялау үшін керек. Осы қондырғылардың «тілін» білу үшін 30 маманды арнайы оқытқан. Және жабдықтардың сапасын қадағалап отыру мақсатында әр алты ай сайын тексеруден өткізіп тұрады. Ал дәрі-дәрмек шығаратын заманауи қондырғыда ампулаларға дәрілік заттар автоматты түрде құйылып, соңында дәнекерленеді.

Цехта өндірілген бүкіл дәрі-дәрмектің және олардың ішіндегі жарамсыз болып шыққандарының барлығының есебі қатаң жүргізіледі. Өйткені зауытта құрамында есірткілік зат бар морфин, промидол, фентанил сынды наркотикалық анальгетиктер де шығарылады. Дәрілік препарттар қорапқа салынып, қоймада сақталмас бұрын мамандардың жіті бақылауынан өтеді. Арнайы бөлмеде қызметкерлер сағаттап отырып әрбір дәріні көзбен тексереді. Препарттардың зауыттан кем-кетіксіз шығуы көп ретте осы бөлімнің мамандарына байланысты.

– Шымкент қаласындағы біз көрген кәсіпорын бәрімізге де үлкен әсер қалдырды. Қазақстанда осындай заманауы өндіріс орындарының болуы экономиканы әртараптандыру бағытында атқарылған саяси өзгерістердің арқасы деп білеміз. Иә, қазақ елі табиғи қазба байлықтарға өте бай мемлекет. Сондықтан болар Қазақстан өндіріс саласында үлкен жетістіктерге жетуде. Экономикалық өсім мен тұрақтылық шетелдік инвесторларды да осы елге инвестиция салуға қызықтырып отыр. Әсіресе, Қазақстанда баламалы қуат көздерінің өндірісінде біраз табыстар бар. Біздің ойымызша инвесторларға бұл салада да мүмкіндіктер өте көп,- деді Еуроодақтың Қазақстандағы өкілдігінің басшысы Свен-Олов Карлссон.

Мұнан соң делегация мүшелері «Шымкентцемент» АҚ зауытына ат басын бұрды. Қонақтарды күтіп алған зауыт басшысы Шишка Збигнев кәсіпорынның жұмысымен таныстырды. Аталмыш кәсіпорын шетелдік инвестицияның көмегімен жаңғырту процесінен өтіп, бүгінде ішкі нарықты отандық цемент өнімімен қамтамасыз етіп отырған бірден-бір өндіріс орны. Бұрын бұл зауытта цемент ескі әдіспен шығарылатын. Соның салдарынан қаланың экологиясына әжептеуір зиян келтіретін. Қазір құрғақ әдіспен цемент алу әдісіне көшкелі қоршаған ортаға тасталатын зиянды заттар да азайған. Есесіне, цементтің де сапасы жоғарылап, нарықтағы сұранысы біршама артты.

– Шымкент қаласына бірінші мәрте келуім емес, мұның алдында да осыдан бір жыл бұрын осы зауыттың жұмысын көріп қайтқанмын. Кәсіпорын нағыз заманауи, прогреске бет түзеген өндіріс ошағы саналады. Жылдан-жылға өндірісі модернизациядан өтіп жатқаны ерекше қуантады. Менімен бірге еуроодақтың 11 мемлекетінің елшілері де келді. Олар осындағы кәсіпорындарға инвестиция құюдың мүмкіндіктерін саралап көрмек ниетте. Иә, бір байқағаным Қазақстанның ең ірі қалаларының бірі Шымкентке инвестиция салуға болады екен.

 DSC2683

Өйткені мұнда көптеген өндіріс орындары шоғырланған, жұмысшы күші көп, климаты да адамдарға қолайлы. Германия елі бұл зауытқа инвестиция жұмсады. Соның арқасында екі ел де табысқа кенеліп отыр. Әсіресе, отандық цементтің құрылыс саласын дамытуға қосар үлесі қомақты. Осы күнге шейін Германия мемлекетінен Қазақстан экономикасына 16 миллиард доллардан астам инвестиция тартылды. Қос елдің достық рәуіштегі қарым-қатынасы бұдан әрі қарай да нығая беретініне сенім мол, – деді Германияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Тило Йоханнес Клиннер.

Іссапар барысында қонақтар «Тассай» индустриалды аймағындағы «Asia Trafo» кәсіпорнында да болып қайтты. Индустриалды аймақтарды басқарушы компанияның басшысы Талғат Қасымбековтің айтуынша, индустриалды аймақтың аумағы толықтай игерілді. 30 жоба жүзеге асырылуда. Соның ішінде 10 жоба нақты іске қосылған. Олардың қатарында «Asia Trafo» кәсіпорны да бар. Бұл зауытта 110 және одан да жоғары киловольттық электр трансформаторлары өндіріледі. Айта кету керек, бұл өндіріс орны индустриалды аймақтағы ең ірі зауыттардың бірі болып саналады.

Бұдан бөлек индустриалды аймақта жиһаздар, энергетикалық, шырынды сусындар мен табиғи ауызсулар, медициналық препараттар, жарықдиодты шамдар және басқа да өнімдер шығарылады. «Alageum Electric» компаниясының еншілес кәсіпорны саналатын «Asia Trafo» зауытының өнімдеріне еуроодақ мемлекетінің елшілері үлкен қызығушылық танытты. Өйткені мұндағы жоғары кернеулі трансформаторлардың әрбір бөлшегі, тіпті алғашқы сызбаларына дейін кәсіпорын мамандарының қолымен жасалады.

Тіпті трансформаторға қажетті шикізат болат металы да негізінен Теміртау қаласынан тасымалданады. Іссапар соңында елшілер Қазақстан мен еуроодақтың экономикалық гуманитарлық және мәдени қарым-қатынастарын күшейту керектігі жөнінде әңгіме қозғады. Олардың пікірінше, қазіргі байланыстарды жоғары деңгейге көтеруге қос тарап та мүдделі әрі оған мүмкіндік те жетеді. Ендігі ретте осы бағыттағы жұмыстарды жалғастырып, байланыстар көкжиегін кеңейте беру қажет.