Тойханалардың есігі қашан ашылады? Избранное

Пятница, 12 Июнь 2020 04:03 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 3765 раз

Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Ербол Садыр қалалық кәсіпкерлер палатасының отырысында сөйлеген сөзінде 22 маусымға дейін, яғни, карантин уақыты аяқталғанша тойхана, мейрамханалар жұмыс істемейтінін айтты. Әйткенмен, карантин мерзімінің аяқталуы ойын-сауық нысандарының ашылуын білдірмейді. Барлық шешім соңында, эпидемиологиялық жағдайға байланысты қабылданады.

76

 

— Кәсіпорындардың жұмысы тоқтамауы үшін амалдар қарастырдық. Экономикалық қиыншылықтың кері әсерін тойхана секілді халыққа қызмет көрсету нысандарына көп тигенін жасырмаймыз. Экономиканы қалпына келтіру мақсатында Үкімет арнайы қаулы қабылдады. Ол туризм, қоғамдық тамақтандыру, қоғамдық көлік қатынасы, әуе, теміржол тасымалы сияқты салаларды қолдауға бағытталған. Осының нәтижесінде шағын және орта кәсіпкерлік нысандары бюджетке түсетін салықтардан босатылды. Айталық, табыс салығы, әлеуметтік салық, мүлік салығы бойынша бір жылға жеңілдіктер жасалды. Банк тарапынан да көмек берілді. «Қарапайым заттары экономикасы» бағдарламасы бойынша мемлекет 1 триллион теңге арзандатылған несие бөлді. «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасымен де 1 триллион теңге қаралды. Осы бағдарлама аясында Шымкент қаласында 45 миллиард теңгеге 224 жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. Нәтижесінде 8,3 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Соның ішінде 4150 адам жұмыспен қамту орталықтары арқылы екі қолға бір күрек табады, - деді Ербол Әбілхайырұлы.

77


Қала әкімінің бірінші орынбасарының айтуынша, карантин кезінде Шымкент қаласының 287 мың тұрғыны 42 500 теңгелік мемлекеттік көмек алды. Ол 11 млрд теңгеден астам қаржыны құрайды. Миллионнан көп халық тұратын мегаполисте 400 мың адам жұмысқа жарамды, яғни экономикалық белсенді топқа жатады. Соның 287 мыңы жоғарыдағы 42 500 теңге әлеуметтік жәрдемақыны алып отыр.
Үкімет 1 мамырдан бастап кәсіпкерлік саласында біраз жеңілдік енгізді. Санитарлық норманы сақтауды міндеттей отырып халықтың күнделікті тұрмысына қажет қызмет көрсету нысандарын қайта ашуға рұқсат берді. Шымкентте де жергілікті әкімдік кәсіпкерлердің жағдайын ойлап, қоғамдық тамақтану орындарына шектеу қоймады, олар тамақты клиент үйіне жеткізіп беруге мүмкіндік алды. Кәсіпорындардың да ешбірі жұмыстарын тоқтатпады. Әкімдік індеттің таралу қаупі бола тұра кәсіпкерлер үшін осындай қадамдарға барды.
Келе-келе бұдан да көп жеңілдік жасалды. Қоғамдық тамақтану нысандарына түнгі сағат 23:00-ге дейін қызмет көрсетуге, қоғамдық көліктердің кешкі уақытқа дейін жүруіне рұқсат етілді. Бірақ басты талап санитарлық норманы сақтау болды.
«Алайда ол сақталып жатыр ма? Көшедегі жағдай қазір қандай? Негізінде індетті жұқтырудың бір күндік көрсеткіші 7 пайыздан асып кетсе, карантин енгізіледі, төмен болса, жағдайға қарай жеңілдіктер қарастырылады. Өкінішке қарай, Шымкентте ауру жұқтырғандар саны күн санап өсіп барады. Қалада коронавирус дертіне шалдыққандар саны 1294 адамға жетті. 1 маусымда ғана 885 еді. Оншақты күн ішінде 500 адамға артып отыр. Осыдан біраз уақыт бұрын күніне 4-5 адам ғана дертке шалдығатын. 18 мамырда бір күнде 50-60 адам тіркелді. Бірақ, кейін жағдай қайта тұрақталып, қатерлі вирусқа ұшырағандар 33-тен 18-ге дейін төмендеді. 6 маусымда 85 адам, 8 маусымда 97 адам тіркелсе, 9 маусымда 51 адамның вирус жұқтырғаны анықталды. Әр адам орта есеппен 10 адамға жұқтыруы мүмкін десек, кешегі 51 науқастың саны 510-ға көбейді деген сөз», - деді Е.Садыр.
Спикердің мәлімдеуінше, ойын-сауық шаралары әлі де дерттің негізгі көзі болып отыр. Мәселен, Қызылордада 1 аптада науқас саны 300-ге бір-ақ көбейген. Оған себеп - мерекелік той. Елордадан келген тұрғын Наурызды атап өткен, одан нағашыларында болған. Соның кесірінен 3 ауыл карантинге жабылды. Құдалық той өткіземін деп бір отбасы коронавирус жұқтырған. Арасында 1 жасар сәби де бар.
Ербол Әбілхайырұлы «Халық арасында базарларда, автобустарда адамдар толып жүр ғой, карантинді мүлдем алып тастай салса қайтеді деген әңгіме айтылуда. Ол пікір дұрыс емес. Бұл шынымен де қауіпті дерт. Осыны түсініп алуымыз керек. Шетелде қатерлі вирустың кесірінен бір отбасы түгел ажал құшты. Қазір қаладағы жұқпалы аурулар ауруханасының жансақтау бөлімінде адам толы. Бұрын 1-2-ақ науқас болатын. Осы уақытқа дейін 10 адам коронавирустан көз жұмды. Сондықтан санитарлық талапты қалай да сақтау керек. Мақұл, тойханаларға жұмысын бастауға рұқсат берейік. Тойда 400-500 адам бір залда жиналып 3 сағат бойына отыратыны белгілі ғой. Солардың ішінде бір адам кеселге шалдыққан болса, ертең тойда болғандардың барлығы да ауырып шығады. Енді сол 400-500 адамды 10-ға көбейтсек, бір күнде 5 мыңға жуық адам дертке ұшырауы мүмкін. Ал өз кезегінде тойхана иелері қажет санитарлық норманы қамтамасыз ете ала ма? Міне, алдымен сол жағын ойластыруымыз қажет» деді.
Қала әкімінің бірінші орынбасары халықты сақтық шараларын сақтауға шақырды. Оның пікірінше, бұл шара санитарлық-эпидемиялогиялық қызметкерлер үшін ғана керек сияқты. Өйткені шын мәнісінде тұрғындар тарапынан санитарлық талап онша орындалмай жатыр. Осы уақытқа дейін санитарлық норманы бұзған кәсіпкерлік нысандарына 4100 шара қолданылған. Алайда Е.Садыр мәселенің тек шара көрумен шешілмейтінін, проблема тәртіптік жазамен оңалмайтынын ескертті. Сөзіне дәлел ретінде бір мысал келтіріп өтті. Мәселен тексеруші топ санитарлық тәртіпті бұзған шаштаразға айыппұл салса, «қаншама клиентке қызмет көрсетіп жатырмын, олар не болады? Отбасымды қалай асыраймын?» деп шырылдап қоя береді. Осындай шарасыз жағдайда тексерушілер де оларды жазалай беруге өздерін ыңғайсыз сезінеді.
— Тойханалар Оңтүстік өңірінің, Шымкент қаласының өзіндік бір дәстүрі ретінде қалыптасқан. Көп адам осы салада еңбек етіп, нан тауып жүр. Әсіресе, тойханаларда бала-шағасының қамын ойлаған көп балалы аналар, қосымша жұмысты қалайтын студент жастар істейді. Бірақ қазір тойхана, мейрамхана басшылары қиналып отыр. Пайда түсіп жатқан жоқ. Көбісінің мойнында несие қарызы бар. Оны төлемесе, банк тарапынан «қара тізімге» ілінеді. Сондықтан бұл мәселені «арба да сынбайтындай, өгіз де өлмейтіндей» етіп шешуіміз керек. Менің пікірімше, жазбаша түрде тойхана иелері тарапынан ұсыныс дайындайық та соны тиісті орындарға жолдайық, – деді басқосудың модераторы, Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Қабыштаев.
Жиында сөз алған Шымкент қаласының бас санитариялық дәрігері Әбдіманап Қошқарұлы кәсіпорын ұжымдарында ауруға шалдыққандар саны көбейіп жатқанын атап өтті. Мәселен «ПетроҚазақстанОйлПродактс» компаниясында 109 жағдай тіркелген. Төтенше жағдай қызметі мен медициналық мекемелерде де вирус жұқтырудың қаупі жоғары болып тұр. Жуырда ғана қаланың бұрынғы бакалейторг аумағында тауар тасымалымен айналысатын бір компанияның 29 жұмысшысынан вирус анықталған.
Ә.Төлебаевтың айтуынша, жүзден астам маман қаладағы кәсіпкерлік нысандарын бақылауға алған. Қоғамдық көліктердің санитарлық құралдармен өңделуі қатаң бақылауда. Алайда Әбдіманап Қошқарұлы бетперде тағу, әлеуметтік арақашықтық сақтау секілді талаптардың орындала бермейтінін тілге тиек етті. Ол ҚР Денсаулық сақтау министрінің санитарлық норманы сақтамаған ұжымдарды қатаң жазаға тарту жөнінде арнайы шығарған бұйрығы барын да ескерте кетті.
Бас санитариялық дәрігер «туыстар арасында ауырған ешкім жоқ, күн ыстықта қандай вирус» деген секілді алып-ұшпа әңгімелерге сенбеуге шақырды. «Егер жұрт нанбаса. қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына келсін, науқастардың қандай халде жатқанын көрсетеміз» дегенді айтты.
10 маусым күнгі мәлімет бойынша, жоғарыда аталған ауруханада коронавирус жұқтырған 18 адам өте ауыр халде, 29 науқас орташа деңгейде, 68 адам жеңіл симптоммен жатыр.
— Біз бизнес өкілдерінің сау-саламат болғанын қалаймыз. Той болған жерде меймандар әр тараптан келеді. Ертең ауру шыққан жағдайда байланыста болған адамдарды көршілес облыс, қалалардан іздеп кетуіміз мүмкін. Сондықтан әліптің артын бағып, сабыр сақтап, жағдай түзелгенше күте тұрайық. Тойханалар жұмысының қалай болатыны 22 маусымнан кейін айтылады, - деді Ә.Төлебаев.
Жиында тойхана иелері де өз проблемаларын ортаға салып, қызметтерін бастауға рұқсат берсе, санитарлық нормаларды қатаң сақтайтындарын жеткізді. Олардың айтуынша, коммуналды төлемдерді, банк несиесін және клиенттердің алдын ала беріп қойған қаржысын төлеуде қиындық туындауда екен. Оған қоса жабық тұрған тойхана күзетшілеріне, білікті аспаздарды жұмыс істемесе де айлық жалақы төлеп ұстап отыруға қыруар қаражат жұмсап отыр. «Осы маусым айында несие бойынша банк берген жеңілдік мерзімі бітеді. Тойханалар ашылмаса әрі қарай не істейтінімізді білмейміз. Жұмысшылардың жалақысын, коммуналды төлемдерді, несиені қалай төлейміз? Осы сұрақ бізді күндіз-түні мазалайды. Сол үшін тым болмаса тойханадағы орын санын қысқартсақ, немесе санитарлық қызметтің кеңестерін барынша орындап, сақтанудың амалдарын жасасақ болмас па екен» деген мәселе көтерді кәсіпкерлер.
Алайда олардың бұл уәждері атқарушы орган өкілдерін қанағаттандырмады. «22 маусымға дейін тойхананы ретке келтіре беріңіздер, алдағы жұмыстарыңыздың жоспарын түзіңіздер. Мерзімі келгенде эпидемиялогиялық ахуалды зерделеп, тойханаларға қатысты қандай шешім қабылданатыны сонда белгілі болады. Оған дейін амал жоқ, сабырменен күтесіздер» деп бір-ақ кесіп айтты Ербол Әбілхайырұлы.