Үшінші мегаполистегі үздік технологиялар Избранное

Среда, 01 Июль 2020 04:41 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2363 раз

105488861 316086386217523 3541115606446675802 n

«Smart city», «Ақылды қала», «қағазсыз аурухана». Бұл терминдерге де құлағымыз үйреніп қалыпты. Цифрлық сауаттылық – адам өміріндегі барлық салада цифрлы технологияларды сенімді, тиімді және қауіпсіз қолдануға дайындық. Ол қазіргі таңдағы ақпараттық қоғамда қауіпсіздіктің негізі саналады.

Елімізде жүзеге асырылып жатқан «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының төртінші бағыты – Адами капиталды дамыту, оның ішінде халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру. Бұл тұрғыда цифрлық сауаттылыққа оқыту жалғасуда. Биылғы жоспар – халықтың цифрлық сауатының деңгейін 80,0%-ға жеткізу. Осы бағытта 12 мың адам цифрлық оқудан өткізілмек.
ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінде https://digitalkz.kz/kursy/ ресми сайты ашылып, онда арнайы курстық оқыту бөлімі жұмыс істеуде. Сонымен қатар арнайы телеграм-канал да ашылған.
Жалпы, оқу 5 бағытта жүреді: «Базалық дағдылар», «Е-коммерция», «Ашық үкімет» порталы, «Ақпараттық қауіпсіздік негіздері», «Электронды үкімет және электронды мемлекеттік қызметтер» вэб-порталдары.
Цифрлық сауат арттыру оқуына шымкенттіктер де қатыса алады. Курс маусым айынан бастап қазан айының соңына дейін жалғасады.
Енді үшінші мегаполистегі цифрландыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға келсек, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі А.Жұмағалиев осындан біраз уақыт бұрын Шымкентте цифрландыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға жоғары баға берген болатын.
Мәселен, Шымкент қаласы білім беру саласын цифрландыруда көш бастап тұр. Бұл салада балабақшалар, мектептер және басқа да білім беру мекемелеріне құжат қабылдау, жолдама беру бойынша сұранысқа ие мемлекеттік қызметтер автоматтандырылған.
Шаһар басшысы Шымкентте «Ақылды қалалар» эталондық стандарты мен «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында 8 негізгі саладан тұратын тұжырымдама жүзеге асырылып жатқанын және бұл бағыттағы жұмыстардың одан әрі жалғасатынын айтқан еді.
«Қаланы басқару» саласы бойынша «109» мониторинг және жедел ден қою қызметі» қолданысқа енгізілді.
Ал қала әкімінің бірінші орынбасары
Ербол Садыр денсаулық сақтау саласында медициналық мекемелер жыл соңына дейін 100% компьютерлік техникамен қамтылатынын айтады. Оның мәлімдеуінше, мегаполисте «103» жедел медициналық қызметін жаңғырту» жобасы іске асырылуда. Жоба негізінде маусым айында тұрғындарға дер кезінде көмек көрсету, қоңырауларды үзіліссіз қабылдау үшін Call-орталық құру көзделіп, ашылды. Сонымен қатар, әкімдік тарапынан көрсетілетін 160 мемлекеттік қызметтің 141-і автоматтандырылған, бұл 88,1%-ды құрайды.
Бұдан бөлек, жер қатынастары саласын цифрландыру мақсатында өткен жылы halyksaulet порталы іске қосылды. Halyksaulet арқылы мекенжайға нөмір беру, оны нақтылау және жою қызметтері автоматтандырылған жүйе арқылы бір жұмыс күнінің ішінде ұсынылып жатыр. Бүгінде шаһарда бас жоспардың инвестициялық картасы (shymkent.genplan.kz) әзірленген. Ендігі кезекте Шымкент қаласының геопорталын дайындау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Ашық әкімдік

Шымкент қаласының әкімдігі – Ашық әкімдік. «Ашық әкімдік» жобасының аясында азаматтарға көрсетілетін мемлекеттік қызмет шарттары орындалып, карантин жағдайындағы Ахуалдық орталықтың жұмысы іске асып келеді.
Ал өтініштермен жұмыс жасау бөлімі азаматтардың өтініштерімен жұмыс сапасын арттыру мақсатында ашылған.
«Ашық әкімдікте» қала тұрғындарының арыз-шағымдарын қабылдайтын 10 терезе жұмыс жасайды, (оның ішінде 1 терезе өзіне-өзі қызмет көрсетуге арналған) «бір терезе» қағидаты бойынша бірыңғай жерде мемлекеттік қызметтерді көрсетеді.
Әкімдіктің мәліметі бойынша ағымдағы жылдың 4 айында 5 483 өтініш келіп түсіп, оларға тиісті жауаптар берілген.

5G-дің ауылы алыс емес

Біз қалада интернет жылдамдығы жоғары болған жағдайда ғана цифрлы сауатты боламыз. Қала әкімі осыдан бірер апта бұрын жылдамдығы төмен аймақтарды интернетпен қамтуды тапсырған болатын.
Қаладағы шағынаудандарды жоғары сапалы интернетпен қамтамасыз ету жайын баяндаған цифрландыру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Р.Ақжігітов қала аумағындағы 105 шағынаудан мен тұрғын алаптары интернет желісімен қамтамасыз етілгенін, оның ішінде мобильді интернетке – 74, сымды интернетке – 79, талшықты-оптикалық байланыс арнасына 49 шағынаудан қол жеткізгенін атап өтті.
Оның айтуынша, бүгінде интернет желісіне қатынау мүмкіндігі бар үй шаруашылықтарының үлесі 90,7 пайызды құраған. Оның ішінде 98,5%-ы мобильді кең жолақты байланысқа, ал 21,8% сымды кең жолақты байланысқа қосылған. Ал, интернет желісін пайдаланушылар үлесі 80%-ды, тіркелген интернет абоненттерінің саны 75,5% құрайды екен. Бұдан бөлек, ол 20 шағынауданда интернет желісі, ал 16 тұрғын алапта мобильді интернет сапасы нашар екенін айтты.
Сала мамандары байланыс операторлары тұрғындардың денсаулыққа зиян келтіреді деген шағымдарының әсерінен бірнеше шағынаудандарда базалық станциялар алынып тасталғанын айтып, базалық станцияларды орнатуға арнайы жердің қарастырылмағанын жеткізді.
Осы ретте, қала әкімі жылдамдығы төмен аймақтарды 100 пайыз жылдамдығы жоғары интернет желісімен қамтамасыз етуді тапсырған-ды.
– Қаланың әрбір тұрғыны сапалы интернетке қол жеткізуі керек. Қазір мемлекеттік қызметтердің басым бөлігі интернет арқылы жүзеге асырылады. Сондықтан сапасы төмен елдімекендерге көңіл бөліп, 5G жылдам интернет желісін қолға алуымыз керек,-деді М.Әйтенов.
Қаладағы кейбір шағынаудандарда 5G тұрмақ, 4G желісінің сапасы төмен екенін айтқан шаһар басшысы Шымкент қаласын жылдамдығы жоғары интернетпен қамтамасыз ету үшін стратегиялық жоспар құрып, 5G технологиясына өтуді жүктеді. Сонымен қатар, әкім салалық басқармаға ұялы байланыстың базалық станциялары мен қажетті жабдықтарды орнатуға тиісті жер учаскесін бөлу бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.
Осы орайда қаланы сапалы интернетпен қамтамасыз етудің 2020-2021 жылдарға арналған стратегиялық жоспары жасалуда.
Цифрландыру басқармасы басшысының м.а. Р.Ақжігітовтің айтуынша, базалық станция орнату үшін қала аумағынан 11 жер телімі анықталып, Google maps картасында белгіленген. Олар Н. Назарбаев даңғылы, Арғынбеков пен Айша бибі көшесінде, Қайтпас, Шымсити-Асар қиылысы, Қайнарбұлақ шағынауданы, Асар шағынауданындағы ішкі айналма жолы, Шымкент-Алматы тас жолынан Достық шағын ауданы бағытына қарай, Төлеметов-Өтегенов көшелерінің қиылысына қойылады деп жоспарлануда.
Стратегиялық жоспарда қаланы интернетпен қамту мәселесі бойынша зерделеу жұмыстарын жүргізетін жұмысшы топ құру, тұрғындарды сапалы интернетпен қамтамасыз ету үшін байланыс операторларымен меморандум түзу, «Ақылды күнбағыс» ақпараттық-танымдық кешенінің қызметін күшейту және санын арттыру, орнатылған базалық станциялардың адам өміріне қауіпсіздігі жөнінде тұрғындар арасында кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізу қаралған.
Айта кетейік, «Ақылды қалалар» эталондық стандартына сәйкес Шымкент қаласында «Ақылды күнбағыс» ақпараттық-танымдық жүйесі іске қосылды. Аталған жүйе саябақтар мен қоғамдық орындарда тұрғындардың телефондарын қуаттап, жалпыға қолжетімді Wi-Fi пайдалануына мүмкіндік береді. Құрылғы күн көзінен қуат алатын панельдер мен аккумуляторлар арқылы жұмыс жасайды.
«Ақылды күнбағыс» кешені қалада 20 жерге орнатылды. Олар: Тәуелсіздік саябағы – 6, Орталық саябақ – 3, Металлург саябағы – 3, Жеңіс саябағы – 3, Дендро саябағы – 3, Қошқар ата – 2.



Мөлдір МАМЫРБАЙҚЫЗЫ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.