1 қыркүйек – Білім күні мерекесіне орай шаһар басшысы Мұрат Әйтенов барша ұстаздар мен шәкірттерді онлайн режимде құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
– Білім күні, шын мәнінде, жалпыхалықтық мерекеге айналды. Бұл мейрамның әр адамның өмірінде алар орны ерекше. Бүгінгі күн, әсіресе, мектеп табалдырығын алғаш рет аттап отырған балалардың жүрегінде мәңгі сақталады. Биыл пандемияға байланысты оқу жылы қашықтан басталып отыр. Дегенмен, қала мектептері оқу процесіне дайын. Биыл Қазақстанда үш маңызды дата атап өтілуде:
Әл-Фарабидің 1150 жылдығы, Абайдың 175 жылдығы және Шәмші
Қалдаяқовтың 90 жылдығы. Осы тұлғаларды балаларымызға үлгі етуіміз керек. Білім адамды ақылды, рухани тұрғыда қуатты етеді. Өмірде жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Баршаңызға табыс, төзім және терең білім алуға деген құлшыныс тілеймін, – деді қала әкімі.
Мұрат Дүйсенбекұлы әр оқушының жетістігінде ұстаздардың орасан еңбегі жатқанын атап өтіп, Абай Құнанбайұлының «Ғылым таппай мақтанба» атты өлеңін оқыды, барлық білім алушыға челлендж жолдады.