Денросаябақ – веложол көп жобаның бірі ғана Избранное

Среда, 09 Сентябрь 2020 05:05 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2762 раз

 DSC8620

Шымкент дендрология саябағындағы салынып жатқан веложолдың бағасына қатысты әлеуметтік желілерде туындаған дауға байланысты Шымкент қалалық құрылыс басқармасының басшысы Ербол Ахметов пен табиғи ресурстар және табиғи ресурстарды реттеу басқармасының басшысы Ахмет Тәтібаев арнайы брифинг өткізіп, мәселеге орай түсініктеме берді.

 DSC8673—Веложолдың жалпы ұзындығы 6,5 шақырым. Оның құны 130 миллион теңге тұрады. Бұдан бөлек саябақта бағаналарды ауыстыру, орындықтар орнату, жаяу жүргіншілер жолын салу секілді абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Осылардың барлығын қосқандағы жобаның жалпы құны 490 миллион, ал нақты конкурстық құны 458 миллион теңге болды. Жоба 2018 жылы жасалған. 2019 жылы мемлекеттік сатып алу конкурсы өтіп, мердігер компания анықталды. Ол «ПМК-7» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Сонымен бірге жоба мемлекеттік сараптамадан өткен. Ал оның құны 2018-2019 жылдардағы коэфиценттерге сәйкес есептелген. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының жартысы аяқталған. Осы күнге дейінгі игерілген қаржы 230 миллион теңгені құрап отыр. Алдағы уақытта құрылыс сапасы тағы бір мәрте тексеріліп, желтоқсан айында пайдалануға беріледі, - деді Е.Ахметов.

 

 DSC8635


Веложол асфальтінің 500 метрі бұрынғы балалар теміржолының үстінен төселген. Бірақ бетінде рельс көрініп тұр. Мұны құрылыс басқармасының басшысы артық шығындалмау мақсатында жасалғандығын жеткізді. Болашақта балалар пойызы жүрген жағдайда жолды бұзып қайта рельс төсеп жүрмейді. Е.Ахметов веложол анау айтқандай қымбат құрылыс емес дейді. Оны салу технологиясы да қарапайым. Тас, құм, қиыршық тас салынады, сосын бетіне бояу жағылған асфальт төселеді. Веложолдың қалыңдығы - 25 сантиметр. Бұл жерде жоба құнын қымбаттатып отырған жарықтандыру мәселесі. Бұрын дендросаябақ аумағының жартысынан астамы ғана жарықтандырылатын. Енді жобаға сәйкес демалыс аймағы толықтай жарықпен қамтылады. Ол үшін энергия күші 15 метр аумақты жарықтандыруға жететін сәулелі шамдары бар бағаналар орнатылады. Жаяу жүргіншілер жолының құрылысы да дәл веложолдың нұсқасымен бірдей салынып жатыр. Велосипедшілерге арналған жол денросаябақты айнала салынады.
О баста демалыс аймағындағы веложол балалар теміржолының бойымен Қажымұқан атындағы орталық стадионға дейін жалғасып салынбақшы болған. Мұның түбінде стадионға жүгіруге келген тұрғындар дендросаябақты да айналып жүгіреді деген идея жатты. Бірақ бұл әзірге тек жоба күйінде қалып тұр.
 DSC8734—Дендрология саябағына 2018 жылы да жөндеу жұмыстары жүргізілген. Ол кезде көлдің айналасындағы және бас қақпаның алдындағы баспалдақтың тастөсеніштері ауыстырылды. Сонымен бірге Байтұрсынов, Төлеметов көшелері жағында орналасқан қақпалар жаңартылды. Осы секілді абаттандыру жұмыстарына жалпы саны 129 миллион теңге қаражат жұмсалды. Дендросаябақты көркейту мәселесі тұрғындарды керісінше қуантуы керек. Себебі, саябақ жасарып, түрленген сайын бұл жерге демалуға келетіндер саны да жыл санап артып келеді. Мәселен 2018 жылы 125 мың адам саябақта серуендеп, тынықса, былтыр 450 мың қала тұрғыны мен қонақтары денробақты аралаған. Серуендеп, жаттығу жасау үшін адамдар таңғы сағат бестен бастап осында келе бастайды,-дейді қаланың табиғатына жауапты басқарма басшысы А.Тәтібаев.
Оның айтуынша жуырда қала әкімі М.Әйтеновтің төрағалығымен өткен актив жиналысында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Жолдауындағы тапсырмаларды іске асыру бойынша нақты жоспарлар бекітілген. Соған сәйкес алдағы уақытта қала аумағының әр тұсынан қоршаған ортаның тазалығын тексеріп отыратын 35 құрылғы орнатылады. Оның мәліметтері өңделіп, тұрғындарға мобильді қосымша арқылы беріліп отырады. Яғни қарапайым азаматтар да экологияға жауапты мекемелер де ауадағы зиянды заттардың дәл мөлшерін біліп жүретін болады. Егер ауаға таралған зиянды заттар белгіленген нормадан асып кетсе, басқарма мамандары тиісті құзырлы органдарға шағым түсіре алады. Қазіргі таңда Шымкент мұнай өңдеу зауытының аумағындағы қоршаған ортаның экологиясы тексеруден өткізілді. Ендігі кезек қаладағы индустриалды аймақтарға келіп жетті.