«ӘКІМ САҒАТЫНДАҒЫ» АШЫҚ ӘҢГІМЕ Избранное

Среда, 09 Сентябрь 2020 05:15 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 462 раз

117184052 2595351837444433 5106101515233757865 n

...Қазір қарапайым тұрғындарды бәрінен бұрын өзінің күнделікті тұрмысына қатысты мәселелер мазалайды. Әсіресе, қала шетінде тұратын азаматтар үшін ауызсу, табиғи газ және жарықтың жайы өзекті. Осы орайда қала әкімі өткен 3 жылда 9 елдімекенге ауыз су құбыры тартылғанын, қазір қаланың солтүстік шағынаудандарында ауызсу құбырының қуаты жетіспейтінін атап өтті...

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру мәселесіне баса назар аударды. Бүгінде билікке, әсіресе, жергілікті атқарушы органдарға қойылатын басты талап – қоғаммен тиімді кері байланыс орнату, тұрғындар көтерген мәселелерге жедел үн қатып, өзекті проблемаларды дер кезінде шешіп отыру. Міне, осы тұрғыдан алғанда Шымкент қаласының әкімдігі елмен етене жұмыс істеуге ынталы екенін байқатып келеді. Соның бір көрінісі ретінде қала әкімі Мұрат
Әйтеновтің «Оңтүстік» телеарнасының эфиріндегі «Әкім сағаты» бағдарламасына қатысып, БАҚ өкілдері мен тұрғындардың сауалдарына жан-жақты жауап беруін айтар едік.
Қазір қарапайым тұрғындарды бәрінен бұрын өзінің күнделікті тұрмысына қатысты мәселелер мазалайды. Әсіресе, қала шетінде тұратын азаматтар үшін ауыз су, табиғи газ және жарықтың жайы өзекті. Осы орайда қала әкімі өткен 3 жылда 9 елдімекенге ауыз су құбыры тартылғанын, қазір қаланың солтүстік шағынаудандарында ауыз су құбырының қуаты жетіспейтінін атап өтті. Проблеманы шешу үшін 3 магистралды құбыр салу қажет екен.
—Жалпы, қаладағы 81 елдімекеннің 62-сі ауыз сумен толық қамтылған. 12 елдімекен жартылай қамтылса, 7 елдімекен суды тасып ішеді. Биыл жалпы 22 нысанның құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 5 магистралды құбыр мен 17 елді мекеннің ішкі су құбырлары бар. Жыл соңына дейін 14 нысанның құрылысы аяқталады. Оның екеуі магистралды құбырлар, қалған 12-сі елдімекендердің су тораптары. Осылайша биылдан бастап «Тұран», «Қызылжар», «Бадам», «Бадам-2», «Бадам» - 195 орам, «Достық-2», «Көкбұлақ», «Игілік», «Тәуелсіздікке 20 жыл», «Азат», «Достық» және тағы басқа елді мекендердің тұрғындары таза ауыз суға толық қол жеткізеді. Басқаша айтқанда, шеткі шағынаудандарда тұратын 55 мың тұрғынның ауыз су мәселесі біржола шешімін табады. Алдағы 3 жыл ішінде жартылай қамтылған 12 елдімекеннің проблемасы да шешімін табады. Қалаға жетіспейтін 90 шақырым магистралды су құбыры да тартылады, — деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Әкім табиғи газ мәселесіне де тоқталып өтті. Оның айтуынша, соңғы 3 жылда 8 елді мекенде газ құбыры тартылған. Бұған бюджеттен 917 млн теңге жұмсалған. Қазіргі таңда қаладағы 72 елдімекенде көгілдір отын бар. Ал, 9 елді мекенге әзірге газ берілмеген. Себебі, қолданыстағы 2 АРГС-тің қуаты қалаға жетпейді. Қазіргі АГРС-тердің қуаты 180 мың текше метр. Демек, газ тапшылығы 70 мың текше метр. Осы мәселені шешу үшін қуаты 250 мың текше метр болатын үшінші АГРЭС-ті салып жатырмыз. Биыл жыл соңына дейін аяқталады. Осы мақсатқа республикалық бюджеттен 3,4 млрд теңге бөлінді.
Мұнан бөлек биыл «Бадам», «Достық-2», «Асар-2», «Азат» шағынаудандарында ішкі орамдық газ құбырлары және «Қайнарбұлақ» пен «Тұран» шағынауданында магистралды газ құбырларының құрылысы жүріп жатыр.

 

WhatsApp-Image-2020-08-29-at-17.25.19


Шаһар басшысы сапалы электр қуатымен қамту мәселесін де айналып өтпеді. Бүгінде Шымкенттің солүстік бөлігінде электр энергиясының сапасы төмен екені баршаға аян. Ауа-райы бұзылып, жел тұрса, жарық жалп етіп өшіп қалады. Проблеманы шешу үшін «Бозарық» подстанциясы салынуда. М.Әйтенов қуаты 220 кВ. болатын қосалқы станцияның жыл соңына дейін пайдалануға берілетінін жеткізді. Сонымен қатар, «Ақжар» және «1-М-1» қосалқы станциялары салынуда. Бұл нысандардың құрылысы келесі жылы аяқталады деп күтілуде. Осы нысандар іске қосылғанда 35 елді мекеннің мәселесі оң шешілмек.
—Біздің мақсатымыз — Шымкентті тұрғындар үшін өмір сүру, жұмыс істеу және демалу үшін жайлы әрі қауіпсіз қалаға айналдыру. Осы орайда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев біздің алдымызға қала тұрғындарын, әсіресе, қаланың шеткі елдімекендерінде өмір сүретін халықты инжинерлік-инфрақұрылым желілерімен толық қамтамасыз ету міндетін қойып отыр. Болашақта Шымкентте ауызсу, табиғигаз және электр қуаты бойынша ешқандай проблема болмауы тиіс, — деді Мұрат Әйтенов.
Биыл қала көшелерінде жөндеу жұмыстары қызу жүріп жатыр. Жолдың жаңарғаны, әрине, қуанышты жағдай. Алайда, бітпейтін құрылыс пен одан туындаған кептелістен жұрт шаршады. Бағдарлама барысында қала әкімі Шымкенттегі жол құрылысы қашан аяқталатынын, неліктен А.Байтұрсынов, Республика, Жібек жолы секілді көшелердің жиі жөнделе беретінін де әңгімеледі.
Мұрат Дүйсенбекұлының айтуынша, қазір Шымкентте 24 магистралды көшеде орта жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Бекітілген стандарттарға сәйкес көшелерді жөндеудің жиілігі – 3 жыл. Ал, бұл 24 көшенің жөндеу көрмегеніне 10 жылдан асқан. Бұл көшелер соңғы рет 2006-2011 жылдар аралығында жөнделген екен.
— Республика даңғылы соңғы рет 2007 жылы орта жөндеуден өткен. Ал, 2011-2019 жылдар аралығында даңғылдың кейбір бөліктерінде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Даңғылдың техникалық жағдайына тексеру жүргізілгенде асфальт жабындының жарылғаны, ой-шұқырлар мен кедір-бұдыр тұстарының көп екені анықталған. А.Байтұрсынов және Жібек жолы көшелерінде де осыған ұқсас жағдай. Бұл көшелердің қай-қайсысында да жүктеме өте жоғары. Нақтырақ айтсақ, Шымкенттегі магистралды жолдың өткізу қабілеті тәулігіне 20-35 мың автокөлік. Ал, нақты көрсеткіш 50-70 мың автокөлік немесе екі есе көп. Демек, көшелерді жөндеу аяқ астынан пайда болған ой емес, бұл нақты қажеттіліктен туындаған қадамдар, — деді қала әкімі журналистің сауалына орай.
Бағдарлама барысында шымкенттіктер қала әкіміне телефон арқылы сұрақ қою мүмкіндігіне ие болды. Хабарласқан көрермендер баспана, жұмыспен қамту, әлеуметтік көмек мәселелерінен бастап қаланың болашағына, оның экономикалық өркендеуіне дейінгі сұрақтарды қойып жатты. Тұрғындардың бірі – мектеп жасындағы екі баласы бар екенін, сабақ қашықтан жүргізілгендіктен компьютер қажеттігін айтып, көмек сұрады.
Көрермен сауалына орай, М.Әйтенов қалалық білім басқармасы зерделеу жұмыстарын жүргізіп, 77 мыңнан астам оқушының компьютерге мұқтаж екені анықтағанын жеткізді. Әкімнің айтуынша, бірінші кезекте әлеуметтік көмекті қажет ететін 25 мыңға жуық отбасының 35 798 баласы қамтылды. Оларға қала мектептеріндегі компьютерлер уақытша пайдалануға берілген.
—Қазір Үкімет резервінен және жергілікті бюджеттен жалпы 236 миллион теңгеге жуық қаржы бөлініп, 36 355 компьютер сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Сөйтіп тағы 41 900 бала қамтылады. Бұл компьютерлер оқушылардың қолына 25 қыркүйектен кешіктірілмей беріледі. Яғни, егер Сіз балаларыңыз оқитын мектеп арқылы өтініш берген болсаңыз, алдағы күндері компьютер аласыз, – деді
Мұрат Дүйсенбекұлы.
Бағдарлама барысында қала әкімі «Тұлпар» көлі маңындағы жаңа тұрғын үй алабының құрылысы, көпқабатты үйлердің ауласын жаңғырту мәселесі, эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру және індеттің қайта өршуінің алдын алу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар туралы кеңінен әңгімеледі.
Мұрат Дүйсенбекұлы азаматтарды жеке мәселелері бойынша тұрақты түрде қабылдап келе жатқанын, әлеуметтік желідегі парақшаларда азаматтардың сауалына уақтылы жауап беретінін және елмен етене болу үшін кез келген диалог алаңына қатысуға әзір екенін айтты.