Версия для печати

Индустриалды аймақ өнімдері шетелге экспортталуда Избранное

Среда, 23 Сентябрь 2020 04:09 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1894 раз
Оцените материал
(0 голосов)

119888164 381153006377527 5841030415663653678 o

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында өнеркәсіп өндірісін 1,5 есеге арттыруды тапсырған болатын. Бүгінгі таңда үшінші мегаполисте индустриалды аймақтарда өндіріс қарқыны артуда. Соның ішінде «Тассай» индустриалды аймағында нақты 14 жоба іске асқан. Арнайы ұйымдастырылған баспасөз турында «Мега Смарт» және «New Technology LTD» кәсіпорындарының жұмысымен танысып қайттық.

Шымкенттің бренд тауары

Аталмыш кәсіпорын жиһаз өнімдері мен ламинат плиталар өндіреді. Зауыттың атқарушы директоры Р.Алтаева кәсіпорын ішін аралатып, өндіріс процестерін көзбен көрсетті. Оның айтуынша, «Мега Смарт» жиһаздары Шымкент қаласының бренд тауары саналады. Жиһаз өнімдерінің алғашқы сызбадан, 3D принтерінде жобаланып, клиенттің қалаған жеріне орнатқанға дейінгі барлық өндіріс, құрастыру жұмыстары зауыт мамандарының қолымен жасалады. Заманауи технологияға келсек мұнда итальяндық қондырғымен жиһаз тақтайларына 0,1 мм дәлдікпен бұрандалар бекітілетін тесіктер салынады. Тақтай жақтауларына автоматты түрде жапсырмалар орнатылып, жиһаздың әрбір тақтайы бөлек гофрақорапта қапталады.
Кәсіпорын басшысының айтуынша, зауыт «Тассай» индустриалды аймағында 2016 жылы салынған.
– Жобаның І-кезеңін қаржыландыруға «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорынан 6 пайыздық жеңілдікпен несие алдық. Аталмыш қор кепілмүліктің 50 пайызын өзі қамтамамасыз етті. Зауыт құрылысының ІІ-кезеңінде «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 14 пайыздық несиеге қол жеткіздік. Алынған несие пайызының жартысы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы субсидияланды. Енді жобаның ІІІ-кезеңіне қаражатты «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы тартуды көздеп отырмыз. Өйткені, бұл бағдарлама бойынша 6 пайыздық жеңілдетілген несие қарастырылған, – дейді кәсіпорын басшысы.
Кәспорын мемлекет тарапынан алған несие қаражатына металл құрылымдарын шығаратын «Смарт инжиниринг» атты зауыт құрылысын салады. Жаңадан салынатын зауытқа 1 гектарлы жер учаскесін де мемлекеттен арендаға алып қойған. Алдағы кезде сол жер телімін грант есебінде қайта ресімдеуді жоспарлап отыр. Сонымен бірге компания «Казахэспорт» ұйымымен кепілмүлікті кепілдендіру, экспорттық үстемеақыны субсидиялау бойынша келіссөздер жүргізіп жатыр. Бүгінгі таңда «Мега Смарт» зауытында жылына 60 мың жиһаз, 120 мың табақ немесе 360 мың шаршы метр 5 түрлі ламинат тақтайшалары шығарылады. Кәсіпорынның алдағы жоспарында өнім ассортиментін ұлғайтып, өндіріс көлемін арттыру мақсаты тұр.

 

566

 

Дизельді генератор шығарады

Баспасөз туры аясында танысқан екінші нысан «Тассай» индустриалды аймағында орналасқан «New Technology LTD» кәсіпорны болды. Аталған зауытта қуаты 15-1000 киловаттық дизельді электр стансалары өндіріледі. Бұл дизелді электр генераторлары бұрын-соңды елімізде жасалмағандықтан Қазақстандағы теңдессіз өнім саналады. Компания басшысы Б.Жакешбаевтің сөзінше, зауыт биыл шілде айында іске қосылған. Дизельді генераторды құрастыруға қажетті бөлшектердің жартысы Қытай, Түркиядан әкелінсе, қалған бөлшектерді өзімізден сатып алады. Негізінде кәсіпкер бұл бизнесті алғашқы кезде дизельді электр қондырғыларын шетелден әкеліп, елімізде саудалаудан бастаған. Өндіріс кәсібін ашса, мол табыс көзі болатынын байқаған ол мұндай генераторларды өзімізде құрастырып шығаруға бел байлайды. Оның үстіне талап бойынша әрбір әлеуметтік маңызды нысандардың барлығында да қосымша апаттық жағдайға арналған бөлек дизельді электр генераторы болуы шарт. Тіпті бүгінде ауылды жерде қала шетіндегі елдімекенде тұрып жатқан әрбір отбасы жағдайына қарай үйлеріне шағын электр генераторын сатып алып қойғанды жөн көреді. Осыны ескерсек бұл өнімге деген сұраныстың елімізде қаншалықты жоғары екенін аңғару қиын емес. Мұны кәсіпкердің өзі де растайды. Оның есебінше Қазақстанда дизельді электр стансасына деген сұраныс жылына 2 мың дананы құрайды екен. Ал кәсіпорынның бизнес-жоспарында бастапқыда жылдық өндіріс қуаты 240-300 дана деп көрсетілген. Дегенмен Б.Жәкешбаев өндіріс қарқынын үдетсе жылына 500 данаға жуық элетр генераторларын өндіруге кәсіпорынның қауқары жететінін айтады. Өндіріс қуатын арттыруға жапониялық Кайдзен жүйесі септігін тигізбек. Бұл жүйені алғаш елімізге алып келген Қазақстанға белгілі бизнесмен Марғұлан Сейсембаев. Кайдзен жүйесіне сәйкес адамға уақыттан ұтылмайтындай, еңбек өнімділігін арттыратындай жұмыс істеу үшін соған лайықты жағдай жасалуы керек.
– Керекті құрал-саймандар көрнекі етіп жұмысшының алдында тұрады. Сонда ол бұрынғыдай бір құралды іздеп табу үшін қораптың ішін ақтарып босқа уақытын жоғалтпайды. Сол секілді генератор қондырғысын құрастыру жұмыстары бөлек-бөлек болғанымен бір-біріне өте жақын маңда жүргізіледі. Жұмысшылардың бір тобы қондырғыны құрастырып болса, қасындағы топ дереу оны бояуға кіріседі. Осылайша өндірістік процестің барлық кезеңдері зауыттың аядай жерінде жүзеге асырылады. Бұдан еңбек өнімді болады әрі уақытты тиімді пайдаланады, – деп кәсіпкер оны цехтағы жұмыс процесі арқылы көрсетті. Бір қызығы Кайдзен жүйесін тек өндіріс ошақтарында емес, қарапайым тұрмыста, үй шаруашылығында да қолдануға болады.
Аталмыш зауытты салуға 300 млн. теңге қаражат жұмсалыпты. Мемлекет тарапынан бүгінгі таңда кәсіпкерлікті қолдау бағытында пайызы төмен ұсынылып жатқанына қарамастан, бұл жобаны қолға алуға қаражатты өз қалтасынан жаратқан. Жоғары технологиялы өнім шығарылатындықтан мұндағы өндіріс желілері заманауи әрі қымбат қондырғылар. Мәселен темірді лазердің көмегімен түрлі кескіндер түрінде жапондық қондырғының бағасының өзі 100 мың доллар тұрады. Шілдеде ашылған зауыт екі айдың астам ішінде 70-ке жуық дизельді электр генераторларын жасап үлгерген. Алдағы уақытта генератордан бөлек қосымша сусорғыш компрессор аппаратын құрастыруды ойластыруда. Осы күнге дейін шымкенттік дизельді генераторлардың бірнешеуін Қырғызстан елі сатып алыпты. Ендігі жерде отандық өнімнің сапасына мен бағасына қызыққан көршілес Өзбекстан мемлекеті Шымкентте жасалған электр қондырғысына қызығушылық танытып, компаниямен келіссөздер жүргізіп жатқанға ұқсайды. Ал зауыттың алдағы жоспары – аталған екі елден ресми өкілдік ашып, отандық өнімді ашық саудалауға көшіп экспорттық әлеуетімізді күшейту. Рас бастапқыда дизельді электр генераторын құрастыру тәжірибесі елімізде болмағандықтан кәсіби маман табу жағынан біраз қиындықтар болған. Бірақ кәсіпкер шетелге жиі іссапармен шығып сол жақтан біраз нәрсе үйреніп көп тәжірибе жинақтаған. Ақыры соңында білім мен ізденістің арқасында күрделі технологияны өздері жасап шығаруды біртіндеп меңгерген. Тіпті жұмысшыларды оқыту үшін арнайы Қытайға да жіберген.
–Жалпы мегаполисте 426 гектар аумақты құрайтын 2 индустриалды аймақ бар,- деді Шымкент қалалық кәсіпкерлік және индустриалды инновациялық даму басқармасының басшысы Б.Дүйсебеков журналистерге берген сұхбатында. –Соның ішінде «Тассай» индустриалды аймағының жалпы аумағы – 89 гектар жер. Аймақта жер телімдері түгел игерілген, 33 жоба қолға алынып, оның 14-і нақты іске асырылды. Соның нәтижесінде 2,5 мың адам өзіне тұрақты жұмыс тапты. Осы аймақтың есебінен 1,5 млрд. теңге салықтық кіріс төленіп, қала экономикасына 44 млрд. теңге қосымша инвестиция тартылды. Биыл жыл соңына қарай тағы 5 жоба іске қосылмақ. Сондықтан Шымкентті келешекте республиканың өнеркәсіп орталығына айналдыруға толық негіз бар және оған қаланың әлеуеті толық жетеді. Жергілікті әкімдік индустриалды аймақтарда немесе одан тыс болсын бизнес-жоспарын жүзеге асыруға ниетті барлық кәсіпкерлердің бастамасына жан-жақты қолдау көрсетуге әзір.
Қосымша айта кету керек, жоғарыда аталған екеуден басқа қалада «Жұлдыз» деп аталатын үшінші индустриалды аймақтың құрылысы бүгінгі таңда қарқынды жүріп жатыр. Индустриалды аймақтар бұл әлемдік өндіріс саласындағы озық тәжірибе саналады. Өйткені қазіргі экономикасы дамыған елдердің барлығының да өндіріс ошақтары бір индустриалды аймақта шоғырланған. Кәсіпорындарды бір жерге топтастырудың мемлекетке тиімділігі қазынадан жұмсалған 1 теңге бюджетке бернеше есе табыс болып қайтады. Ал кәсіпкерге пайдасы зауыт салуға жер телімін мемлекеттен тегін алса, екіншіден қажетті инженерлік инфрақұрылым жүйелері бюджет есебінен тегін жүргізіліп беріледі.