Версия для печати

ТМД нарығын жаулаған фабрика жаңа желіні іске қосты Избранное

Среда, 23 Сентябрь 2020 04:27 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1876 раз
Оцените материал
(0 голосов)

411d3ee3-63e2-49a5-a676-70b807cbee45

«Рахат-Шымкент» фабрикасы қантты печенье шығаратын жаңа өндірістік желіні іске қосты. Жаңалықты алдымен БАҚ өкілдерімен бөліскен кәсіпорын басшылығы жаңа цехтің жұмысымен таныстырды.

Тәттілер өндіретін аталмыш фабриканың директоры Ж.Рахипбекованың айтуынша, печенье өндірісіне арналған жаңа желі итальяндық қондырғы. Бұл орайда фабрика басшылығы жергілікті әкімдіктің қолдау көрсеткеніне дән риза. Қондырғыны Италиядан алдыртуға әкімдіктің көп көмегі тиді деп отыр. Қондырғыны орнатуға өндірістік желіні техникалық талаптарына сай қолданудың жолдарын үйретуге мамандар со жақтан келген.
–Қанттыдан бөлек алдағы уақытта, дәлірек айтқанда келесі айдың басында тәттінің тағы бір түрі «құмды» печенье шығаруды ойластырып жатырмыз. Ол өнімнің құрамы, түр-түсі, дәмі басқаша болады. Ондай печенье отандық нарықта қазір өте аз. Италияндық жаңа қондырғы сары майдан жасалатын печеньемен бірге оның қамыры майда құм секілді болып келетін түрін шығаруға мүмкіндік береді.

Жаңа печеньенің ортасындағы тәтті жұмсағы жемістерден жасалған тосап немесе шоколадты крем болуы мүмкін. Ресейде бұл өнім кең таралған. Ал Қазақстанда тұңғыш рет біздің фабрикада шығармақ. Жаңа қондырғы Polin деп аталады. Ол әлем бойынша кондитерлік өнімдер шығаратын ең үздік өндірістік желінің қатарына кіреді. Оның бірден-бір артықшылығы табиғи газбен де жұмыс істей береді. Сонымен бірге, өнімділігі өте жоғары. Мәселен печенье өндірісінде сағатына 2 мың тоннаға дейін өнім шығара алады, - деді серіктестік директоры Ж.Рахипбекова.
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары А.Сәттібаевтің мәлімдеуінше «Рахат-Шымкент» ЖШС мегаполистегі ең ірі кәсіпорындардың қатарынан саналады.
–Жаңа өндірістік желіні іске қосу үшін 3,2 млрд. теңге инвестиция тартылды. Мемлекеттік «Өндіріс» бағдарламасы арқылы компанияға жылдық мөлшерлемесі 6 пайыздық жеңілдікпен 2,6 млрд. теңге несие берілді. Қазіргі таңда кәсіпорында 860 адам еңбек етсе, жаңа желінің өндіріске енуімен жұмыскерлер саны қосымша тағы 130 адамға толығады. Шымкенттік өнімдер бүгінде ішкі нарықтан бөлек көршілес Ресейге, Украинаға, Орта Азия мемлекеттеріне тіпті Германияға экспортталуда. Фабриканың қала экономикасына қосар үлесі зор болып тұр. Біріншіден, қосымша инвестиция тартылды. Екіншіден жаңадан қаншама тұрақты жұмыс орындары ашылды. Үшіншіден, кәсіпорын өнімдерін шетелге жөнелту арқылы табысы ұлғаяды, сонымен бірге мемлекеттік бюджетке түсетін салықтың кіріс бөлігі де артады. Ол өз кезегінде елдегі көптеген әлеуметтік мәселелердің оңды шешім табуына жұмсалатын болады. Үкімет тарапынан кәсіпкерлік саласына үлкен қолдаулар көрсетіліп жатыр. Соның бір мысалы, Өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында 2011-2019 жылдары 182 миллиард теңгеге 105 ірі жоба іске қосылды. Ендігі кезекте осының шеңберінде 2025 жылға қарай жалпы құны 328 миллиард теңгені құрайтын 35 ірі жобаны қолға алмақшымыз. Сондай-ақ қалада «бір терезе» қағидасы бойынша Кәсіпкерлерге арналған үкімет арнайы сервистік орталығы бизнес өкілдеріне қызмет көрсетеді. Онда кәсіпкерлер мамандардан бизнес жоспар құру, банктермен келіссөздер жүргізу, рұқсаттама құжаттарын әзірлеу сынды әртүрлі көмек пен кеңестер ала алады,- деді қала әкімінің орынбасары А.Сәттібаев.
«Рахат-Шымкент» фабрикасында негізінен шаһардағы №6 кәсіптік колледж студенттері өндірістік оқу-іс тәжірибесінен өтіп, көпшілігі кейін осында жұмысқа қабылданады.
«Рахат» компаниясының өнімдері бірінші рет Шымкентте 2001 жылы шығарылды. Содан бері өндіріс орнының аясы кеңейіп, бүгінде мұнда 7 түрлі тәтті өнімдер 52 атаумен сауда ішкі-сыртқы нарыққа жөнелтілуде. Жылына 24 мың тонна өнім өндіретін кондитерлік фабрика өнімдерінің көлемі соңғы жылдармен салыстырған 20 пайызға өскен. «Рахат» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Пак Гюн Ельдің айтуынша тәттілер өндіретін өзіміздің «Рахат» фабрикасы оңтүстіккореялық Lotte компаниясының құрамына кіретін 9 елдегі кондитерлік кәсіпорындар ішінде өндіріс ауқымы мен табысы жағынан бірінші болып тұр екен. Шетелдік инвестор алдағы уақытта Шымкенттегі «Рахаттың» өнімдері ТМД елдерінің нарығын отандық тәттілермен толтыратынына зор сенім артып отыр.