КЕДЕРГІСІЗ ОРТА... ЖАНАШЫР ЖӘРДЕМ... Избранное

Пятница, 16 Октябрь 2020 04:25 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1867 раз

Елімізде Nur Otan партиясының бастамасымен жылдан бері «Кедергісіз келешек» жобасы жүзеге асырылып келеді. Ондағы мақсат – елдегі мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сүру сапасын жақсарту және тұрақты қамқорлық көрсету.

206

 

ҚР Тұңғыш Президенті, Nur Otan партиясының төрағасы Н.Ә.Назарбаев мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін еліміз кедергісіз аймаққа айналуға тиіс екенін айтқан болатын. Жалпы айтқанда, мұндай тұлғалар өздерін қоғамның толыққанды мүшесі екенін сезінулері керек.
Жобаның төрт басымдығының бірі – мүмкіндігі шектеу¬лі жандарға кедергісіз орта жасақтау болса, екіншісі балалардың инклюзивті білім алуына көмектесу болмақ. Үшіншіден, олардың жұмысқа орналасуына жағдай жасау. Соңғы басымдық осы сала бойынша ел заңнамасын жетілдіруге беріледі.
Бұл бағыттағы жұмыстар Шымкент қаласында да атқарылуда. Соның бірі әрі бірегейі деуге болатын сала – халыққа қызмет көрсету. Жауапты мамандар адам ең көп жиналатын орын саналатын ХҚО-ларда мүмкіндігі шектеулі жандарға барынша қолайлы жағдай жасауға тырысқандарын айтады.
– Үшінші мегаполистегі төрт ауданның бірі – Қаратау аудандық халыққа қызмет көрсету орталығында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қызмет көрсетуге жағдай жасалған. Негізгі қызмет көрсету залында сурдоаудармашы отырады. Ол маман есту қабілеті нашар, мылқау азаматтарға қызмет көрсетеді, - дейді аудандық халыққа қызмет көрсету орталығының бас маманы Мадина Ибрагимова.

207


Мұнда аталған санаттағы азаматтарға арнайы терезе қарастырылып, маман бөлінген. Көп балалы аналар, зейнеткерлер, жүкті және бір жасқа дейінгі нәрестемен келген аналар да осы маманнан қызмет алады.
– Ол кісілерге ешқандай броньдаусыз, кезексіз қызмет көрсетеміз. Бізге келетін мүмкіндігі шектеулі азаматтардың көбісі мені жеке таниды. Орталыққа жақындағанда қоңырау шалатындары да бар. Өзім алдарынан шығып, күтіп аламын. Кейде, осы санаттағы келушілер көбейіп кеткенде өзара кезекке тұруы мүмкін. Ал кейде басқа азаматтардың кезегі келіп тұрса да өтініш жасап, әлеуметтік әлсіз топтағы азаматтарға кезексіз қызмет көрсетуге тырысамыз. Обалы не керек, жерлестеріміз мұндай жағдайға көбінесе түсіністік танытады, - дейді Мадина Серікқызы.
Мұның бір себебі – Қаратау ауданында тұрғындар саны көп. Шымкенттің біраз шалғай елдімекендері осы ауданға қарайды. Бұған қоса әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға арналған, мемлекеттік бағдарламамен салынған үйлер Қаратауға қарасты Тұран, Шымсити, Нұрсәт шағынаудандарында орналасқан.
Қазіргі таңда ХҚО қызметкерлері мүмкіндігі шектеулі жандарға үйде де қызмет көрсетеді. Ол үшін бар болғаны 1414 нөміріне хабарласса болғаны. Оператор өтініш берген азаматтан өзіне қажет мәліметтерді сұрап алады, мекенжайын анықтап, мемлекеттік корпорацияның базасына жібереді. Ондағы мамандар өтінішті тиесілі ауданына қарай бөледі.
– Бізде осы қызметке қарастырылған арнайы маман сол өтініш иесінің үйіне ноутбукпен барып, қажет қызмет көрсетеді. Мысалы, қарапайым анықтама алудан бастап электронды қолтаңба ашады, паспорт немесе жеке куәлік рәсімдеу болса, суретке түсіреді. Кейін құжат дайын болған кезде тағы да үйіне апарамыз. Бір айта кетерлігі, үйдегі қызмет көрсету мерзімі қазіргі таңда 3 айға дейін ұзарды. Себебі, бір ғана қызметкеріміз бүкіл ауданды аралайды, - дейді Мадина Ибрагимова.
Мамандардың айтуынша, мүмкіндігі шектеулі және жаңа туған аналарға көрсетілетін қызметтің негізгілерінің бірі – жәрдемақы рәсімдеу. Ол үшін медициналық-әлеуметтік комиссия қорытындысы бойынша берілген анықтама (мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін) болуы тиіс. ХҚО мамандары барлық тиісті құжатты тіркеп, зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталыққа жібереді.
– Осы тұста айта кетейін, жәрдемақыға өтініш қабылдағанда ХҚО мамандары ақшаға қатысты мәселені шешпейді, тек құжаттарды тізім бойынша қабылдап, тиісті органдарға жібереміз. Жалпы айтсақ, ХҚО үлкен қабылдау орталығы сияқты қызмет көрсетеді, - дейді бас маман. – Бұған қоса мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған жеке оңалту бағдарламасында көрсетілген қосымша қызмет түрлеріне құжат рәсімдейміз. Олар – қоларба, сурдо немесе тифло аударма құралдары, жергөкпұл, балдақ, ортопедиялық аяқ киім және тағы басқа да қосымша құралдар болуы мүмкін.
Жалпы, жыл басынан бергі 8 айдың ішінде Қаратау аудандық халыққа қызмет көрсету орталығында 67 114 қызмет көрсетілсе, соның ішінде 33 340 қызмет мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жасалды.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.