Версия для печати

ЕРКІН ОЙЛЫ ЕСЕНБЕК Избранное

Пятница, 30 Октябрь 2020 03:46 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2299 раз
Оцените материал
(1 Голосовать)

Көрікті қала Шымкенттің өсіп-өркендеуіне үлес қосу үшін осы қалада туып-өсу міндетті емес. Шымкентте бір ай тұрсақ та ортақ үйіміздің көркеюіне мүдделі бола білу қажет. Бұл мінез бейқамдықтан арылтып, айналамызға жанашырлықпен қарауға үндейді. Мұндай азаматтар арамызда жоқ емес. Бар. Өзіне лайықты қарапайым тіршілігімен-ақ ерен еңбектің үлгісін көрсетіп жүрген сондай жандар көп болса екен дейміз. Ал газетіміздің «Шымкент және шымкенттіктер» атты жаңа айдарының кейіпкерлері осындай жаңашыл, жанашыр азаматтар болмақ.

707

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында ұлттың жаңа болмысын қалыптастыруымыз керектігін атап өтті. Бұл орайда әрбір азаматтың уақыт талабына сай жетілуі, жаңа болмыстың қалыптасуы маңызды. Ұлт сапасына негіз болатын бұл өзгерісті әрбір азамат өзінен бастаған жағдайда біздің қоғам алға жылжиды.
Біз сөз еткелі отырған кейіпкеріміз Есенбек Серкебаевтың ұстанымы да осыған саяды. Айналасындағы келеңсіздіктерге бей-жай қарай алмайтын ол қоғамның қисық шегесін түзетіп жүруге құмбыл жан.
Қазығұрт ауданында туған демесеңіз, Есенбектің шымкенттік болғанына 30 жыл. Алдымен сол кездегі ҚазХТИ-да (ОҚМУ) оқыды. Сосын аспирант болды. Мамандығына сай автоматтандыру, телекоммуникация саласын жіті меңгеруге тырысып «Қазақтелеком» АҚ-ның облыстық дирекциясында инженер болып еңбек етті. Жаңа ойлар жетегі оны үнемі алға ұмтылдыратын сияқты. Айналасындағыларға әрекет пен алға жылжуды үгіттей жүріп, өзі де тыным таппайды. Содан болар «Шымкент-Плаза» сауда-саттық орталығының құрылысы басталғанда осы бір жаңа жобаға атсалысып кеткені. Ол директорлық ететін «TS Engineering Development» ЖШС-сі ойын сауық орталығын басқарушы компания болды.

709


–Әрбір шымкенттік өз ұстанымын өзгерте білсе, өзіміз тұратын үйдің ауласынан бастап, көше, саябақ, шағынауданның мәселесіне сергек қарап, қолдан келсе оны түзетіп, қолдан келмесе тиісті сала өкілдерінің назарын соған дер кезінде аударта білсек, елімізді дамытуға үлес қосқан болар едік. Кез келген мәселеге ұсақ-түйек деп қарамауды үйренгеніміз жөн. Жүріс-тұрысымыздан басталатын әдеп сақталса әрбір шымкенттікте мегаполиске сай мәдениет қалыптасарына сенімдімін, - дейді Есенбек Серкебаев.
Тәртіп демекші, уәдеге берік, өзіңдік көзқарасы қалыптасқан Есенбек Серкебаевтан кәсіпкерлік саласында кеңес алуға асығатындар аз емес. Себебі ол бір кездері құбыр жасап шығару ісін қарқынды жүргізген «Компания ЮгПласт» ЖШС-де басшылық қызмет атқарды. Газ, су, кәріз жүйелеріне арналған құбыр шығару ісінде еліміз бойынша жетістікке жеткен бірден-бір компания осы болатын.
Замандасымыздың әңгімелері де қызық. Ерек ой айтады. Ерігіп жүрмей, басын ауыртатын мәселесі көп. Негізсіз емес.
–Жасыратыны жоқ, Шымкентте әлі де болса ауыз суға, газға, жарыққа зәру болып отырған шағынаудандар бар. Бұл аймақтың тұрғындары кез келген басқосу, есеп беру жиындарында айтатындары да осы мәселе. Көп ретте бізде билікке қарата сын айтып, шу көтеру басым. Мәселенің байыбына барудан гөрі айқайға басу бар. Инфрақұрылым мәселесінің жылдар бойына қордалануына түптеп келгенде тұрғындардың да үлесі бар. Естеріңізде болса тоқсаныншы жылдары ауылдан қалаға үдере көшкен ел қала маңындағы бос алаңқайларды беталды иеленіп жатты. Әрине, сол тұстағы биліктің де бұл мәселеге көзжұма қарағаны бар. Елдегі тоқырау, тұралаған экономика қала сыртындағы шағынауданға жол салу, жарық тартып беру мәселесіне мойын бұрғызбағаны анық. Соның салдарын әлі күнге дейін билік те, тұрғындар да тартып келеді. Бейберекет салынған үйлер, көше қалдырмай жер учаскесін меншіктеп алудың кесірі бүгінгі таңда бұл шағынаудандарға жарық сымын жүргізіп, газ құбырын тартуға өз кедергісін келтіруде. Оның үстіне кезінде қаланың сыртқы аймағы болған мұндай елдімекендер қазір қаланың ішіне еніп кетті. Не істеу керек?
–Шынында да бұл мәселені шешудің жолы қандай?
–Міне, жергілікті мәслихат депутаттарының шешетін басты мәселесі осы болуы керек. Халықтың мұңын билікке дер кезінде жеткізіп, қолдан келсе өз сайлаушыларының мәселесін түбегейлі шешкенше тынбай ізденуі қажет.

708


Есенбекті толғандыратын мәселенің бастысы денсаулық саласы. Дәрігерлердің мәртебесі. Бұл саланың да жілігін шағып, майын ішпесе де жинаған тәжірибесі аз емес. Есенбек Салдарбекұлы Шымкент қалалық №2 ауруханасының бас дәрігерінің әкімшілік-шаруашылық жөніндегі орынбасары, кеңесшісі қызметтерін атқарды. Қазір «Амина» клиникасының қаржы директоры.
–Мен сіздердің газеттеріңізден «Nur Otan» партиясының Шымкент қаласы бойынша сайлауалды бағдарламасын оқып риза болдым. Әлеуметтік мәселелер рет-ретімен жоспарға енгізіліп, шешу жолдары нақтыланған. Аурухана, емханасы жоқ шағынаудандар бар. Мысалы Азат шағынауданының тұрғындары бірнеше шақырымды артқа тастап орталықтағы емханаға сабылып жүр. Міне, осындай мәселелердің түбегейлі шешілуін мерзіміне дейін партия болжап отыр. Осы секілді нақты тірліктерімен көріне бастаған соң «Nue Otan» партиясына деген сенімім қайта оянды. Әйтпесе, шыны керек 1999 жылы партия қатарына өткеніммен, партиялық іс-әрекеттерге онша қызықпайтынмын. Сенімім де аз еді. Ал, 2007 жылы жора-жолдастарым, әріптестерім «депутаттыққа түсіп көрмейсің бе?» дегенде мен ондайға әлі дайын емеспін деп бас тартқанмын.
Есенбектей ерлер билікке, қызметке қызықпайды. Олар үшін қоғамның мәселесін шешу жолдарын қарастыру маңыздырақ. Бұл орайда, ұлағатты ұстаздар отбасында туып-өскендіктен де болар Есенбек Ахмет Байтұрсынұлының «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» дегенді өмірлік ұстаным етіп алған.
Бала күнінде ата-анасы Есенбекке «әділдіктен айныма» деп үйретсе бүгінде өзі де ұл-қызына осылай деп жөн сілтеп отыр. Жары, білікті дәрігер Ләззат Кенжебайқызы екеуі өсіріп отырған үш ұл, бір қызына үлгілі ата-ана.
–Отанымыздың іргетасының берік болуы әрбір отбасыға байланысты дейтін болсақ, жанұядағы ең басты құндылық жарасымдылық дер едім. Жанұя жарасымдылығы салтанат құрмайынша саналы ұрпақ, салауатты қоғам болады дегенге сенбеймін. Сол себептен де әрбір отбасы алдымен өз шаңырағындағы мәселені өз күшімен шеше алатындай дәрежеге көтерілсе деймін. Сонда біртұтас мемлекеттің, қоғамның мәселесі де шешімін оңай табатын болады.
Біздің бүгінгі кейіпкеріміз, қаламыздың қарапайым тұрғыны Есенбек Серкебаевтың ұстанымы осындай.
Ал сіз ше? Сіз қалай ойлайсыз, оқырман, Шымкентті дамытуда өз үлесін аямай қосып жүрген тағы кімдер бар? Шымкенттіктерді мақтан етейік.