Версия для печати

Шымкенттік машина номерін көрсем қуанамын Избранное

Пятница, 20 Ноябрь 2020 03:42 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1914 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Осы адамдарға таң қаламын. Көрмеген, білмеген жері туралы қалай оңды-солды пікір айтып, басқаларға теріс пікір туғызады деймін. Шынымды айтсам, осы ретте өзім де ұяламын. Дәл қазір кінәлап отырған сол базбіреулердің қатарында өзімнің де болғаным үшін шымкенттіктерден кешірім сұрағым келеді.

830

 

Мен астаналық жігітпін. Нұр-Сұлтан қаласында тұрамын. Тумысымнан, бұл қала Целиноград аталған кезден осында туып, өстім. Осы жерде қызмет істеймін. Өзімнің жекеменшік фирмам бар. Оңтүстік өңірге, Шымкентке ешқашан жолым түспепті. Ол жаққа баруға аса қажеттілік туған емес, тіпті құлқым да болмаған секілді. Себебі неге екенін қайдам, шымкенттіктер туралы жағымсыз әңгімелерді көп естігендіктен менің де ішкі пікірім солай қалыптасып қалыпты. Анығын айтсам, мен араласатын ортадағы таныстарымның, достарымның аракідік әңгімесінен шымкенттіктерді «алаяқ, жылпос, сауда десе бәрін сатып кетеді, өркөкірек» деген секілді сөздерді естіп қалатынмын. Ал расында сол достарымның ешқайсысының Шымкент жаққа барып көрмегенін де білемін. Тек әйтеуір «жұрттың бәрі сөйтіп айтады ғой» дейтін тұжырымды түйіндеп алғандары болмаса.... Мен де сол жұрттың айтқанын құп көрген болуым керек.
Менің көрмей, білмей жатып кереғар ойлаған пікірім Ғалымжанмен таныстықтан кейін өзгерді. Ғалымжан Шымкент жақтың жігіті. Турасын айтқанда сол өңірдегі Темірлан деген ауылдың тумасы. Астанада қызмет істейді. Әлдебір шаруалармен екеуміздің жолымыз түйісіп қалды да содан былай араласып кеттік. Қазір тіпті жақын досыма айналды. Онымен кездейсоқ таныстым. Жұмысымда әлдебір проблемалар болып, соның әуресімен жүргенде ойда-жоқта танысқан
Ғалымжан мәселемнің оң шешілуіне көп көмегін тигізді. Әлгі бір достарым айтатындай ешбір жылпостық немесе пайдакүнемдік ниетсіз, таза азаматтық пейілмен
кеңесін айтып, жол сілтеген бұл жігіттің шымкенттік екенін де кейін білдім. Өзі ақкөңіл, бір сөзді және өте турашыл азамат екен. Екеуміз бірте-бірте жақын араласып кеттік. Екі жыл бұрын Ғалымжан ауылына қонаққа шақырып, бірінші рет Оңтүстіктің елін көрдім. Досымның анасы да (әкесі қайтыс болып кеткен екен), бауырлары да жайдары, көргенді, өте кішіпейіл жандар екен. Ғалымжанның кластастарымен танысып, төрт-бес күн олармен бірге демалып, Арыс өзенінің суына шомылып, үйлерінде қонақта болып, сондай керемет көңіл күймен қайттым. Олардың қай-қайсысы да «Саттар, Шымкент жаққа жолың түссе, міндетті түрде бізге соқ. Ғалымжансыз-ақ күтіп аламыз» деп ілтипатпен шығарып салды. Қандай ақжарқын жігіттер!
Тағдыр деген қызық қой, бір кездері «ойбай, Шымкентті атама!» дейтін туыстарым Шымкентпен құда болып, сол жақтың қызы біздің бір жақын ағамыздың шаңырағына келін болып түсетін болды. Құдалықтың құрамында мен де бармын. Абыржыған туыстарыма Ғалымжан досымды үлгі етіп, Шымкентті тілім жеткенше мақтап әлекпін. Сонымен өткен жылы жазда Шымкенттің дәмі тағы бұйырып, келінімізді алып қайтуға 10 адам құдалыққа бардық. «Шымкент-холл» деген тойханада өткен тойдың әсері мен құдалардың қошеметін, бұл елдің салт-дәстүр, құрметін, қонақжайлығын, адамдарының ақжарқын мінезін көріп, туыстарым ризалықтан бастары айналып қайтты десем артық айтқандығым емес. Алған келініміз Айжан да өте тәрбиелі, көргенді қыз болып шықты. Шымкенттен шошыған туыстарымның пікірі де күрт өзгерді.
Осы жылғы наурыздың басында Шымқалаға тағы жолым түсті. Бизнестегі әріптесім Бағдаттың шақыртуымен келгенмін. Бұл жолы бұл жақтың адамдарының сол өзім көзім жете бастаған ақпейілімен қатар қаланың керемет көркейген келбетін көріп, таң-тамаша болдым. Әріптесім қаланы аралатты. Бұдан бұрын келгенімде дәл осылай қаланы аралауға уақыт болмаған еді. Құрылыс қарқынды жүріп жатыр екен. Шымкенттің кафе, мейрамханаларынан дәм таттырғанда неше түрлі тағамдарының дәмі мен кәуабын дәл осы жақтағыдай ешкім дайындай алмайтынын білдім.
Шымкенттің күні қандай шуақты болса, елі де жері де, адамдары да сондай мейірлі екен. Оған толық көзім жетті. Ал бұл жақты көрмей, білмей жатып теріс әңгіме айтатындарға үнемі «сендер алдымен Шымкентке барып көріңдер!» дейтін болдым. Шымкентті жақсы көріп кеткенім соншалық астанада шымкенттік номері бар машина кетіп бара жатса, «честь» беріп тұрғым келеді. Шын айтам!
Саттар АСАНБАЕВ,
Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны, кәсіпкер

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.