Жиында жуырда ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың төрағалығымен өткен ҚХА кеңесінде көтерілген мәселелер жалғасын тапты.
Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 25 жыл толды. Мерейтойлық меже өткенге көз жүгіртіп, атқарылған жұмысты қорытындылауға себеп болып отыр. Ассамблеяның қандай қиын уақытта құрылғанын бәріміз білеміз. Бұрынғы КСРО-ның ыдырауы, Тәуелсіз мемлекеттер достастығының қалыптасуы, тарихи шиеленісті, ертеңгі өмірге деген сенімсіздік заманында құрылды. Бірақ, біз дәл сол кезде өзіміз үшін бір нәрсені қабылдадық. Ұлтаралық татулық біздің басты байлығымыз болуы керек, – деген Елбасы кеңесте қазақ тілі мәселесіне жеке тоқталған-ды.
Қазақ тілінің ел дамуындағы орны жайлы бүгінгі басқосуда да сөз болды. Басқарма басшысы Жанар Әлібекқызы қалалық Ассамблея шеңберінде мемлекеттік тілді үйренуді дамыту бойынша кешенді іс-шаралар атқаруды ұсынды. Үшінші мегаполистегі этно-мәдени ұйымдар аясында, әсіресе, шалғай елдімекендерде Ассамблея жұмысын дамытудың маңызы сөз болды.
Басқарма басшысы этно-мәдени бірлестіктер тарапынан қазақ тілін жетік меңгергісі келетін тұрғындар тізімі ұсынылса, оқытуға жағдай жасалатынына тоқталды. Ал бірлестік жетекшілері Шымкенттегі түрлі этнос өкілдері қазақ тілін меңгергенін атап өтті.
Басқосу соңы басқа да тақырыптар бойынша еркін пікір алмасуға ұласты.