Версия для печати

Ұлттық құндылықты ұлықтаған көрме Избранное

Среда, 25 Ноябрь 2020 05:36 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2042 раз
Оцените материал
(0 голосов)

126458390 4109779752371135 3086184716859124479 n

«Шымкент 2020 – ТМД елдерінің мәдени астанасы» жылының салтанатты жабылуы үшінші мегаполистің этносаябағында дәстүрлі мәдениет және ұлттық қолөнер шеберлерінің көрмесімен жалғасын тапты.

Ұлы Жібек жолының бойындағы көне қаланың өзіне ғана тән ерекшеліктерінің бірі тарихи өзегін сақтап қала алғаны екені айтылып келеді. Әдеп-ғұрып және салт-дәстүр орталығының ұйымдастыруымен өткен көрме-жәрмеңке де – сол бабадан қалған ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, қастерлейтін іс-шара.
Аталған мекеме директоры Сұлтан Сраилов бұл көрменің маңыздылығын былайша сабақтады.
– 2200 жылдық тарихы бар Шымшаһарымызда мәдениеттің гүлденіп дамығанын айдай әлемге айшықтап айтып жатырмыз. Қаламыздағы ағаштан түйін түйген, күмістен арқан ескен шеберлерді шақырып, көрме ұйымдастырдық. Бұл өскелең ұрпақ ата-бабаларының немен айналысқанын біліп, көкірегіне түйіп өссе, соған мақтанатындай білімді болса деген ниеттен туындап еді, – дейді С.Сраилов.
Мәселен, «Тастемір» ЖК иесі Нұрперзент Үсенов көрмеге ясин, жаңғақ ағаштарынан жасалған оюлы домбыра түрлерін, қазақтың өрілген оюлы қамшысын алып келіпті. Шебер алдағы уақытта қазақтың бесігі мен сандығын да жасамақ ниетте.
Ал қолөнер шебері Мұратәлі Көшкінбаев жасаған қазақтың ұлттық ыдыс-аяқтары, оның ішінде қымыз жиынтығы, ағаштан жасалған астаулар, қуырдақ астауы, торсықтар, бөренеден жасалған қобдиша, кеселердің түр-түрі көздің жауын алады. Ағаш ұстасы «Сандық десе, баяғы әжелеріміздің көне сандығын елестетеміз. Торсық тек теріден жасалады деп ойлаймыз. Әсілі, барлығын заман ағымына орай жаңартып, жаңғыртуға болады», - дейді. Оның тұт ағашынан жасалған «Ана» атты өнер туындысы ерекше екен. Тағдыр жазуларын бейнелейтін бұйым асқан талғаммен жасалғанын аңғарғандайсыз.
Қаламызда белгілі этнограф, «Қылует» этномузейінің директоры, саз бен балшықтан бұйым жасаушы Кендебай Қарабдаловты білмейтін жан кемде-кем шығар. Ол көрмеге ежелгі Отырар қаласы тұрғындарының құмыра жасау өнерін көпшілікке көрсету үшін арнайы келіпті.

 

903e064b-7997-481d-b7c1-8dcffd7be2b62082ad4d-af5d-4dd7-b326-c663e03a7120


– Бізде дәстүр жоғалған жоқ. Тек соны осы заманға бейімдеп, көрсете білу керек. 2015 жылы бүкіләлемдік TEDx байқауына қатыстым. Қазірде 20 миллион шетелдік азамат қазақтың мәдениетін мен арқылы көріп отыр. Саз балшықтан 5 мыңға тарта сазсырнай жасаппын. Қазіргі жастар темекі тартқанша, сазсырнай тартсын, - дейді шығармашылық жұмыстарының бір парасымен бөліскен қолөнерші арасында әзіл-шыны аралас. Оның сүрелер жазылған тұмаршалары да көпшіліктің сұранысына ие.
Әдеп-ғұрып және салт-дәстүр орталығының ғылыми ағартушылықты қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі Гүлшат Жақанқызының айтуынша, Ұлы Жібек жолымен бірге оңтүстік арнасынан Сырдың бойы, Таразға дейінгі аймақ қолөнері дамыған аймақ деп есептелген. Былғары, күміс зергерлері, ағаш шеберлеріміз жасаған дүниелер бүкіл түркітілдес елдердің барлығына жіберілген. Сол себепті Оңтүстікті шеберлер өңірі деп те атайды. Бұл көрме сол керуенді көз алдымызға келтіретін іс-шара. Испиджаб, Шымкент, Яссы, Отырар, Сауранның шебер-сатушылары керуеннен түсе қалып, өз өнімдерін жайып жіберіп, халыққа ұсынды. Олардың бәрі де көне дүниелердің қолданысқа енетін, жастарды қызықтыратын нұсқаларын жасап алып келген.
Жәрмеңкенің ең ұрымтал тұсы ұлттық киімдердің көрсетілімі болды. Ұлттық қолөнер бұйымдарының көрмесінде күннің салқындығына қарамай, жылы әрі жаймашуақ сәт орнағандай. Әр шебердің өз жұмысына жанын салғаны көрініп-ақ тұр. Сол жағымды энергия келушілерге беріліп жатты. Әр алуан көне музыкалық аспаптарда ойналған әуен әуездері, тұрмыстық және киім бұйымдары, саз балшықтан жасалған ерекше ыдыстар, табиғи материалдан жасалған сапалы заттар – бәрі-бәрі кереметтей сыйлық болатын әрі құнды естелікке таптырмас бұйымдар дер едік.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.